Қоғам • 25 Сәуір, 2024

Отбасы құндылығы – қоғам тірегі

25 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан қоғамдық даму институтында заманауи отбасылардың әлеуметтік психологиялық мәселелері тал­қыланды. Дөңгелек үстел форматында өткен жиынға түр­киялық профессор, медицина ғылымдарының докторы, Üsküdar университетінің негізін қалаушы-ректоры Невзат Тархан арнайы келді.

Отбасы құндылығы – қоғам тірегі

Басқосуға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, отбасы саясаты және гендерлік саясат саласының сарапшылары, психологтер мен әлеуметтанушылар қатысты. Жиналғандар отбасы институтын нығайту және қорғау, отбасы­лардың рухани, адамгершілік және материалдық жағынан да­муына қолайлы жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбы­лықтың алдын алу турасында пікір алмасты.

сми

«Бүгінде әлемде некелесе­тіндердің саны азайып, керісінше ажырасу үлесі артқан. Мұндай үрдістердің белең алуы қоғамдық сананың өзгеруіне тікелей байланысты. Жыл өткен сайын отбасыларда дәріптелетін кей­бір құндылықтардың маңызы төмендей бастайды. Бұл тенденцияны 3 ұрпақты мысалға келтіріп түсіндіруге болады. Яғни X ұрпа­ғы топтық өмір салтын қолдай­тын болса, Z ұрпағы жеке тұлға ретінде дамуды әлдеқайда жоғары қояды. Ал Y ұрпағы алдыңғы екеуінің ортасы болғандықтан, көрсеткіштерді теңдей бөлген. Отбасы құндылығы өзгерісінің мемлекеттің ішкі жалпы өнім көлеміне де ықпалы бар. Өйткені отбасы – негізгі әлеуметтік инс­титут ретінде елдің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді», деп Невзат Тар­хан мем­лекетіндегі отбасы құнды­лық­тарының өзгерісін әлемдік көрсет­кіштермен салыстыра баяндады.

Сарапшылар проблеманы шешу жолдарын да жан-жақты қарастырды. Осы ретте Невзат Тархан сөз арасында отбасы инс­титутының әлсіреуіне себеп болатын тағы бір проблеманың басын ашып көрсетті.

«Отбасы – мәдениетті, әдет ғұрып пен салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы институт ретінде де маңызды. Бірақ қазір бұл функцияны отбасы емес, телевизия атқарып отыр. Бұл да қоғам нормаларының өзгерісіне әкеледі», деді профессор.

Іс-шара отбасы, гендер және демография саясаты саласындағы ұйымдар мен сарапшылардың ынтымақтастығын арттыру мақса­тында ұйымдастырылған. Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, отбасы институтын нығайту және осы саладағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.