Үкімет • 07 Мамыр, 2024

Парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

73 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Таиланд Парламенті Сенатының Қарулы күштер және мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен кездесу өткізді.

Парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Комитет төрағасы Андрей Лукин кездесу барысында Қазақстан мен Таиланд арасында сенімді саяси диалог орнағанын, берік сауда-эконо­микалық және мәдени байланыстар қалыптасқанын атап өтті.

«Біз екі елдің заң шығарушы органдары деңгейінде өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын сақтауға тиіспіз. Парламентаралық ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастың ажырамас бөлігі болып табылады және біз тай әріптестерімізбен заңнамалық тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Біз сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диа­лог сияқты өңірлік алаңдар аясындағы ынтымақтастыққа баса назар аударып отырмыз», деді Андрей Лукин.

Қатысушылар сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің рөлін де талқылады. Бұл алаң 2003 жылдан бастап қазіргі әлемнің өткір мәселелерін шешуде барлық елдің рухани көшбасшыларының күш-жігерін біріктіру мен дінаралық диалогтің танылған тұғырнамасына айналғаны атап өтілді. Андрей Лукин Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына Таиланд өкілдерінің белсенді қатысқаны үшін әріптестеріне алғысын білдірді.

Таиланд Парламенті Сенатының Қарулы күштер және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Бунсранг Ниумпрадит өз кезегінде Қазақстанда жүргізілген саяси реформалардың жоғары деңгейіне тоқталды және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.