Үкімет • 07 Мамыр, 2024

16 мыңнан астам отбасы мемлекеттен жәрдем алды

72 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу жалғасуда. Үкімет аталған жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырып жатыр.

16 мыңнан астам отбасы мемлекеттен жәрдем алды

Республиканың зардап шеккен аймақтарының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. Бүгінгі таңда 24 835 өтінім қабылданды.

Биылғы 4 мамырдағы жағдай бойынша 16 168 отбасы 5,7 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал басының шығыны үшін берілетін төлем көлемі 916 млн теңгеден асты.

Бүгінгі таңда зардап шеккен өңірлерде 4 556 тұрғын үй тексеріліп, 2 845 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді.

Жөндеу жұмыстарын жүргізуге және тұрғын үйді қалпына келтіруге 696 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Аталған көмек 530 отбасын қамтыды.

Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында тағы 53 отбасыға қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.

Залалды өтеу жұмыстары Үкімет­тің қатаң бақылауына алынған. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азамат­тар­ға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.