Су тасқыны • 12 Сәуір, 2024

90-ға жуық елді мекенге қауіп төніп тұр

37 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің тасуынан болатын қауіп күннен-күнге күшейіп келеді. Орал қаласы және өзен бойындағы Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 90-ға жуық елді мекені су тасқынынан қорғанып жатыр.

90-ға жуық елді мекенге қауіп төніп тұр

«Сәуірдің 11-і күні ұзындығы 43 км-дей, биіктігі 1-2,5 метр бөгет тұрғызылды. Бұл жұмысқа 250-ден аса арнайы техника мен 2,5 мың­ға жуық адам жұмылды. Су тасқы­нынан қорғау жұмысы әлі де жалғасып жатыр», деп хабарла­ды Батыс Қазақстан облысы әкімі­нің орынбасары, тасқын суға қарсы күрес штабының жетекшісі Қалияр Айтмұхамбетов.

Бүгінге дейін тасыған судың кесірінен автожолдардың 63 жері бүлініп қалды. Дәл қазір Қаратөбе ауданының Қосбаз, Аққозы, Қор­жын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс ауылдары, Шыңғырлау ауданындағы Ақтау елді мекені орталықпен қатынаса алмай отыр. Қазіргі мәліметке сәйкес өңірде 735 саяжай үйін су басты. Олардың 457-сі – Орал қаласында, 245-і – Бөрлі ауданында, 17-сі – Бәйтерек, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан.

Өңірде кіші өзендердің суы қайта бастағанымен, транс­шекара­лық Жайық пен Шаған өзендері әлі тасу шыңына жеткен жоқ. 11 сәуірде Жайық дең­гейі – 724, Шаған 1 113 см болды. Мамандардың айтуынша, Жайықтың қауіпті деңгейі – 850 см, ал Шаған өзенінде – 1 280-1 300 см.

Қазір Орал қаласында аталған қос өзендегі су деңгейі мұқият бақы­ланып отыр. Тұрғындары қауіп­сіз жерге көшірілген саяжай аумағында қоғамдық тәртіп қатаң қадағаланады. Облыс орталы­ғы­ның Күрен, Коминтерн, Жас натуралистер стансасы, Шаған жағалауы, Қарт Жайық аудан­дарында жаға­лауды бекіту жұмыс­тары қызу жүріп жатыр. Жалпы алғанда бұл жерлер 15 100 қапшық құммен бекітілген.

Асан ауылы аумағындағы арнайы алаңда әскерилер, мекеме-ұжым қызметкерлері, еріктілер жиналып, 19 мың қапшыққа құм толтырып тастаған. Бұл қаптар қажет жеріне жедел таратылды.

Бөрлі ауданының 5 елді меке­нінде де осындай жұмыстар қауырт жүріп жатыр. Шекарада тұрған Жарсуат ауылында соңғы тәулік ішінде 1 700 қап құм дайындалған. Жалпы, 100 метр жерге биіктігі 2-2,5 метрлік бөген жасалды. Бу­макөл ауылдық округіне қарасты екі ауылда да жалпы ұзындығы 700 метрлік бөгет жасалып, құм салынған қапшықтармен бекітіл­ген. Бөрлі, Қанай ауылдары да тасқын суды қарсы алуға дайындалып жатыр. Қанайда бір тәулікте ұзындығы 1 560, биіктігі 2,5 метрлік бөген соғылған.

Бәйтерек ауданына қарасты бірнеше ауыл да Жайық өзені­нің бойында орналасқан. Қазір Рубежка, Январцев, Дариян, Қызыләскер, Байқоныс, Ақсу, Янайкин, Жайық ауылдары жағалауды бекіту, бө­ген­­дерді көтеру жұмысын қызу жүр­гі­зіп жатыр. Соңғы төрт ауылда жасалған бөгеттердің жалпы ұзындығы 5,3 шақырымға, биіктігі кей жерде 4 метрге жеткен. «Бай­қоныс ауылындағы төрт түлік малды қауіпсіз жерге көшіру үшін адам мен техника күші бөлінді», деп хабарлады төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Жайық бойындағы Ақжайық ауданында да жағалауды бекіту, қорғаныс бөгендерін салу ісі қолға алынған. Осы кезге дейін ауданда 16 662 қап құм әзірленіп, қауіпті тұстарға орналастырылып жатыр. Айта кетейік, ауданның 32 елді мекені Жайық бойын жағалай отыр. Бұлар – Көнеккеткен, Қамыстыкөл, Есенсай, Кеңсуат, Тасоба, Базаршолан, Баянтөбе, Базартөбе, Қадырқұл, Қызылжар, Тайпақ, Шабдаржап, Томпақ, Алмалы, Атамекен, Ақсуат, Ақбұ­лақ, Жаңабұлақ, Бударин, Самал, Коловертное, Мерген, Мойылды, Қарауылтөбе, Ілбішін, Қабыл, Тінәлі, Жанама, Сарман, Чапаев, Жайық ауылдары.

Шыңғырлау ауданында көрші­лес Елек өзенінің көтерілуіне байланысты Мырзағара ауылына су кіру қаупі туындаған еді. Елді мекенді айналдыра бөгет жасалып жатыр. Қаратөбе ауданында тасқын әсерінен Қалдығайты өзеніндегі көпір істен шыққан. Қазір Қаракөл, Аққозы, Саралжын ауылдық округіне қатынас үзіл­ген. Бұл жерге уақытша өткел ұйым­дастырылып, қазірге дейін оның қызметін 310 адам пайдаланды.

Өңірге еліміздің түкпір-түкпі­рінен, тіпті жақын шетелдерден гуманитарлық көмек келіп жатыр. Төтенше жағдайлар депар­таменті жанынан құрылған ақпа­раттық штаб үздіксіз жұмыс жа­сап тұр. Штаб мүшелері өңір­дегі су тасқыны туралы облыс тұрғындарына толыққанды ақпа­рат таратып отыр. Мұнда облыс­тық Төтенше жағдайлар депар­таменті, «Қазгидромет» филиалы, «Қазсушар» өкілдерінің, сондай-ақ су тасқынына қатысы бар бар­лық басқарма басшыларының қатысуымен тәуліктің әр сағаты сайын шұғыл брифингтер ұйым­дастырылып жатыр. Ақпараттық штаб жұмысын бастағалы бері отызға жуық баспасөз мәслихатын өткізді.

«Қазавиақұтқару» қызметіне қарасты тікұшақтар арқылы мамандар тәулігіне бірнеше мәр­те әуеге көтеріліп, облыс аумағын­да­ғы ахуалды тұрақты бақылап отыр.

Өңірдегі ең алып өндіріс – «Қарашығанақ Петролиум Опе­рей­тинг Б.В.» компаниясы да су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек қолын созып жатыр. Соның ішінде эвакуациялау іс-шараларына, су айдау жұмыс­тарына, тасқынның алдын алу үшін арнайы көлік, азаматтарды қауіпсіз эвакуациялауға қажетті әртүрлі жабдық, сон­дай-ақ материалдар мен медици­налық керек-жарақтар, азық-түлік жиынтықтары мен матрастар берді. Бұған қоса 10 сәуір күні компания Бөрлі ауданы аума­ғындағы ең маңызды, яғни жер­гілікті инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін 2 млрд теңге бөлетінін хабарлады.

Жоғарыда айтылғандай, Жайық өзені күн сайын көтеріліп келеді. 11 сәуір күні су деңгейі 725 см-ге жетті. Жалпы, су тасқыны басталғалы бері өзен деңгейі 6 метр­ге көтерілген. Ресейдегі Сақ­мар өзені мен Ирикли су қойма­сынан құлаған су Орал қаласына сәуір айының ортасында, яғни 3-4 күннен кейін жетеді деп болжанып отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы