Егемен Қазақстан • 29 Сәуір, 2024

«Хат қоржын»

23 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Қазақ тілі – біріктіруші фактор

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Тіл – әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады және бойға сіңген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Сондай-ақ ол – халқымыздың рухани, мәдени байлығы. Бір сөзбен айтқанда, баға жетпес асыл құндылығымыз, мұрамыз. Бұл туралы күні кеше ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсетті.

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасында қазақ тілі – мемлекеттік тіл» делінген. Конституцияның негізінде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданды. Ал заң талаптарын орындау баршаға ортақ міндет екені тағы белгілі. Осы орайда қазақ тілін білу, ең алдымен, еліміздің мемлекеттік тілін білу болғандықтан, бұл мәселе қашанда қазақстандық патриотизмді қалыптастырумен байланысты қарастырылуы керек. Қазір қазақ тілін меңгеруге барлық мүмкіндік жасалып, курстар ашылып, ғылыми-әдістемелік материалдар шығарылып, таратылып жүр. Өкінішке қарай, оның нәтижелері көңіл көншітерліктей деп айта алмасақ керек. Сондықтан бүгінде мемлекеттік тілді білу – кез келген қызмет саласында тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі мен мансаптық өсуінің факторы деген түсінік қалыптастыру маңызды.

Өзінің болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келетін жас­тар көп. Оның астарында болашақ бар. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, мемлекеттік басқарудың, заң шығарудың, сот ісін жүргізудің, жалпы іс жүргізудің негізгі тілі болуы шарт. Осы себепті қазіргі басты мақсат – тілімізді қоғамдық қатынастардың барлық саласында әрекет ететіндей деңгейге көтеру болуы керек. Міне, сонда ғана Қазақстандағы тіл саясатының нақты жемісі көрінетіні анық. Екіншіден, көпэтносты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп, бірлігімізді бекемдей түсуге жұмыс істейтін болады.

 

Д.ОРЫНБАЕВ,

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы 

ОРАЛ

 

 

 Жаңа жинақтың таныстырылымы

Ш.Есенов университеті оқу ордасында Әбіш Кекілбаевтың «Дәурен кешкен» жыр жинағының таныстырылымы болды. Заманымыздың заңғар жазушы­­сы­ның өмірі мен шығармашылығын насихаттау, оқыту, зерттеу жолында университет оқытушылары мен білім алушылары ұдайы ізденіс танытып келеді. Оқу орнында жазушы атындағы аудитория бар. «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Филология» білім бағдарламасы бо­йынша «Әбіштану» пәні оқытылып, жазушы мерейтойларына арналған ғылыми конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ студенттер мен магистранттар жазушының шығармашылығы бойынша дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертациялар қорғап жүр.

Таныстырылымда сөз алған университет президенті-ректор Б.Ахметов «Ғылым айлығы» шеңберінде өткізіліп отырған бұл іс-шараның маңызына тоқталды. «Қазіргі уақытта ҚР ҒЖБМ ҒК қаржыландыратын 2023-2025 жылдарға арналған гранттық конкурстан өткен «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы қоғамдық сананың жаңғыруы контексінде» атты ғылыми жоба (жетекшісі – профессор Ә.Қабылов) бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жобаның аясында Ә.Кекілбайұлының бұрын жарияланбаған және жинақтарына енбеген өлеңдері мен балладалары жинақталып, «Дәурен кешкен» деген атпен жарық көріп отыр. Бұл – руханият үшін тың еңбек», деді ол. Мұны барша оқырман қауым үшін, жалпы әдебиетіміз үшін тың олжа, үлкен жаңалық деген жөн. Жазушының жаңа шығармаларының әдеби, ғылыми айналымға түсуіне бұл істің игі әсері болары сөзсіз.

Іс-шарада республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ө.Озғанбаев, Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ә.Байпақов, Кастомону университетінің профессоры, әбіштанушы Орхан Сөйлемез (Түркия), тағы басқалар сөз сөйлеп, жаңа жыр жинағының мәніне тоқталды.

 

Самал СЫРЛЫБЕКҚЫЗЫ,

Ш.Есенов университеті, Зерттеу және даму басқармасының басшысы 

 

Маңғыстау облысы

 

 

 Ғашықтар күніне орай байқау

Қосшы қаласында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» – ғашықтар күніне орай «Бағаласаң бақытыңмын» атты жас отбасылар мен жас жұптар арасында байқау ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру арқылы үлгілі отбасын қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, шаңырақ көтеруге ұмтылған қыз-жігіттер арасындағы достық қарым-қатынысты, шынайы махаббатты насихаттау.

Байқауға отау құрғандарына бес жыл толмаған жас отбасынан бес жұп және қыз-жігіт болып қол ұстасқан бес жас жұп қатысты. Ал биыл бірінші рет өтіп жатқан байқау «Менің отбасым», «Артық болмас білгенің», «Жанұя бірлігінің құпиясы», «Ақсүйек ойыны» сынды кезеңдерден тұрды. Әр кезеңнің өзінің миссиясы мен атқаратын міндеттері бар. Мәселен, «Менің отбасым» кезеңінде қатысушы өз отбасын құру тарихын, алғашқы кездесуі мен отбасындағы ғибратты оқиғаларды айтты. Ал «Жанұя бірлігінің құпиясы» кезеңінде жұптарға арнайы ситуациялық жағдайларда қандай әрекеттер жасау керектігі бойынша сұрақтар берілді. Сол бойынша әр жұп қандай жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы пікір-ұсыныстарын білдірді.

Байқаудың «Ақ сүйек» ойыны кезеңі өте қызық өтті. Ойын ережесі бойынша бұған тек отбасын құруға ниетті жас жұптар мен қыз-жігіттер қатысты. Жүргізуші ақсүйектің жасырылған тұсын меңзеді. Жұптар сүйекті іздеуге кірісті. Оны бірінші тапқан жұп оны бірінші болып сөреге жеткізуге тиіс. Ал қалған жұптар табылған ақсүйекті тартып алудың айла-амалдарын қарастыруы керек. Табылған ақсүйекті кім бірінші сөреге жеткізсе, сол жеңімпаз атанады. Жеңімпаз жұпқа арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды.

«Жалпы, өзіміздің ұлттық құндылығымызды, жастар арасындағы дос­тық пен махаббатты насихаттайтын осындай іс-шараларды жиі өт­кізу аса маңызды деп ойлаймын», дейді Қосшы қаласы Жастар ре­сурс­тық орталығының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Дана­бек­ұлы.

 «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» – ғашықтар күні елімізде 2011 жылдан бері атап өтіліп келе жатқанын айта кетейік.

 

Майра АМАНТАЙҚЫЗЫ

 

Ақмола облысы