Саясат • 12 Сәуір, 2024

Зорлық-зомбылыққа қарсы заң қандай өзгерістер енгізілді?

87 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалы­ғымен Палата отырысы өтіп, депутаттар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады.

Зорлық-зомбылыққа қарсы заң қандай өзгерістер енгізілді?

Отырыс еліміздің басым аймағын­да жарияланған төтенше жағдайға байланысты Сенат депутаттары­ның өңірлерде атқарған жұмысының аралық нәтижесін қорытындылаумен басталды. Осы мәселеге тоқталған Мәулен Әшімбаев бірқатар сенатор облыстарға арнайы барып, су тасқынына қарсы күреске белсенді қатысқанын атап өтті. Депутаттар тиісті мем­лекеттік органдармен бірге табиғи апаттың зардаптарын жоюға атсалысып жатыр. Сондай-ақ тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, оларды алаңдатқан өзекті проблемаларды шешуге қолғабыс көрсетіп жүр. Сенат төрағасы мұндай сын-сағатта бүкіл ел болып жұмылу аса маңызды екенін айтты.

 

Отбасы институтын нығайтуға бағытталған

Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заңдардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы заңдар әзірленді. Осылайша, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы осы заңдар аясында өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де қарастырылғанын атап өтті. Заң норма­лары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқын­далады. Отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқ­ты ұйымдардың құзыреттері де заң­намалық деңгейде белгіленеді.

«Мақұлданған заңдарға сәйкес енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Өз кезегінде сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның тәртібіне қатысты ерекше талаптар белгілей алады. Сондай-ақ буллинг, кибербуллинг балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», деді Палата спикері.

 

Құжатта қандай өзгерістер қарастырылған?

Отырыста сөз алған сенатор Жанна Асанова заңдарды қабыл­дауға Мемлекет басшысының 2023 жыл­ғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақ­стан­ның экономикалық бағдары» Жол­дауын іске асыру мақсатында Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасағанын атап өтті. «Жалпы алғанда, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеумет­тік, институционалдық, өзге де негіз­дерін жетілдіруге, әйелдердің құқық­тары мен балалардың қауіпсіздігін қор­ғауды күшейтуге, олардың қауіп­сіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған», деді ол.

Сенатордың айтуынша, осы орайда Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілмек. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға кодекстің Ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс бойынша, сондай-ақ кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқан­нан кейін қайталап жасалған жағдай­да тараптардың татуласуына жол берілмейді. Сонымен қатар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып тасталып, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленбек. Жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап), жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.

Бұдан өзге, 16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипаттағы тиісу, өзін өзі өлтіруге көндіру немесе өзін өзі өлтіруге ықпал ету, шектелмеген адамдар тобында өзін өзі өлтіруге бару шешімін қоздыру мақсатында ақпаратты қасақана түрде тарату, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстыру арқылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені, ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіл­мек. Қылмыстық құқық бұзушы­лық жасаған адамның жүріс-тұрысы­на сот қолданатын ерекше талаптарды (психологиялық көмек көрсету, алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салу және т. б.) белгілейтін жаңа бап енгізіледі.

«Бұл өзгерістердің мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшей­ту, оның ішінде балаларға қатыс­ты жасалған құқық бұзушылық үшін жазалау шараларын қатаңдату» деп атап өтті Жанна Асанова.

 

Заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді

Айта кетсек, әйелдердің құқық­тары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді. Құжат ережелері ең алдымен қорғау және қауіпсіздік мақсатында жұмыс істемек. Басқаша түсіндіріп, сан-саққа жүгірту мүлде дұрыс емес. Сенат спикері осыған байланысты әріптестерін заңдардың негізгі мақ­саттарын дұрыс түсіндіруге, ен­гізіл­ген ережелердің маңызын жұртшы­лыққа жеткізуге шақырды.

«Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада, неке және отбасы туралы заңда ата-аналар қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда ата-ана құқығынан айырылатын нормалар бар. Алайда ол нормалар жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкелмегені белгілі. Тарихымызда ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі деуге еш негізі жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Бұл – қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Сол себепті осы заң ата-аналарды ата-ана құқығынан айыруға арналмағанын нақты әрі анық түсіндіріп, жеткізуіміз керек. Құжат әйелді қорғау және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді», деді ол.

Сонымен қатар кешегі отырыста Парламент депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халық­тың көші-қоны және қылмыстық-ат­қару жүйесі салаларындағы заңнама­ны жетілдіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған. Нақты айтқанда, кәмелет­ке толмағандардың жыныстық қол­сұғылмаушылығына қарсы қылмысы үшін сотталған шетелдіктердің елімізге кіруін және Қазақстан азаматтығын алуын шектеу көзделген. Одан бөлек, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады. Заңда өңірлерге қоныс аударушылар үшін жағдай жасауға және «қандас» мәр­тебесін беру рәсімін жетілдіруге арналған өзгерістер де бар.

 

Тасқынның салдары орасан

Жаңа заңдар талқыланғаннан кейін сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Ольга Булавкина мемлекеттік органдардың су тасқыны кезіндегі үйлесімсіз әрекеттерін сынға алды. Бұл ретте депутат төтенше жағдай­ға байланысты уақтылы әрекет етпеу­ге, өмірді құтқару және залалды азайту жөніндегі рәсімдерге, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы стратегиялық жоспарлауға қатысты мәселелерді атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын судан зардап шеккен азаматтарға шұғыл түрде көмек көрсетуді тапсырды. Сенат депутаттары Үкіметке және өңірлерге тасқын судың зардаптарымен күресте қажетті қолдау көрсетіп жатыр. Өңірлерде азаматтармен кездесулерде тұрғындар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде мемлекеттік органдардың іс-әрекетіндегі сәйкессіздік туралы айтты», деді сенатор.

Ольга Булавкина төтенше жағдайлардың алдын алуға және уақтылы ден қоюға, адамдардың өмірін сақтап қалуға және залалды барынша азайтуға ықпал ететін тиісті хаттаманы әзірлей отырып, әрбір мемлекеттік органның төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеті үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды. Сенатор сонымен қатар тасқын судың аграрлық секторға кері әсерін атап өтті.

«Ондаған шақырым құнарлы жер су астында қалды. Тасқын судың ауыл шаруашылығына келтірген залалы әлі бағаланбады. Ауыл шаруашылығы алқаптары мен мал шаруашылы­ғына ауқымды залал келді, өсімдік шаруашылығы үшін елеулі зардаптар елдің азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауына, ал жайылым жерлерінің батпақтануы жемшөп базасының жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Бұл кейіннен мал басына әсер етеді. Тасқын судан кейін топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, тасқын судың өсімдік шаруашылығына зиянды әсерін азайту бойынша ғылыми зерттеулерге негізделген кешенді бағдарлама әзірлеуге көмектесетін шұғыл шаралар қабылдау қажет», деп атап өтті Ольга Булавкина.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысынан Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге жедел әрекет етуді, ел азаматтарына уақтылы кешенді көмек көрсетуді тапсыруды сұрады.

 

Гидротехникалық нысандардың 60%-дан астамы тозған

Сенатор Серік Шайдаров елдегі гидротехникалық нысандардың қазіргі жағдайы мен олардың әбден тозығы жеткенін айтып, дабыл қақты. Ол бола­шақта биылғы тасқын сияқты төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын жандандыру үшін бір­қатар заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, елімізде жылда су тасқыны болып жатыр, ал билік олардың алдын ала алмайды, тек салдарымен күреседі. Тасқын суға қарсы шаралар тиісті деңгейде жүргізілмейтіні айдан анық.

Сенатор Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында гидротехникалық құрылыстарға қатысты мәселеге тоқталды. Олардың көпшілігіне 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жасалмаған және қайта жаңғыртылмаған. Олардың 60%-дан астамы тозып біткен.

«Жыл сайын көзбен көріп, тексерудің қорытындысында 537 гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет екені анықталды, оның ішінде 427 гидротехникалық құрылыс коммуналдық меншікте. 2024 жылы коммуналдық меншіктегі бөгеттерге көпфакторлы тексеру жүргізуге және қауіпсіздік декларациясын ресімдеуге өңірлер бюджеттерінде 20 өңірдің тек 5-еуінде қаржы көзделген. 2025-2026 жылдарға ешқандай облыста қаржы көзделмеген. Жағдай неге бұлай? Ең алдымен, қолданыстағы заңнаманың жетілмегендігі себеп болып отыр», деп есептейді сенатор.

Сенатордың айтуынша, мұндай құрылыстарды пайдалану, күтіп ұстау және жөндеу үшін қаржы керек. 2010-2012 жылдары иесіз бөгеттерді анықтау қорытындысы бойынша олардың барлығы сот шешімі бойынша аудандық коммуналдық меншікке өтті. Қолданыстағы заңнамаға сәй­кес, оларды басқару үшін аудандар облыстық коммуналдық меншікке беруі керек еді, ал олар өз кезегінде қаржы жұмсамау үшін қарамағына қабылдамады.

«Гидротехникалық құрылыстардың шамамен 75%-ы аудандық коммуналдық меншікте. Мәселені қысқа мерзімде зерделеп, заңнамаға өзгерістер енгізу, аудандар мен қалаларға өкілеттік беру керек. Облыстағы жергілікті атқарушы органдарында да гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік кәсіпорындар құру құқығы функциясы бар, гидротехникалық құрылыстарды облыстық және аудандық коммунал­дық меншікке жатқызу шарттарын айқындау қажет деп санаймыз», деді сенатор.

Сенатор әрбір елді мекеннің бас жоспарында аумақтарды табиғи құбылыстардың қауіпті әсерінен қорғау жөніндегі шараларды тіркеуді және да­йындауды, сондай-ақ осы шаралардың болуын және оларды іске асыруды, сондай-ақ елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі инвестициялық жобалардың қанша және қай жерде іске асырылғанын тексеруді ұсынды.

Сонымен қатар отырыста сенатор Руслан Рүстемов Қызылорда облы­сындағы суару жүйелерінің жағдайы көңіл көңшітпейтінін айтып, сауал жолдады. Қалыптасқан ахуалдың салдарынан жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады. Ал Сұлтан Дүйсембинов Үкіметтің назарын отандық ұн тартушылардың проблемаларына аударды. Осыған орай, сена­тор астық пен ұн саудасында Қазақстан­ға тарифтік емес және тарифтік шектеу шараларын қолданатын елдердің өздеріне қатысты сондай шараларды енгізуді ұсынды.

Сенатор Сәкен Арубаев Жамбыл облысында шаруаларды қаржыландыру тапшылығына байланысты проблемаларды көтерді. Бұл ретте сенаторды ауылшаруашылық техникасын сатып алуға және фермерлердің шығын­дарын субсидиялауға қатысты түйткілдер алаңдатып отыр.

Бекболат Орынбеков өз сауалында «Оңтүстік-Орталық» бағыты мен бірнеше облыстың дамуында ерекше маңызға ие республикалық автожолдарды жөндеуді қаржыландыру кезіндегі проблемаларды назарға алды.

Ғалиасқар Сарыбаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының дамуына қауіп төніп тұрғанын айтты. Депутаттың пікірінше, қалыптасқан жағдай саланы дамыту жөнінде жедел мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді және бұл бағытты қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды талап етеді.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов жаңа Салық кодексінде қарастырылуға тиіс бірқатар ұсынысқа тоқталды. Олар құрамында қант бар сусындарға акциздер енгізуге, ҚҚС әкімшілігін реформалауға, зейнетақы төлемі кезінде жеке табыс салығына салық салуға және басқа да мәселелерге қатысты екенін айта кеткен жөн. Ал Бибігүл Жексенбай адамдар көп жиналатын орындардағы, оның ішінде сауда орталықтарындағы өрт дабылы және қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі қандай деңгейде екеніне назар аударып, алаңдаушылық білдірді.