Сұхбат • 19 Сәуір, 2024

Ахметқал Медеу: Табиғи апаттың себебі мен салдарын зерттеуге дайынбыз

121 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғылымның әлеуетін табиғи апаттарды болжауда барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті. Осы орайда біз География және су қауіпсіздігі институтының басшысы, география ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ахметқал Медеу мырзамен әңгімелескен едік.

Ахметқал Медеу: Табиғи апаттың себебі мен салдарын зерттеуге дайынбыз

– Ахметқал Рахметуллаұлы, бірден мәселеге көшсек, өзіңіз білетіндей, қазір еліміздің көп бөлігін су басты. Апатты жағдайлар жөнінде не айтасыз? Мәселенің мәнісі неде, шешімі қандай?

– Бүгінгі таңда мемлекет табиғи апаттың салдарын еңсеру бойынша қабылдап жатқан кешенді шаралар зардап шеккен өңірлердің тұрғындарынан, бүкіл қоғамнан түсіністік пен қолдау тауып отыр. Осындай табиғи апаттар бүкіл әлемде болып жатқаны мәлім. Әр ел әртүрлі дайындық деңгейінде су тасқыны құбылыстарына қарсы күреседі. Біз осыдан сабақ алып, түзетулер жасап, ерте ескерту жүйесін енгізуге дайын болуымыз керек. Сондай-ақ қауіпті су тасқыны құбылысының пайда болу, әсер ету қаупін бағалау және азайту мақсатында іс-шараларды іске асыру бойынша ресурсты дер кезінде жұмылдыра білуіміз қажет. Қойылған міндеттерді шешу бо­йынша ғылыми негіздеме болғаны жөн. Жүйелі шешім қабылдаудағы маңызды қадам – Су ресурстары және ирригация министрлігін құру. Су ресурстары мен су шаруашылығы бойынша білікті мамандардың тапшылығына да назар аударған абзал. Жоғары оқу орындары сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім бағдарламаларының мазмұнын қайта қарауы керек. Осыған байланыс­ты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрлық гидрологиясы кафедрасын қайта жаңғыртып, ал мемлекет жоғары оқу орындарына кафедраларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, жаңа зертханалар ашуға көмек көрсетуге тиіс. Өткен жылы 8 жетекші жоғары оқу орны мен ғылыми зерттеу институты (Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, География және су қауіпсіздігі инс­титуты, Су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы) су қауіп­сіздігі мен су ресурстарын бас­қа­рудың өзекті мәселелері бойынша бірлескен зерт­теулер жүргізу мақсатында кон­сорциумға бірікті.

– Сіз басқарып отырған су қауіп­сіздігі мәселелерін зерттеумен шұғыл­данатын институттың, ондағы ғалым­дар­дың қазіргі күрделі мәселені шешуде өз әлеуетін пайдаланатын сәт туып тұрғандай. Институт қазір немен айналысып жатыр?

– Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Үкіметтің қаулысымен 2019 жылы ең көне академиялық ғылыми зерттеу меке­мелерінің бірі саналатын География институтының базасында құрылды. Институт қызметінің негізгі бағыттары мемлекет пен қоғам тарапынан сұра­ныс­қа ие төрт блокты қамтиды: су ресурстарын бағалау және болжау, қауіпті табиғи экзогендік үдерістерді бағалау және болжау; республиканың табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау; цифрландыру, атласқа және web-картаға түсіру. Институттың зерттеу нәтижелері белгілі және сұранысқа ие. Еліміздің орнықты дамуына су ресурстарының өте өзектілігін, одан келетін қауіпті ескере отырып, институт су ресурсы мен табиғи қауіп бойынша жұмыстардың нәтижелерін ұсынады. Институт дәстүрлі түрде селді, көшкінді, қар көшкінін, таудың опырылуын зерттеумен айналысады. Бұл зерттеулердің нәтижесі кеңінен танымал және тәжірибеге енгізілген.

сми

Суретті түсіргендер – Аманқұл Дүйсенбаев, ЕркебұланҮКІБАЕВ

– Нақты нәтижені айта аласыз ба? Институт осы су мәселесіне қатыс­ты нендей зерттеулер жүргізді? Қоры­тын­дысы қалай?

– Институт су серіктестерінің қаты­суымен «Су ресурстарын бағалау, кли­маттық және антропогендік шартты өзгерістер жағдайында Қазақстанның табиғи суларын пайдалану болжамы» тақырыбында ірі пәнаралық бағдар­ла­масын әзірлеп, орындады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес республикада кеңінен қолданылатын «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау және пайдалану» атты 30 томдық монография­сы жарияланды. Елімізде барлық су мәсе­ле­сін, оны шешу жолдарын қамти­тын осындай кешенді зерттеулер бұрын жүргізілмеген. Осы бағдарламаны орындау барысында институт елімізде алғаш рет халықты, экономика салаларын тұрақты сумен қамтамасыз ету стратегиясын әзірледі. Сондай-ақ су қа­терін сәйкестендіру негізінде су қауіп­сіз­ді­гі­нің бірегей тұжырымдамасын да­йындады. Бұл тұжырымдама жаңа су парадигмасы «сұранысты» басқару мен «ресурсты» басқарудың үйлесімі, жүйелік міндеттерді, нысаналы индикаторларды, түйінді іс-шараларды қамтитын іс-қимыл бағдарламасы негізінде әзірленді. Аталған тұжырымдама Мемлекет бас­шысының 2020 жылғы 19 қарашадағы тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі: Арал-Сырдария трансшекаралық алабы» ірі Пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламасын орындау кезінде іске асырылды. Бағдарламаны сәтті орындауға жүйе­ішілік ақпараттық байланыс арқылы біріктірілген 9 тәуелсіз кіші бағ­дар­ламаның модульдік құрылысы тұжырымдамасы ұсынылды. Осыған қа­тысты бағдарламаның тақырыптық тап­сырмалары тұрғысынан алғаш рет келесі нәтижеге қол жеткізілді: аймақ­тық климаттың өзен ағынының өзге­руі­не әсері анықталды; 2030, 2040, 2050 жылдарға арналған үш сценарий бо­йынша ағынның болжамды нормадан азаюы анықталды; мұздықтардың ауданы бойынша жылына 0,74%-ға, көлемі 1%-ға қысқаруы белгіленді; шекарадан ағып жатқан ағынның жартысынан көбі суару алқаптарынан шығатын қайта өңделген лас судан тұратыны белгілі болды. Барлық параметр бойынша судың құрамындағы зиян заттардың мөлшері Кіші Аралға қарай көбейе береді.

– Арал-Сырдария алабы дедіңіз ғой, Қызылорда облысында суды өте көп қажет ететін күріш алқаптарын азайту жұмысы біраз жылдан бері жүргізіліп келеді. Сырдарияның суын үнемдеудің ғылыми негізделген тағы қандай жолдары бар?

– Институт жүргізген зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, Арал-Сырдария алабы бойынша, оның ішінде ел аума­ғында су ресурсы өте тиімсіз пайда­ланылады. Суарудың жоғары деңгейі, ма­гис­траль­дық арналарда судың жо­ғалуы байқалады. Суды үнемдеу мүм­кіндігі бар. Біз имитациялық математикалық модельдеу әдіснамасын пайдалана отырып, 2050 жылға дейінгі кезеңге су ресурсының Сырдария өзе­нінің трансшекаралық алабының халқын, экономикасын тұрақ­ты сумен қамтамасыз етудің ке­ле­шектегі сце­нарийлерін әзірледік. Сырдария өзе­нінің трансшекаралық алабын (Қазақстан бөлігі) сумен қамтамасыз ету жүйелерін дамытудың су қауіпсіздігі кри­терийлері бойынша бағалау мен шешімдер қабылдауды қолдау құра­лы (Имитациялық динамикалық-стохастикалық модель) құрылды. Цифр­лық динамикалық-стохастикалық модельдеу технологиясын пайдалана отырып, жүйелі талдау жасалды. Соның негізінде шекаралас Орталық Азия мемлекеттері аумағындағы климат пен шаруашылық қызметтің өзгеруіне байланысты өзен ағысы өзгеруінің әртүрлі сценарийі кезінде трансшекаралық Арал-Сырдария алабында еліміздің халқын, экономикасын тұрақты сумен қам­тамасыз ету бойынша ғылыми-негіз­­делген ұсынымдар әзірленді. Ұсы­нымдар мемлекетаралық су бөлу, су шаруа­шы­лығы инфрақұрылымын жетіл­діру (өзен ағынын аумақтық бөлу және реттеу), суар­малы егіншілікті қарқындату, өзен атырабын суландыру, Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін қамтиды. Осы зерттеу нәтижелері бойынша алғаш рет Арал-Сырдария алабы бойын­ша 9 томдық монография дайындалып, жарыққа шық­қалы тұр. Мамыр айы­ның ортасында инс­титут еліміздің су мәсе­лесіне қатысты барлық уәкілетті билік ұйымы өкілдерін шақыра отырып, дөңгелек үстел өткізуге ниетті.

– Бізде өзен-көл көп, теңізіміз де бар. Бірақ соған қарамастан су сонша­лықты жеткіліксіз. Неге?

– Еліміз үшін су шектеулі ресурсқа жатады. Барлық дерлік трансшекаралық алаптың төменгі ағысында орналасқан ел трансшекаралық өзендердің жоғарғы бөлігінде орналасқан көршілеріміздің Су шаруашылығы саясатына қатты тәуелді. Су тапшылығының қалыптасуына ай­мақтық климаттық өзгерістер де әсер етеді. Өзен ағынының ресурсы 1965 жылдан 2020 жылға дейін жылына 20-28 км3-ке, іс жүзінде Ертіс өзенінің ағынының мөлшеріне азайғаны анықталды. Респуб­ли­каның өзен ағынының ресурстарын болжамды бағалау оптимизм тудырмай­ды. Антропогендік және климаттық өзге­рістердің әсерінен олардың 2030 жылға қарай 9-ға, ал 2050 жылға қарай 19 км3/жылға азаюын күту керек. Бұл деректер жалпы Дүниежүзілік банктің қорытындысымен байланысты.

– Елдегі апаттық жағдайға қайта оралсақ, институт тасқынға қатысты қандай қызмет ұсына алады?

– Су тасқынының шиеленіскен жағ­дайына байланысты еліміздің өзен­де­рінде апатты су тасқыны 50-100 жылда бір рет, ағымдағы су тасқыны жыл са­йын болатынын атап өткен жөн. Инс­титут қауіпті табиғи тәуекелді бас­қа­ру тұжырымдамасын жасады. Бұл – әмбебап, оны су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған ғылыми негізделген басқару іс-шараларын әзірлеудің негізі ретінде қарастыруға болады. Бір ай ішінде Батыс Қазақстан өңірінде экстремалды тасқын судың қалыптасу ерекшеліктерін, олардың әлеуметтік-экономикалық мақсаттағы нысандарға теріс әсерін барлау үшін институттың екі экспедициялық жасағы жұмыс істеді. Бұдан басқа, қазіргі уақытта 2 сарапшы-гидролог Атырау облысының су тасқынына қарсы штабында жұмыс істеп жатыр. Институт жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, гидрологиялық күрделі мәселелерді жан-жақты зерттеу­ге дайын. Бұл ретте Алматы қаласы, Текелі қаласы, Алматы облысының әкім­діктерімен осы бағытта жұмыс істеу тәжіри­беміз болғанын айта кеткіміз ке­леді.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»