Салық • 04 Мамыр, 2024

Табысын жасырғандар жауапкершіліктен құтылмайды

109 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі үш жылдан бері еліміздегі салық төлеушілердің санатына қарай табысын декларациялау міндеттеліп келеді. Оның негізгі мақсаты көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, жемқорлыққа қарсы және әлеуметтік саясатты жетілдіру мен активтерін шетелге заңсыз шығып кетуіне тосқауыл болмақ.

Табысын жасырғандар жауапкершіліктен құтылмайды

Қазір 250 және 270 формалары бойынша декларация тапсыру барысында тек 10% жеке табыс салығы (ЖТС) ғана қарастырылған. Егер 1000 АЕК-тен жоғары сомада (2023 жылы 3,45 млн теңге, ал 2024 жылы 3,692 млн теңге) активін сатып және оны банк шотына салып, алайда салық органына бұл ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмайтын болса, онда салық төлеу керек болады.

Салық сарапшысы Дмитрий Казанцевтің айтуынша, активтерге тікелей салық салынбайды. Декларация тапсырушы ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмайтынын білсе, өзі есептеп 10% салық төлеуі керек. Егер бұлай жасалмаса, салық органы декларация тапсырушыға өздері хабарласып, камералық бақылау арқылы «аяқ астынан» пайда болған ақшаның қайдан келгенін дәлелдеп береді. Мұндай жағдайда салығын ғана төлеп қоймай, оның сомасынан 200% айыппұл мен өсімпұл төлеуге міндетті болады. Егер бұл міндеттемені орындама­ған жағдайда, айыппұл 300%-ға ұлғаяды. Алдағы уақытта са­­­лық тапсырушы қолындағы бар ірі қа­ражатын брокерлік шотқа аудара алады.

Осыған дейін де декларация тапсыруға қарсылық танытқандар арасында активтерін жасырып, жылжымайтын мүлікті немесе қаражатын балалар шотына аударып жатқандар туралы айтылған болатын. Д.Казанцев жылжымайтын мүлікті қайта рәсімдеу немесе ақшаны баланың шотына аударудың еш пайдасы жоқтығын, егер балалардың атында мүлік болса, ата-аналары декларация тапсыруға міндеттелетінін айтады.

Кейбір салық төлеушілер жо­ғарылатылған салықтарды теріс қабылдап, төлеуден жалта­рып жүргендері де бар. Бұл мем­лекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыруға кері әсерін ти­гізері анық. Осы ретте мемлекет пен салық төлеушілер ара­сындағы қатынастарға сенім­сіз­дік тудырып қана қоймай, бюд­жеттің кіріс бөлігіне, жалпы елдегі барлық қаржылық жағ­дайды шиеленістіруге әкеліп соғатындығын ескерген жөн.

Тұран университеті қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Лутпулла Омарбакиевтің айтуынша, жаппай деклара­ция­лау асығыстықты көтермейді. Көлденең табысты көзден таса етпеудің барлық тетігі зерделенуі керек.

Негізгі өзгешелік – салықты есептеу мен төлеу тәртібінде екенін тәуелсіз сарапшылар да жоққа шығармайды. Ал біздің салық түсімдеріне жауапты басты мемлекеттік орган – Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) жаппай декларациялауды енгізу арқылы жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және төлеу тәртібі мен салық заңнамасының 37-тарауындағы «Салық шегерімдері» түбегейлі қайта қарастырылуын қажет етіп тұр.

«Мемлекеттік кірістер коми­теті жеке тұлғалардан тек табысын ғана қарастырмай, дамыған мемлекеттер сияқты азаматтарға салық салынған кезінде барлық шығынын, олардың ішінде, ком­муналдық төлемдер, отбасын асырауға жұмсалған шығындар, айып­пұлдар, көлік салығы, жер және мүлік салықтары, сақ­тан­дыру жарналары, барлық банк­­­тен алынған несиелер бойын­­ша төлемдермен қатар салық тө­леу­­шілердің мүддесін сөзсіз ес­керуі керек», дейді Л.Омарбакиев.

Қаржылық сауаттылық мек­те­бі­нің негізін қалаушы әрі салық жөніндегі кеңесші Әсел Әуелбекова еліміздегі са­лық салудың жүйелі ойлас­ты­рыл­ма­ған тұстарын, оның ішінде заңды тұлғалар қолданатын дек­ларациялық жеңілдіктер мен жеке тұлғаларға қолжетімді емес пайдасыз мәліметтерді, әсі­ресе дағдарыс кезінде салықты тіпті шығынмен төлеуге алып келгенін жеткізді. Оның айтуын­ша, заң жобасында брокерлік шоттардағы қалдық ақша туралы ақпарды көрсету қажеттігін естен шығарып ал­ған. Салық органы барлық заңды өз пайдасына икемдейді. Сондықтан ертеңгі күні мәселе туын­дамау үшін барлығын ашық­ көрсету қажет.

Біздегі брокерлер отандық клиенттерінің шотындағы қалдықтар туралы мемлекеттік органдарға есеп беретіні бар. 2021 жылдан бастап шетелдік брокерлерде Common Reporting Standard (CRS) жүйесі арқылы басқа елдермен автоматты түрде айырбас аясында бірыңғай стан­дартқа сәйкес Қазақстан 76 ел­ден мәлімет алып, 64 елге ақ­пар беріп отырады.

«Еліміз CRS жүйесіне ерте ме кеш пе енеді. Өйткені бұл санкция мәселесіне қатысты. Тіпті көптеген офшор CRS-ге қол қойған. Себебі олар коррес­пондент банктердің санкция­сына ұшырауы мүмкін», дейді Ә.Әуелбекова.

Ал декларацияны тапсыр­май-ақ алғашқы ескертуін алып, кейін 15 АЕК көлемінде ғана айыппұл төлей салу керек деп­ ойлайтындар да жоқ емес. Мұн­дай әлеуетті декларация тапсыру­шылар жасырғаны үшін жазалау бар екендігін ескеру керек. Әрбір жасырылған шетелдегі жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеу қажет болады.

Сарапшылар салық органдары есеп бермегендерді басты назарда ұстайтындықтарын айтады. Расында, бірінші рет ескертумен шектеліп, кейін 15 АЕК айыппұл төлейді. Дегенмен де декларация тапсырмағандар Мемлекеттік кірістер комитетінің ерекше бақылауына алынып, мұндай адамдардың тапқан пайдасы мен шыққан шығыны салық органының қадағалауында екендігін біліп жүргендері жөн.

Соңғы жаңалықтар