Қаржы • 20 Сәуір, 2024

Бұғатталудан босайтын борышкерлер

44 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қарап тұрсақ, дамыған елдердің кәсіби сарапшылары капитализмнің кейбір канондарын үнемі сынға алып жатады. Мақсат – халықтың есесі. Жайындай жалаңдаған алпауыт компанияларға жем болып кетпесін дейді. Ал кезінде коммунизмге құдайдай сенген қоғамның сең соққандай сенделіп қалғаны – тарихтан белгілі. Сондықтан бұрынғыдан сабақ алып, бүгінгі заманды бағамдап отыру ләзім. Қазірдің өзінде біздегі нарық халықты борышқа белшесінен батырып барады. Бүгінгі әлеуметтік мәселенің күйіп тұрған тұсы – осы.

Бұғатталудан босайтын борышкерлер

Фото: qamshy.kz

Қарызы көптің тынысы тар

Қоғамның дамуы ең әуелі қаржыға келіп тіреледі. Алайда халықтың қаражаты көбінесе қарызға байланып тұр. Мемлекет кейінгі жылдары бұған мониторинг жасап, «Қарызсыз қоғам» қалыптастыруға мықтап кірісіп жатыр. Дейтұрғанмен бүгінде көптеген адамның жеке шоттары кө­гендеулі, банк картасы бұғат­тау­лы, шекара асуы шек­теу­лі болып тұр. «Шаш ал десе, бас алатын» сот орындаушылар борышкердің бойына қан жүрместей қылып, «күретамырын» буып тастағаны анық. Қарызын қайтара алмай, борышын өтей алмай жүргендердің мысалы өте көп. Кейінгі 10 жыл­дың мұғдарында тіпті көбейіп кетті.

Мамандардың пайымдауын­ша, қарызын қайтара алмай қал­ған­­дардың қатары пандемия­дан кейін артқан. Өйткені көптеген адамның жұмысы тоқтап, шаруа­сы шатқаяқтап, жалақысы ке­шік­­тірілген. Соның салдарынан қарыз-несиелер (сол кезде ше­­герілгенімен) өсімі ұлға­йып, тө­леуге қауқары жет­пе­гендер «қара тізімге» іліккен. Қарыз бе­руші (банк) жай ғана «қара тізімге» енгізіп қойып қарап тұр­сын ба, одан кейінгі борыш­кер­дің тағдырын жеке сот орындаушылар мен коллекторлық агенттіктердің құзырына тапсырады. Бұдан кейінгі жағдай жұрт­қа етене таныс. Олар қарыз берген банктің атын айтады да, «қарызыңды бүгін қайтармасаң, бітті...», деп қара аспанды төн­діреді.

Әділет министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір елімізде 294 мем­лекеттік сот орындаушы болса, ал жеке сот орындаушының саны – 2 131. Сонымен бұл деректерге әрі қарай көз жүгіртсек, елімізде қал­тасына қақпан қойылып, қаң­та­рылып тұрғандардың ұшы-қиыры жоқ. Мәселен, шектеу қойылған нотариалдық істері – 5 786 338, тыйым салынған тіркеу істері – 88 879, ел шекарасынан шы­ғуға шектеу қойылғандар саны – 1 032 144, дүние-мүлкіне шектеу қойылғандар – 919 744, жыл­жымалы мүлікке тыйым са­лын­ғандардың саны – 545 148, шек­теу қойылған жеке шоттар бойынша – 46 717 680. Бұл сандарды айтқанда, тіл сүрінбеуі мүм­кін емес. Қарап тұрсақ, шектеу мен тыйымның шырмауына ілік­кен­дер шашетектен.

Бұл жайды былтырғы көрсет­кіш­пен салыстырып көрсек, жағ­дай тіпті күрделенгені байқа­лады. 2023 жылғы дерекке сәйкес шектеу қойылған нотариалдық істері – 4 371 212, тыйым салынған тіркеу істері – 73 307, ел шекарасынан шығуға шектеу қойылғандар саны – 901 779, дүние-мүлкіне шектеу қойылғандар – 646 107, шектеу қойылған жеке шоттар бойынша – 33 148 220.

Кейінгі дерекке сүйенсек, халықтың екіншідеңгейлі банк­терден алған несиесі 17,2 трлн теңге болыпты. Осыған орай ха­лық­тың қарызға белшесінен батып, несие алуын азайту жұ­мыс­тары қолға алына бастады. Осы мақсатта «Қазақстан кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен депутаттар бірлесіп дайындады. 20 наурызда Мәжілісте заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.

 

Коллекторға – мораторий

Коллекторлардың кім екенін қарызданып-қауғаланып жүрген­дер жақсы біледі. Тіпті тіршіліктің ағысымен айлап ат ізін салмай кететін ағайыннан «жақын» болып кететіндері осы – коллектор компаниялардың операторлары. «Асыра сілтеу болмасыныңа» қара­майтын, заң талаптарына онша пысқырмайтын пысықтар. Қарыз өндіреміз деп, бермегенді көндіреміз деп талайдың көңілін қал­дырған оқиға көп. Енді олар бұрынғыдай бұлғақтап, ережеге бағынбай, еркінси алмайды. Мәселен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заң жобасындағы өзгерістерге сәйкес төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен тұтынушыға банктер мен микроқаржы ұйымдары несие беруді шектеуге тиіс. Яғни бат­пақ­қа бір батқанды тұңғиыққа тұн­шықтыруға жол берілмейді. Ал өтелмеген қарыз үшін 90 күн өткен­нен кейін өсімпұл қосуға ты­йым салынады. Сонымен қатар енді банктер мен микроқаржы ұйым­дары азаматтардың береше­гін коллекторларға беруге екі жыл­дық мораторий (2026 жылғы 1 мамырға дейін) енгізу ұсынылып отыр.

Заң жобасын әзірлеушілер несие берудің шарттарына біршама өзгеріс енгізіп отыр. Яғни халыққа банктер – 5 млн, микроқаржы ұйым­дары 3 млн теңгеден артық қарыз бермеуге тиіс.

 

Онлайн несие оңдырмай тұр

Енді онлайн кредит беруге талап күшейеді. Бұған дейін онлайн несие ресімдеу тым қол­же­тімді болып келді. Сондықтан 45 күн мерзімге берілетін 50 АЕК-ке дейінгі микрокредиттің күшін жою, сондай-ақ барлық мик­рокредит бойынша жылдық үстеме мөлшерін белгілеу ұсы­нылды. Қарыз алушыны төлем мерзімінің өтіп кетуі туралы хабар­дар ету мерзімі күн­тіз­белік 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылады. Тағы бір гума­нис­тік шешімді айтпай кетуге болмас. Ол – кәмелеттік жасқа толмаған бала­лары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылы­ту маусымында берешегі үшін баспанасын тартып алуға тыйым салу қарастырылып отыр.

Заң жобасында азаматтардың банкроттық ресіміне қол жеткізуін жеңілдету үшін борышкердің мерзімі өткен берешекті реттеуді, сондай-ақ өндіріп алу ресімін өткізу мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқартуды растайтын құ­жатты беруі жөніндегі талап жо­йылады. Қазіргі уақытта алаяқ­тық жолмен несие ресім­деу белең алып кетті. Соған байланысты био­метриялық сәйкестендіру жүр­гі­зілмей, онлайн шағын несие мен банк қарызын беруге тыйым салынбақ.

 

Азаматтардың банкроттығы

Былтыр наурыз айынан бас­тап «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына кел­тіру және банкроттық туралы» заңы күшіне енгені белгілі. Заңды іске асырудың мақсаты аза­маттардың борыштық жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлемді ынталандыру деп түсіндірген еді. Алайда мұның қоғамда қаншалықты септігі тиді деген мәселе бар. Банкке банкрот болдым деп борышынан құтылғандардың шекесі шылқып жүргені шамалы. Тегін дүние қайдан болсын? Мәселен, банкрот деп танылғаннан кейін ол адам 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Және олар­дың қаржылық жағдайы банкрот­тық­тан кейін үш жыл бойы тексеруде болады. Ғайыптан тайып, бір күні қолыңызға ақша түссе, оныңызды банкрот деп таныған бұрынғы алашағы бар жер қақшып алады.

Қосымша ақпарат үшін айта кетсек, алимент бойынша, басқа адам­ның өмірі мен денсаулығына кел­тірілген зиянды өтеу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзу­­шылықтар бойынша залалды өтеу жөніндегі борыштар есептен шығаруға жатпайды, жеңілдік жоқ. Алайда сарапшылар бұл заңды екіншідеңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар үшін тиімсіз дейді. Тек өзінің пайдасын ойлайтын банк­тер мен микроқаржы ұйымдары халықты тақырға отырғызып жат­қаны белгілі. Өйткені олар өз шы­ғындарын халықтың есебінен жабуды көздейді. Мысалы, мұны жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қолдану тәжірибесі айқын көрсетіп отыр. Себебі экономист Арман Бейсембаевтың айтуына қарағанда, бұл ереже несие берушілер үшін үлкен қаржылық ың­ғайсыздық пен салықтық мін­дет­темелерді орындауға мәж­бүрлейтін көрінеді.

«Егер несиені есептен шығар­саңыз, біздің салық заңына сәйкес банк есептен шығарылған несие бойынша салық төлеуге міндетті болып шығады. Өйткені заң бо­йынша бұл табыс болып саналады. Осы мәселе де бір жағынан банктердің жұмысын тұралатып тұр», дейді сарапшы.

Бұл тірлікте түйткіл көп. Әйт­кен­мен бұл мақаламызды көңіл­ді нотамен аяқтауға негіз бар. Өйткені биылдан бастап елімізде талай жыл тайраңдап келген кей­бір микроқаржы ұйымдары ли­цензиясынан айырылып жатыр. Сөйтіп, оған берешегі барлар өсімпұлсыз қарыздарын қай­таруға мүмкіндік алды. Тіпті кейбір қарыздар заңсыз ресім­делгені расталса, қарыздар қай­тарылмайды. Бұл жайт бүгінде біраз борышкердің тынысын ашып жатқаны рас.