Ғылым • 12 Сәуір, 2024

Қаржылық қолдаудың нәтижесі

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алғаш ғылымға қадам бас­қан кезім есімде магис­тратураның, аспиран­тураның стипендиясы пәтерақының жартысына да жетпейтін.

Қаржылық қолдаудың нәтижесі

Жанымыз ғылымды қала­ған­дықтан, жұмыс істей жүріп оқыдық, зерттеу жасадық. Ал қазір 22 жыл бұрынғы біздің кезімізбен салыстырғанда ғылымға, ғалымдарға жасалған жағдай әлдеқайда жақсарды. Кейінгі уақытта ғылымды да­мытуға елеулі, серпінді өзге­рістер енгізіліп, тиімді шешім­дер қабылданып жатыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттің ғылымға көрсеткен қолдауы нәтижесінде бірқатар жобамызды жүргізуге, өндіріске енгізу­ге қаржы бөлінді. Бірінші рет мұнай қалдықтарын өңдеуге қатысты диссертациямды әрі қарай өндіріске енгізу үшін «тәуекелді зерттеулер» деген конкурсқа қатысып, 5 млн 600 мың теңге алғанбыз. Кейін қабылданған «Ғылым туралы» заң аясында ғылымды қар­жыландырудың жаңа түр­лері пайда болды. Соның бірі гранттық қаржыландыру конкурсына алғаш 2012 жылы қатыстық. 2020 жылға дейін өңірдегі ауыл шаруашылығын, мұнай қалдықтарын өңдеу саласын дамытуға, түрлі өзекті мәселені шешуге бағытталған кіші жобаларымызға үздіксіз грант алып жүрдік. Грант­тық, коммерцияландыру жобаларымен ғана шектелмей, көлем­ді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларының конкурсында да бақ сынауды жөн көрдік. Сөйтіп, өсімдіктердің түрлі ауруына қарсы бел­сенді қосылыстар туралы ғылы­ми жобамызды конкурсқа өткі­зіп, үш жылға қаржылан­дыру алдық. Нәтижесінде, алған бел­сенді қосылыстарымыз күріш, бидай, арпа, соя, жо­ңышқа, түйежоңышқа секілді өсімдіктерді аурудан аман сақтап қана қоймай, өнімділігін де арттырды. Өткен жылы күріш қалдығын өңдеу арқылы одан белсендірілген көмір алып, Қызылордадағы кәріз суын тазартып, оны өсімдіктерді суа­ру бойынша жобамызға 750 млн теңге грант иелендік. Осы жобаның аясында Қызылордада цех ашылды, арнайы қондыр­ғы жасалды, жақында қаланың кәріз суы тазаланып, суды, ағаш­тарды және малға азық ретінде өсірілген өсімдіктерді суаруға пайдалану жұмыстарын бас­тап кеттік. Міне, осының бәрі – мемлекеттің ғылымға жасаған қолдауының нәтижесі.

 

Нұрбол АППАЗОВ,

Химия ғылымдарының кандидаты,  профессор