Құқық • 23 Сәуір, 2024

Жалған ақпараттың жазасы қандай?

92 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамның ар-намысын таптау, абырой-беделіне нұқсан келтіріп, аяқасты ету осы күні оп-оңай болып кетті. Тіпті ел басқарып отырған, мемлекеттің іргесін бекемдеп жүрген азаматтардың өзіне жала жа­уып, елдің алдында абыройын төге салу жаман әдетке айналып барады.

Жалған ақпараттың жазасы қандай?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Биыл ақпан айында өткен Прези­дент­тік жастар кадр резервінің фору­мын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елде заң мен тәртіптің диктатурасы орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қыз­мет­шілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі», деген еді.

Әрине, әкімқаралардың бәрі кім көрінгеннің қолжаулығы бола берсе, іргесі берік ел бола алмаймыз. Хал­қы­мыз аттың үстінде жүрген азаматын сыйлаған, оның абыройы мен беделінің жоғары болуын қалаған. Сонда ғана ел ішінде бірлік пен береке боларын білген. Ал сондай азаматтарға оп-оңай жала жауып, ауызға келген дөрекі сөзбен негізсіз айып таға бере­тін болсақ, елдің ынтымағы ыдырайды. Осындай қиямпұрыстың салдарынан қазір кейбір ауыл, аудан басқарып отырған азаматтардың абырой-беделінің берекесі қашқанын көріп жүрміз. Су тасқыны басталғалы да оларға қарсы небір сөздер айтылып жатыр. Табиғи катаклизмнің себебін де тұтастай соларға жапқан жандарды көз көріп, құлақ естіді. Олар беделі мен ар-намысын тек сот арқылы қорғай алады, ал айтқыш, жазғыштармен соттаса беруге уақыт қайда? Ол үшін барлық жұмысты жиып қойып, тек сотпен екі арада жүру керек. Сондықтан жұмысы бастан асатын басқару, атқару органдарындағы қызметкерлер абыройы мен намысын қорғауға да қауқарсыз. Қазір блогерлер әкімқаралардың кабинетіне кіріп барып, бейнежазба түсіріп, қисынсыз сұрақтың астына алатын «таптырмас тәсіл» тауып алды. Кейбір дөрекі еркектер мен долы әйелдер әкімдікке келіп жеке басының, үйінің проблемасын айтып, айылын жимай көбіне негізсіз айғай-шу шығарады. Мұндай жерлерде түрлі тұрпайы сөз де айтылады.

Жақында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды. Құжатта жалған ақпарат таратып, лауазымды тұлға­лар­дың бе­делін түсіргені үшін жауап­кер­ші­лік қарастырылған. Әкімшілік айып­пұлдың көлемі әртүрлі. Мысалы, жеке тұлғалар жалған ақпарат таратса – 20, ал блогер таратса 30 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Демократия дегенді шексіз рұқсат, әсіре еркіндік көретіндерге бұл заң біршама тыйым болары анық. Алайда ат үстіндегі азаматтардың беделі мен қадірін қорғайтын да заң керек болар.

Кеңес заманында билік өкілінің талабы мінсіз орындалатын. Билік өкіліне дөрекілік көрсеткендерді, талабын орындамай қарсылық білдір­гендерді, беделі мен абыройына нұқсан келтіргендерді жазалайтын арнайы заң талаптары қолданылатын. Осы заңның арқасында лауазымды адамдардың, билік өкілінің беделі күшті болды. Нәтижесінде, халықтың тәртібі берік болып, іс-әрекет те дұрыс жүріп, экономикалық жоспарлар да орындалды.

Қылмыстық кодексте де билік өкілін қорғауға арналған баптар бар. Алайда кодексте лауазымды тұлғаға қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері болған жағдайда ғана берілетін жазалар қамтылған. Абырой-беделіне нұқсан келтірілген жағдайда билік өкілі заң бойынша жалпыхалықтық тәр­тіп­пен ар-намысын сот арқылы ғана қорғай алады. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, әлдебіреулермен соттасып жүруге қызметтегі адамда уақыт бола бермейді.

Жуырда қайсыбір тиктокерлер Ұлытау облысында жемшөптің жет­пеуі салдарынан қырылып қалған жыл­қыларды көрсетіп, соған Ауыл шаруа­шы­лығы министрін кінәлі деп жарты әлемге жар салды. Оның айтуын­ша, 10 ақпанда жаңбыр жауғанда министрге «Азық-түлік корпорациясында «шіріп жатқан» астықты жемазыққа босатуды сұраған екен. Соны министр шешпепті-мыс. Соның кесірінен жылқы қырылған көрінеді. Блогердің сұрағанына бола министр «Азық-тү­лік корпорациясының» құлпын ашып, астық босататын қоймашы ма екен? Сұрау керек болса, алдымен өз әкімдеріне ұсыныс жасап, тек солардың қол­­дауы­мен министрліктен сұралуы керек қой. Ондайды керек қы­лып тұрған тик­токер жоқ, оған тек ми­нистр­ді кінәлі қылып шығару керек.

Бізде еңбек етіп, тер төгіп жүрген шенеуніктер көзге түседі, халық негізінен соларды ғана біледі. Тер төкпей, көзге түспей орынтағында тым-тырыс отыра беретін әкімқаралар толып жатыр. Бірақ халық ондайлардың тіпті есімін білмейді. Ал жұмыс істейтін адамды жүндеу жалғаса беретін сияқты. Жуырда әлеуметтік желіде тағы сол А.Сапаровқа қарсы бір орашолақ жала жарияланды. Жер дауымен министрлер үйіне келіп отырғандардың алдына шығып, оны жариялаған Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Талғат Әбілпейісов деген адам. Кезінде алпауыт агрофирмаларға жалға берілген ауылының жерін ол сот арқылы қайтара алмай, бір үдерісте жеңіп, біреуінде жеңіліп жүргенін айта келіп: «Біз ауыл шаруашылығы министрі Сапаровқа сенімсіздік білдіреміз, сондықтан отстав­каға кетсін», дегенін ешкім ұға ал­мады.

Жер үшін соттасып, заң бойынша жеңілгеніне Ауыл шаруашылығы министрі кінәлі ме? Бізге осы Т.Әбілпейісов ауылының жері пайда­ланушыларға үлескерлердің келісі­мі­мен 8-10 жыл бұрын беріліп қойғаны белгілі. Оған А.Сапаровтың ешқан­дай қатысы да жоқ. Өйткені ол кезде Сапаров Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, ал жерді жер­гілікті комиссия береді. Бұл – тек сол «жаптым жала, жақтым күйенің» бір көрінісі.

Осы арада Қазақстан шахмат фе­дера­циясының президенті Ғалым Құсайыновтың мына сөзін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Ол: «Халыққа министрдің рөлі мен жауап­кер­шілігін ұғындыра білуіміз керек. Оның министр тағына келу себептерін де түсіндірген жөн. Таңғы сегізден кешкі онға дейін жұмыс істеп, миллиондаған долларлық мәселелерді шешіп отырған адамдардың басын блогерлердің лайк пен фейк үшін берілетін ақылсыз сұрақтары мен жалаларынан қорғау керек», депті. Өте орынды пікір. Осыны әкімдерге қатысты айтуға да болады. Президенттің талабы да сол екенін жоғарыда айттық.

Жоғарыда аталған «Онлайн плат­фор­малар және онлайн жарнама туралы» заң жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Ми­нистрлік заңсыз контентті анықтау бо­­йынша үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Заң бойынша жалған ақпарат үшін айыппұл салынады», деген еді. Біз айтқан фактілер де министрліктің назарынан тыс қалмас.

Үкімет отырыстарының бірінде Аида Балаева тексерілмеген жалған ақ­параттарды таратушыларға жауап­кер­шілік жүктелетінін ескертті. «Бүгінгі таңда елдің бірқатар өңірінде тасқын суға байланысты Премьер-министрдің деңгейінде арнаулы штаб құрылған. Оның жұмысын Президенттің өзі реттеп отыр. Соған қарамай жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен талқы­ланып, шынайы ақпарат қана емес, арандатқыш, жалған хабарлар да таратылып жатыр», деді министр.

Осындай сын сағатта арзан сенсация жасап, оны әлеуметтік желіде жа­риялау, халықты дүрліктіріп, ел бас­қар­ған адамдардың жағасынан алу, тексерілмеген хабарларды тарату елдің берекесін кетірері сөзсіз. Ар-ұяты, ақылы бар адам алыпқашпа әңгімемен айналыспайды, елдің қайғысынан «хайп» жасамайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы