Аймақтар • 23 Сәуір, 2024

135 шақырым бөгет қорғап тұр

35 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы биылғы су тасқынының ең қиын күндерін бастан кешіріп жатыр. «Жағдай қауіпті, бірақ толық бақылауда. Біздің бүгінге дейін істеген жұмысымыз нәтиже бер­ді», деді облыстық жедел штаб бастығы, облыс әкі­мі­нің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

135 шақырым бөгет қорғап тұр

Сәуірдің 21-і күні Жайық өзені Орал қаласының тұ­сында қауіпті дең­гейі­нен асып, қала маңындағы бірнеше саяжай қауым­дас­тығы суға кеткенін хабарлаған едік. Қазір облыс бойынша қауіп әлі сейілген жоқ. Облыс орталығын айналып жатқан Жайық, Шаған, Деркөл өзендері кемерінен асып тұр. Ресейдің Иреклі су қоймасынан беріліп жатқан су мөлшері секундына 2 170 текше метрден азайып, 294 текше метрге түскенімен, Сақмар, Елек және Шыңғырлау өзендері қосылатын Жайықтың суы әлі көте­ріліп жатыр. Көктем басталғалы өзен суы 7 метр­ден аса кө­те­ріліпті.

Батыс Қазақстан облысында күні бүгін су тасқыны қаупі бар 84 елді мекен бар. Қауіпті аймақта облыс орталығы Орал қаласы, Жайық бо­йында орналасқан Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандары жатыр. Орал қаласын қоспағанда бұл ауылдарда 80 мың­нан аса халық тұрады.

– Сәуір айынан бері Жайық бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін қауырт жұмыс атқарылды. Ұзындығы 135 шақырым, биіктігі 2-4,5 метр бөгет­тер тұрғызылды. 1,1 млн-ға жуық қапшық құм төселді. Біз бүгін осы бөгеттердің нәтижесін көріп жатырмыз. Бөрлі ауданының Қанай ауылы дәл осы бөгеттің арқасында аман тұр. Кеше ғана өзім Бәйтерек ауданының Бай­қоныс, Дариян, Рубежка ауылдарына барып, бөгет­тің жағдайын көрдім. Бұл бөгеттер қазір бүкіл ауылды сақтап тұр. Біз­дің жасаған әрекетіміз дұрыс, жос­парлы болды деп ойлаймын, – деді Қ.Айтмұхамбетов.

Басқа жұмысты есептемегенде, тек осы бөгеттерді құруға 1 336 арнайы техника жұмылған екен. Мұның 861-і – еліміздің 3 қала, 11 облысынан әкелінген техника. Мысалы, Алматы қаласынан – 214, Қызылорда облысынан – 136, Түркістан облысынан – 112, Алматы облысынан – 162, Қарағанды облысынан – 55, Астана қаласынан – 23, Атырау облысынан – 15, Ақтөбе облысынан – 65, Жамбыл облысынан – 5, Маңғыстау облысынан – 14, Шымкент қаласынан – 14, Жетісу облысынан – 4, Қостанай облысынан – 30, Павлодар облысынан 12 техника Жайықтағы су тасқынынан қорғау жұмысына келген екен.

Қалияр Шадиярұлы қазір облыс аумағында 3 500-дей әскери қызметкер – Төтенше жағ­дай­лар министрлігі, Қорға­ныс ми­нистр­лігі, Ішкі істер минис­тр­лігі, Шекара қызметіне қарасты әскерилер және Ұлттық ұлан сарбаздары тасқынға тосқын жасап жат­қанын айтты. Олар Алматы, Шымкент қала­ла­рынан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан келген әскери бөлім жауынгерлері екен.

Оқырманның есінде болар, Батыс Қазақстан облысы аумағына Ресейден құлаған мол су сәуірдің 17-сі күні жеткен еді. Бәйтерек ауда­нының Январцев аулындағы гидробекет сәуірдің 17-сінде судың – 16 см өскенін көрсетсе, сәуірдің 18-і күні су – 38 см, 19-ы күні – 28 см, 20-сы күні – 15, сәуірдің 21-інде 3 см көтерілді. Тек 22 сәуірде 1-2 см төмен түсуі байқалды. Орал қаласы тұсында да Жайық деңгейі 19-22 сәуір күндері 86 см-ге көтерілді. 22 сәуірдің түс кезінде Орал қала­сы­ның гидробекетінде Жайық өзені деңгейі 862 см болды. Қауіпті деңгей 850 см болса, одан 12 см асып кетті.

Кейінгі күндері Орал қала­сы­ның маңындағы саяжайлардың жап­­пай суға кете бастаған сурет­тері мен бейнежазбалары желіні шарлап кеткен еді. Төтенше жағдайлар басқармасы күні бүгін саяжайлардағы 13 044 үйді су бас­қа­нын хабарлады. Бұған қоса су тасқыны салдарынан 6 аудан­­ды, Орал қаласында 1 292 тұрғын үйді су басқан еді. Қазір 902 үйге тұрғындары қайтып оралыпты.

Облыс әкімінің орынбасары су тасқыны салдарынан келген материалдық залалды бағалайтын комиссия қызу жұмыс істеп жат­қанын айтты. Қазіргі таңда суға кеткен үйлердің 1 150-іне техникалық сараптама жүргізілген. Сараптама қорытындысына сәй­кес, 276 тұрғын үй жарамсыз болып танылған. Ал 47 үй күрделі жөн­деуден өтеді. 590 нысанға бағалау жүргізілген.

– Су тасқынынан келген шы­ғын­дарды есептеген кезде тұрғын үй және төрт түлік малдың шы­ғынын есептеп, өтемақы төлеудің бұрыннан қалыптасқан жүйесі бар. Өтемақы сол бойынша жасалады. Тек бүлінген мүліктің – үйдегі жиһаз бен техниканың орнын толтыру алгоритмі енді жасалып жатыр. Бұл құжат дайын болған кезде қосымша хабарлаймыз, – деді штаб бастығы.

Қ.Айтмұхамбетов табиғат апа­тының кесірінен баспанасы жарамсыз болған жандарға жаңа үй салынатынын немесе мемлекет ол отбасыға басқа үй сатып әперетінін айтты. Бұл көмек саяжай аумағында тұратын отбасы­лар­ға да тиіп қалуы мүмкін. Ол үшін саяжай үйінің құжаты түгел болуы, зардап шегушінің атына тіркелуі, жалғыз баспанасы болуы керек.

Жалпы, су тас­қыны бастал­ған­нан бері бар­лы­ғы 13 880 адам қауіпсіз жерге көшірілді, соның ішінде 5 748 бала бар. Бүгінде 14 эвакобекетте 2 363 адам тұрып жатыр. Қажетті азық-түлік, медици­на­лық көмекпен толық қамтылған.

Аудан дең­гейінде құрылған арнайы комиссиялар 2 342 бас малдың суға кетіп өлгенін растады. Оның ішінде 341 бас ірі қара, 63 жылқы, 1 741 қой-ешкі бар. Қазір бұл мал рәсім­делді, өлекселері толық жо­йылды. Өтемақы келесі ап­та­дан бас­тап төленеді. Арнайы комис­сиялар өз жұмысын одан әрі жалғастырып жатыр.

Тасқынның екінші кезеңінде мал шығыны жоқ, өйткені қауіп төн­ген аймақтан 2 369 бас ірі қара, 53 бас жылқы алдын ала қауіпсіз жер­ге айдалды.

Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көр­сету жұмысы да қатар жүріп жатыр. Осы кезге дейін облыс бойынша 5 552 өтініш қабылданса, 1 542 отба­сына 514,5 млн теңге мөл­ше­рін­де біржолғы әлеуметтік көмек берілді.

Батыс Қазақстан облысына осы кезге дейін 707 тонна немесе 327,3 млн теңгелік гуманитарлық көмек кел­ген екен. Оның ішінде 563 тон­на азық-түлік, 4 тонна дәрі-дәрмек, 140 тонна киім-кишек бар.

Осы кезге дейін облыс аумағында барлығы 1 229 936 қапшық төселген. Апаттан құтқару жұмыстарына 10 647 адам, 1 919 техника, 213 су сору құралы, 194 қайық және 5 тікұшақ жұмылдырылған.

 

Батыс Қазақстан облысы