Қоғам • 19 Сәуір, 2024

Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар арасында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні дәстүрлі түрде тойланып келеді. Жыр­дағы қос ғашық­тың кіршіксіз сезімі – отау құрар қыз-жігіт­терге үлгі. Жетісуда осы мақсатта 15 жігіт өз сүйік­тісіне ұсыныс айтып, отбасын құруға бел байлады.

Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме

Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай

«Баяғыда әжеміз жақсы көрген адамыңмен әңгімең бітпейді», деуші еді. Оны есейе келе бағамдадық қой. Халық ақыны Мұхтар Ша­ханов «Жұ­байлар бар әңгімесі таусыл­ған, Ал махаббат – тау­сылмай­тын әңгіме» деп жырға қосқанда, көңіл бір толқыған еді. Бұдан артық не айтуға бо­лады...

Рас, сәуір айы көктемнің ең мерейлі мезеті, бөртегүл гүлдеп, сезім оянар шақ. Осы ретте облыс әкімдігі сүйген аруына сөз салуға ниетті 15 жігіттің тілегін орындады. Тіпті жүз­деген отбасын Б.Римова атын­дағы Талдықорған драма театрына шақырып, «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу» күніне ар­нал­ған «Сезім үшін…» атты концерт ұйымдастырып берді.

Осы іске мұрындық болған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев салтанатты кештің куәсі болып, жастарға лебізін білдірді.

«Біз – дәстүрге бай халық­пыз. Қозы мен Баянның тағ­дыры емес, бір-біріне деген риясыз махаббаты – жас­тарға насихат. 15 жұпқа қаза­ғымыздың жақсы да үлгілі отбасысына айналсын деп тілек білдіреміз. Олардың енді қателесуге құқылары жоқ. Себебі осылай көпшіліктің ал­дында бір-біріне сөз салып, бір-біріне махаббатына берік боламыз деп уәде бер­геннен кейін, сол уәделерінде тұру керек деп ойлаймыз. Жақсы отбасы болсын. Қазағымыздың тәрбиелі, өнегелі отбасылары көбейе бер­сін», деді М.Көл­баев.

Салтанатты жиында теат­р әртістері жырдан шашу шашып, көңілге жылылық ұя­латар шағын қойылым қой­ды. Сондай-ақ 15 жұп сахна төрінде болашақ жарына сезімін білдірді. отау құруға бекінген барлық жас от­ба­сына гүл шоқтары бе­ріліп, «Таптым-ау сені» ли­рика­лық драмасына билет табыс­талды. Солардың бірі – Б.Сырт­тан­ұлы атындағы № 25 орта мек­тебінің ұстазы Бейімбет Советбек.

«Мен өзім № 25 орта мектепте жұмыс істеймін. Ал мен ұнатқан қыз қаладағы № 9 білім ордасында қызмет етеді. 15-і күнін арнайы бел­гіледім. Сол мектептің мұға­лімдерімен алдын ала келісіп те қойдым. Ғашығым сол күні ашық сабақ өткізіп жатқан сәтте сөз салдым. Ол мені көр­ген кезде қатты таңғалды. Ұсы­нысымды осылай жасадым», дейді Б.Советбек.

Ғашықтар күні қарсаңында тұңғыш рет 15 жұптың тілегі орындалған мерекелік кеш Же­тісу жұртының ыстық ықы­ласына ие болды. Жастар іс-ша­раны ұйымдастырған жан­­­дарға алғаусыз ақ тілегін ақ­­тарды.

 

Жетісу облысы