Пікір • 23 Сәуір, 2024

Аста да орнықты сөз қажет

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы Абай бабамыз айтып кеткен бес дұшпанымыздың бірі – ­бекер мал шашпақ һәм ысырап­шылдықты тыю мақса­тын­да өңірлердегі ардагерлер ұйымдары мен мешіттер игі бас­тама көтеріп, әсіресе кісісі дүние салған қаралы үй иелерінің өлім жөнелту рәсімдері мен ас беруге шамадан тыс қаржы шығындауына жол бермеуге бағытталған шешімдер қабылдап жатқаны – құптарлық жайт.

Мәселен, Ақмола облысының Зеренді ауданындағы қазақ ауылдарында кісі қайтқан үйге алыс-жақыннан көңіл айтуға келетін ағайындарды көршілері өзара бөлісіп алып, үйлеріне шақырып, қонақ қылатын дәстүр бар. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп санайтын зеренділік ағайындар ата-бабаларынан мирас болған осы сауапты істі өткен ғасырдың аяғындағы экономикалық дағдарыстың ауыр жылдарында да үзбей жалғастырған екен. Ал Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі, жергілікті мешіт және «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі қалалы жерде де қымбат адамынан айырылған азалы отбасыға салмақ түсірмеу мәселесін ақылдаса келіп, кісі жерлеу рәсімінен кейін берілетін ас мәзірін шектеу жөнінде шешім шығарған. Нақты айтсақ, дастарқанға тек май, бауырсақ, нан және аздап кәмпит қойып, шай беру жеткілікті деп ұйғарылған. Бұл ел ішіндегі айлығы шайлығына әрең жетіп жүрген жандардың көңілдерінен шыққан бастама болды. Әрине, ауқатты ағайындар асқа жылқы соятын ескі дәстүрді жалғастырып жатыр. Бірақ жергілікті мешіт бұл дәстүрге де сыни көзбен қарап, пісірілген етті астауға мүшелеп салуды тоқтатып, түгел турап әкелуді жөн деп шешкен.

Алайда жақында кейбір мешіттің марқұм болған адамның жаназасына жиналған жамағатқа берілетін ас үстінде діни қызметкерлердің Құран оқып, уағыз айтуымен шектеліп, былайғы жұрттың сөз сөйлеуіне тыйым салуды ұйғарғанын естіп, қайран қалдық. Әрине, мұндай шешімнің қабылдануының өзіндік себебі бары да анық.

Бұдан біраз жыл бұрын өмірден озған белгілі адамды жерлеуден кейін берілген ас үстінде бір журналист-жазушы сөз алып, жарты сағаттан аса көсіле сөйлегенін көріп, жағамызды ұстағандай болғанбыз. Ол марқұмның ел есінде қалатын елеулі еңбегін, айналасына нұрын шашқан адамгершілік қасиеттерін емес, оның қаладағы ең үлкен мейрамханаға лық толып отырған жұртқа аста-төк дастарқан жайған шенеунік ұлын тілінің майын тамыза мақтады, «қазақтың асы да, тойы да таусылмайтын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатқан Тұңғыш Президенттің» дана саясаты жайлы да кеңінен толғады. Әкесінен айырылған шенеуніктің «аса ауыр қайғысы өзінің де көзінен ащы жас шығарып, қабырғасын қатты қайыстырып, жан дүниесін күңіренте күйзелтіп тұрғанын шын жүректен тебірене» айтудай-ақ айтты.

Міне, осылай топырақты өлімді торқалы тойға айналдырып, өз уақытын да, өзгенің уақытын да аямай, аузы көпіргенше тоқ­тамайтын «шешендер», өкінішке қарай, ара-тұра кездесіп қалады. Әлбетте, мұндай әдепсіздікті тыю қажеттігі даусыз. Әйтсе де аста сөз сөйлеуге толық тыйым салу дұрыс­тық­қа жата қояр ма екен?

Жуырда бір жолдасымыздың қайын енесінің қырық күндік дұғасына қатыстық. Марқұм кезінде басшылық қызметтер атқарған, елге сыйлы адам болған екен. Қарамағында қызмет істеген, жақсылығын көрген, шарапаты тиген адамдар шағын естеліктер айтты. Марқұмның соңында қалған балалары мен немерелері біле бермейтін өнегелі істері, асыл қасиеттері, азаматтық асқақ тұлғасы хақында шынайы сыр шертілді. Асқа жиналған қауым өмірден елін, халқын сүйген қайраткер азамат, адал жар, аяулы ана, асыл әже өткенін біліп, мол тағылым түйді. Демек ас үстінде Құран оқылып, уағыз айтылуымен қатар, дүниеден өткен адамды жақсы білетін азаматтар марқұм жайлы бірауыз сөз айтса, артықтық етпейді. Бұл өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін де маңызды.

Айтпақшы, сол дұғада марқұмның күйеу баласының бір үстел басында отырған жолдастары бізге де «Біреуіңіз сөйлейсіздер ме?» деген ишара білдірілді. Арамызда үлкен қызмет атқарған, сөзге ұста азаматтар бар еді. Бірақ олар марқұммен өмірде аралас-құралас болмағандықтан, ол кісі туралы сөз сөйлеу орынсыз деп шешті. Ал бізді дұғаға шақырған жолдасымыз: «Сендердің осы аста төбе көрсеткендеріңнің өзі – біздің отбасымыз үшін жеткілікті құрмет», деді. Биік парасат иесінің сөзі бұл.