Аймақтар • 12 Сәуір, 2024

Күрделі жағдайға да дайындық бар

33 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша, су тасқыны Петропавл қаласына 12 сәуірде жетуі мүмкін. Қазір қаланың төңірегіндегі барлық су басатын аудандар жарақтандырылып, дамбалар бекітіліп әрі биіктетіліп жатыр.

Күрделі жағдайға да дайындық бар

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетов өзінің халыққа арнаған үндеуінде Есіл өзенімен Петро­павлға жететін қарғын судың толқыны 2017 жылғы тасқыннан әлдеқайда биік екенін айтты.

«Жобамен екі күннен кейін су Прибрежная, Тепличный және Заречный кенттерін басады. Осы күн­­дері біз тәулік бойы жұмыс іс­теп, дамбаларды нығайтумен ай­­на­­лысып жатырмыз. Қалаға ауызсу ай­дайтын насос стансасының ай­на­­л­асындағы дамба да бекітілді», деді әкім.

Сондай-ақ ол Заречный кен­тіндегі кейбір тұрғындардың әлі де эвакуацияға көнбей отырғанын сынап, оларды жағдайды дұрыс бағалауға шақырды.

«ТЖД талаптарын мүлтіксіз орындау керек. Қаланың әкімі де осы кент пен саяжай тұрғында­рын эвакуацияға баруға шақыр­ды. Мемлекет басшысы бізден азаматтардың аман болуын талап етіп отыр. Сондықтан өзде­ріңіздің су апатынан аман қалу­ла­рыңыз үшін эвакуацияға келісу­ді талап етемін. Эвакуация орталықтарында барлық жағдай жасалған», деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Алайда ТЖД талаптарын орын­дамай, ешқайда бармаймыз деп отырған тұрғындар да бар. Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев Заречный кентінің қауіпті аймағында 25 және жарығы сөндірілген саяжайлар аумағында 11 адам эвакуациядан үзілді-кесілді бас тартқанын жеткізген еді. Сондықтан полициямен бірге құтқарушылар қауіпті аймақта қалғысы келетіндерді күшпен шығаруға кірісті.

Кешеден бері Сергеев су қоймасындағы судың деңгейі 10 см төмендеді. Ал Петропавлдағы Есіл деңгейі 25 см-ге дейін көтеріліп, 600 см болды. Алайда бұл қауіпті деңгей емес, қауіптісі 940 см-ден басталады. Түске қарай Сергеев су қоймасындағы судың барлық көлемі 182 пайыздан 178 пайызға дейін азайғаны белгілі болды.

Есіл өзенінің бойындағы ауыл-селолар арасында қиын жағ­дай Покровка, Новоникольск ауылдарына төніп тұр. Қауіпті аймақтағы Покровка тұрғындары эвакуацияланды. Алайда олардың бәрі Ж.Қизатов атындағы ауыл ша­руашылығы колледжінде ашылған эвакуациялық бекетке бармай, тегіс туған-туыстарының үйіне көшті. Мектеп оқушылары алыс­тан оқу режіміне көшірілді. Осы ауылға «Amanat» партиясының тізімі арқылы сайланған Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода және Бақытжан Базарбек келіп, тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындарын мемлекеттен төленетін өтемақының тәртібі мен көлемі қызықтыратыны белгілі. Бұл ретте депутаттар 2017 жылғы 19 желтоқсандағы Үкімет қаулысына сәйкес өтемақы көлемі анықталып, төленетінін айтты. Бұл үшін 30 күннің ішінде арыз беріліп, содан кейін 10 күн ішінде өтемақы көлемі белгіленеді.

Облыстық еңбекпен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басты­ғы Ринат Елжасовтың айтуына қарағанда, өтемақы көлемі келтірілген шығынға байланысты болады. Облыстың 12 ауданында оның көлемі 100 АЕК болса, Уәлиханов ауданы мен Петропавл қаласы тұрғындары үшін – 200 АЕК. Осы мақсатқа биыл 85 млн теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік көмек алу үшін зардап шегушілер ауыл әкіміне арыз береді. Аудан орталығында тұратындар мен қалалықтар еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі­не қайырылуы керек. Арызды «Электрондық өкімет» веб-порталы арқылы да беруге болады.

Бүгінде Покровка ауылының шеткі көшесіндегі 24 үйге су кірген. Судың биіктігі – бір метрдей. Тұр­ғындар тегіс туыстарының үйіне көшіріліпті. Ауылдың түбі­нен «Пет­­ро­­павл – Жезқазған» респуб­лик­а­­­лық автожолы өтеді. Бұл Есіл­дің үсті­нен өтетін көпірмен келесі жаға­ға жалғасады. Шеткі жағын су шай­ға­нымен көпірдің өзінде қауіп жоқ.

Новоникольск ауылындағы су деңгейі бір түнде 5 метрге жеткен. Бұл – республикаға белгілі кәсіпкер, Еңбек ері, марқұм Г.Зинченконың ауылы. Новоникольскінің де шеткі үйлері, бау-бақшалары судың астында қалды. Қарғын су сағатына 20 см-дей жылдамдықпен ауылға кіріп жатыр.

Облыстағы шағын өзендері­нің сулары да қарғын судың толықтыруымен екінші рет көте­рілді. Мысалы, Бабықбұрлық өзенінің суы Гусаковка ауылының түбінде – 31 см-ге, Рузаевка ауылында – 48 см-ге, Возвышенка селосында 35 см-ге дейін көтерілген.

Облыстық ТЖД-ның мәліметіне қарағанда, 10 сәуірге дейін Есіл ауданында барлығы 56 үйге су кірді, 68 адам эвакуацияланды. Жалпы, облыста тасқын басталмай тұрып аулалардан 600 мың текше метр су сорғызылған. 249 мың арықтар аршылып, судың жолы ашылған. Облыс пен аудан әкімдігі, ТЖ, ПБ қызметкерлері және волонтерлердің көмегімен 84 мың инертті материалдар толтырылған қаптар дайындалған. Облыс бо­йынша су басқан үйлердің саны – 76, ал ауласына дейін су келген үйлер саны – 174. Барлығы 634 адам эвакуацияланып, 1,5 мыңдай мал құтқарылды.

Тасқынға қарсы негізгі күрес Петропавл қаласының маңында болып жатыр. Астанадан жеткізілген әскерилер мен курсанттар жергі­лікті құтқарушылар, волонтерлер, тұрғындармен бірге үшінші күн қала маңындағы барлық дамбаны нығайтумен айналысып жатыр. Кеше ғана инертті заттармен толтырылған 10 мыңнан аса қап дайындалғаны айтылды.

Тасқынға қарсы күреске аудандардан да көмекшілер мен волонтерлер келіп жатыр. Қарғын судың әлегі біршама тұрақтанған Аққайың ауданынан да бір топ волонтерлер жеткен екен.

«Біз 1 500 қап, күректер және басқа да құралдар әкелдік. Саны­мыз – 60 адам. Су басу қаупі бар елді мекендерге көмек қолын созбақпыз. Ертең тағы да 60 шақты адам келеді», дейді топ басшысы Владимир Рахматуллаев.

Осы күні қаланың волонтерлері Заречный кентіндегі дамбаны бекітіп жатқандарға ыстық ас жеткізген екен.

«Жаңа ғана 40 кг палау, көже, таба нан әкеліп, 300 солдатты тамақ­тан­дырдық. Түске дейін өзіміз­дің волонтерлерімізді тамақ­тан­дырғанбыз. Қазір 40 литр шай мен тәттілер жетеді», дейді ас тасушылардың бірі.

«Біз – айрықша мақсаттағы 68-бригаданың 68165 әскери бөліміненбіз. Біздің бөлім Астана қаласында орналасқан. Осында үш күн бұрын 300 әскеридің қатарында жеттік. Топырақ пен құм толтырылған қаптарды қалап, суға қарсы бөгет жасап жатыр­мыз. Бізге тамақ жеткізіп жүр­ген жастарға шексіз ризамын. Далада ішкен тамақ тәтті бола­ды екен. Ауыр жұмыстан кейін отыра қалып, ыстық тамақ ішсең, тынығып қаласың», дейді жауын­герлердің бірі Асхат.

Жалпы, осы Заречный кенті­нен ТЖД-ның мәлімдемесіне қарағанда, 10 сәуірге дейін 300 адам эвакуацияланған.

Облыстағы Кәсіпкерлер палатасы филиалының басшысы Есжан Оразалин кәсіпкерлерге үндеу жариялады.

«Осындай сын сағатында бизнес-қауымдастығы халықпен бірге болуы керек. Біздің қолдаушымыз да, тұтынушымыз, жұмысшымыз да – халық. Қалтамыздың толып, бизнесіміздің жанданып жатқаны – халықтың арқасы. Бүгін халықты су басуына қарсы қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған қолұшын беріп, техникаларын әкеліп, тиісті құрал-саймандар, қапшықтар беріп жатқан іскер азаматтарға алғыс айтамын. Бұған қоса көптеген бизнесмен қол жұмысын істеп жатқан құтқарушылар, әскерилер мен волонтерлерге ыстық тамақтар жеткізіп жатыр», деді ол.

Осы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесі көмек тасудың сызбасын да жасап, апта бойы жасайтын көмектерін белгілеп те қойыпты.

ТЖД-ның айтуына қарағанда, 10 сәуірге дейін облыс аумағына Түркістан, Қарағанды, Алматы, Ұлытау және Павлодар облыстарынан барлығы 266 адам, 34 техника, 62 мотопомпа, 15 суға жүзетін құрал жеткізілді. Қорғаныс министрлігінен барлығы 313 адам мен 16 техника жеткізілген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы