Аймақтар • 29 Сәуір, 2024

Жастардың үлесі елеулі

25 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғатқа жанашыр жастардың қатарын арттыру мақсатында Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Плоггинг» марафонын ұйымдастырды.

Жастардың үлесі елеулі

Әрдайым қоршаған ортаны қор­ғау үдерістерімен байланыста болуды біл­діретін плоггинг – әлемдік тәжіри­бе­де жастар арасында танымал іс-шара. С.Қожанов саябағында өткен марафонға қаладағы орта арнаулы оқу орындарының сту­дент­терінен құрылған 5 команда өздеріне тиесілі аумақ­тарды жү­гі­ріп өту арқылы қо­қыс жинаудан жарысқа қатысты. Бір сағатта сая­бақтан 52 қап қоқыс жи­нал­­ды. Ұйымдастырушылар бұл іс-шара салауатты өмір салтын ұстану мен табиғатқа деген қамқорлықтың тамаша үйлесімділігі екенін айтады. Жа­рыс нәтижесінде жеңімпаз атан­ған коман­далар Алғысхаттармен ма­ра­патталды.

Ал Арыс қаласында әскерилер игі іске атсалысып, жол бойындағы көлік қоз­ғалысына және жолаушыларға қауіп тудыратын ағаштарды санитар­лық кесу, ағаш бұтақтарын жинау жұмыстарын жұмыла атқарды. «Бұл акцияны тек мемлекеттік қызмет­керлер немесе әскери қызметшілер ғана емес, отандас­тар болып қол­дауы­мыз қажет», дейді сарбаздар.

Экологиялық акцияның «Жасыл аймақ» апталығында Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте 10 мың түп гүл көшеті егілді. «Тәуел­сіз­діктің 30 жылдығы» саяба­ғы мен «Жастар» гүлзарына, С.Жаштаев пен С.Қожанов көшелеріне отырғызылған көшет­тердің ішінде гүлдердің раушан, сальвия, питуния атты түрлері бар. Гүл көшеттері арнайы Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан әкелінген. Аудан орталығында орналасқан бірқатар кәсіпкерлік мекеме де өз аулаларына көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Биыл Түркістан облысында жалпы 1 миллионнан аса түрлі көшет егу жоспарланған. Оның жартысы көктем айларында, қалғаны күзде егілмек. «Жасыл аймақ» ап­та­­лығында өңірдің барлық елді ме­ке­нінде тазалау, әктеу, сырлау, көшет егу, ағаш бұталау, түптерін қопсыту, суару жүйелерін реттеу, қоршауларын қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізілді. Ал «Кие­лі мекен» апталығы кезінде облыс көле­мін­де 22 мыңнан аса азамат таза­лық жұмыстарына атсалысып, 496 техника тартылған. Нәтижесінде, облыстағы 1 410 көшенің бойы тазаланып, 7 816 дана ағаш отырғызылды. 16 508 дана ағаш әктеліп, 40 024 шаршы метр аяқ­жолдар тазаланды. Сондай-ақ 346 саябақ пен гүлзар, 244 балалар және спорт алаңшасы ретке келтірілді. 176 шақырым көпір, өзен-канал­дар мен бұлақтардың арнасы, 517 көпқабатты тұрғын үй аумағы мен ауласы, жертөлесі тазаланды.

 

Түркістан облысы