Таным • 19 Сәуір, 2024

Өнеге боларлық Корея

34 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Жүрген аяққа жөргем ілігеді» деген тәмсіл журналистерге арнап айтылған секілді. Журналист үшін көп көргеннен, көп түйгеннен артық не бар. Қоржының молаяды. Басқа елден алған әсеріңді өз еліңмен іш­тей салыстырасың. Олардың біз­ден артықшылығы мен кем­ші­лігі қайсы, соны байқайсың. Ха­­лықтың тұрмысын көріп, әл-ау­қа­­тын бағамдайсың. Қысқа­сы, Корея сапарынан осындай ой түй­­­дік. Біз онда толық бір апта болдық. Осы аралықта ел астанасы Сеулде ғана емес, Пусан, Тэджон, Сувон, Ульсан се­кіл­ді ір­гелі қалаларын араладық. Бұл ша­­һарларда елдің маңдайалды уни­верситеттері мен ірі өнеркәсіп орын­дары шоғырланған.

Өнеге боларлық Корея

Соларға бас сұғып, жергілікті тұр­ғындардың тыныс-тір­шілігімен таныс­тық. Тарихына зер салдық. Корейлердің көрмегені жоқ екен. Соғыс пен отар­шылдықты да бастан өткізген. Талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешкен. Бірақ мойымаған. Рухы биік ел. Бұл жа­ғынан біздің халқымызбен табиғаты жақындығы байқалады. Бізге олардың қонақжайлығы, мейірбандығы да қатты ұқсайды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қар­саңында Корея аграрлық экономикасы басым ең кедей елдің бірі болған еді. Ал олардың қарқынды дамуы өткен ғасырдың 60-жылдарынан басталды. Сол кездегі билік басына келген ел басшысы үкіметтің барлық күш-жігерін шетел инвестицияларын тартуға, экспорт көлемін арттыруға, экономиканы индустрияландыруға бағыттаған. Сондай-ақ білім мен ғылымды дамытуға баса мән берген. Нәтижесінде, жетпіс жылға жуық уақыт ішінде Оңтүстік Корея әлемдегі экономикасы дамыған озық мемлекетке айналды.

Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы басталған. Сол жылы Корея мемлекеті Алматы қаласында өз елшілігін аш­қан. Ал Қазақстан елшілігі Сеул­де 1996 жылы ашылған. Қазір қос мем­лекет арасындағы байланыс өте жақ­сы. Әсіресе жаңа технология, инфра­құрылым, өнеркәсіп, ауыл­шаруа­шылық және білім, ғылым салаларында ынтымақтастық орнаған. Біз оны осы сапар барысында да байқадық. Өйткені ел тұрғындары Қазақстан туралы жақсы білетіндерін аңғартты.

сми

* * *

Ұйымдастырушылар бізге тиімді болу үшін сапар бағдарламасын жан-жақты қарастырған болып шықты. Уақыт тығыздығына қарамастан, олар бізге өздеріне қатысты барлық жақсы дүниені көрсетуге, озық жетістігімен таныстыруға тырысты. Үздік университеттермен қатар, бірегей өнеркәсіп орындарына апарды. Жалпы, Корея – өнеркәсібі жоғары дамыған мемлекет. Өйткені бұл елден экспортталатын әрбір та­уар үлкен сұранысқа ие. Оны өзіміз де тұтынамыз. Мәселен, біздің елімізде осы жақта өндірілген тұрмыстық техникалар өтімді. Әсіресе әлемге әйгілі «Samsung» компаниясының өнімдері өте танымал. Заманауи тілмен айтқанда, бренд десек болады. Компания тұрмыстық техниканың барлық түрін шығарады. Оның басым бөлігі экспортталады. Біз осы компанияның ұялы телефон шығаратын зауытына бардық. Зауыт іші тап-таза. Қызметкерлері өте жылы қарсы алып, бізге ағылшын тілінде компания тарихымен таныстырды. Ал­ғашқы шыққан ұялы телефоннан бас­тап, жаңаша жетілген соңғы модельдерін көрсетті.

Одан кейін «Hyundai Motor» студиясына ат басын тіредік. Төбесіне қарасаң, бас айналдырар ғимарат. Іші музей дерсің, айнадай жарқырап тұр. Мұнда автомобильдердің соңғы модельдері қойылған. Бұл көліктер біздің елімізге әлі келмеген секілді. Бәрі де жұтынып тұр. Өте сапалы жасалған. Жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Сонымен бірге зауытта көлік қалай жасалып, боялады, соның бәрі үлгі ретінде көрсетілген. Бұл жерге ел тұрғындары, қонақтар көп келеді екен. Біз келгенде де толған адам. Әсіресе кішкентайларын ерткен ата-аналар жиі кездеседі. Жас балалар кез келген көлікке мініп, қызықтап жүр. Ешкім олардың бетінен қағып жатқан жоқ. Еркін. Бір жағынан, бұл балалар «өскенде ертең осындай көлік алып мінемін», дегендей ынталандырады.

* * *

Одан соң Ульсан қаласындағы «Hyundai Motor» зауытына бардық. Бұл – Кореяның бас өнеркәсіп шаһары. Мұнда көлік, кеме жасау және мұнай-химия нысандары орналасқан.

«Hyundai Motor» – атағы кең тараған автоөндіруші компанияның бірі. Со­нымен бірге олар әскери техника мен өнеркәсіптік жабдықтарды шы­ғара­ды. Компанияның іргетасы 1967 жылы қаланған. Штаб-пәтері Сеулде орналас­қан. 1968 жылдан Ульсан қала­сында ал­ғашқы автомобиль зауыты жұмыс іс­теді. Кәсіпорынның 50 жылдан аса тарихы бар. Аумағы үлкен. Ат шаптырым десе болады. Ауласы мұн­таз­дай. Зауыт ішін суретке түсіру­ге болмайды. Тәртіп қатал.

Жалпы, бұл компания шығарған жеңіл көліктер ың­ғайлы. Жүрісі жұм­сақ, соқпайды. Техникалық сипаттама­сы да жақсы. Тө­зімді. Ком­пания ма­ма­­нының айтуынша, кейінгі шыққан жеңіл көліктерге «smart» жүйесі қолданыла бастаған. Сондай-ақ компания қазір электромобильді көліктерді дамытуға маңыз берген. Бір жағынан, бұл көліктерге сұраныс жоғары болса, екіншіден, экологияға тиімді. Ауаға ешқандай зиянды қалдық тарамайды.

«Hyundai Motor» компаниясына «KIA» және «Hyundai» көліктері кіреді. Былтыр 73 млн үстінде көлік сатылған. Аталған компания әлем бойынша көлік сатуда үшінші орын алады. Сондай-ақ компанияның 15 елде көлік жасайтын зауыты жұмыс істейді. Кореяның өзінде үш зауыт бар. Ал 18 мемлекетте көлік құрастыратын зауыт орналасқан.

Біз Ульсандағы зауытты аралап көрдік. Барлық жүйе автоматтандырылған. Мәселен, бір шебер көліктің алдыңғы әйнегін салса, екіншісі айнасын қояды. Үшіншісі, фарын орнатады. Бірақ бәрі де уақытпен белгіленген. Сағаттап созу жоқ. Жылдам жасау қажет. Мұнда электрлі және гибридті көліктерге басымдық берілген. Зауыт жылына 1 млн 500 мыңның үстінде көлік шығарады. Шаһарда үлкен теңіз порты бар. Сол порт арқылы жаңа көліктерді әр аймаққа алып кетеді.

* * *

Бір апталық сапар барысында Кореяға бірге барған серіктерімізбен де жақын танысып, араласып кеттік. Сондай азаматтың бірі, елордадағы «Riviera International School» халықаралық мектебінің директоры Бауыржан Ұзақбаев. Ол бұл сапардан жақсы әсер алғанын айтты.

«Өз басым, осы сапардан Корея туралы біраз мағлұмат алдым. Тұрмыс-тіршілігімен танысып, ұлттық тағамынан дәм таттық. Университеттерді аралап, кампустарын көрдік. Қысқасы, өзімізде мұнда оқушыларды әкеліп көрсетуге ынталымыз. Тағы бір атап өтетін жайт – бірнеше университетті аралағанда, бізге сонда білім алып жатқан отандық студенттер өздерінің оқу орындары туралы біраз ақпарат берді. Енді біз оны оқушыларымызға жеткіземіз. Осында оқитын отандық студенттердің алып жатқан білімдеріне риза екенін байқадым. Біз былтыр ашылдық. Биыл мектепті 24 оқушымыз бітіреді. Солардың арасында Кореяның жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген түлектеріміз бар», деді ол.

Жалпы, бір байқағаным – кореялықтар өз тарихына, салт-дәстүріне, тіліне, дініне өте құрметпен қарайды. Олардың даму ерекшелігі сонда ма деп ойлайсың. Ана тілі мен салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын бағалаған ел алға озады. Оған мысал көп. Соның бірі өзіміз көрген – Оңтүстік Корея.