Бір қызығы, шеберлік дәрісі сипатында өткен кездесуге ұлдар ғана емес, күреспен айналысатын қыздар да келіпті. Жеткіншектердің барлығы дерлік Алматыдағы №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресімен тегін айналысады.
Бұл кездесудің бастамашысы да әйгілі балуандардың өздері екен. Шеберлік сыныбына мұрындық болып жүрген Дәулет Тұрлыхановтың ойынша, болашақ Олимпиада жүлдегерлері осы кездесудің ортасында отыруы мүмкін.
Сонымен, жас спортшылар әйгілі балуандардың әрбір қимылын қалт жібермей қадағалап, қызыға бақылады. Кәсіпқой спортшылар күрес өнерінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, болашақ чемпиондардың қате әдістерін түзеп, оларды ептілікке баулыды.
– Атақты балуандар жүргізген шеберлік сыныбы бәрімізге ұнады. Олар бізге грек-рим күресінің түрлі әдіс-тәсілдерін үйретті. Мен бұл спорт секциясына келіп жүргеніме төрт-ақ күн болды. Соның өзінде аздап болса да шынығып қалдым, – дейді тоғыз жастағы Ернат Сабырбеков.
Балуандармен өткен кездесуден кейін балалардың барлығының да әсері осындай.
Бұл балаларға қарағанда, бес жылдан бері күреспен айналысып келе жатқан Марина Закшевская кәдімгідей кәсіпқой спортшы. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, екі дүркін Азия жүлдегері және әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған. Соған қарамастан, Марина да күрестің өзі бұрын байқамаған мүлде басқа әдістерін көргенін айтады.
– Қазіргі күндері біз халықаралық жарыстарға дайындалып жүрміз. Ал біздің сүйікті спортшымыз Дәулет Тұрлыханов өткізген шеберлік сағаттары бізге міндетті түрде көмектеседі, – дейді Марина.
Ең бастысы, «Халық Арена» мұнан былайғы жерде әр 10 күн сайын осындай шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, оған Олимпиада чемпиондарын, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлерін, халықаралық турнирлердің жеңімпаздарын шақырып тұрмақ.
Кездесу соңына қарай танымал спортшылар балалармен сұхбаттасып, ақыл-кеңестерін айтып, Азия мен Универсиада тағылымы жайлы баяндады. Спорттың пайдасы туралы сөз қозғады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Пікірлер(0)
Пікір қосу