Ұлттық спорт • 11 Сәуір, 2024

Ат жалындағы жарыс

41 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда қасиетті Қарадала өңірінде ат құлағында ойнайтын спортшылардың байрақты бәсекесі ұйымдастырылды. Көнеден жібі үзілмей жалғасып келе жатқан көкпар, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, теңге ілу сынды ептілік пен жылдамдықты паш ететін ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық чемпионат өтті.

Ат жалындағы жарыс

Шонжы ауылындағы бірін­шілікте көк­пардан ересектер сынға түссе, аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан 2004-2006 жыл­ғы тақымы мықты жастар жа­рысты.

Ат жалындағы бәсекелі жарыс қорытындысы бойынша жам­бы атуда түрік стилі бойынша Жарылқасын Бекарыс, корей стилінде Шарынбай Мадияр, қазақ стилінде Қазбек Асылбек жеңімпаз атанды.

Жамбы атудан жалпы коман­далық есепте Қарасай ауда­нының спортшылары 1-орынды иемденсе, 2-орын Қо­наев қаласының, ал жүлделі 3-орын Еңбекшіқазақ ауданының еншісіне тиді.

Аударыспақта да 55 пен 95 кг арасындағы әртүрлі салмақ дәреже­лері бойынша кіл мық­тылар анықталды.

«Қос құлаш», «Бес белес» және «Жеті құт» стилі бо­йынша теңге ілуден сынға түскен спорт­шылардың жарысы чемпио­наттың көрігін қыздырып, көрер­меннің қошеметіне бөленді.

Көксеркені тақымдап, қа­ра жердің шаңын шығарған көк­пар жарысында Жамбыл ауда­нының спортшылары алдына қара салмай, жеңімпаз атанса, 2 және 3-орындарды Кеген мен Райымбек ауданының командалары өзара бөлісті.

Жекелеген аталымдар бойын­ша Райымбек ауданынан келген көкпаршы Абай Мағжан – «Ең үздік салымшы», Жамбыл ауданының спортшысы Ноғайбек Дулат – «Ең үздік қорғаушы», ал кегендік Серікжан Бақдәулет «Ең үздік ойыншы» аталымын еншіледі.

Ұлтымыздың рухын асқақ­татқан ат спорты жарысында тау­лы өңірдің түлектері теңдес­сіз ойын өрнегін көрсете білді. Жалпы командалық есеп бойынша Райымбек ауданы 1-орын алса, 2-орынға Кеген ауданының спортшылары табан тіреді. Ал 3-орынды Қонаев қаласының командасы иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерге арнайы медальдар мен грамоталар, ақшалай сертификаттар табыс етілді.

 

Алматы облысы