Басылым • 06 Мамыр, 2024

Тұлға туралы кітап

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда белгілі қаламгер, қонаевтанушы Ораз Қауғабайдың «Әз Тәуке және Әлмерек» атты кітабының екінші басылымы жарық көрді (Алматы, «Полиграфия-сервис» баспасы).Тарихи эссе жанрында жазылған кітапта Әз- Тәуке хан дәуіріндегі қазақтың Албан тармағынан шыққан хас батыры, орта жасқа келгенде би деңгейіне көтерілген кемеңгері, соңында абызға тән баталы сөз бен аңыз-әпсана қалдырған тұлғаның беймәлім әрі тылсым ғұмырбаяны зерделенген. Жазушы ел аузындағы деректер мен тарихи фактілерді қатар қойып, замана келбетін, тұлғалар бейнесін қалыптай алған.

Тұлға туралы кітап

Бұл ретте Әлмеректің туажаты, азан шақырып қойған есімі Мұсылманбайдың (кейін орысша Пұсырман атанып кеткен) 1758 жылы  Қытайға елшілікке барған сапары, бастан кешкендері, ата жолын баяндағаны өте тартымды жазылған. Атасы Әлмеректің Түркістандағы хан кеңесі мен билер кеңесіне қатысып, сол дәуірдің өзекті мәселесіне қатысты ұсыныс айтып, ой толғағаны нанымды суреттеледі. Абыздың әйгілі ұрпақтарынан Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбаймен кездескен Тазабек би, Албан-Бұғының басшысы сұңғыла  Солтанбек, 1916 жылғы Албан көтерілісінің көсемдері Ұзақ, Жәмеңке батырлар, құдайсыздар қоғамына қарсы  шығып, шеттетілген Тоқан Бура молда туралы дерек­тер кітаптың та­ным­дық құнын арт­тыра түседі. Ке­ңес­­тік саясатқа шы­­ғар­­­машылық идея­­сымен қарсы шық­­қан  Бердібек Соқ­пақ­баевтың ата-бабасы – Әлмеректің  Құрман тармағы жөнінде, Шоқанның Қарқара сапарында жол көрсеткен Баба Қашаған би, Қаракісі Қорам батыр хақында мол мағлұмат берілген. Сондай-ақ  әкесі Меңліахмет бала кезінде басына келіп Құран оқыған, өзі бұлағынан су ішіп,  Әлмерек зиратын жалпақ жұртқа  жария еткен Дінмұхамед Қонаев жайындағы жеке тарау – оқырманның олжасы.

Автор осы кітаптың жариялануына  демеушілік көрсеткен бір топ азаматқа ризашылығын білдіреді. «Ұлт қаламгерін сыйлап, өңір тарихына ден қойған Жеңіс Мырзаханов, Бектұрсын Әлімжанов, Бақытхан Дәулетбақова, Алмат Әлімбаев, Мілікаждар Әбікенов, Бақыт Үмбетжанов, Гүлжиһан Әбікенова, Ғалым Диханбаев сынды азаматтармен кездесіп, олардың ата-ана ретінде ұл-қыздарын елдік рухта тәрбиелеп жатқанына риза болдым. Танымдық әдебиет, тұлғалар еңбегі ата-аналар арқылы қоғамға, жас буынға жетеді. Бұлардың тарихқа деген ықыласы – барша замандастарына үлгі», дейді жазушы.

Ораз Қауғабайдың «Әз Тәуке және Әлмерек» кітабы еліміздің орталық және салалық кітапханаларына тегін таратылады.

 

Жамбыл Тілепов,

мәдениеттанушы