Қоғам • 19 Сәуір, 2024

Төрт кітаптың тұсауы кесілді

76 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Astana Eurasian Book Fair – 2024» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында төрт кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің «Тамыр» және «Абыздар амана­ты», профессор Серік Неги­мов­тің «Шешендік өнер», әдебиет сыншысы, публицист Амангелді Кеңші­лік­ұлының «Жүректің сөзі» кітаптары таныстырылып, авторлары еңбектерінің негізгі баянына тоқталып, оқырмандарына қолтаңба берді.

Төрт кітаптың тұсауы кесілді

«Атамұра» баспасынан шық­қан кітаптардың тұсаукесерін атал­ған корпорацияның прези­денті Рахымғали Абрарұлы тіз­гін­деді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы Әлібек Асқаров сынды қаламгер қауым кітап­тардың лентасын қиып, Қырғыз Республикасының «Қыр­ғыз ел батыры» (бізше Еңбек ері) Медетхан Шерімқұл бастаған бауырлас елдің бір топ зиялы қауым өкілі қатысып, сөз сөйледі.

Рахымғали Абрарұлы сөз басында әр автордың еңбегіне жеке тоқталып, кітаптардың құн­ды­лығы мен жазылу ерекше­лігіне мән бере сөйледі. Авторлар арасынан әуелгі сөзді тарихшы ғалым Дархан Қыдырәліге ұсынды.

«Тарихты дұрыс жазу – тарихты жасаумен бірдей. Біздің халық тарих жасаған, бірақ жаза қоймаған. Өткеніміз өзге авторлардың көзқарасымен жазылды. Әсіресе түгел түркінің тарихын түгендеу кешеуілдеп жатты. Сондықтан бұл екі кітап бір-бірін толықтырады. «Тамыр» – қазақтың да, қырғыздың да, жалпы көшпелі жұрттың тамыры. Сақ, ғұндардан бастап Түркі қағанаты, олардың құрамына кірген көне мемлекеттер, Қарахан, Моғолстан, Алтын орда, тағы басқасынан тамыр тарт­қан біздің іргелі мемлекеттік сабақ­­тастығымыз нақты дерек­термен, археологиялық қазба жұмыстарының қорытын­ды­ларымен жазылған.

Екіншісі – «Абыздар аманаты». «Тарихты тұлғалар жасайды» дейді. Әрине, тарихты халық жасайды. Бірақ оған бағыт-бағдар сілтеп, тағдыршешті шешімдер жасап, доңғалақты кері жүргізуге әсер ететін тұлғалар. Осы тұлға­ларымыз кімдер? Қазіргі Тик-ток заманында Реал Мадридтің футбо­лшыларын немесе Илон Маскты таныған жастар, өкінішке қарай, мыңдаған жыл бойы біз­дің мемлекеттік дәстүрімізді осы күнге жалғастырған, оның ішінде шешендік пен би­лікті ұштастырып, үлкен өркениет­термен иық тірестіріп, өзіндік жазу қалыптастырған бабаларымызды біле бермейді. Бұл кітап – Тоныкөк, Қорқыт бастаған тұлға­ла­рымыздың тарихтағы орны мен өнегелі өсиеттері», деді Дархан Қуандықұлы.

«Шешендік өнер» кітабының авторы Серік Негимов «Қазақтың шешендік өнерінде билік философиясы, өркениет тарихы ғана емес, ата тіліміз, ата жолымыз, діліміз, дініміз, кәсібіміз – барлығы тұр. Қазақ тарихына үлес қосқан ұлы билердің өте сирек кездесетін сөздері бар бұл еңбекте. Қалай кеңес үкіметі орнады, солай би-шешендер әдебиеті су түбіне кетті. 1931 жылы ғана Сәкен Сейфуллин «Билер дәуірі әдебиетін» шығарды, онысы ерлік. 1945 жылы Мәншүктің шешесі Әмина Мәметова қазақ билерінің өнернамасы туралы дис­сертация жазды. Сол әлі күнге дейін шыққан жоқ. 160–170 бет. Сирек қолжазбаларда сақтал­ған билер мұрасын әр жерден жи­нап, құрастырып, әлгіндей олқы­лықтардың орнын толтыру мақ­са­тында біз кезінде осы еңбекті жазып, жарияладық», деді.

Әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы бұл кітабына топтас­тырылған еңбектері кезінде газет беттерінде басылып, оқыр­манның көңілінен шыққан жазбалар дегенді айтты. «Мұнда Мұқағали туралы эссем енген. Біз бала күнімізден ол кісі туралы аңыздарды естіп өстік әрі әкемнің ақын ағасы. Аңыз ақын туралы жазу көптен бергі арман болды басында. Бертінде Астанаға қоныс аударғанымда Алматыға деген сағынышпен қоса Мұқағалиды да сағынып, ақын шығармашылығы туралы жүрек сырларым ақта­рылып, сол кейін кітапқа айналды» дейді автор. Қостанайдан арнайы келген қарт оқырман Амангелді Кеңшілікұлына алғыс айтып, сый-жоралғы жасады.

Астанада бой түзеген Манас ескерткішінің ашылуына келген бір топ қырғыз елінің өкілі атынан сөйлеген Медетхан Шерімқұл қазақ жұртына алғыс айтып, Дархан Қыдырәлінің «Тамыр» атты кітабы қырғыз тілінде де шығып жатқанын мәлімдеді.