Екі күнге созылған келіссөздерден кейін кеше кешке өткен пленарлық отырыс кезінде еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов аталған құжат туралы хабарлады.
– Соңғы екі күн ішінде Астана келіссөздеріне қатысушылар атысты тоқтату және әскери іс-қимылдарды доғару режіміне шолу жасады. Соның нәтижесінде кепіл мемлекеттер Сирия Араб Республикасында деэскалациялық аймақтар құру туралы меморандумға қол қоюға келісті,– деді Қайрат Әбдірахманов.
Аталған меморандум аясында қауіпсіз аймақтарда жанжалдасушы тараптардың кез келген қақтығысын тоқтату қарастырылған.
«Қауіпсіз аймақтардың бойын жағалап, жанжалдасушы тараптар арасында әскери қақтығыстарды болдырмайтын аймақтар құрылады. Деэскалация аймақтарының ішінде жанжалдасушы тараптардың кез келген қару түрін, ұшу құрылғыларын қолданған қақтығыстары тоқтатылады»,– делінген меморандум мәтінінде.
Бұл құжатқа сәйкес, қауіпсіз аймақтарда қарусыз азаматтардың және гуманитарлық көмектердің кедергісіз өткізілуін қамтамасыз ететін бақылау-өткізу пункттері орналасады. Гуманитарлық көмектердің жылдам әрі кедергісіз жеткізілуіне жағдай жасалады. Халыққа медициналық көмектің дер уақытында көрсетілуіне көңіл бөлінеді. Ел ішінде бас сауғалап жүрген босқындардың өз еріктерімен, қауіпсіз жүріп-тұруы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, атысты тоқтату режімінің сақталуын қамтамасыз ететін бақылау пункттері де болады.
«Бақылау-өткізу пункттері мен бақылау пункттерінің жұмысын, сондай-ақ қауіпсіз аймақтарды басқаруды кепіл мемлекеттер өзара консенсус негізінде жүзеге асырады»,– делінген бұл құжатта.
Биылғы жылдың наурыз айында Астанада халықаралық келіссөздердің үшінші раунды өткені белгілі. Пленарлық отырыста қорытынды сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов содан бергі аралықта Сирияда бірқатар трагедиялық оқиғалар болғанына қарамастан, елдегі зорлық-зомбылық деңгейі төмендегенін айтып өтті.
– Үшінші наурызда Астана процесінің үшінші раунды өткеннен бергі уақыт ішінде Сирияда бірқатар қайғылы оқиғалар болды, Сириядағы ахуалға қысым күшейді. Сонымен қатар, Астана процесінің де рөлі айтарлықтай өсті. Сириядағы ахуалдың одан әрі ушығуы тараптардың ешқайсысының мүддесіне сай келмейді.
Қазіргі таңда, ең бірінші кезекте атысты тоқтату режімін сақтау, Астанада қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру өте маңызды деп санаймыз.
Осы жолы келіссөздердің төртінші раундына барлық кепіл мемлекеттердің және барлық мүдделі тараптардың жоғары деңгейдегі жауапты тұлғалары қатысқанын атап өткім келеді, – деді министр.
Қайрат Әбдірахманов айтып өткендей, Астана процесінің басты әрі жалғыз мақсаты – атыс қимылдарын тоқтату режімін қолдау әрі нығайту арқылы Сирияда қантөгісті тоқтату.
– Сирияда сәуір айының соңында болған қайғылы оқиғалар біздің алдымызда әлі өте көп жұмыс тұрғанын көрсетеді. Алайда, Астанада бұған дейін болған келіссөздердің үш раундында қол жеткізілген келісімдердің арқасында жыл басынан бері Сириядағы зорлық-зомбылық деңгейі айтарлықтай төмендеді.
Қазақстан Астана процесі аясында жоғары деңгейлі келіссөздердің келесі кезеңін өткізу мәртебесіне ие болды. Астана процесінің жалғыз мақсаты – әскери іс-қимылдарды тоқтату режімін қолдап әрі нығайта отырып, Сирияда қантөгісті тоқтату. Бірақ бір фактіні мойындауымыз керек, Астанада қол жеткізілген келісімдер тараптардың шешімталдығынан және олардың Сирияда бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі ерік-жігерінен қолдау тапқанда ғана тиімді болады. Біз әрқашан Сирияда әскери сценарийге жол беруге болмайтынына, ахуалдың бейбіт жолмен шешілуіне сендік,– деп атап өтті Қайрат Әбдірахманов.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз сөзінде Астана процесінің Женева келіссөздерінің ажырамас маңызды бөлігі екеніне тоқталып өтті. Қазақстандық тараптың ұстанымына сәйкес, Женева БҰҰ аясында Сирия мәселелерін шешу жөніндегі негізгі алаң болып табылады. Онда күн тәртібінің саяси мәселелері талқыланады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей және толық қолдауымен басталған Астана процесі Женева келіссөздерінің табысты болуына оң ықпалын тигізуге тиіс.
– Дей тұрғанмен, біз Женева процесінің табыстылығы Қазақстан астанасындағы келіссөздердің нәтижелерімен тығыз байланыста екенін түсінуіміз керек. Бұл орайда, біз жанжалдасушы тараптардың атысты тоқтату келісімін сақтауы, оны кепіл мемлекеттердің қамтамасыз етуі аса маңызды деп санаймыз. Егер біз әлемдік қоғамдастық пен Сирия азаматтарының сенімін сақтап қалғымыз келсе, Астанада жасалған барлық келісімдер тек қана қағаз жүзінде қалмай, іс жүзіндегі нәтижелерге айналуға тиіс,– деді Сыртқы істер министрі өз сөзінде.
Қайрат Әбдірахманов атап өткендей, Астана мүдделі тараптардың баршасы өздерінің көзқарасын, ұстанымын кең аудиторияға жеткізе алатын платформа ретіндегі тиімділігі мен өзектілігін дәлелдеді. Елордадағы маңызды форумға қатысқан кепіл мемлекеттердің өкілдері Сирия мәселелерін реттеу жөніндегі кезекті кездесу өтетін мерзімнің межесін белгілегені де осының бір көрінісі деуге болады. Төртінші раундтың қорытындысы бойынша келіссөздерден кейінгі Ресей, Иран және Түркия елдерінің атынан жасалған құжатта:
«Халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшелерін бұл процеске үлес қосып, Сирия дағдарысына қатысты ұзақмерзімді шешім табуға шақырамыз. Қазақстан Республикасының Президентіне Астанада Сирия мәселелері бойынша халықаралық кездесулер өткізгені үшін алғыс білдіреміз. Келесі жоғары деңгейдегі кездесуді Астанада 2017 жылдың шілде айының ортасында өткізу туралы шешім қабылданды, тараптар алдын ала сарапшылық консультацияларды бұл кездесуден екі апта бұрын Анкарада өткізуге келісті», – делінген.
Осылайша, Сирия мәселелерін реттеуге бағытталған Астана процесінің төртінші раунды қорытындыланды. Халықаралық келіссөздерге Ресей, Иран, Түркия елдерінің, Сирия үкіметінің, Сирияның қаруланған оппозициясының делегациялары келген болатын. Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының Сирия мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура, Иордания сыртқы істер министрінің кеңесшісі Науаф Уасфи Тель, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Стюарт Джонс қатысқанын айта кету керек. Әуел бастан бейбіт бітімге келуді қолдайтынын ашық білдіріп, бейтарап ұстанымын аңғартқан Қазақстан алқалы жиынға алаң ұсынумен шектеледі. Ресми Астананың ұстанымы – түйіні тарқамағанына алты жылдан асқан мәселенің шешімін табуына, тараптардың өзара мәмілеге келуіне, бейбіт халықтың азап шегуін тоқтатуға үлес қосу. Бұл миссия Қазақстанның халықаралық аренадағы мәмілегер ретіндегі беделін биіктететіні сөзсіз.
Арнұр АСҚАР,
Суретті түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»
Пікірлер(0)
Пікір қосу