Аймақтар • 03 Мамыр, 2024

Тасқыннан кейін құрылыс артады

27 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының алты ауданын әбігерге салған биылғы су тасқынынан 1 311 тұрғын үй зардап шеккен еді. Қазір өңірде жаппай құрылыс басталды. Басты мақсат жаңа оқу жылына дейін тұрғындар жаңа баспанаға кіруге тиіс.

Тасқыннан кейін құрылыс артады

Фото: freepik.com

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, табиғат апаты кезінде Қаратөбе ауданында – 116, Сырым ауданында – 243, Бөрліде – 218, Теректі ауданында – 649, Бәйтеректе – 62, Тасқалада – 6, Орал қаласында 17 үйге су кірген екен. Осының ішінде 1 150 үйге арнайы комиссия барып, техникалық тексеріс жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде 413 үй одан әрі тұруға жарамсыз деп танылған. Яғни Қаратөбе ауданында – 90, Сырымда – 114, Теректіде – 81, Бәйтеректе – 7, Бөрлі ауданында 121 үй жаңадан салынатын болды. Айта кетейік, баспанасы тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың өтініші әлі де түсіп жатыр. Сондықтан құрылыс ауқымы бұдан көбірек болуы мүмкін.

– Жаңадан салынатын тұрғын үйлер орталық мем­лекеттік орган бекіткен үлгі жоба бойынша салынады. Қа­зір біздің қолымызда екі эскиз­дік жоба бар. Яғни жаңа үйлер 3 бөлмелі, жалпы аумағы 80 шаршы метр болмақ. Бір пәтерлі жеке тұрғын үй және екі пәтерлі 160 метрлік тұрғын үй салынады. Бұл үйлердің бар­лық инженерлік желісі қо­сылған, бірден кіріп, тұра беру­ге дайын болады. Біз қазір үйі суға кетіп, далада қалған жер­лес­терімізді барынша қыс­қа уақытта баспанамен қамта­масыз ету үшін бар күшті саламыз, – деді Әлібек Сайынұлы.

Қазір жоғарыда аталған алты ауданда да жарамсыз деп танылған тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша қызу жұмыс басталды. Ең бастысы, жаңа құрылыс су баспайтын, қауіпсіз жерге салынады. Бұл үшін арнайы геология және топо-түсірілім жұмыстары жүргізіліп, жер учаскелері анықталып жатыр. Ә.Антазиевтің айтуынша, Қаратөбе ауданында – «СтройКонсалтинг» ЖШС, Сырым ауданында –«Shine Project» ЖШС, Теректі ауданында – «Smаrtech» ЖШС, Бөрлі ауданында «ЕвроПлюс» секілді фирмалар үлгі жоба негізінде байлам жасауға кірісіп те кеткен. Сонымен қатар үй құрылысымен айналысатын жергілікті мердігер ұйымдардың тізбесі де әзір көрінеді. Теректі ауданының Подстепное кентінде қираған үйлердің орны тазартылып, іргетас құйыла бастаған.

Бұған қоса жақында «Қазақ­­стан халқына» қоғам­дық қоры мен Батыс Қазақ­стан облысының әкімдігі мемо­рандумға қол қойып, Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үй салу туралы келіскен еді. Бұл меморандум аясында қор қаражаты есебі­нен Жымпиты аулында – 49 үй, Бұлдырты аулында – 25 үй, Өлеңті аулында – 38 үй, Жетікөл аулында – 1 үй, Жаңақоныс аулында 1 үй салынатын болды.

Ал өзге аудандардағы жарамсыз үйлерді Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясы, жергілікті бизнес өкілдері жинаған және қайырымдылық қорларынан түскен қаражат есебінен салу жоспарланған.

Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлердің құры­лы­сы жылыту маусымына дейін аяқталуын қатаң тапсыр­ды. Қазір бұл мәселе – об­лыс әкім­дігінің жеке бақылауында.

 

Батыс Қазақстан облысы