Архив • 19 Сәуір, 2024

Қаһарман қыздың суреті табылды

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорынан Қазақстанның Халық қаһар­маны, ұшқыш Хиуаз Доспа­но­ваның бұрын белгісіз болып келген суреті табылды.

Қаһарман қыздың суреті табылды

«Архивте көне басылымдар­дың тігіндісін қарап отырғанмын. Сол кездегі Батыс Қазақстан облыстық «Приуральская правда» газетінің 1940 жылы 4 қаңтардағы нөмірінің бірінші бетінде қарша­дай қазақ қызының суреті басыл­ған екен. Фотосуреттің сипаттамасында «Досанова Х.Х.» деп жазылғанымен, қазақтан шық­қан қаһарман ұшқыш қыз­ды бірден таныдым», дейді біз­бен қуанышты жаңалықты бөліс­кен өлкетанушы Айболат Құрымбаев.

«10-сыныптың оқу үздігі, №1 (Орал) орта мектеп бойынша комсомол комитетінің хатшысы Х.Х.До­санова Оралдағы Осоавиахим жанын­дағы аэроклубты мектептен қол үзбей оқып, «жақсы» деген бағамен аяқ­тады» деп жазылған екен суреттің астында.

Осы газеттің  1940 жылғы 6 қаң­тардағы санында «Ұшқыш қыздар» деген шағын мақала тағы жарияланған.

«Жақында Орал қаласындағы Қорғаныс, авиация және химия­лық инженерияны қолдау қоғамы жанындағы әуе клубының жазғы мектебінде оқу аяқталды. Курсты Болдырева, Доспанова, Паромова сынды қыздар жақсы көрсеткішпен тәмамдады. Тимофеев, Цыганов, Голу­бинов, Письменный және басқалары сынақтан үздік өтті. Болдырева мен Паромова нұсқаушы-ұшқыш тобына қабылданды», делін­ген  мақалада.

Сонымен бірге автор жастар­дың әуе ісіне ерекше қызы­ғушылық білдіріп отырғанын, биыл клубқа келген жастардың жалпы білім деңгейі де жоғары екенін, осы (1940) жылы аэроклуб ұшқыштардан бөлек, әуе механиктерін де даярлай бастайтынын хабарлаған.

 

Батыс Қазақстан облысы