Қоғам • 19 Сәуір, 2024

Қазақстанда қанша зейнеткер тұрады?

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 926,5 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 291,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 635,1 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда қанша зейнеткер тұрады?

Коллаж: Ulysmedia.kz

Жаңартылған деректерге сәйкес, қазір Қазақстанда 2 млн 364 мың зейнеткер тұрып жатыр.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 595 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 901 теңге, базалық зейнетақы – 42 694 теңге.

Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

«Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді. Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады», деп түсіндірді ведомство өкілдері.