Айбын • 06 Мамыр, 2024

Отанды сүю

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдар мұғ­дарында жасампаз жас­тардан құ­рал­ған мәдени ұйымдардың саны күн­нен-күнге артып кел­еді. Олар қоғамдағы түйт­кілді өнер рухымен шеш­кісі ке­летінін байқап-ақ жүр­міз. Ащы сия, улы тіл­мен заман­ның запыран қайғысын, адамның мінезіндегі дерт-ме­рез­дерді қаймықпай ашық айтады. Оған бек қуа­­ныш­ты­мыз. Алайда бізді шошытатын дү­ние – олардың үнін­дегі үміт­сіздік.

Отанды сүю

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жақында шетел көр­ген, оқыған аза­маттың біреуімен әң­гі­мелесіп қалдық. Дамыған ел­дердегі өркениет үлгісін ай­та бас­тады. Ол жақтағы аза­ма­ттардың мә­дениеттілігі, әлеу­­меттік жү­йенің керемет құрылғандығы жөнінде біраз сөйледі. Ақыры біздің елге кел­ді. «Қазақстанда ше?» деген сөзінен Отанға деген жиіркеніш иісі мүңк ете қалды. Туған жері туралы баянында тыжырынған беті бір жазылмады. Оқыған, зиялы адам дерсің. Бірақ көзінен халқына деген бір тамшы махаббат байқалмады.

Деструктивті ағымдарға ілескен ағайындарда да осы психология анық көрінеді. Ға­­сырлар сүзгісінен өткен салт-сана, әдет-ғұрып, әдеп-ахлақтың бар­лығы оларға жат көрінеді. Ұлт бірлігі, мемлекет тұтастығы секілді қағбадай қастерлі ұғымдар жанын аса м­азаламайды. Альбер Ка­мю­дің «Бөгде» адамы секілді бейнебір. Асылында, бұлбұл бағынан, құлан қағынан жерімесе керек еді ғой.

Жоғарыдағы ойымызды қай­та қаузайық. Заманында қа­­­лам­дас ағасы Жүсіпбек Ай­мауыт­­ұлының күйреуік, қай­ғы­шыл деп сынаған Мағ­жан Жұ­мабаевтың өзі «Сүйе­мін» деген өлеңінде үміттің алтын арайына көңілін қыз­дырады:

«Ұйқы басқан қабағын,

Бастыра киген тымағын.

Жалқаулықты жар көрген.

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен,

Бірге жусап, бірге өрген.

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол елімді сүйемін!»,

– дейді-ау ұлт ұзаны. Шартсыз, есеп­сіз сүю дегеніңіздің хас үл­гісі. Ал халық батыры Ба­уыржан Момышұлы «Өз ұлтын сыйламау, оны мақ­таныш етпеу – сатқындық», депті...