Таным • 04 Мамыр, 2024

Таңғажайып тағдырлар: Шон шыққан шың

25 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шон Шварнер өкпенің қатерлі ісігін же­ңіп, 7 континенттің ең биік 7 шы­­ңын бағындырған.

Таңғажайып тағдырлар: Шон шыққан шың

Эвересті бағындыруға шешім қа­былдаған кез келген адам сол жолда небір қауіпке тап болады. Қатты желдің екпіні, оттегінің жетіспеуі, боран немесе қар көшкіні. Бірақ Шон үшін ешқандай кедергі жоқ. Ол – өз уақытында қатерлі ісіктен айығып қана қоймай, Ходжкин ауруы мен Аскин ісігі диагнозынан аман қалған әлемдегі жалғыз адам. Он үш жасында дәрігерлер оны өмірмен қош айтысуға дайындаған еді. Болжам бойынша ол үш ай да өмір сүрмеуі керек-тұғын. Дегенмен Шон өзінің ауруын ғажайып түрде жеңіп, айықты. Бірақ көп ұзамай дәрігерлер оның оң өкпесінен гольф добының көлеміндей ісік тапқанда ауруханаға оралды. Ісікті жоюға арналған екінші операциядан кейін дәрігерлер Шон екі аптадан аспайды деп шешті...ал он жылдан кейін Шон (өкпесі жартылай ғана жұмыс істейді) бүкіл әлемге «Эверест тауына көтерілген, қатерлі ісіктен аман қалған алғашқы адам» ретінде танымал болды.

 

Қолы жоқ ұшқыш

ва

Джессика Кокс сирек кездесетін дертке шалдыққан. Дүниеге қолсыз келген. Тағдырдың тәлкегіне еш мойымаған бұл қыздың ерік-жігері зор.

Бүгінде Джессика жаза алады, көлік жүргізе алады, шашын тарайды, телефонмен сөйлеседі. Тіршілікке қажеттінің көбін игерген. Ол іс-қимылдың бәрін аяқтарының көмегімен жасайды. Тіпті психология факультетін бітіріп, бимен де айналысты. Таэквондодан қос қара белбеудің иегері. Ең қызығы, Джессиканың ұшақ жүргізетін куәлігі бар. Кәдімгі жартыжылдықтың орнына үш жылдық ұшақ жүргізу курс­тарынан өтті. Ол басқаратын ұшақ «Encoupe» деп аталады. Педалі жоқ ұшақ. Қазір қайсар қыз 89 сағаттан астам ұшу тәжірибесіне ие әрі әлем тарихындағы алғашқы қолсыз ұшқыш атанды.

 

Арманы асқақ Аврора

с

Аврора Скай өмір есігін түрмеде ашқан. Жарық дүниеге түрме есігі ар­қылы өткен. Ол абақтыдағы анадан туып, жалғызбасты әкенің тәр­бие­сінде болды. Ал қазір арманы биік қыз Гарвард университетінде оқиды.

Аврора анасымен 14 жасында бір рет қана сөйлескен. Қыз өз бетімен білім алып, академиялық қабілеттерін дамытқан. Ол Гарвардқа тапсырған эссесін «Мен түрмеде дүниеге келдім» деп бастады. Эссе сәтті жазылған деп бағаланып, біршама сынақтан кейін заңгер мамандығына оқуға түсті. Өмірде өз орнымды табуға, үміт пен сенім көмектесті дейді Аврора. Оның айтуынша, ата-анасы түрмеде отырған балалардың өмірі нашар басталып, нашар аяқталады. Бірақ тағдырдың тосқауылын төзім ғана жеңбек. Жыл сайын түрмеде 2000-ға жуық бала дүние келеді екен. Олардың бәрі Аврора бола ала ма екен?..