Қоғам • 03 Мамыр, 2024

Еріктілер қозғалысына жаңа тұжырым қажет

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодарда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық XXVIIІ сессиясы өтті. Жиында Мемлекет басшысының қатысумен өткен «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясындағы жаңа мақсат-міндеттерді орындау талқыланды.

Еріктілер қозғалысына жаңа тұжырым қажет

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Еліміз жаһанды жай­ла­ған түрлі сын-қатерге қара­мастан, стра­тегия­­лық мақсат-міндет­те­рінен айны­майды. Аз уақыт ішін­де жүр­гізілген саяси рефор­малар нәтижесінде  биліктің бар­лық тар­мағы адамның заңды мүд­десін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйеде жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділ­дік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгі­сі­не көшу.

Бұл туралы елордада өт­кен сессияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңінен тоқ­та­лып, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп тапсырды. Бұған қоса жас­тарды идеологиялық тәр­бие­леу, этнос­аралық коммуникациялар алаң­дарын құру, әлеу­мет­тік ма­ңызы бар жобаларды іске асыру, этномедиация және во­лон­тер­лік қозғалысты дамыту туралы міндеттер жүктелді.

Өңірлік Ассамблея сессия­сында Павлодар облысының әкі­мі Асайын Байханов ҚХА-ның қоғамдағы трансформация­сын айрықша атап өтті және су тасқыны кезінде уақтылы көмек көрсетуді ұйымдастыра білген Ассамблеяның рөлі мен орасан зор тәжірибесін жоғары бағалады. ҚХА-ның мүшелері, волонтерлері қиын-қыстау күн­дері Петропавл, Орал қала­ла­рында көмек көрсетті. Су тас­қынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға және жеткізуге қатысқандардың барлығына халықтың алғысы зор.

Сондай-ақ А.Байханов Екібастұз қаласының, Павлодар, Железин, Успен аудандарындағы этномәдени бірлестіктерінің, Ақсақалдар мен Аналар кеңес­те­рінің, жастар қанатының, ғылыми-сараптамалық топтың белсенді қызметін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары лауазымындағы жемісті жұмысы үшін «Буковина» румын-молдова мәдени қоғамы» ҚБ төрағасы Аурика Дякқа алғысын білдірді. Бұған қоса «Достық үйінің» қызметін әлеуметтік және азаматтық бастамалардың қайнар көзі – «комьюнити-орталық» ретінде қайта форматтауды ұсын­ды. Этноскверді жаңғырту және орналастыру бойынша жаңа идея­лар дайындау, аймақтағы мек­тептер үшін әдістемелік ор­талық ұйымдастыру, сондай-ақ Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің жұмыс нысанын қайта қарау ұсынылды.

Жиында сөз алғандар ҚХА-ның Әділетті Қазақстан құрудағы рөлін арттыру жайында ой бөліс­ті. Облыстық Ассамблеяның са­рап­­шылар қауымдастығы бү­гін­­­гі таңдағы міндеттерді тү­сі­нуде бір­тұтас бола білгендігі атап өтіл­ді.

Облыстық финн-угор этно­мәдени орталығының төрағасы, Ассамблеядағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Николашина Президенттің жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беруге қатысты оралымды ойларына тоқталды.

«Аналар – қоғамның негізі. Қазіргі таңда Павлодар облысы аумағында 500-ден астам әйелді біріктіріп отырған 146 Аналар кеңесі жұмыс істейді. «Әйел-ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қазақ даналығы бар. Бұл нақыл біздің кеңестеріміздің күнделікті ұранына айналған. Ұйымдарымыз құрылған сәттен ерекше балалармен, өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдермен жұмыс істей бастадық, волонтерлік қоз­ғалыс пайда болды. Павлодар гарнизонындағы әскери бөлім­дерді қамқорлығымызға алдық. Мемлекеттік тілді меңгеруге көп­тің қызығушылығын арттыру мақсатында «Тәлім Тime» жо­басы іске асып, 8 айдың ішінде 8 балабақша мен 250-ден астам бүлдіршін қамтылды. «Мә­де­ниет­ті ана – мәдениетті ұлт», «Отбасы – тәрбие іргетасы» жобалары мен түрлі фестивальдер жас ұр­пақты қазақ халқының рухын­да тәрбиелеуге жол ашты.

Ұлттық құрылтайда Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқ­талды. Ассамблея наша­қор­лық, құмарпаздық (лудо­ма­ния), тұр­мыстық зор­лық-зом­бы­лық, вандализм және ысы­рап­шыл­дық сияқты әлеу­­мет­тік кеселдер­мен күресу ісінде ма­ңыз­ды рөл атқарады. Қауіп­сіз өмір сүру үшін осындай қатер­лі құ­бы­лыс­тар­дан біржола арылуы­­мыз керек. Аналар ке­ңесі халықтың есірт­кі индус­трия­сына «нөлдік төзімділігін» қалыптастыру ба­ғы­тында жоспарлы жұмыс жүр­гізіп отыр. Бұл бағыттағы істеріміз алдағы уақытта еселене түседі», деді ол.

«Ассамблея жастары» Рес­пуб­ликалық жастар бір­лес­тігінің белсендісі, Ә.Марғұлан атындағы Пав­лодар педагогикалық уни­­­верситеті студенттік ассамблея­­сы­ның төрағасы Данил Дюба «ҚХА Волонтерум Хабы» деп аталатын жастардың көшпелі лагерін ұйымдастыруды ұсынды. Жоба өңірлік Ассамблеядағы волонтерлер қозғалысының жаңа тұжырымына әзірлеуге негіз болады.

Сессия соңында рухани бір­лікті, достықты және ұлт­ара­лық ынтымақтастықты ны­ғай­ту­ға белсенді үлес қосқаны үшін ҚХА ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері «Пав­лодар облысына сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапат­талды.

 

Павлодар облысы