Тұлға • 12 Сәуір, 2024

Эссе: «Егемен» мен Ер Тоқтар

1129 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

– Қазір фототілші төменге түсуі керек еді, аға... – дегенімше, – Немене, мен оны тосуым керек пе? – деген жауап­ алдым. Мұндай зор дауысты, бәлкім, бірінші рет әрі тосын естулері шығар, редакцияның есігінен енуге оңтайлан­ған өрімдей жас қыз, әріптестерім – тілшілер болуы ықтимал, үрпиіскен халде есіктің тұтқасын ұстаған батырға имене шегіншектеп жол берді. «Жо-жоқ, дұрыс түсінгейсіздер, даңқты ағамызға Құдай берген дауыс диапазоны ауқымының өзі осындай... Дәл қазір «Иә, тосуыңыз керек» десем, ол кілт тоқтауға, есіктің тұтқасынан қолын кілт босатуға дайын. Тәртіптің адамы. Демедім. Тек «Аға, байқасаңызшы, мына қыздарымыздың жүрегін ұшырасыз...» деп әзіл тастағансыдым. Осылай ішке ендік.

Эссе: «Егемен» мен Ер Тоқтар

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Зәулім холлдағы «Егеменнің» бұ­рын­ғы-кейінгі редакторларының бей­несі майлы бояумен салынған үлкеен панно­ға көзі түскен Тоқтар Әубәкіров суретке асықпай зер салып, аялдады. Қандай кездесу болсын, еш дайындықсыз жүрмейтін кірпияз әрі мұқият жан емес пе, кешегі мен телефонмен айтқан «Egemen Qazaqstan» газетін 100 жылдың көлемінде басқарған даңқты редакторлардың – екі дәуір алыптарының суреттегі сұлбасына таңдана қарап, ойлана талдап, үнсіз тұр: Жүсіпбек Аймауытұлы, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов...

Кенет:

– Нұрекеңді бірден таныдым, – деді.

– Нұрекеңді бәріміз танимыз ғой, – дедім күмілжіп. Тоқтар ағам маған жалт қарап:

– Нұрлан Оразалинді айтамын, – деді.

Менің әлгі жауабым... ескі дәуір мен жаңа дәуір редакторларының қақ ор­тасында орынтақта отырған, газет­тің 90 жылдығы мерейтойына орай суретші қиялымен оқшауланып са­лын­­ған паннодағы Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың суретіне қатыс­ты еді. Иә... сол қанаттағы жаңа дәуір ре­дакторларының арасындағы Нұрлан аға Оразалиннің бойшаң бейнесі Халық қаһарманының көзіне бірден түсуі тектен тек емес! Олар – Қазақ КСР Жо­ғарғы кеңесінің депутаттары болған, тәуелсіздіктің елең-алаңында жас мем­лекеттің тұғырын қалаған, парламентте қатар отырып елдік мәселелерді заң­дастырып шешкен. Ол күндердің елесі санада қалғаны анық, тартыс пен тайталаста өткен сағаттары естен еш кетпесі – ақиқат! Мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өзара шынайы достық қарым-қатынастары да жоқ емес...

Сонымен «Ер Тоқтар» кітабының ке­йіпкері мен авторы – кездесуге келуін келдік-ау, қасиетті қара шаңыраққа енуін ендік-ау, қызық болғанда, Алматыдан жолаушылардың қалааралық жүрдек автобусына буып-түйіп салған кітабы­мыз редакцияға жете алмай жатыр... Ақшатаудың тұсында ақауы шыққан автобус тек кешкі бесте ғана Астана аумағында шаң бермек. Кешкі бес – кездесу бітетін кез! Тоқтар ағам бұл туралы редакция есігінен енгенде ғана хабардар болғандықтан, «Неге маған ертерек айт­падың, 15 кітапты үйден-ақ алып келетін едім» ғой деумен шектелді.

сми

Сөз бастаған басылым басшысы – «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас дирек­торы Дихан Қамзабекұлының алқалы топтың алдында батыр туралы жазылған «Ер Тоқтар» кітабының редакцияда өтуі алдын-ала жоспарланған тиісті таныстырылымына орай:

– Оқасы жоқ, кейде сахна төріне шыққан танымал әншілердің микрофондары да істемей қалып жатады ғой, көлік те жөнделер, кітап та жетер Аста­наға, ең бастысы авторымыз да, кейіп­керіміз де осында. Қош келдіңіздер! – деген жарасымды әзілі менің мойнымнан бес батпан жүк түсіргендей болды. «Ұрыста тұрыс жоқ», іске ширақ, сөзге шешен ғалым-редактор қазақ басы­лымының қара шаңырағының арғы-бергі тарихына ықшамдап шолу жасады. Сөзінің соңында тұңғыш ғарышкерімізге «Еліміздің бас газетіне тоқсанына бір рет «Мемлекетшілдік мінбері» аясында өзіңіздің «жанды дауысыңызбен» ой-пікіріңізді айтып тұрыңыз» деген өтінішін айтып та үлгерді.

– Жоқ, тоқсанына бір рет... көп болады, – деді оған Әубәкіров қысқаша жа­уап қатып.

Дихан Қамзабекұлы бұл жерде де әлгіндегідей әдемі әзілімен ұтымды ұсы­ныс жасады:

– Тоқтар аға, Амур жолбарысы күллі тайга өлкесін жаңғыртып, жылына екі-ақ рет ақырып қояды екен. Онысы «Орман патшасы қалғымайды» дегені-ау, сол айтқандай, ендеше, газетіміздің бетінен жылына екі рет жарқ етіп көрініп, үн қатып тұрсаңыз деген ойым бар. Бұған қалай қарайсыз?

Халық қаһарманы танымал ғалым­ның тауып айтқан базынасына шын ықы­ласпен сондайлық разы болды-ау деймін. Өткір көздері ерекше ұшқындап, разы көңілмен рахаттанып, жарқылдай күлді. Онысы – келіскені.

Менің қуанғаным – ұжым үшін тұңғыш қазақ ғарышкерінің редакцияға аяқ басуының өзі өте үлкен жаңалық болған секілді. Басылым басшысының лездемеден бастап барлық алқалы жиын өткізетін кең бөлмесіне әріптестер тайлы-таяғы қалмай жиналды. Осыдан бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда редакция құрамының 80-85 пайызы жаңа­рыпты... Кіл жастар!

Ақшатауда «аялдаған» автокөліктің әуресінен кейін – кезінде бір бұлақ­тың суын ішкен, кәсіби-әбжіл әріп­тес інілерім, бүгінгі танымал тележур­на­лист-жетекшілер Илхам («Қазақстан») мен Нұрболға («Жібек Жолы»), Илзатқа («Алматы») қайта телефон ша­лып, ке­ші­рім өтініп, түсіру тобын кеп­те­ліс­­те тұрған жерінен, мекенжай­ла­ры­на кері қайтарған едім. «Егемен» де қа­рап жатпаған сыңайлы, маңдайдағы бей­не­камераның дыбыс жазатын микрофоны­нан «Хабардың» лейблін бай­қадым... Мобилографияның ақпарат ала­­ңына алқынып кірген кезі ғой, әріп­тестер жаппай қалта телефондарын іске қосқан. Көзі мен құлағы – төрде, күрек­тей қолдарын оқтын-оқтын сілки, ойлы сөйлеп тұрған ғарышкерде бол­ғанымен, саусақтары – істе, тыным таппайды, ғажап... Бас қонақ пауза жасаса, құрметпен қол шапалақтайды!.. Бәрі жарасымды, бәрі де сәтімен үйлескенін қараңызшы. Дәл қазір ғарышкермен бұл кездесудің жай-жапсары туралы мағлұматтар әлеуметтік желі кеңістігінде жан-жаққа желдей есіп тарап жатқанына мен кепіл. Қандай керемет кезеңде туған еді бұл, менің әріптестерім... Беташар әңгімеде басылым басшысы бүгінгі таң­да «Егемен­де» үш тілді журналист ма­мандардың қызмет істейтінін алға тарта сөйлегені де бар.

Редакцияның атынан алғашқы сауал­ды ғарышкер-зерттеушіге бас редак­тордың орынбасары Талғат Батырхан қойды. Журналистік қоржыны телегей-теңіз дерек-дәйекке толы әмбебап Тәкең­­нің сауалдары да әркезде қы­зық: біріншісі, ғарыш стансасында, салмақ­сыздық жағдайында апталап-айлап жа­тып тәжірибе жасап, еңбек ететін әйел ғарышкерлер мен ер ғарышкер ара­сында ғылым үшін, биологиялық яки медициналық салада белгілі бір экс­перименттердің... болуы мүмкін бе еді? деген сауал-тын. «Білетіні – көп, білмейтіні – «аз...» Тоқтар Әубәкіров бұл сауалға жымиып қана «Білмедім...» деді. Ғарышта бес мәрте болған, бес мәр­те де кеме командирі қызметін атқар­ған Тәшкеннің Бостандық ауданын­да қазақтар арасында туып-өскен Вла­димир Жәнібековтің «қазақтығына» қатысты Тәкеңнің сауалына орай Тоқтар Оңғарбайұлы ел естімеген қызықты мә­ліметтердің шетін шығарды: әскери ұшқыш Жәнібековтің әуелгі аты-жөні – Крысин. Ғарышкерлер тобында сол аты-жөнмен дайындықтан өткен. Тек ғарышқа ұшар алдында мемлекеттік комиссияның талабымен бірінші әйелі Лилия Жәнібекованың әкесінің аты-жөніне көшкен. Ал Лилияның әкесі неміс-фашистермен соғыс кезінде қарулас досына елге аман оралса, балалы болса, майдандас досының құрметіне оның «Жәнібеков деген аты-жөнін» алуға сөз байласқан екен дейді...

Дүниежүзілік авиация тарихында таңдаулы он үздік әскери-сынақшы мәртебесіне ие болған тұңғыш қазақпен, тұңғыш қазақ ғарышкерімен «Егемен­дегі» емен-жарқын әңгіме, қызықты сұрақ-сауалға қызықты жауап беру сияқ­ты та­маша үрдісте жалғасты-ай... Тау шаң­­ғысынан да еңбегі сіңген спорт шебе­рі екендігі, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайында келесі басқосу­да тек қазақ тілінде сөйлеуге уәде еткені, Мәскеу төрінде қазақ бұлбұлы Бибігүл Төлегеновамен қосылып ән шырқауы, қаймағы бұзылмаған қазақи өңірдің – Сыр елінің тілұстартуға жасаған ық­палы, микрохирургиядағы әмбебап Тоқ­­пановтың жетістігі, тәуелсіздігімізге қатер төндірген 2022 жылдың қаралы қаңтар оқиғасы, қазақтың намыстан жаратылған халық екендігі – бәрі-бәрі айтылды. Деректер, естеліктер, ой-тол­ғаулар батырдың батыл көзқарасы мен пайымы, болашақ болжамдарымен екшеленді.

Әрине, мұның барлығы да мұзтаудың (айсбергтің) үстіндегі түйінді әңгімелер болатын-ды, астындағы айтылмағандары ше?

...Сағатына 4 500 километрлік жыл­дамдықпен зымыраған жойқын жарыл­ғыш ракетаға кеңестік МиГ-31М ұшағы ғана тосқауыл қояр еді. Нысанаға алған бойда жойып жібереді. Жер бетінен 15 метрден 30 мың метрге дейінгі биіктік­те ұшып келе жатқан кез келген «тажал ны­санын» (баллистикалық ракета) ұшақ пен ұшқыш 300 шақырым жерден «кө­ріп-біледі». Ол ол ма, «31-дің» жер­дегі және көктегі алты әскери нысан­ды бір мезетте жоқ қылуға да әлеуеті жетеді. Осындай зымыран ұстайтын-жой­ғыш дыбыстан жылдам әскери ұшақ­тың тіз­гінін кәдімгі біздің Тоқтар Оңғар­бай­ұлы Әубәкіровтің, иә, қазір газет жур­налистері алдында сабырмен ғана сөйлеп тұрған, сөзінің артық-кемі жоқ алпамса азаматтың ұстағанын, сынақтан өткі­зіп, өндіріске қосқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші!

Тоқтар Әубәкіровтің қызметтік өмір­баян жолдарында – 1976-1991 жыл ара­лығында, тек осы саладағы күрделі, құпия іспен айналысқаны тарихи ақиқат. Ол – Кеңес одағының әскери әуе күштерінің қуаттануына теңдессіз үлес қосты. Ол – КСРО-ға еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш, әскери ұшқыш-инженер, инженер-аэродинамик, әрине... сынақшы-ғарышкер-ұшқыш! Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы қару-қуаты бәсекелестігінің қызған, кеңестік әйгілі «мигтердің» аспан кеңістігінде атой сап, «қырғи-қабақ соғыс» тәжікелесуі­­нің шегіне жеткен кезі – 1980-1985 жыл­дар. Сол жылдардағы Сирия мен Алжир, Ирак, Ливия, Мысыр дағдарыстары ке­зінде МиГ-25-33 өндірістік кешенінің зымыранға қарсы сенімді қорғаныс амалдары күшейді. Ол бірден қару-жарақ бәсе­келестерінің назарын өзіне аудар­ды. Тоқтар Әубәкіров баптап, тізгіндеген төртінші буын модификациясын­дағы МиГ-31 әскери зымыран ұстайтын-жой­ғыш ұшағы дәл сол жылдары атақты Ле-Бурже (Франция), Берлинде, Дубайда, Ванкуверде, Фарнборода (Англия) өткен байқау авиасалондарында танысты­рыл­ды. Әлемдік әскери авиацияда ол еш­бір теңдесі жоқ жойғыш-ұшақ деген баға алды. Айтпақшы, Тоқтар Оңғарбай­ұлы сол кеңестік заманда Қазақ­стан аума­ғындағы Сарышаған полигонынан жойғыш-ұшақтан жіберілген гипердыбыстан (!) жылдам зымыран­ның («Кинжал») Новосібір аумағындағы әс­кери полигондағы нысанға дөп тиіп, кұл-талқанын шығарғанын тілге тиек етті. Ол... Сол кеңестік заманда...

Кездесудің мәртебелі қонағы, Қазақ­станның ардақты ақсақалы – мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбді­кәрімұлы ағамыз: «Біздің батырымыз Тоқтар Әубәкіров қандай кітапқа кейіпкер болуға да лайық тұлға. Рас, өмір өткелдерінде Халық қаһарманының тағдыры саяси тартысқа да түсті. Зар­дабын да тартты. Ол да тарих, ол да ше­жіре арасында құжатталудан тыс қал­мауға тиіс. Кітап авторы Талғат бауырым­нан білгім келетіні, Тоқаңа қатысты сол жағдаяттар туралы ақиқаттар шығар­мада орын алды ма екен?» деді. «Иә, ондай тұстар бар...» Абыз ақсақал кітап авторына таңданғандай көз қырын салды. Мақұлдағаны ғой деп топшыладым да:

– Әрине, кітапта оның барлығы Тоқ­тар Оңғарбайұлының өз рұқсатымен ғана қатталған деректер мен дәйектер, – дедім.

Шуақты кездесудің аяқталар сәті – әлемде даңқы асқан теңдессіз әскери сы­нақшы-ұшқышпен, қазақтың тұңғыш ғарышкерімен, Кеңес одағының баты­рымен, Қазақстанның Халық қаһар­манымен, әскери авиацияның академи­гімен суретке түсудің өзі, шіркін, салтанат қой! Жасанып киінген әріптес қыздарымыз бен жігіттеріміз баты­рымызды ортаға алып, жүздері гүл-гүл жайнады, мәре-сәре болды.

...Ерланның бәрімізді қыран-топан күл­­­кіге қарық қылған әңгімесі бүгінгі та­ма­­ша кездесудің қорытынды нүктесін қойды.

– Назерке (Жұмабай) екеуміз сұхбат алудың жайымен бірде Тоқтар ағамның үйіне бардық, – деді ол. – Сұхбат бітті. Мен ағамыздың бейнесін сан қырынан суретке түсірудің әуресімен әлекпін. Жазу үстелінде Бауыржан Момышұлы атамыздың бюсті тұрды. Тоқтар ағам креслосында тапжылмай отырған. Тама­ша ракурсты байқап қалдым да, қар­сы бетке ұмтылдым...

Ғарышкердің жұмыс бөлмесі – қа­ра­ғайдан қиыстырып салынған өте үл­кен, жеке дара тұрған зәулім ғимарат. Бөл­ме­нің белорта тұсында қабырғаға таяу қо­йылған компьютері шеткерірек тұра­тын ба­тырдың екі шынтағына лайықтал­­ған кең жазу үстелі, ондағы көлемі батыр­­дың қос ж­ұды­рығындай қоладан құйыл­ған Бау­кең­нің бюсті көз алдыма елестей
кетті.

– Әлгі тамаша ракурсты қалт жібер­меу ойымен Баукеңнің мүсінін оң қанатқа сәл ғана жылжытпақ ниетпен ұстағаным сол, генерал:

– Тиіспе оған!.. – деп гүр ете қалғанда қо­лымдағы фотоаппарат пен бюст еденге топ етіп түсіп кете жазады. Қатты ­састым...

– Қажет болса айт, мен орын ауыстырып отырайын, – деді. Сол дауыс!

Сонда ғана «үһ» деп дем алдым-ау деймін. Қып-қызыл боп кеткем. Қарасам, ағам жымиып, түк болмағандай менен екі көзін айырмай оңтайлы отырыпты.

Редакция дәлізін күлкіге көміп, аңыз-адамның таңғажайып болмысын жарыса әңгімелеп, көпке дейін дуылдастық-ай!

...Бұл кезде моторының қуат көлемі ­8 мың текше метрлік, тынысы кең, қа­жет кезде төрт доңғалағы кезектесіп жұл­қи тартатын ағылшындық қарагер «Ленд Роверін» тақтайдай жолда тайпал­тып, Тоқ­тар ағамыз «Үш аюдағы» мекен­жа­йына ызғытып кетіп бара жатқан... Әдет­тегідей, дыбыстан жылдам кәнігі әске­ри ұшағына жайлы жайғасқандай-ақ, са­бырлы, салиқалы жүзбен бүгінгі кездесуден алған жылы әсері – «Амур жолбары­сы» туралы басылымдар басшысының те­ңеуі, есіне түсіп, жымиып қана отырғаны дау­сыз.

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер-журналисі

 

Алматы