Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Өңірлерде су тасқынына қарсы күрес жалғасып жатыр

95 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел өңірлерінде су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 4134 тұрғын үй мен 2698 аула аумағында судың бағыты бұрылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Өңірлерде су тасқынына қарсы күрес жалғасып жатыр

Сурет: ТЖМ

Осы сағатта 18 651 адам өз үйлеріне оралды. 6 932 адам, оның ішінде 3 143 бала эвакуациялау пункттерінде қалды. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 617 адам, оның ішінде 43 887 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды. 

10 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,1 млн астам қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді.

Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 798 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалды. 

Зардап шеккен өңірлерге теміржол, автомобиль көліктерімен және әуе кемелерімен 4 211 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

«Торғай өзені су деңгейінің көтерілуі қаупіне байланысты Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйлыс ауылының тұрғындары алдын ала эвакуацияланды. Ырғыз ауданында жағалауды бекіту және гуманитарлық көмек жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Торғай өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізіледі», деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 43 976 адам, 4 633 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 17 әуе кемесі жұмылдырылды.