Архив • 25 Сәуір, 2024

Құнды қолжазба

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының төрінде орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында көне қолжазбалар баршылық. Соның бірі – 1954 жылы Мадрид қаласында Испания мен Колумбия үкіметтерінің қолдауымен «Латын Америка мәдениеті» баспасынан жарыққа шыққан «Жаңа Гранада Корольдігінің ботаникалық экспедициясының флорасы: 1783 – 1816 жж» атты құнды еңбек.

Құнды қолжазба

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мекеменің есепке алу, сақтау, көр­ме және оқу залдарының жұмысын ұйым­дастыру бөлімінің басшысы Анар Байма­ғамбетованың айтуына қарағанда, бұл жәдігерді 2022 жылы Испания Король­дігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хорхе Урбиола орта­лыққа қонаққа келген сәтінде сый­лаған екен. Кітап өте үлкен, көлемі – 36х54 см.

Туынды авторы – Хосе Селестино Мутис атты дәрігер-ботаник. Бұл кісі 1732 жылы 6 сәуірде Кадис қаласында дүниеге келіп, 1808 жылы 76 жасында Оңтүстік Американың Богота шаһарында бақилық болған көрінеді. Жарықтық көзі тірісінде дүниені шарлап, әсіресе Гранада аймағының флора, фаунасымен танысуды мақсат еткен екен.

Жоғарыдағы мақсатына қол жеткізу үшін 1763 жылы Испания короліне хат жазып, аталған аймаққа экспедиция ұйымдастыру идеясын ұсынады. Бірақ бұл ұсыныс арада 20 өткен соң ғана шешімін табады.

Сөйтіп, дәрігер-ботаник 1783-1816 жылдар аралығында Гранада өлкесінің ұлыстары – Эквадор, Панама, Венесуэла, Перу, Солтүстік Бразилия қатарлы мемлекеттердің территориясын 33 жыл бойы сүзіп шығады. Нәтижесінде, 8 мың шақырым жолды басып өтіп, өлкеде өсіп-өніп жатқан 20 000 өсімдікті гербаризациялап, 7 000 жануарға классификация жасайды.

Бұл кітап қазіргі таңның өзінде құн­дылығын жоймаған өте бағалы ғылыми-сараптамалық еңбек ретінде танымал. Әрі дүние жүзі ботаниктері ең көп пайдаланатын туынды. Мұндай құнды шығарма Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорынан орын алуы жастардың білім көк­жиегін кеңейтуіне себеп болары анық.