Пікір • 18 Сәуір, 2024

Қауіпсіз орта – қоғам келбеті

41 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы жиынында: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», деп атап көрсетті.

Қауіпсіз орта – қоғам келбеті

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың алдын алу бүгінде өзекті мәселеге айналды. Өйткені зорлық-зомбылық бір ғана отбасына қатысты болмайды, жал­пы қоғамның тұрақсыздығына және отба­сылық тәртіптің бұзылуына алып келеді.

Баланың құқықтарын қорғау, отба­сындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу, оны болдырмау, балаларға қатыгез­дікпен қарауға жол бермеу жүйелі түрде жүзеге асырылуға тиіс және осы мәселені заңнамалық тұрғыдан реттеу, оның ішінде құқық бұзушылықтың жекелеген түрлеріне жауаптылықты қатаңдату – мұның бәріне негіз болуы керек.

Елдегі кез келген адам өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бірақ қазір кейбір адамдар үшін өз үйі қысым көрсету, адами қадір-қасиетін қорлау, өзінің құқықтары мен бостандықтарын шектеу орнына айналып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағ­дайында көбінесе әйелдер, балалар және егде жастағылар, агрессордың немесе жә­бір­ленушінің бірге тұратын ата-аналары зардап шегеді.

Статистика бойынша елімізде отба­сылық-тұрмыстық салада жылына орта есеппен шамамен 1000-ға жуық қыл­мыстық құқық бұзушылық тіркеледі, олардың 20%-ы ауыр зардаптарға, соның ішінде адам өліміне әкеледі. Күні кеше қабылданып, қоғамда сілкініс тудырып жатқан заңдар міне, осы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың профилактикасына, алдын алуға бағытталған. Енді оны қолдайтын, орындалуын қамтамасыз ететін шаралар қауырт қолға алынуы қажет.

Заңнамалық өзгерістер мен толық­ты­рулар әйелдер мен балаларға қа­тыс­ты зор­лық-зомбылық көрсетудің кез келген түрлері үшін, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты қа­таңдату арқылы оларды зорлық-зомбы­лықтың кез келген көріністерінен қорғау тетік­терін іске асыруға арналған.

Заңда қиын жағдайға тап болған аза­маттарға көмек көрсету үшін Отба­сын қолдаудың бірыңғай орталықтары мен Байланыс орталығының қызметін құқықтық регламенттеу ұсынылады. Мұндай жүйенің үйлесімді жұмысы әйелдер мен балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің теріс салдарын болдырмай, азаматтарға жедел құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған орталықтар өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға мемлекеттің уақтылы көмек көрсетуінің тиімді құралы, сондай-ақ осы саладағы ең өткір проблемаларды мониторингілеудің дереккөзі болады. Бүгінде елімізде әйелдер мен балалардың құқық­та­рын қорғаудың кешенді шаралары қа­был­данып жатыр. БҰҰ-ның Әйелдерге қа­тыс­ты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенциясына, Бейжің декларациясына қосыла отырып, Қазақстан әйелдердің құқықтарын сақтау және қорғау кепілдіктерін растады. Әріптестеріміздің осындай бастамаларын қолдай отырып, біз қоғамда әйелдер мен балаларға қа­тыс­ты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәде­ние­тін қалыптастыруды бекіттік.

Депутаттар ұсынған заңнамалық бас­тамалар мемлекеттің әйелдер мен бала­лардың өмірі үшін лайықты жағдайларды қамтамасыз ету саласындағы қызметіне оң ықпал ететін болады.

 

Мұрат ӘБЕНОВ,

Мәжіліс депутаты