Медицина • 19 Сәуір, 2024

Екі баланы аман алып қалды

32 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қос балдырғанның өмі­рін сақтап қалған дәрігер­лердің біліктілігіне же­ті­сулықтар разы. Көпса­лалы облыстық балалар ауруханасына үш жа­сар екі бала әртүрлі дене жарақатымен түс­кен. Бірі төртінші қабат­тан құлап, ауыр жара­қат алса, екіншісі септикке түсіп кеткен. Маман­дар шұғыл әрекет етіп, дер кезінде бірлесе көмек көрсеткеннің нәтижесін­де балаларды аман алып қалды.

Екі баланы аман алып қалды

Өлім аузында жатқан кіш­кентай науқастарды көргенде ақ желеңділердің абдырап қал­ғаны рас, әйткенмен дереу медициналық көмек көрсетуге ұмтылады. Есінен танып, тыныс ала алмай жатқан балаларды ауруханаға уақытында жеткізеді.

«Төртінші қабаттан құлаған баланың миы шайқалып, тө­менгі жақ сүйегі сынған. Сон­дай-ақ кеуде қуысы, іші жара­қаттанған. Балаға қажетті көмек көрсетілгеннен кейін жан­сақтау бөліміне жатқыздық. Қазіргі уақытта науқас хирургия бөлімінде толықтай ем қабылдап, үйіне шығарылды», дейді көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры Қайрат Оспагалиев.

Сонымен қатар аталған аурухана­ның бас дәрігері септикке құлаған баланы құтқару кезінде оның ес-түссіз күйде болғанын айтады.

«Оқиға орнына дер кезінде жет­кен төтенше жағдай қыз­меті мен жедел жәрдем қызмет­керлері бала­ға алғашқы медици­налық көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын сәтті өткізді. Бала септикте 10-15 минуттай болған. Ауруханада реаниматолог, травматолог, хирург және педиатр мамандардың тек­серуінен өткеннен кейін бала жансақтау бөлімінде ем қабыл­дады. Жағдайы тұрақтан­ған­нан кейін хирургия бөліміне ауыс­тырылды. Бүгінде бала қанағат­танарлық жағдайда ауруханадан шығарылды», деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, өңір­де кейінгі үш айда 1 371 бала об­лыстық балалар ауруханасына дене жарақатымен түскен. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 1 029-ды құрап отыр. Сондықтан дәрі­герлер ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақы­рады. Өйткені көптеген келең­сіз жағдай ата-анасының қарауын­сыз қалған кезде болады.

 

Жетісу облысы