Қоғам • 29 Сәуір, 2024

Елім – сендер!

17 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай бабам: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», деген еді. Жетпіске келген бізге де сол күн туды. «Қалалықтары шүлдірлейтін, дін «алғырлары» дәстүрді мойындамайтын жағдайдың соңы қалай болар екен?» деп, қам жеп, ұйқымыздан адасып, дөңбекшіп, мақта төсек тасқа айналып жайсыз жүргенде, Алла елдің бірлігін сынайын деді ме, әлде біз қарттарға сенімді халық күшін білдірейін деді ме, біраз өңірдегі су тасқыны еліміздің елдігін сынағандай.

Елім –  сендер!

Фото: ru.sputnik.kz

«Ер етігімен су кешкен» бұл күнде құтқарушылар мен Су ресурс­тары және ирригация министрлігі өкілдері, Көлік министрлігі өкілдері, жергілікті әкімдер жанында еңбекке құлшынған ерікті жастар, әскерилер, елді мекендерді ұры-қарыдан қор­ға­ған полициялар, халыққа дем беруші Парламент депутаттары т.б. жүр. Ауызбірлікке сүйсіндік, қуандық!

Суда қалған отандастарымызға елдің түкпір-түкпірінен жіберіліп жатқан гуманитарлық көмектерді, әсіресе «...осыдан басқа ештеңем болмай тұр» деп үйінде тұрған бір килограмм күрішіне дейін әкелген әжейдің...» («Мың болғыр Мәрия», «Egemen Qazaqstan», 19.04.2024.) көріп-біліп, қартайғанда ерік бермейтін, боркемік көңіл, ішкі қуанышты жанарда кілкітіп қана қоймай, қолға қалам да алдырды.

Айналайын, бәріңнен, айналайын!

Айналайын, қазағым, аймақ-айым!

Ел басына осындай күн туғанда,

Қарттарды қояр ма екен, жайға уайым.

 

Мұндайда кете алмассың елден ерек,

Сын сағатты кәрі-жас бәрі көрет.

Қолда барын беріп тұр кәрі әжей де,

Тар өткелде арқанға жіп те көмек.

 

Бірлігіңді, пейіліңді көрдім, елім,

Жинаған бір кіндікке етек-жеңін.

Баянды болашаққа көзім жетті,

Отарға айналмасқа артты сенім.

 

Бір болыңдар, әрқашан бөлінбеңдер,

Ол-бұл деп, бір-біріңнен жерінбеңдер.

Қазақ елі – қазаққа жалғыз Отан,

Ал менің «Ел!» деп жүрген елім – сендер!

Бір болыңдар, бірігіңдер, елім! Даналарымыз «Күш – бірлікте!» деген. Президентіміз екі сөзінің бірінде, сондай-ақ осы биыл қаңтар айында бас газетіміз «Egemen Qazaqstan»-ға берген сұхбатында да, тіпті тұтқиылдан су келген 28 наурыздан бергі жерде де елді тек бірлікке шақырып отыр.

Діни құндылықтарымызда, қа­сиетті Құран Кәрімде басшыны сый­лауды тапсырған. Ал мұндай тапсырманы орындаған елді Алла жақсы көреді. Сол үшін Президент төңірегіне бірігу шарт.

Басынан талай алмағайып заманды өткерген халық «Жұт жеті ағайынды» деп айтып кеткен. Сол жеті ағайындының бірі, ең жаманы – алауыздық. Құранда қашанда түзеушіден бұзушы көп болатынын ескерткен. Біздің арамызда да түзеушіден бұзушы көбі – қызыл бұрыштың ащылығындай шындық.

«Қазақстан» телеарнасындағы «Ашық алаңда» Парламент Мәжі­лісінің депутаты су басқан жерге бір бұзықтар барып, еріктілерге: «Мұнда неғып жүрсіңдер? Мұны Үкімет істеуі керек! Сендердікі не?..», деп айтып жүргенін дәйектеді. Бұлар – елбұзарлар. Ондай қара ниетті бұзықтарға құлақ салудың өзі ұят. Олар қашанда азғырушы, елдің көзіне өздерін отаншыл, жанашыр көрсетіп, игілерді ізгіліктен қайтарып, бірлікті ірітеді де, ел басына күн туғанда жердің «астына кіріп» кетеді де, жоғалады.

Сондықтан ондай пысықтардан аулақ жүріп, Президент үндеуіне бірігейік. Сонда әрқандай салмақты да, сынақты да жеңеміз. Елдігімізді сақтап қаламыз және ұлттығымызды дәлелдейміз.

 

Нарбай ТАҒАЙҰЛЫ,

қарт журналист

 

Қарағанды облысы,

Саран қаласы