Қоғам • 30 Сәуір, 2024

Жағымсыз әдет жарға жығады

21 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтай – ел өміріндегі озық қоғамдық құндылықтарды дамытып, нығайтуға септігін тигізетін айтулы оқиға. Атырауда өткен жиы­нында да қоғам дертіне айналған маңызды мәселелер көтеріліп, олармен күресудің жолы нақты сөз болды. Мемлекет басшысы айтқандай, Ұлттық құрылтай ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, бұл жиын – маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асатын алаң.

Жағымсыз әдет жарға жығады

Фото: leto.clinic

Құрылтайда қоғамның бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды дамыту мәселелері талқыланды. Мұның ел бірлігіне, мемлекеттің тұрақтылығына тигізер әсері мол. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Еліміз үшін халық бірлігін сақтау өте маңызды», деп атап өтіп, қажетті алғышарттар мен нақты мәсе­лелерге тоқталды.

Басқосуда ономастика, тарих, руханият, қазақ тілі, елдік қағидаттары, ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері де сөз болды.

«Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгіл, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», деген Президент елімізде кітап оқудың кенжелеп қалғанын, кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысының назарынан қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық та шет қалмады. Елімізде 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Президент айтқандай, шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып отырған қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Сонымен қатар Құрылтай отырысында теріс діни ағымдардың зардабы жайында да жан-жақты айтылды.

Дәстүрлі түрде өтетін Құрылтайда айқындалған бағыттар еліміздің барлық саласы үшін маңызды. Осы орайда облыс әкімдігінің жастар саясаты басқармасы ел Президенті жүктеген міндеттерге баса мән беріп, оларды орындауға қатысты жұмыстарды жүйелі жүргізе береді.

 

Жомарт ЗҰЛПЫХАР,

Жамбыл облысы әкімдігінің басқарма басшысы