Бизнес • 18 Сәуір, 2024

Кәсіпкер әйелдерге арналған жаңа бағдарламаға 10 млрд теңге бөлінеді

91 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанда өз кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер қауымы артып келеді. Олар отбасы мен бизнесті қатар алып жүруге шамалары жететінін қоғам алдында дәлелдеп отыр, деп жазады Egemen.kz

Кәсіпкер әйелдерге арналған жаңа бағдарламаға 10 млрд теңге бөлінеді

Фото: gov.kz

Дүниежүзілік кәсіпкерлік мо­ниторингінің зерттеуінше, әлемде әйелдердің экономикадағы үлесі 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар шамасында 26 пайызға дейін өседі.

Өткенге көз жүгіртсек, елімізде 2010 жылы небәрі 73,4 мың кәсіпкер әйел (жалпы кәсіпкерлердің 26%), 2021 жылғы де­ректе бизнестегі қыз-келіншек­тердің саны 587,3 мыңға жеткен (43,3%). 2022 жылы  әйел­дер  ІЖӨ-нің 40%-ын  құрап,  оның ішінде заңды тұл­ғалардың 26%-ы, шаруа қожа­лықтарының 17%-ын қыз-келіншектер басқарған. Ал бүгіндері бизнес, қаржы  және  экономика саласында жетекшілік етіп отырған әйелдер шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінде 1 млн адамнан асып отыр. Тұтастай алғанда, әйелдердің экономикалық белсенділігінің деңгейі 63,7%-ды құрайды.

Елімізде 2002 жылдан бері кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік теңдікке қол жеткізуде және  әйелдер жұмыссыздығы  мәселесін  шешуде  біраз іс-шаралар жоспары қабылданды. Соның ішінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» және «Бизнестің жол картасы–2025» секілді мемлекеттік бағдарламалар, халықаралық ұйымдар мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламалары арқылы іске асып жатыр.

Қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігі ШОБ секторындағы жұмыс орындарының 31,4%-ын және  еліміздің ІЖӨ-нің 14,6%-ын құрайды.

Аталған кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың арасында ең ауқымдысы -  Еуропалық қайта құру және да­му банкімен бірлесіп жүргізген «Іскер әйелдер» бағ­дар­ламасы. Банк оған 86,5 млн доллар қаржы бөлген. Жалпы, қазірге дейін банк әйел­дер­дің экономикалық мүмкіндігін ке­ңейту үшін 1,5 млрд еуро инвес­ти­ция салды. Осы арқылы 350-ден астам жоба іске қосылды.

Бүгіндері шағын және орта бизнесте әйелдер кәсіпкер­лігі­нің үлесі - 45%. ЕҚДБ мен Үкіметтің екі жақты келісімі негізінде әйелдер басшылық ететін 300-ден аса кәсіпорын жергілікті консультанттардан тиісті кеңес алып, оларға жалпы сомасы 35,4 млрд теңге болатын 21,8 мың несие берілген. Банктің қаржылық емес қолдау құралдарының қатарында – әйел кәсіпкерлердің кәсіби сараптамаға, бизнес-коучинг, оқу бағдарлама­ла­ры мен тәлімгерлікке қолжетім­ді­лігін қамтамасыз етеді. Одан бөлек «Кәсіпкер ана», «Coca-cola белестері» бағдарла­ма­лары және «Бақытты отбасы» орта­лығының негізінде ұйымдас­тырыл­ған Isker ana сауда үйі жұмыс істей­ді.

«Біз кәсіпкер­лік­ке қолдау көрсету жөніндегі ұлттық даму институты ретінде гендерлік аспектіге және іскер әйелдердің бас­тамаларына ерекше көңіл бөле­міз», деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаева.

Аталмыш қор үш түрлі жолмен мемлекеттік қолдау көрсетіп, екін­ші деңгейлі банктер арқылы же­ңіл­дікпен несие беру, банк сыйақыла­рының белгілі бір бөлігін субси­диялау және ШОБ субъектілерінің несиелерін ішінара кепілдендіруде кәсіпкер әйелдер алған көмектің 58%-ы жеңілдікпен несиелендіріп, ақшаға шаққанда 322 миллиард теңгеден асып отыр. Мемле­кеттік қолдаудың едәуір бөлігі ЕҚДБ және АДБ (Азия даму банкі) арқылы жүзеге асырылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі компаниялардың тең еңбек жағдайын, несиелендіру туралы шешім қабылдауда бағалаудың ашықтығы мен ESG қағидаттарын енгізуді, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, АДБ, ЕҚДБ және IFC халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, әйелдер бизнесі жобаларын қаржыландыру бағытында жаңа бағдарламалар іске қосылғанын жеткізді.

Оның бірі - жақында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әйелдердің бизнесін қаржыландыратын жаңа «Үміт» бағдарламасы кәсіпкерлерге бизнесті дамыту үшін зор мүмкіндіктер ұсынып, бағдарламаны іске қосуда бөлінген бастапқы қаражат – 10 миллиард теңгені құрайды. Аталған бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірі, соның ішінде ауыл, шағын және моноқалалардағы кәсіпкер әйелдер екінші деңгейлі банктер арқылы несие ала алады. Инвестиция және айналым қаражатын толықтыруға берілетін несиенің максималды мерзімі – 84 айға дейін, шекті сомасы 100 миллион теңгені құрап, экономиканың барлық секторын қамтиды.   

Тек қаржы және сақтандыру саласы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, көтерме-бөлшек сауда ғана кірмейді. Бұл қор Еуропа қайта құру және даму банкімен (EBRD) әріптестік аясында тегін оқу курстары мен тренингтер жүргізеді. Халықаралық ұйыммен бірлескен бағдарламада кәсіпкер әйелдерге бизнесті басқару және нарықтағы табысты бәсекелестікке жету үшін кәсіби машықтануға мүмкіндік берілді.

Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаева: «Үкімет Қазақстандағы шағын және орта бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Шағын және орта бизнес иелері құрылымындағы кәсіпкер әйелдердің үлесі 47%-ға жетті. Қор жұмыс істей бастаған уақыттан бері 96 мың жобаға 2 893 млрд теңге сомасында қолдау көрсетті. Бизнестегі арулар бизнес-идеяларын жүзеге асыру, компаниясын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып жатқаны қуантады», дейді.