Аймақтар • 12 Сәуір, 2024

Жайық ақырын көтеріліп келеді

641 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

12 сәуірде Батыс Қазақстан облысында жағдай күрделі күйінде қалғанымен, толық бақылауда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жайық ақырын көтеріліп келеді

Өңірде қардың еруі, жергілікті өзендердің тасу кезеңі аяқталды. Енді трансшекаралық Жайық өзеніндегі су тасқыны алаңдатып тұр. Жұма күні Орал қаласының тұсындағы гидробекетте судың денгейі 736 см болды. Соңғы бір тәулік ішінде өзен суы 8 см көтерілді.

Ресейлік әріптестердің дерегі бойынша, Жайық өзені Орынбор қаласында бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, су деңгейі 1115 см болған. Бір тәулік ішінде өзен суы 55 см көтерілген. Және судың қайтуы әлі байқалмай тұр.

«Батыс Қазақстан облысы аумағына мол су 4-5 күнде келеді, Жайықта су тасқынының шыңы 17-19 сәуірде болуы күтіледі», делінген су тасқынына қарсы күрес бойынша бойынша құрылған жедел штаб мәлімдемесінде.

Бүгінде Ресейдегі Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 902 шаршы метр су жіберіліп жатыр.

Соңғы тәулікте Шаған өзенінің деңгейі Чувашин гидробекетінде 962 см болып, су деңгейі тәулік ішінде 112 см-ге түскенін көрсетті.

Қазір облыста 830 саяжай үшін су басып тұр. Тасқын су 63 жерде автожолдарды бүлдіріп кетті. 9 елдімекенмен жол қатынасы үзілген.

Бүгінге дейін облыста 13 068 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның ішінде 19 мүгедек, 5 472 бала бар. Уақытша эвакуациялық бекеттерде 1 819 адам тұрып жатыр, 877-сі – бала. 11 249 адам тума-туысын паналаған. Тасқын судың беті қайтқан аумақтарда 4 886 тұрғын қазір өз үйлеріне қайта оралды.

Табиғи апат кезінде 2 402 бас мал шығынға ұшыраған. Адам аман.

Бұл күндері мемлекеттік әуе құралдары арқылы 17 000 кг гуманитарлық көмек тасымалданса, 60 000 кг жүк автокөлікпен, 134 000 кг жәрдем теміржол арқылы келген.

Су тасқыны басталғаны төтеншеліктер мен жергілікті коммуналдық қызмет күштері 1 020 мың текшеметр қар суын сорып үлгерген. Қазір 3 175 мың тонна инертті материал, 363 мың қапшықтан судың жолына бөгет жасалып, мұндай қорғанның жалпы ұзындығы 60 шақырымға жақындады.

Қазір Батыс Қазақстан облысында апаттық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін 6 өңірден қосымша күш пен құрал тартылған. Яғни Алматыдан Қорғаныс министрлігінің №61993 және №18404 әскери бөлімдерінен – 100 адам;

- Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 28 адам, 5 техника (вахтовка), 2 жүзу құралы және ТЖМ-не қарасты №20982 әскери бөлімінен – 30 адам, 2 техника;

- Қызылорда облысынан - Қорғаныс министрлігінің №66597 әскери бөлімінен – 200 адам, 15 камаз, 6 тойота пикап келіп жетті.

Сондай-ақ Қостанай облысынан –ТЖМ №52859 әскери бөлімінен – 65 адам, 5 техника, 2 мотосорғы, 2 жүзу құралы;

- Қызылорда облысы жеке құрамынан 30 адам, 2 техника, 10 мотосорғы, 4 қайық, апаттар медицинасы орталығынан 4 қызметкер, 1 техника (газель);

- Түркістан облысы ТЖД жеке құрамынан 31 адам, 2 техника, 10 мотосорғы, 2 қайық жолда келе жатыр.

Бұларға қоса Алматы облысынан да Қорғаныс министрлігінің №32363 әскери бөлімінен – 254 адам келуі тиіс.

Бүгінгі таңда «Қазсушар» мекемелеріне қарасты су қоймалары орташа алғанда 76,4%-ға толтырылған.

Филиал Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су шаруашылығы қызметтерімен күнделікті ақпарат алмасып отыр.

Орынбор облысында орналасқан Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне жіберіліп жатқан су мөлшері 12-сәуірдің 16:00-сағатында секундына 720 текшеметр болған. Яғни бірте-бірте азайып келеді.

Жайық өзенінің деңгейі сағат 16:00-де 736 см болып тұр, қауіпті деңгей – 850 см. Су тасқыны басынан бері өзен деңгейі жалпы 6 метрге көтерілді.