Аймақтар • 29 Сәуір, 2024

Қырғауылдықтар қарап қалмады

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Су басқан аймақтағы ағайынға алақандағысымен бөлісіп, жомарттық жасап жатқандардың қатарында Қарасай ауданына қарасты Қырғауыл елді мекенінің тұрғындары да бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қырғауылдықтар қарап қалмады

Фото: Видеоскрин

Айрандай ұйып отырған ауыл тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен өңірге гуманитарлық көмек көрсетуге асықты. Осы мақсатпен Қырғауыл ауылының ортасына қойылған жүк көлігін қарапайым халық аз уақыттың ішінде-ақ киім-кешек, көрпе-жастық, тұрмысқа қажет заттармен, азық-түлікпен толтырып тастаған. Бұл істе кәсіпкерлер де көш басынан көрінген. Жүрек жылытар игі іске ауыл имамы Тұрар Үсеновтің ұйытқы болғанын атау ләзім.

Ұ.Исабек.

«Су басқан өңірлердегі бауырларымыздың басына түскен қиын-қыстау шақта шама-шарқынша көмек көрсетуге ауылымыздың үлкен-кішісі ниет етіп, бір үйдің баласындай атсалысты. Соның ішінде тұрғындарға қызмет көрсетіп отырған «МаrMаrа» дүкенінің иелері бір миллион теңгенің көлемінде киім-кешек алып берді. Бұл – біздің ынтымағымыздың, бірлігіміздің белгісі. Ендігі мақсатымыз – ауыл азаматтарының аманатын тиісті жерге жеткізу», дейді ауыл имамы.

Жиналған заттар пойызға тиеліп, Солтүстік Қазақстан облысына жөнелтілді.

«Айтып келмейтін апаттан зардап шеккен азаматтарға аз да болса көмегіміз болсын деген ниетпен ауылдастар түгелге жуық қолымыздан келген үлесімізді қостық. Тасқынның беті қайтып, ел-жұрт қалыпты тіршілікке оралса екен деген тілегіміз бар», дейді ауыл тұрғыны Ғалия Естаева.

 

Алматы облысы