Аспаннан нұр жаудырып, Әз-Наурыз келді еліме!

Өңірлердегі Наурыз той
Егемен Қазақстан
23.03.2017 2783
2

Алматыдан Талғат СҮЙІНБАЙ:

Көктемгі күннің қызуы кө­те­ріл­ген сәтте, Алатаудан ескен жылы леп алып шаһарды бірден мере­ке құшағына алды. Алматының «Астана» деп аталатын бас алаңы­на қарақұрым жұрт жиналды. Ән шырқалып, айналаға тараған Нау­рыз Дәмі­нің хош иісі танауды қусы­рып жіберді. Қара қазаннан бұрқ-бұрқ қайнаған наурыз көже мен буы бұрқыраған тәтті палаудың, бауыр­сақтың иісін-ай, шіркін!..

Әрине, әдеттегідей төрге сәні­­мен қойылған баспалдақты орын­­дықтарға Қазақстанның ең таң­даулы жақсылары мен жай­саңдары – Алматы қала­сы­ның құрметті азаматтары, халық қалау­лылары, мәдениет және өнер қай­рат­керлері жайласып отырды. Олардың арасында Қазақ­станның Еңбек Ері – әйгілі ұстаз Аягүл Мира­зованы, халық әртістері Асанәлі Әшімов пен Би­бігүл Төлеге­нованы, Сәбит Оразбаев пен Нұрғали Нүсіп­жановты, көрнекті жазу­шы­лар Нұрлан Оразалин мен Сма­ғұл Елубайды және басқа да қала­ның ең танымал азамат­тары­ның жүзін көрер едіңіз.

Жиналғандар алдында ме­рекелік көңіл күйде сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек Нау­рыз бен Наурыз аралығында Ал­маты қаласы еңбеккерлерінің қол жеткізген табыстарына баға бере тоқ­талып, барша халықты Ұлыс­тың Ұлы күні – Наурыз мереке­сі­мен құттықтады. 

Күні кеше ғана әлемдік ХХVІІІ студенттер Универ­сиа­дасын ойда­ғыдай өткізген алып қаланың халқы бүгін тағы да меркедегідей жасанып, қала көшелеріне шыққаны туралы ерекше айтуға тиістіміз. Күн мен түн теңескен Ұлыстың Ұлы күні дәл осы сәтте кешегі спортшылар мекеніне айналған Атлеттер қалашығы мен 12 мың көрермен сыятын «Алматы-Арена» мұз айдыны кешенінің алды да халыққа лық толды. Алматының барлық өзге аудандарындағы секілді Алатау ауданының тұрғындары алаңды ән мен жырға бөлеп, гүлге толтырды. Балалар асық атып, балуандар белдесті. Екі концерттік бағдарламамен «Мәңгілік ел» ән фестивалі басталды...

Кешкісін Алматы аспанын от шашу бейне самаладай жарқыратып жіберді.


Ақтаудан Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ:

Ақтау қаласындағы Наурыз мейрамы шаһардың теңіз жақ жағалауында ұйымдастырылды. Жаңбырдан кейін қоңыр салқындаған әдемі ауа райында мерекеге жиылған көпшілік бұқаралық серуенге қатысты.

Қаз-қатар тігілген 25 киіз үйдің барлығына мерекеге қатысушы қонақтарға арнап ас әзірленіп, дастарқан жайылды. Киіз үйлер қалашығы маңында бір мезгілде гір тасын көтеру, армрестлинг, арқан тарту, асық ату, қазақша күрес секілді спорттық жарыстар өтті. Маңғыстау облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық тағамдардан жәрмеңке өткізіп, мереке қонақтарына бауырсақ пен шұбат ұсынды. Мейрамға келген барлық қонақтар үшін арнайы 2000 литр шұбат, 5 тонна бауырсақ, 7 тонна палау мен 3 мың литр наурыз көже дайындалды. Басты сахнада өңір әртістері «Қуаныш сыйлап еліме, күлімде Наурыз күлімде!» атты театрландырылған қойылым қойды.

− Бүгінде Қазақстанды татулық пен келісімнің бесігі деп айтады. «Бір ел, бір тағдыр, бір мақсаты» бар халықтың бірлігі мен берекесінен асқан ешнәрсе жоқ. Біз, бүгінгі ұрпақ, ұлттық мұраларымызды сақтай отырып, ата-бабаларымыздың дәстүрлерін құрметтеп, оны одан әрі дамытуымыз қажет. Наурыз біздің бірлігіміздің, төзімділігіміздің, имандылық пен қайырымдылығымыздың белгісіне айналды. Мейірімділік, жақынына қол ұшын беру қашанда біздің халқымыздың басты құндылығы мен дәстүрі болды. Осыған орай, 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, барлық қамқорлыққа мұқтаж адамдарға көмек көрсету мақсатында облыс бойынша қайырымдылық акциясы жарияланды. Әрбір ұжым, облысымыздың әр тұрғыны жақсы істің басынан табылып, ұлы іске өз үлесін қосатынына сенімдімін, − деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

«Хош келдің, Әз-Наурыз!» мерекелік шарасы аясында еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай 18 жасқа толған облыстың 25 тұрғынына жеке куәлік табысталды.

Наурыз мерекесінің көркін Ақтаудағы Абай атындағы мәдениет сарайының балалар шығармашылық ұжымы мен М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары әсерлі концертпен жалғап әкетті.


Ақтөбеден Темір ҚҰСАЙЫН:

«Сәуір болмай – тәуір болмайды» деген халықтық қағиданың дұрыстығы биылғы Наурыз мерекесі кезінде Ақтөбе аймағында анық байқалды. Бұл өңірде қыс бойы жауған қалың қардың көбесі де әлі күнге дейін сөгілмей жатыр. «Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деп Абай атамыз айтқандай, ұлан-байтақ еліміздің әр қиырында көктемнің де бірі ерте, біреуі жай болып келуі табиғи құбылыс екені талассыз. Наурыз тойы кеңінен аталып өткен кешегі күні де республикамыздың батыс бөлігіндегі Ақтөбе өңірінде күн көзі шығып тұрғанымен, табиғат-ананың ерте көктемге тән ызғары кәдімгідей сезілді. Соған қарамастан облыс орта­лығындағы Тұңғыш Президент атындағы ор­талық саябаққа қарай ағылған мыңдаған ақтөбеліктердің жайдары жүздері олардың кешігіп жатқан көктемнің сал­қынына елең етпегендерін анық аңғарт­қандай еді.

Өңір тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев күллі түркі әлемінің ұлық мерекесі – Наурыз Қазақстан халқының өзара ынтымағын, бірлігі мен тату-тәтті тірлігін тереңдете түсуге қызмет етіп келе жатқаны жөнінде әдемі ой сабақтады. Сонымен бірге, өңір басшысы Наурыз мерекесін облыс жұртшылығы ұлан-асыр табыстармен, экономикалық және мәдени, рухани тұрғыдағы мол жетістіктермен қарсы алып отырғандарын жеткізді. Мұның бәрінің бастауы – жыл басы Әз-Наурызбен бірге келген ырыс пен ынтымақ, ел-жұрттың ауыз бірлігі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі деп түйіндеді өз сөзін Бердібек Мәшбекұлы.

Наурыз мерекесі қарсаңында облыс­та бірқатар өндірістік және мәдени-тұрмыстық нысандар пайдалануға берілгені өз алдына бір бөлек әңгіме. Ең бастысы, өңірде бәрі де адамдар үшін, олардың сапалы да жайлы өмірге қол жеткізуі үшін жасалып отыр. Ақтөбе өңірінде өткізілген Наурыз мерекесіне қазақ медицина ғылымының көрнекті өкілдері, академик Төрегелді Шарманов, майталман хирург Жақсылық Досқалиев және Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов қатысты.

Әлия Молдағұлова даңғылы жақ бетінде тізіле орналасқан жиырма төрт қанатты, кең керегелі ақшаңқан киіз үйлердің о шеті мен бұл шеті көрінбейді. Осындай ұлттық нақыштар мен өрнектерге толы киіз үйлердің біреуін «Көктас-Ақтөбе» АҚ ұжымы тігіпті. Мұнда арнайы әзірленген ұлттық тағамдардан киіз үйге бас сұққандар ауыз тиіп шығып жатыр. Осындай көрініс мереке құрметіне арнайы тігілген отыз үйдің бәріне тән болып шықты. Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын, ақ мол болсын деп бір-біріне ақ тілектерін білдіріп жатқан халықтың санында есеп жоқ. Саябақ сахнасы төңірегіне де тұрғындар мол жиналыпты. Бұл тұстан олар облыстағы мәдениет басқармасы мен Тахауи Ахтанов атындағы драма театры әзірлеген театрландырылған көріністер мен эпостық кейіпкерлерді тамашалады.


Атыраудан Бақытгүл БАБАШ:

Ұлыстың Ұлы күнін атыраулықтар да айрықша салтанатпен қарсы алды. Көктемнің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесін тойлау 14 наурыздан бері жалғасып жатыр. Мейрам қарсаңында қалалық арулар байқауы, қолөнер шеберлерінің көрмесі, жас орындаушылар байқауы, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мұнайлы аймақтағы мекемелер мен кәсіпорындар арасында ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс қою сайысы да жоғары деңгейде өтті. Ал кеше Исатай-Махамбет алаңында «Кош келдің, Әз-Наурыз!» атты театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық ойындар, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі, концерттік бағдарлама мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

– Биыл Наурыз тойы айрықша өтіп жатыр, – дейді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ардақ Жуасов. – «Үздік киіз үй», «Дәмді наурыз көже» байқауларына аймақтағы отандық және шетелдік мекемелер, қоғамдық бірлестіктер ұйымшылдықпен қатысты. Оған Қазақстан мен Қырғыз Республикаларына еңбек сіңірген қайраткер, композитор Илья Жақанов бастаған қазылар алқасы төрелік жасады.

Орталық алаңның өзінде 25 киіз үй құрылды. Шағын аудандар мен қала маңындағы елді мекендерді қосқанда елуге жуық киіз үй салтанаттың сәнін келтірді. Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға жиналған халық ұлттық тағамдардан дәм татып, жас­тар тілек айтты, үлкендер бата берді. Ал кешкісін өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасы қойылды, мерекелік отшашу Атырау аспанын алуан түске бояды.


Көкшетаудан Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ:

Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы Көкше жерінде де ерекше тойланды. Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап мың литрден астам наурыз көже әзірленді. Бұдан басқа тіл үйірер тағамның небір түрлері ұсынылды. Егер салмақтап айтар болсақ, 500 кило бауырсақ пісіріліп, 1,5 мың адамға арналған палау, 300 кило ет және өзге де жеңсік тағам түрлері әзірленген.

Осылайша, Көкшетау тұр­ғындары мен қала қонақтары Наурыз мейрамын кең ауқым­да тойлауға кірісіп те кетті. Қала­мыздың ең көрікті жерлерінің бірі – Тәуелсіздік алаңында ақ­шаңқан киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарды ерекше күтіп алып жатты. Сондай-ақ, мұн­да қазақы ауылдың сауығын қыз­дыратын алтыбақан да бар. Және де Наурыз мейрамының сәні мен мәнін аша түсетін әр­түрлі тарихи экспонаттар да қойыл­ған. Айтулы мейрамды атап өтуді Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өзі бас­тап, Наурыз-думанға жиналған қауым­ды жылы қарсы алып, әр шаңы­раққа береке, ырыс тілеп жатты.

Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтарына Көкшетау қаласының шығармашылық ұжым­дары тарапынан үлкен мерекелік бағдарлама да әзір­ленгенін айта кету керек. Өңір­дегі театр ұжымдары Наурыз мейрамын әспеттеген әртүрлі қойылымдарды сахналаса, бишілер мен әншілер жиналған жұрттың көңілдерін көтеруге барын салды. Түптеп келгенде, барлығы да қазақ халқының тұрмысы мен салтын барынша ашып көрсетуге тырысты. Сонымен бірге, алаңда ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық шаралар өткізілді. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қап киіп жүгіру сияқты жарыстар тойдың көркін қыздырса, оның арты «Қара жорға» биіне ұласты. 


Қарағандыдан Мирас АСАН:

Тауық жылы Арқаның алтын табалдырығынан сүйінші сұрап, сауын айта сауықпен аттады. Қазыналы Қарағанды Ұлыстың Ұлы күніне орталық саябақта қырық шатыр тігіп, Қыдырдың салқар көшін саумалкөлде күтті.

Әдеттегіден бөлек, кеншілер аста­насындағы биылғы мере­келік шаралар жаңа алаңда – орталық саябақта өтті. Онда үл­кен сахна орнатылып, халық­тың жаппай серуені де сол аймақта жөңкілді. Жалпы, Арқа жұртшылығы ұлық мерекені ұлттық деңгейде мерекелеуге әбден дағдыланған. Мәселен, биыл қарағандылық талғампаз тұрғындар көшпелілердің көне мейрамын қаһарлы қыс пен нәурізек көктемнің мәңгілік тартысын бейнелейтін мюзикл арқылы тамашалады.

– Дәстүр бойынша Нау­рыз кеңінен тойланады. Театр­лан­дырылған қойылым мюзикл стилінде өтті. Бұл көктемнің келуі мен дүниенің жаралуы, қазақ елінің құрылуы туралы ер­тегі. Су, ауа, от – бәрі қосыл­ды, – дейді алматылық бұқа­ра­лық қойылымдардың жиын­тық қою­шы-режиссері Аспет Жил­кина.

Мерекенің мейілінше қызған мезгілінде облыс тұрғындарын аймақ басшысы Ерлан Қошанов құттықтады.

– Наурыз – жаңару, жаң­ғы­ру мерекесі. Осынау ұлы мейрам қарсаңында мемлекетіміз де дамудың жаңа дәуіріне қа­дам басып отыр. Ел өмірінде орын алып отырған саяси рефор­малар, өзгерістер наурыз ны­шан­дарымен үйлесім тауып келеді. Елбасымыз Нұрсұл­тан Назарбаевтың сараб­дал сая­саты бізді биік мақсат­тарға жетелейді. Жаңа күнде қара­ған­дылықтардың ауызбір­лігі мен еңбекқорлығын атап айтқым келеді. Наурыз мейрамы асқақ армандар мен жаңа үміттердің мерекесі, – деді.

Сондай-ақ, сүйіншілі жағ­дай­дың бірі – Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша «Өңірлерді дамыту-2020» − Бағдарламасына қа­тысқан жас отбасыларға Қара­ғанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров жаңа пәтерлердің кіл­тін табыстады.


Қостанайдан Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА:

Қостанай қаласының орта­лы­ғындағы алаңда қостанайлықтар мен қала қонақтары Наурыз ме­ре­кесін барынша нақышымен, ұлт­тық бояуымен атап өтті. Алаң­да тігілген жиырма екі ақ боз үй мерекенің көркіне де, тіп­ті мазмұнына да айналды. Олар­дың әрқайсысында халқымыз­дың ұлттық дәстүрі мен салттары әр қырынан көрініс тапты.

Мерекеде тігілген ақ боз үйлерде тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстанды Отаным деп санайтын барлық ұлыстардың да салт-дәстүрлерін көруге бо­ла­ды. Мысалы, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы облыстық фи­лиалының «Қоғамдық келі­сім» үйі тіккен ақ боз үйде Қос­танайдағы барлық ұлттық этно-мәдени орталықтар бас қосып­ты. Киіз үйдің алдында өзбек, тәжік және тау халықтары диас­по­раларының өкілдері биді қыз­дырды. Наурызды мереке­леуге жиналған қалалықтар мен қала қонақтарында есеп жоқ деуге болар еді. Әр киіз үйге кіріп, ұлттық нақыштарды қызық­таудың өзі бір ғанибет. Ақ боз үйлердің салтанаты бірі­нен бірі өтеді. Дегенмен, Қос­танай қалалық әкімдігі олар­дың арасында байқау ұйым­дас­тырып, үздіктің үздігін анық­тады.

Қала орталығында өткізіл­ген Наурыз мерекесінде об­лыс­тық филармония мен көр­кем­­өнерпаздар ұжымдары ән мен биден шашу шашты. Театр­лан­ды­рылған көріністерде хал­қы­мыздың рухани құнды­лықтарының барлығы қам­тыл­ды. Асық ату, қазақша күрес, қол күрестіру, жілік сындыру, қой көтеру секілді ұлттық ойын­дар мереке қызығын арттыра түсті. Мерекеде 18 қолөнер ше­бері өздерінің жасаған көрпе, көрпеше, нан тақтай, оқтау, ағаш ыдыстар, сабын секіл­ді бұйымдарынан көрме ұйым­дастырды. Оларға сұраныс та көп болды. 


Павлодардан Фарида Бықай:

Облыс орталығында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар мерекеден екі-үш күн бұрын бастау алды.

Орталық алаңда қалалық шығармашылық ұжымдардың және «Alem Band», «Z» топ­тары­ның қатысуымен концерттік бағ­дарлама болып өтті. Университет ұжымы екі жүз литр наурыз көже дайындапты. «Ұлытау» то­бы, «Асыл» тобы, Гүлнұр Ора­зым­бетова, Ардақ Аликешев, Ерке Есмахан, «Шымкент-шоу» әзіл-сықақ театры, қазақ эстра­да­сының өнер жұлдыздары келіп, облыс жұртшылығының көңі­лін бір желпінтіп тастады. Түске дейін «Наурыз-думан­ның» кіші сахнасы, ал, түстен кейін үлкен сахнасы осылай­ша жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлады. Алаңда «Ауылым – алтын бесігім» атты этно-көр­ме ұйымдастырылды, Ұлт­тық және спорттық ойын алаң­дары «Қазақ күресі», «Асық ату», «Аударыспақ», «Көкпар», армрестлинг, гір көтеру, «Қош­қар көтеру», «Жілік сын­дыру», «Ар­­қан тартыс», «Ты­мақ лақ­тыру», «Сыйлық баға­на­сы» сияқ­­ты қызықты шара­ларға толды. Этномәдени бір­лес­тік­тер­­дің қатысуымен өткі­зі­ле­тін «Дос­тық» алаңында өзге ұлт өкіл­дерінің мерекелік бағдар­ла­масы көрсетілді. Ал, «Шебер­лер ауылындағы» халық қолөнер­шілері мен қолданбалы өнер ше­берлерінің көрмесіне жиналған жұртшылық та аз емес екен. Бұл күні облыс орталығының барлық шағын аудандарында, оқу орындарында мерекеміз өз дәрежесінде тойланды.


Оралдан Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ:

Орал қаласындағы Наурыз мерекесі биыл тұңғыш рет облыс орталығының жаңа алаңында өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай былтырғы жыл соңында ашылған аумағы 7 гектарлық бұл алаңға бір мезетте 10 мың адам сыяды.

Күн райының ызғырық желі мен суықтығына қара­мас­тан оралдықтар мерекеге көп жиналды. Ақын Ақұш­тап Бақтыгереева, Орал қала­сының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Дәулеткерей Құсайынов секілді танымал тұлғалар ұлттық киіммен келіпті. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, көңілді әуен, көп жерде тегін үлестірілген табақ-табақ бауырсақ пен наурыз-көже, «Sayat» этнотуризм орталығының арғымақтары мен қыран бүркіті – бәрі-бәрі мерекеге әр беріп, Наурыздың нарқын аспандатып тұрды.

– Біз Наурыз мерекесін осы айдың 14-інде, «Көрісу күнінен» бастап кеткенбіз. Бір бірімізбен төс қағыстыра көрісіп, бірлігімізді көрсеттік. Көпұлтты мемлекет бол­ған­дықтан бізге ынтымақ, бірлік ауадай қажет, – деді Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Наурыз айымен бірге Батыс Қазақстан облысында «Мейі­рімді көктем» атты қайырым­дылық айы басталған еді. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңын­да Орал қаласындағы әлеумет­тік жағдайы төмен 400 отбасына азық-түлік таратылды. «Арба» қоғамдық бірлестігіне жаңа арбалар тарту етілді. Орал қаласында арзан бағалы азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Наурыздың ажырамас атрибу­тының бірі – тал-терек егу болса, 21 наурыз күні қала бойынша 100 қарағай, 200 қайың көшеті отырғызылды.

Жаңа алаңдағы «жаңа күн» мерекесі бұқаралық шаралармен жалғасты. Ән мен би, ақжарма тілекпен бірге, жиналғандар түрлі-түсті отшашуды тамаша­лады.


Өскеменнен Азамат ҚАСЫМ: 

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін шығыс жұртшылығы кең ауқымда атап өтті. Әсіресе, облыс орталығы – Өскеменде ұлық мейрамды тамашалауға жиналған жұрттың қарасы қалың болды.

Күннің ызғарлығына қа­ра­мастан қаланың қақ орта­сындағы алаңға ағылған халық «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты театрландырылған көрiнiс­пен қатар «Дервиши», «Климанд­жа­ро» топтары мен Мұрат Мұтыр­ғанов бастаған цирк шебер­лерінің өнерлерін тамашалады. Мерекеге арнайы тігілген 40-қа тарта киіз үйлерге кіріп, наурыз көжеден дәм татты.

– Наурыз – қазақтың ғана емес, мұқым түркі жұртына ор­тақ ұлы мейрам. Жылдың басы, күн мен түннің теңеліп, алты ай қыстан кейінгі халықтың жадырап, көңілі көтерілетін шуақты шақ. Қазақ хандығының тарихы 500 жылдан асады десек, Наурыздың тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Ала таңнан тұрып, ақ тілектерді ағылтатын, бір-біріне жақсылық тілеп, құшақтасып, кішкентай бір реніші болса, соның бәрін ұмытатын бірліктің, берекенің мейрамы бұл. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп Абай атамыз айтқандай, бұл бауырмалдыққа, мейірімділікке шақыратын мереке. Әсіресе, бұл мерекенің көпұлтты Қазақстан үшін мәні зор. Біз ақсақалдар, әжелер жастарға үлгі-өнеге болсын деп басқа ұлттың өзіміз секілді қарияларымен құшақ­­тасып, сүйісіп амандасып жа­тыр­­мыз. Егер Мәңгілік Ел боламыз десек, береке-бірлігіміз мығым, халықтардың достығы, бір­ауыздылығы аса қажет, – дей­ді Өскемен қалалық ақсақал­дар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев.

Асық ату, арқан тарту, гiр кө­теру сынды сайыстар мере­кенің көрігін қыздыра түсті. Жалаң кеудесімен бақанға өрмелеген жігіттердің өнеріне көпшілік тамсана қол соқты. Облыстық тіл­дерді дамыту басқармасы үш тілге жетік тұрғындар арасында «Полиглот» акциясын ұйым­дастырып, жеңімпазға сый­лыққа домбыра тарту етті.

Ұлық мереке облыс орта­лығынан бөлек өңірдің өзге өңірлерінде де аталып өтті.


Қызылордадан Ержан БАЙТІЛЕС:

Ақмешіт атырабындағы ағайын Ұлыстың Ұлы күнін кең көлемде атап өтті. Қызылорда қаласындағы орталық алаңда 30 киіз үй мен 6 шатыр тігіліп, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне билет сатып алуға болатын көрме павильоны ұйымдастырылды. Орталық алаңда әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстар өтті. Сондай-ақ, наурыз-көже дайындау сайысы өткізіліп, аспаздар басты мерекелік тағамды әзірлеу бойынша шеберліктерін сынға салды. Оларға халық қазылық етті.

Қызылордадағы Наурыз тойына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы бауырлас 11 ұлттың өкілдерін арнайы алып келіп, ән мен биден шашу шашты.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев орталық алаңға жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, бақыт, бірлік пен береке тіледі.

−Былтыр біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойын ауызбірлікпен атап өттік. Жылды жемісті қорытындыладық. Мерейлі жылы Сыр елі орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту және тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша облыс республика аймақтарының арасында көшбасшылар қатарында. Төртінші жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинап, күрішшілерімізді Елбасы арнайы құттықтады, − деді Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ, қызылорда­лық­тарды мерекелерімен ТҮРКСОЙ ха­лықаралық ұйымының бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов те құттық­тады. Мерекелеу барысында Қы­рымбек Елеуұлы пен Дүйсен Қо­рабайұлы екі сәбидің тұсауын кесті.

Қызылордадағы Наурыз мерекесі тек той тойлаумен ғана шектеліп қалған жоқ. Осы күні бір мезетте 580 отбасы баспаналы болып, зор қуанышқа бөленді. 12 көп қабатты тұрғын үйден тұратын тұтастай бір шағын аудан осы күні ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, Титов шағын ауданында апатты тұрғын үйдің иелеріне жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Осылайша, Сырдың бойын жайлаған ел ұлық мерекені өз дәрежесінде ұлықтады.


Петропавлдан Өмір ЕСҚАЛИ:


Ұлыстың Ұлы күні Қызылжар өңірінде ерекше жағдайда әрі барынша ұлттық нақышта атап өтілді. Оған облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Құмар Ақсақаловтың аға буын өкілдерімен кездескенде айт­қан ұсынысы себеп болды. «Наурыз – бар­лық бастамалардың басы. Адамдарды жақындастырады. Кешірімді, мейірімді, бауырмал болуға тәрбиелейді. Сондықтан мейрамды биыл аулалық аумақтар мен тұрғын үй жайларында да қарсы алуды дәстүрге айналдырған жөн. Өйткені, бәрінің орталық алаңдарға бару мүмкіндігі жоқ. Балалардың ойын алаңдарын, тротуарларды, арықтар мен жауын-шашын кәріздері жүйесін тазалау, қалпына келтіру, мүмкіндігінше маңайдағы тұрғындарға мерекелік дастарқан жаю, түрлі ойындар ұйымдастыру біздің бірлігіміз мен ынтымағымызды одан әрі нығайта түсер еді», деген еді. Петропавл қаласында 400-ден астам аула бар. Жақсы бастама жұртшылық тарапынан қолдау тауып, Ұлыстың Ұлы күндері 600-ге жуық қоғамдық, мәдени-спорттық шаралар қамтылды. Бір атап өтерлігі, халықтық серуендер 21 наурыз күні басталып, екі күнге созылды. Аймақ басшысы Қ.Ақсақалов солтүстікқазақстандықтарды тазалықтың, татулықтың, рухани тазарудың мерекесімен құттықтап, кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы татулығы мен келісімінде екенін атап өтті.

Петропавлда Наурыз мейрамын мерекелеу Мағжан Жұмабаев көшесінен бас­тау алды. Мұнда 11 киіз үйден тұратын этноауылдың қатысуымен «Наурыз-көктем шуағы» деген концерттік, ойын-сауық және балаларға арналған «Салтымызды сақтайық!» танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды. Сауда орындары арзан бағамен ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тағамдарын ұсынды.

Этномәдени бірлестіктер 15 метрлік «Достық» дастарқанын жайып, 10 қазан палау басып, 9 мың бауырсақ пісірді. Дәмділігі тіл үйіретін тағамдар тұрғындар мен меймандарға тегін таратылып, ұлттық әндер шырқалды. Декоративті-қолданбалы өнер туындыларын сатып алушылар қатары да қалың болды. Әсіресе, оқушылардың ағаштан жасаған бұйымдары әсемдігімен таңғалдырды. Қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар «Невтун» аквапаркі мен аттракциондарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Облыс әкімі 30-дан астам көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында өткен мерекелік іс-шараларға қатысып, өңірдің атақты спортшыларымен кездесті. Көп балалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.

Сөз арасында М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­си­теті еліміз бойынша «Ұлттық киім» акциясын бірінші рет қолға алып, барлық мектептер тарапынан кең қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Мерекелік шаралар ауылдарда да жалғасты.

Осылайша күн мен түн теңесіп, жер-дүние жаңарып, ерекше түрге енген тамаша мезгілді солтүстікқазақстандықтар өзгеше нақышта қарсы алды.


Талдықорғаннан Нұрбол ӘЛДІБАЕВ:

Әлемді әдемілікпен әрлендірген Әз-Наурыз Же­тісу жеріне де жетті. Күн мен түн теңелген күні мере­келік шараны өңір басшысының ұйытқы болуымен тал­ды­қорғандықтар қала шығысындағы бұлақтың көзін ашудан бастады. Сосын Қонаев көшесін бойлата тігіл­ген ақ боз үйлерде  қазақы дәстүрмен Наурыз жалғас­ты. «Жастар» мәдени демалыс саябағында  қолөнер­дің сан-саланы қамтыған әрі бірінен екіншісі асып тү­сетін бұйымдары тізілсе, қылқалам  шеберлері де көрген жанның көзін тойдырып, тамсантқан туынды­ларын жайып салыпты. Кәсіпкерлер  ұсынған «Қазақ­станда жасалған» деген белгілері басылған заттар да қызық­тырып, тартымдылығымен тәнті етеді. Жетісу жерінде тұрақтап қалған 103 этнос өкілдері наурыз көжеден бас­­тап дәмі тіл үйіріп әрі өзіндік ерекшелігін паш ете­тін ұлттық тағамдарын да тарта білді. Ең бастысы, қазақ халқына деген құрметтері бұл күні еселене түсіпті.

«Ырыс алды – ынтымақ» деп қазақ бекер айтпаған. Осы бірлігіміздің арқасында ел игілігін өтеп жүрміз. Әлі де алар асуларымыз баршылық. Халқымыздың жағдайының жақсарған үстіне жақсара түскенінің бір дәлелі ретінде жақында  Жетісудың 2 милионыншы тұрғыны дүниеге келді. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен ынтымақтың мерекесі. Бұл күні өткен күнге ой салып, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өсіп, өркендеу жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз», деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Талдықорған төрінде ән әуелеп тұрды.


Тараздан Хамит Есаман:

Көк шығып, төңірек құлпырып, айнала шат-шадыман күйге ене бас­тағаннан адамзаттың да алдағы күн­дерге деген үміті үкіленіп, сенімі нығая түседі. Ежелгі Шығыс халықтарында жыл басы болып есептелетін Наурыз мей­рамы өзіндік нақышқа, өрнекті сипат­қа ие.

Биылғы Наурыз мерекесі де Жам­был жерінде өзіндік сән-салтана­ты­мен аталып өтті. Мерекеге орай ұйым­дас­тырылған «Мәңгілік ел төріндегі Наурыз» атты Тараз төріндегі іс-шара театрландырылған көрініспен басталды. Онда Наурыз мейрамының ежелден үлкен маңызға ие мереке екені ай­тылып, жас ұрпаққа үлгі боларлық көріністер көрсетілді. Мәселен, ұлт­тың салт-дәстүрлері, ырым-тыйымдары да сахналық көрініс арқылы көп­ші­лікке жол тартты. Бұл күні орта­лық «Достық» алаңына да халық көп­теп жиналып, бір-бірін келіп жеткен жаңару мейрамымен құттықтап жатты. Ұлыстың Ұлы күнінде облыс әкімі Кә­рім Көкірекбаев Жамбыл жұрт­шы­лығын мерекемен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

– Табиғатпен үйлесім тапқан Әз- Наурызда тіршілік атаулы оянып, дүние шуаққа бөленеді. Бұл күндері Жер-Ана жаңғырып, қайта түлейді. Төрт түлік төлдеп, дастарқан аққа толады. Наурыз – сонау көне заманнан тари­хи мазмұны терең, әлеуметтік-ру­ха­ни мәні зор мейрам. Бұл қасиетті ме­ре­кеден ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүріміздің айқын нақышын көре­міз, – деді облыс басшысы өз сөзінде.

Көне Тараз шаһарының орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік сауда-саттық, ұлттық ойындардан жарыстар, ұлттық мәдени орталықтардың көрмесі де көпшіліктің көзайымына айналып, мерекелік салтанаттың көркін аша түсті.

Сондай-ақ, Ұлыстың Ұлы күнінде Әу­лиеата жеріне Ресей, Сербия, Түрік­менстан, Грекия, Якутия, Кипр мемле­кеттерінен барлығы елу адам келіп, Жамбыл жұртшылығына өз өнерлерін паш етті. Өз елдерінің дәстүр-салтынан сыр шерткен фольклорлық топтар көптің көңілінен шығып, шын өнердің бәсін арттырды.

Сонымен қатар, бұл күні «Киіз үй» қалашығында мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, көпшілікке наурыз  көже таратылды. Сондай-ақ, Тараз төріндегі той «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» атты мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.






СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.11.2018

Елбасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады

20.11.2018

Қайырымды қала тұрғындары тегін дүкен ашты

20.11.2018

Гүлшара Әбдіқалықова Албания Республикасының Еуропа істері және сыртқы істер министрімен кездесті

20.11.2018

Қ.Тоқаев Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрі Д.Бушатиді қабылдады

20.11.2018

Павлодардағы электр қуаты 4 процентке төмендеді

20.11.2018

Түркі киносын әлемге таныту тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті

20.11.2018

Атырауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде көшелерді жарықтандыру жобасы іске асырылады

20.11.2018

Павлодарда Елбасының өмірі туралы көрініске әртістер таңдалуда

20.11.2018

Түркістанда «Agrofest – 2018» фестивалі өтті

20.11.2018

Албанияның Сыртқы істер министрі Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді

20.11.2018

«Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды

20.11.2018

Жетпіс мың адамның жалақысы өседі

20.11.2018

Алматыда жаңа комедиялық фильмнің тұсауы кесілді

20.11.2018

Түркістан аймағының Берлинде басылған көне картасы

20.11.2018

Алматыда «Құлагер» ұлттық жүлдесі табысталды

20.11.2018

Талғат Ешенұлы. Жүрегі бар жалғыз үй

20.11.2018

Нұрсұлтан Назарбаев «Отырар сазы» оркестрінің жетекшісі Дінзухра Тілендиеваны қабылдады

20.11.2018

Қазақ ғалымы Швецияда су тазартудың экологиялық таза әдісін ойлап тапты

20.11.2018

«Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» басқармаларының жаңа төрағалары тағайындалды

20.11.2018

Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея басшылығымен кездесті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Stokgolm sındromy

Jumyr jerdiń betinde sany jaǵynan bizden áldeqaıda kóp, alaıda táýelsiz el atanýdy mańdaılaryna jazbaǵan, ol oryndalmas armandaı kórinetin halyqtar az emes jeterlik. Jaratqannyń qalaýymen qolǵa tıgen táýelsizdik qazaq balasynyń eń bir asyl muraty edi.

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу