Форум • 19 Сәуір, 2024

Жас ғалымдар форумы

56 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Астана медицина универси­тетінде жас ғалымдардың халықаралық форумы өтті. Жастар арасында ғылымды дәріптеуге ықпал ететін іс-шара «Ра­дио­логиядағы әйелдер денсаулығы» халық­аралық ғылыми-практикалық конференциясымен түйінделді.

Жас ғалымдар форумы

Форумға еліміздің 14 ірі жоғары оқу орнынан, шетел университеттері мен ғылыми ұйымдардан жас ғалымдар келіп, саладағы ауқымды тақырыптарға терең бойлады. Түйген-білген ізденістерін ортаға салды. Дәл осы күні жас ғалымдар мен студенттер арасында өткен байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Комиссия құрамы 400-ден аса өтініш ішінен хирургия және сабақтас пәндер, пациенттердің қауіпсіздігі, қоғамдық денсаулық сақтау және денсаулық сақтаудағы жасанды интеллект, сәулелік терапия, сәулелік диагностика, ядролық медицина және басқа да сала бойынша жүздеген үздік ғылыми баяндаманы іріктепті. Форумда Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев «Жас дарын» корпоративтік байқауының үш жеңімпазын марапаттады.

– Саладағы жас толқынның зейінін аша түсетін форум университеттің 60 жылдығы аясында өткізіліп жатқаны заңды деп санаймын. 1964 жылы құрылған Астана медицина университеті бүгінде медициналық білім берудің барлық спектрін біріктіріп, ғылыми, әлеуметтік жобалау мен инновация орталығына айналып отыр, – деді вице-министр.

Жас ғалымдарды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те құттықтап, бейнеүндеу жолдаған.

«Ғылым – ұлттық экономиканың қозғаушы күші. Бұл саланы халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ету үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастама көтеріп, Үкіметке жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Осылайша, ғылымды дамытуға бөлінген қаражат алдыңғы үшжылдық кезеңмен салыстырғанда 3,3 есеге ұлғайып, 643 млрд теңгеге жетті. Әлбетте, ғылымды қолдау мұнымен тоқтап қалмайды. Ұлттық жобаға сәйкес, 2025 жылы ғылымды қаржыландыру 1%-ға, яғни 1 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған», деді министр.

Форумның MedX форматындағы сессияларында ғылым саласында танылып үлгерген 15-тен аса спикер жастарға табысты кейстер туралы айтып берді. Ізінше DemoDay аясында үздік стартап жобалары таныстырылды. Ғылыми жобалардың таныстырылымына 40-тан аса өтініш түссе, олардың ең үздіктеріне арнайы жүлде бұйырған. Жеңімпаз жастар өзінің жобасын іске асыру үшін қаржылай қолдаудан құр қалмайтынын айта кеткеніміз дұрыс болар.

Форумнан кейін әйелдердің денсаулығына байланысты мәселелер «Радиологиядағы әйелдер денсаулығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында қаралды. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне үңілсек, сүт безі обыры әйелдердегі қатерлі ісік құрылымында 1-орында (13,2%) тұр. Орта есеппен алғанда, жыл сайын елімізде 5 мыңға жуық әйелден осы дерт анықталады. Өкініштісі, оның ішінде 1 200-ге жуық әйел өмірімен қоштасады. Демек, кейінгі жылдары әйел денсаулығына қатысты терең зерттеулер жүргізіліп, ізденістердің ізімен салаға өзгерістер енгізілуі әбден орынды. Конференцияда радиология саласында қызмет ететін 250-ден аса отандық маман бас қосты. Олар әйелдерде кездесетін түрлі ауруларды диагностикалау, емдеу, медициналық мекемелердің тәжірибесіне жаңашылдықтар енгізу жайын қарады.

Астана медицина университетінің басқарма төрағасы Камалжан Надыровтың айтуынша, әйелдер денсаулығы бізде ғана емес, әлемде маңызды медициналық-әлеуметтік мәселенің бірі саналады. Яғни оқу орнында резидентура бағдар­ламасы бойынша 83 рентгенолог дәрігер де тектен-тен білім алмайды. Университеттің магис­транттары мен докторанттары өз зерттеулерінің бағыты ретінде осы саланы жиі таңдайтыны бекер емес.

Конференцияда университет басшысы Камалжан Надыров шетелдік атақты профессор Райнер Риенмюллерге Астана медицина университетінің құрметті профессоры атағын табыстаса, профессор Раушан Рахымжанова Қазақстан радиологиялық қоғамының құрметті мүшесі атағын Ирина Абель мен Александр Зубаревке тапсырды.