Күрес • 23 Сәуір, 2024

Бішкекте бес жолдама бұйырды

28 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бішкекте күрес түрлерінен Азияның лицензиялық турнирі аяқталды. Париж Олимпиадасының 36 жолдамасы сарапқа салынған аса жауапты жарыста сары құрлықтың белді балуандарының дені күш сынасты. Араларында Олимпия ойындары мен әлемдік додаларда атой салған саңлақтар да болды.

Бішкекте бес жолдама бұйырды

Жарысты еркін күрес шеберлері бас­тады. Бұл бәсекеде бес жерле­сіміздің тек екеуінің ғана бағы жанды. 97 кг салмақ дәрежесіндегі Әлішер Ер­ғали тұсаукесер кездесуінде қыр­ғыз­стандық Андрей Ароновтың ая­ғын көктен келтірсе, жартылай фи­налда Әбусайман Хабиламен біраз тіресті. Қытайдың намысын қорғай­тын қандасымыз да осал емес-ті. Ол – Азия ойындары мен құрлық чем­пионатының жүлдегері. Десек те өте сауатты тактика ұстанған Әлішер Париж Олимпиадасына бақ сынау құрметіне ие болды. 125 кг салмақтағы Юсуп Батырмұрзаевқа өз жоспарын жүзеге асыру үшін бозкілемге үш мәрте шы­ғуына тура келді. Ол пәкстандық Әнуар Заман, қырғыз Айял Лазарев және бахрейндік Шәміл Магомедовтен басым түсті.

74 кг салмақтағы Нұрқожа Қайпа­новтың да жолдама алуға жақсы мүм­кіндігі болды. Әлем чемпионатының финалисі алғашқы екі қарсыласын ойсырата ұтқанымен, Иранның атақ­ты балуаны Юнес Эмамидің алдында дәрменсіздік таныты. Сол секілді Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг) мен Майыс Әлиев те (65 кг) артылған сенімді ақ­тамады. Ерасыл үнділік Аман Аман­ның қарқынына шыдамаса, Майыс Шауохуа Юанның тегеурініне төтеп бере алған жоқ.

Қазіргі кезде еркін күрестен Қа­зақстан ұлттық құрамасының қоржы­нында үш жолдама бар. Жоғарыда есімдері аталған балуандарға қоса, Азамат Дәулетбеков те (86 кг) биыл Олим­пия ойындарында өнер көрсетеді. Сақа спортшымыз ондай құрметке былтыр Белградта өткен әлемдік додада бөленген еді.

Әйелдер күресінен өткен жарыс­та алты бұрымдымыз бақ сынады. Олар – Лаура Ғаникызы (50 кг), Жұл­дыз Ешімова (53 кг), Эмма Ти­сина (57 кг), Ирина Кузнецова (62 кг), Елена Шалыгина (68 кг) және Жәмила Бақбергенова (76 кг). Бірақ бұл қыз­дардың ешқайсынан қайыр болмады. Басты үмітіміз Бақбергенова біраз жерге дейін барды. Өзбекстандық Светлана Оқназарова мен тайпейлік Ху Тзе Чангтың тас-талқанын шы­ғарғанда, енді оны ешкім тоқтата алмайтындай көрінген еді. Бірақ талай дүбірлі додада дараланған Жәмилаға шешуші тұста Юан Ван жер сипатып кетті.

Жасы әлі 20-ға да келмеген Лаура­ның Қырғызстандағы өнері жақсы әсер қалдырды. Оның өзіне деген сенімділігі мен жанкештілігі ұнады. Жылдам қимылдап, шұғыл шешім қабылдай біледі. Тәуекелге барудан тартынбайды. Техникалық арсеналы да мол. Дәл осы қасиеттері арқылы Лаура тәжікстандық Ватансұлтан Ша­­каршоева мен филиппиндік Жиах Пинготтың әбден сілікпесін шы­ғарды. Десек те жартылай финалда тә­жірибенің аздығы сыр берді. Әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, үндістандық Ванеш Пхогат қазақ қызын еш қиналмай ұтты.

Елішілік жарыстарда қарсылас шақ келтірмей жүрген тәжірибелі Тисина мен Кузнецованың Бішкектегі бәсекеге тым нашар дайындықпен келгені бірден байқалды. Ал ұлттық құрама бапкерлерінің 36 жастағы Ешімова мен 37 жастағы Шалыгинаны не мақсатпен осы турнирге әкелгенін мүлдем түсіне алмадық. Иә, олардың ел чемпионатында топ жарғаны рас. Бірақ шау тартып қалған спортшылар жолдама алған жағдайдың өзінде төртжылдықтың басты додасында не бітіре алар еді? Жиырманың бел ортасындағы жалынды жастар Жұлдыз бен Еленаны «түтіп жейтіні» айдан анық. Әлде олар Парижге жай турист ретінде барып қайтуды көздеді ме? Тіптен, ол жоспар да жүзеге аспады. Қос ардагердің орнына жастар апарғанымыз әлдеқайда тиімді еді. Келесі айда Ыстанбұлда өтетін соңғы лицензиялық турнирде осы жағы ескерілсе дейміз.

Грек-рим күресінен бес сайыпқы­ранға сенім артылды. Олжас Сыр­лыбай (97 кг) «шу» дегенде сүрінді. Қандасымыз ортаңқол жапон балуаны Юри Наказатоға жол берді. Олжастың бойынан жеңіске деген құлшыныс байқалмады. Қалған төрт жігіт жартылай финалға дейін жетті. Бұл ретте Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) және Әлімхан Сыздықовтың (130 кг) қарсыластары аса азулы болмағанын айта кетсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Ал Мейіржан Шермаханбет (67 кг) екінші кезеңде Аброр Атабаевпен айқасты. 21 жастағы өзбектің жас перісінің Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем және құрлық біріншілігінің жеңімпазы деген атақтары бар. Түрлі турнирлерде Абрордың Алмат Кебісбаев, Исхар Құрбаев және Сұлтан Әсетұлы секілді саңлақтарды сүріндіргені де есімізде. Бірақ Бішкекте Мейіржан қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Бірақ жартылай финалда жанкүйерлер қазақтың марқасқа ұлын мүлде танымай қалды. Болмайтын жерде қателік жіберіп, өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана алмаған Шермаханбет жапондық Киотаро Согабеге есе жіберді.

Ал қалған үш қандасымыз көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Атап айтсақ, Айдос солтүстіккореялық Се Унг Ридің әрі де, бері де лақтырып, айқын басымдықпен ұтты. Демеу Оң­түстік Кореяның оғыланы Давон Лиден ұтылып жатып, соңғы минут­та сан соқтырып кетті. Әлімжан мен Роман Ким ұзақ уақыт бойы ар­палысты. Екеуі де қатты шаршап, екінші кезеңде аяқтарын әзер алып жүрді. Кездесу 7:7 есебімен аяқталды. Жиған ұпайларының сапасы жағынан қан­дасымыздың бағы жанды. Иә, Сыздықовтың жеңіске жеткеніне қуан­ғанымыз рас. Бірақ бәсеке бел ор­таға жетпей жатып қандасымыздың қат­ты шаршап қалғаны ұнамады. Дәл осындай күреспен Әлімханның алыс­қа бармайтыны анық. Сондықтан да қа­зақтың нар тұлғалы балуанына дереу арада функционалдық да­йын­­дығын дұрыстау керек. Ал 87 кг сал­мақта жер­­лестеріміз белдескен жоқ. Өйт­кені Нұрсұлтан Тұрсынов көздеген мақса­тына күні бұрын қол жеткізген еді.

Сөйтіп, Бішкектегі жарыста Қазақ­стан­ның 16 балуаны бақ сынап, солардың бесеуі ғана Па­риж Олим­пиадасында өнер көрсете­тін­дердің тізіміне қо­сыл­ды. Олардың екеуі еркін күрес шеберлеріне тиесілі болса, үшеуін «клас­сиктер» иеленді. Оған Әлішер Ерғали мен Нұрсұлтан Тұрсыновтың лицензия­сын қосыңыздар. Барлығы – 7 жолдама. Ал қыздардың қоржыны – бос. Ең соңғы лицензиялық турнир енді 9-12 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді. Анадолы елінден біздің спортшылар барын салуға тиіс. Өйткені Қазақстан секілді күрес өнерінде бай дәстүрі бар мемлекет үшін жеті жолдаманың аздық ететіні сөзсіз.