Дәрежан Өмірбаев, кинорежиссер: «Кино - өнер» деген ұстанымнан тайған емеспін

Тәуелсіздік алғаннан кейін «жыл келгендей жаңалық» қазақ киносына да жеткен еді. Ол әрине бір шоғыр кинорежиссерлердің есімін еске салады. Солардың бірі – көптеген халықаралық кинофестивальдардың жүлдегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Францияның әдебиет және өнер ордендерінің иегері Дәрежан Өмірбаев. Көптеген шетел кинотанушыларының таңдайын қақтырған режиссер әр жылдары «Қайрат», «Кардиограмма», «Шілде» және «Киллер», «Жол», «О любви», «Шұға», «Студент» сынды фильмдер түсірді. Қазіргі кезде Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс оқитын режиссермен Астанаға келген бір сапарында арнайы жолығып емен-жарқын әңгімелескен едік.

Егемен Қазақстан
08.02.2019 3277
2

– Қадірлі Дәрежан аға, сізді фильм­дерін жалпы халыққа емес, фестивальдарға арнап тү­­сіретін ре­жис­серлердің қа­та­рына қоссақ, кө­ңі­ліңізге алып қалмайсыз ба? 

– Керісінше, мен оған қуана­мын. Ал фильмді фестивальға арнап емес, адам үшін түсіремін. Бірақ оны олардың бәрі түсінуі, ұнатып көруі шарт емес және ол мүмкін де емес. Ол менің режиссерлік мақсатыма кірмейді десем де болады. Шынын айтсақ, қазір режиссердің берген сұхбаты, алған марапаты, соның айналасында жүрген дау-дамай алдыңғы қатарға шығып кетті де, фильм екінші орынға ығысып қалды. Режиссердің фильмі нағыз сапалы өнер туындысы бол­маса, ол қанша жүлде алсын, қоғам туралы тұшымды әңгімелер айтсын, негізгі жұ­мысын дұрыс атқармаса одан саған не пайда? 

Әдетте, қолынан жақсы іс ке­летін кей адамдар сөзге шор­қақ, өзін өзі жақсы көрсете ал­мауы мүмкін. Әр адамның өзі­нің жарнамасы болмаса, оның жазған шығармалары, түсірген фильмдері танылмай қалады. Жақ­сы жарнама болса, өтімі де жақсы болады. Бірақ адам жар­­намаға алдана бермеуі керек, сонда шын асылдың нарқы са­намызға ақырындап жетеді. Қа­зіргі үрдіс те бас­тан өтуге, маң­дайға тиюге тиісті дүние болса керек. Себебі біз көп жайттарды басқа тигеннен кейін барып түсінеміз. Мысалы, 90-жылдары көп нәрсеге алдандық қой. Сол қиындықты бастан өткіз­ген­нен кейін, біраз жылдан соң барып көп нәрселердің дұрыс еместігін аңғардық. Айналаға қарадық, ақыл кірді. Сол сияқты көрермендер, оқырмандар жарнамалы дүниелерден жалығып, өз талға­мына сүйенетін, өзінің ақыл-ой, сана-сезіміне сенетін кезеңге де келетін шығар. 

– Жалпы «авторлық фильм» дегеніміз не өзі?

– Оған бір сөзбен жауап беру қиын. Жалпы, кино деген қайдан шықты? Ол 1895 жылы екі француздың ашқан жаңалығы. Олар – әдебиетке де, театрға да ешқандай қатысы жоқ, бизнесмендер. Мен кейде кино тілінің әдебиетке, театрға қандай қатысы бар деп ойлаймын. Белгілі тарихи себептермен кино театр мен әдебиеттің қолына түсіп қалды. Қазір де 90 пайызы соның айналасында жүр. Бұған көнетіндер бар, көнбейтіндер бар. Мен – көнбейтіндердің біреуімін. Бірақ мен секілді режиссерлер, кино түсіріп жүрген адамдар өте аз, 10 пайызға жетер-жетпес болуымыз мүмкін. Ал жаңағы жалпыға ұнайтын деген киноөнімдер сол баяғы 1000 жыл тарихы бар театрды экранда ары қарай жалғастырып келе жатыр. Ондай фильм­дерге қарсы емеспін. Ондай фильм­дер жасау менің қолымнан келмейді, се­бебі театрға мүлде қызықпаған адаммын. Киноның өз тілі бар. Ол дәлелді, заңды нәрсе. Мысалы, ең алдымен камера мен магнитофон пайда болды ғой. Ол екеуінің әдебиет пен театрға еш қатысы жоқ. Неге біз ол дүниелерді әде­биет пен театрды ары қарай да­мытуға жұмсауымыз керек.

Киноны қазір барлық жерде түсіреді. Мысалы, Нигерия деген мемлекетте жылына 300 фильм түсіреді екен. Африканың талай елдерінде жылына 200-ге жуық фильм түсіріледі. Бірақ ол жерде кино өнері жоқ. Керек десеңіз, қазір Америкада да кино өнері жоқ. Кино бар, бірақ кино өнері жоқ. Бір қалыпқа құйып қойғандай өнім шығаратын, яғни кино өндіріп жүрген топ бар. Менің ойымша, Американың ең мықты режиссері Джон Джос деген азамат. Бірақ ол күнін көре алмай, үйсіз-күйсіз Оңтүстік Кореяда қаңғып жүр. Тарковский фильмдерінен он есе жай жүретін фильмдер түсіреді. Бірақ ол туралы менен басқа ешкім айтпайды. Ал Голливудтың фильмдерін кино өнеріне қатысы жоқ деп есептеймін. Шынымды айтайын, қырғыздарда кино өнері бар. Бұл Кеңес Одағынан қалған үрдістен шығар. Себебі ол кезде өнерге тамаша жағдай жасалды. Бір жағынан цензура, екінші жағынан мемлекеттік қаржыландыру болды. Киноны өнер биігінде түсірсең, өміршең болады. Көптің түсінігіне қол­жетімді қылып түсірем десең бүгін мынаны, ертең ананы қалайтын көрерменнің жетегінде кетесің. Сол кезде өнер емес, өнім өндіре бастайсың. Өз басым «кино – өнер» деген ұста­нымымнан тайған емеспін.

Бүкіл халық киноны жақсы көру керек немесе «менің фильмім­ді көру керек» деген өзім­шілдікті қою керек. Өнер де­ген ғылым секілді. Мысалы, сенің сыныбыңда 30 адам оқыса, соның бір-екеуі ғана химия, физи­каны жақсы көреді, екі-үшеуі ғана футболды жақсы ойнады. Шын өнерді де бір-екі ғана адам қабылдап, түсінуі заңды құбылыс.

– Фильмдеріңізге кәсіби актер емес, ылғи да қарапайым адам­дарды аласыз. Оның себе­бі сахналық ойыннан қашу ма сонда?

– Кино өнерінде, кинематографта актерлік ойын болмау керек. Актер пайда болған кезде актерлік ойын бірге келіп, ішіндегі адам жоғалады. Яғ­ни, иә сен кинода адамдарды түсіресің, иә актер­лік ойын­ды тү­сіресің. Керемет ойын болсын, бәрібір. Ол – театр. Бұл – принцип. Кино өнерінде актерлік ойын емес, оның ең асыл заты – адамдар болуы тиіс. Сырт келбеті ғана емес, ішкі жан дүниесі бар адам. Режиссер осыны көрсете алуы керек. Негізі, адамсыз-ақ көркемсуретті фильм түсіріп шығуға болады. Осыны Тарковский армандаған. Әрине бұны ешкім түсірген жоқ әлі және оны бір адам түсірсе, нағыз көркемсуретті кино болмақ. Со­сын кино өнерінде сюжет емес, композиция болуы тиіс. Кинода драматургия пайда бола бас­таса, бірден театрға қарай ауысып кетеді. Мен сізге тосын жайттарды айтып отырғанымды түсінемін, дегенмен бұл менің пікірім. Және мен жалғыз емес екенімді білемін, осыны жасайтын қыз-жігіттер бар. Театр­лан­ған киноларға ешқандай қар­сылығым жоқ. Бұлар 99 пайыз және оларға қарсы тұру өте қиын. Егер сенде бейнелеуге қызығушылық болса, онда кино өнеріне талантыңыз бар деген сөз. Кино нағыз бейнелеудің тілі емес пе! Кино дегеніміз не? Бұл бірінші пайда болған фотогра­фия және ол қозғала бастаған уақ. Одан сәл ілгері магнитофон жарыққа шықты. Бұл бейнелеу мен дыбыстың тілі. Солардың монтажы. Осы жерде театрдың орны қайсысы, түсінбеймін?!

– Сіз математик болып, қыз­ме­тіңізді мектепте сабақ бе­румен бастапсыз, режис­сер­лікке қалай келдіңіз?

– Ол өзі қызық оқиға. Мен  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолданбалы математика факультетін бітірдім. Сол мамандықпен ауылға бардым. Бір күні шай құйып отырған жеңгемнің шәйнегінің астына қойған газет шәйнек түбіне жабыса көтерілді. Сол сәтте менің көзіме киноға түсуге, түсіруге талапты жастарды іздейтін хабарландыру түсе кеткені. Жұлып алып оқыдым. Өзім жастайымнан кітапты көп оқыдым, киноға қызығушылығым бәлкім содан шығар, кім біледі.  Не керек, ақыры оларға хат жазып, маған жауап келіп, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография инс­титутының режиссерлік фа­культетінен бір-ақ шықтым. Тағдыр ғой, менің математик болғаным режиссер­лігіме де өзінің оң ықпалын тигізді деп есептеймін.

– Сіз біраз әдеби туындыларды экранға шығардыңыз, жоғарыдағы «кино тілі» жа­йын­­дағы сөзіңізде киноға әде­биетті қатыстырғыңыз кел­мейтіні байқалады. Бұл қалай?

– Экранға шығарудың да түр-түрі болады ғой. Сен қандай да бір шығарманы дәл сондай етіп, сол кездегі киіммен, сондай сөз саптауымен экранға алып келуіңе болады, яғни фотографиялық жол­мен. Оны көрермендер қа­был­дайды. Себебі ол кітапты оқыды, ол шығармамен таныс. Дегенмен, осы кезде кино өнері қайда қалды деген сұрақ туындайды. Бұрындары әдеби кітаптардың ішінде суреттер болатын. Тура соған ұқсайтын тәсіл. Бұл бірінші жолы. Екінші жолы, шығармадан тек оның атмосферасын, кей детальдарды ғана аласың. Және оны өзіңше трансформациялайсың. Романда көп сөз болса, сен оны кино тілімен көрсетіп, сөйлетпей-ақ қоюыңа болады. Иә, мен өзім үш шығарманы әдебиет бо­йынша таспаладым. Экрандаған жоқпын, желісін ғана алдым. Мысалы, А.Чеховтың «Махаббат тура­­лы» деген повесін ко­рей­­лер­дің тапсырысымен тү­­сірдім. Мен оны қазіргі заманға ыңғайлап түсірдім. Одан кейін Л.Толстойдың «Ан­на Каре­нина» романының желісімен «Шұға» фильмін түсірдім. Сосын Ф.Дос­тоевскийдің «Қылмыс пен жаза» рома­нының желісімен «Студент» фильмін таспаладым. Менің негізгі мақсатым жәй экрандау болған жоқ. Осы шығармалар негізінде кино тілі­мен кино түсіргім келді. Ком­позиция, кейіпкерлер романнан келді. Бірақ бұл экрандау емес. Әдебиетті оқып, соны жақ­сы көретін адамдар, әрине ондай фильмдерді көрген кезде ренжіп шығады, 5 минуттан кейін шығып кетуі мүмкін. Өйткені ішінде әдебиет жоқ. Бірақ кешіріңіз, бұл кино өнері ғой. Ішінде әдебиет болу міндет емес. Кино өнері деген әдебиет се­кілді, театр өнері секілді өзін­дік жолы бар өнер. Жазушы роман жазғанда, композитор сим­фония жазған кезде киноға қара­майды ғой. Сол секілді біз де ешкімге жалтақтамауымыз керек.

– Чехов, Толстойдың шы­ғар­масы­мен фильм түсір­генде сізді қызық­тырған сюжет пе?  

– Мені Достоевскийдің «Қыл­мыс пен жаза» романында қызықтырғаны –композициясы. Достоевскийдің барлық романдары нашар тілмен жазылған. Орыс тілінің канондарымен қа­расаң, дұрыс емес. Сөздің қайталануы, салақ сөз саптаулары көп. Бірақ Достоевскийдің бір құдіреті – ойлары өте терең. Сондай-ақ онда композиция бар. Меніңше, біздің жазушылар Достоевскийдан үйренсе көп жетістікке жетер еді. Содан кейінгі нәрсе шығармадағы кей­бір сахналары режиссердің «тә­бетін» ашады. Мысалы, Раскольников романда кемпірді өлтіреді. Сол көрініс өте тамаша жазылған. Оқып отырып, көз алдыңа картина келеді. Сондай штрихтар мені баурап алды. Киноға сұранып-ақ тұр. Кезінде кей сыншылар Толстойды бос нәрселерді көп жазады деген. «Анна Каренина» романында Вронский Каренинаны каретаға қолынан ұстап отырғызады. Анна кеткеннен соң Вронский қолында қалған жылуды сезініп, оны сүйіп алады. Сондай детальдар әдебиеттің тіліне онша келмеуі мүмкін, бірақ ки­ноға келеді. Сондай киноға келетін әңгіме, романдарды түсіруге болады. Бірақ кей нәрселерді принципті түрде түсіруге болмайды. Мысалы, Оралхан Бө­кейдің прозасын киноға әке­лу мүмкін емес. Себебі онда әдебиеттік поэзия кетіп қалады. Ол кинода мүмкін емес. «Анна Каренина» мен «Қылмыс пен жаза» менің фильміме дейін 22-23 рет түсірілген екен. Чеховтың шығармалары секілді Майлиннің әңгімелері де киноға келеді. «Қан­ды кек» деген әңгімесінде Ыбы­раш болысты кедейлердің кеңесінде «қайсың өлтіресің» дегенде, Қайрақпай шығып, шоқпармен ұрып, семсермен қар­нын жарады. Әрине өте қанды көрініс. Бірақ кино тіліне келеді. Енді жанр заңдылығы бойынша айтсақ, нағыз әдебиет­шілер киноға келмеуі керек деп есептеймін. Әдебиеттің орны бөлек, оны жай ауыстыра салуға болмайды. 

– Фильмдеріңізде форма, композиция бар. Бірақ кейбір сын айтушылар сіздің кейіп­кер­­леріңізде эмоция жоқ деген­ді алға тартады?..

– Менің ойымша, кино деген нағыз эмоцияға құрылады. Эмоция болуы керек. Бірақ ол басқа жолмен көрсетілуі тиіс. Яғни, бұл киноның эмоциясы. Театрдың эмоциясы емес. Театрдың эмоциясына үйренген адам, мына фильмде эмоция жоқ деуі мүмкін. Көрдіңіз бе, театрдың эмоциясының әсері адамның тірі эмоциясын жоғалтады. Ол өте әлсіз көрініс беріп, үлкен эмоциялы ойларға жетелеуі мүмкін. Фильмде қандай да бір сезімді беру үшін сен соны үнемі ойланып, кеудеңде сақтап жүруің керек. Күні-түні ойлауың қажет, жан-жағы­ңа қарауың керек. Сол кезде көзі­ңе бірдеңелер түседі. Менің соңғы «Студент» филь­мімде қылмыс жасайтын сәтті қалай түсірем деп ойланып, есіктің алдында жүрсем, машинаның ішінде қозғалмалы ойыншыққа көзім түсті. Соны қолдандым. Қылмысты жа­сап болғаннан кейін студент қашып бара жатып, сол қозғалмалы ойын­шықты кө­реді. Осы ойын­шық кейін оның тү­сіне кіріп, мазалайтын болады. Бұл жерде қалай эмоция жоқ деп айта аламыз? Ойыншық арқылы келген эмоция. Осындай қадамдар мені қызықтырады. Бірақ бұлар киноның тілін түсінетін, ұғатын адамға ғана әсер етеді. Театрдың тіліне үйренген адамға ешқандай әсер етпейді. 

– Сіз «Кардиграмманы» түсірерде Ана рөліндегі әйелді оның үні арқылы танып, киноға шақырыпсыз. Сол туралы айтыңызшы.

– Сұрағыңызға орай «Кар­диограмма» фильмінің қалай туғаны ойыма оралып отыр. Бірде Алматыда, Ленин көшесінің бойында бір автобусты күтіп тұрғанмын. Аялдамада менен басқа бір балалы әйел тұрды. Анық есімде емес, анау әйел кітап оқып тұрды ма, әйтеуір бір­деңе істеп тұрды. Ал 4 жас мөл­шеріндегі баласы шешесінің айналасында ойнап жүрді. Шешесінен алыс та кетпейді, жабысып та алмайды. Қарап тұрғанда сезесің ғой, анау бала шешесіне жіпсіз байланған бала. Сол кезде менің есіме бала кездегі күшік түсті. Мен үйден шыққанда ыл­ғи соңымнан ере шығады да, он метр ұзамай тоқтап қалады. Себебі ол бәрін түйсініп тұр. Яғни, үйге жіпсіз байланған. Міне, осындай бір байланыс­тар болады ғой, соны түсіргім келді. Оған өзімнің де шешемнің жалғыз баласы болғандығым себеп болған шығар. Шешем мені тұрмысқа шыққаннан кейін көп жылдан соң көтерген екен. Елдің бәрі «Шынтастың қызы туғанша өгіз туады» деп өсекке іліге бастаған кезде дүниеге келіппін. Содан да болса керек, анам маған өте қатты жақын болды. Тіпті өмірінің мағынасына айналдым. Міне, мен әлгі баладан өзімді көрдім. Дәл осы бала мен шешенің арасындағы байланысты анық сезіндім. 

Осы фильмде Жасұланның анасын ойнайтын актрисаны ең алғаш автовокзалда жо­лық­тырдым. Фильмді түсірудің алғашқы кезеңінде жүргем, бір күні автобус күтіп отыр едім,  артқы жағымнан бір әйелдің дауысы естілді. Сондай жып-жылы. Дәл осы аналық үн баланы жіпсіз байлайтын, ұрмай-соқпай еркелетіп ыммен-ақ жұмсай білетін әжелердің болмысын елестетпесі бар ма?! Содан бұрылып қарасам кәдімгі ауыл әйелі екен. Бақанас деген жерде мұғалім болып жұмыс істейтінін айтты. Мен оған киноға түсуге ұсыныс айтқанда көзі бақырайып кетті. «Түспеймін» деп кесіп тастады. Кейіннен нақты кадрларды түсіндіре отырып, келі­сімін алдым. Керемет ойнап шықты. Фильм аяқтаған соң ауылына қайтып кетті. Кейін ол «Кардиограммада» ойнаған рөлі үшін Сингапурда өткен кинофестивальда «Ең үздік актерлік ойын» деген аталымды жеңіп алды. Оны алуға ол Сингапурға бармақ түгілі, Алматыдағы менің үйіме келген жоқ, әлі үйімде тұр. Көрдіңіз бе, сол дауыс, сол келбет, сол табиғи ойын қазылар алқасына да әсер еткен.

– Қарапайым адамдар камераны көргенде қысылады, қор­қақтайды, бәрібір жасанды­лыққа салынып кетпей ме? Оларға өзін өзі қалай ұстау керек, қалай жүріп-тұру екендігін қа­лай түсін­діресіз?

– Негізінде фильмге кәсіби актерлерді түсіруге де болады. Ертеректе эпизодтық рөлдерге түсіргенмін. Бірақ мен оларды адам ретінде түсіретінмін. Актер адами қасиеттерге бай, қызық және сенің кейіпкеріңе келетін болса неге түсірмеске?! Мысалы, Тарковский кәсі­би актер­лерді түсірді, бірақ оларды адам ретінде түсірді. Тек адам ретінде түсіру керек. Актер ретінде түсірсең, кино бір­ден театр­ға айналады. 

Оларды қалай шынайы ойнату керек? Меніңше, бағытты дұрыс қоя білген жөн. Егер дұрыс бағыт бере білсең, алғашында жасандылыққа ұрынған адам 7-8 дубльде шаршап өз-өзіне келеді, экранда тірі адам пайда бола бастайды. Тағы бір айтатын нәрсе, өзіңіз айтқандай кей адамдар камераны көрген кезде қорқуы мүмкін. Менде сондай жағдайлар болды. Егер дұрыс мизансценаны қоя алсаң, алғашқы дубльдарда театрдағыдай ойнауы мүмкін, бірақ кейін бәрі дұрысталады. 

– Кейіпкерлеріңіз фильм ішінде әдеби шығармалардан цитата оқиды. Не үшін?

– Әр нәрсенің өзіндік орны болады. Орынды қолдансаң жеткілікті. Анекдотты айта бер­сең шаршатып жіберуі мүм­кін, ал кейде орнымен әзілдесең, жұрт құлап түседі. Яғни, орнымен қолдану қажет. Сіз айтып отырған тәсілді ең бірінші қолданған Годар. Мен содан үйренген болуым керек. Қазір ақпараттық заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондықтан сен дайын ақпаратты алып, әдебиет арқылы берсең құдды бір заманға сай болатын секілдісің. Ол нәр­сені өзің де айтқың келіп тұрады, өзің де жазуыңа болады. Бірақ Абайдың, Достоевскийдің айт­қан­дары арқылы берсең әлде­қайда өтімді. Бір жағынан әдемі. Бірақ өзінше қолдануың керек. Барлық нәрсе көшіре берсең, плагиат болып кетеді. Бұл бір жағынан, адамның кітапты көп оқитынына байланысты. Бұл менің мінезіме де байланысты болуы мүмкін. Бірақ Өмірбаев түсірді екен деп, басқа адам мені қайталаса, ол жараспауы мүмкін. Кітап оқымайтын адамға оның керегі шамалы. Мысалы, Ақтан Абдыхалықов деген қырғыздың тамаша режиссері мүлде кітап оқымайды. Оның фильмдерінде кейіпкердің кітап оқуы мүмкін емес. Қоршаған ортасына байланысты болуы мүмкін. 

– Жас режиссерлерге не айтар едіңіз?

– Нағыз өнермен айналысам деушілер қысқаметражды фильмдерден бастауы керек секілді. Шетелге қарап, «анау бы­лай істеп жатыр», «мынау былай іс­теп жатыр» екен деп көшіре беру дұрыс емес. Осыдан біраз бұрын математик Асқар Жұмаділдаев жазыпты: «Қазақтар мықты халық болу үшін технологиямен айналысу керек» деп. Меніңше, ол болмайтын нәрсе, себебі ол біздің қанымызда жоқ қой. Жапон, корейлер «Самсунгты», «Тойотаны» шығарып жатыр екен деп біздің де сол нәрселермен айналысуымыз міндетті емес. Олар секілді әрбір детальға назар аударып, бір бұрандамен күні бойы айналысып отыруға біздің шыдамымыз жетпейді. Тарихымыздан белгілі көшпенді халықпыз ғой, болмысымыз көшпенді. Біздің өз жолымыз бар. Мысалы, мультфильмдегі Әмен Қайдаров тапқан жол. Сондай өзіндік ерекшеліктерді індете іздей бергеніміз абзал. Қытайлар жаңа техникамен көпсериялы мультфильм түсіріп жүр екен деп дереу соның ізімен тыраштанудың қажеті жоқ. Оларды бәрібір де қуып жете алмаймыз. Оларда маман да көп, халық та көп. Солардан қалмаймыз деп жүргенде ұлттың болмысын айшықтайтын анық өнерден айырылып қалуымыз да мүмкін. Шын өнер жалаң ұран, жалған идеология­ны көтере алмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

журналист

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.03.2019

Президент Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымымен телефон арқылы сөйлесті

22.03.2019

ЮНЕСКО Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі

22.03.2019

ҚХЛ: «Барыс» ұтылды, «Авангард» келесі кезеңге өтті

22.03.2019

Өскеменде Наурыз мерекесі өзгеше тойланды

22.03.2019

Өскеменде Наурыз мерекесі бұлақ көзін ашудан басталды

22.03.2019

Элизабет ел үмітін ақтады

22.03.2019

Қос теннисшіміз екінші кезеңге шықты

22.03.2019

Азия чемпионатында алты балуанымыз жүлде алды

22.03.2019

«Ақжайық» футбол клубы елордаға Нұр-Сұлтан есімін беруді қолдайды

22.03.2019

Шүменов Қазақстанда жұдырықтасуы мүмкін

22.03.2019

Игита Қазақстанның ең үздік қақпашысы атанды

22.03.2019

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева көңіл айту жеделхатын жолдады

22.03.2019

Атырауда Наурыз мерекесін тойлау кезінде әлемдік рекорд орнатылды

22.03.2019

Талдықорған тұрғындары 5 000 литр көже ішіп, 1 тонна бауырсақ жеді

22.03.2019

Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа 10 жыл

22.03.2019

Қаңтар-ақпан айларында Қазақстанда мұнай, жанармай шығару өскен

22.03.2019

Президент Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

22.03.2019

Бауыржан Тортаев Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды

22.03.2019

Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды

22.03.2019

Мемлекет басшысы Армения Республикасының Президенті Армен Саркисянмен телефон арқылы сөйлесті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Etjeńdi balalar

Qoǵam kóz jumyp qaraı almaıtyn máse­lelerdiń basynda bala densaýlyǵy tur. Bú­gin­de mańaıymyzǵa zerdelep qaraıtyn bolsaq, tyǵynshyqtaı, tolyq jasóspirimder kó­beıe túsken. Semizdik – aýrý bolyp esep­teletindikten, qazirgi ýaqytta dıspanserlik esep­ke alynady. Sábı saýlyǵy ana qursaǵyna bit­­ken kúnnen bastap qalyptasatyndyǵyn al­dymen ata-anasy túsinýi qajet.

Amangeldi QURMET,

Igi bastama ult tanymymen úılesýi tıis

Keıde qazaq qoǵamyndaǵy oqıǵalar men qubylystarǵa nazar aýdarǵan kezde «Biz ózi­mizimdi ózimiz tolyq tanymaımyz-aý osy» degen oıǵa qalatynymyz bar. Árıne, qa­zaq ekenimizdi, bizdiń de tanym-túısigimiz, dúnıetanymymyz, ar­man-ańsarymyz, muraty­myz bar ekenin bilemiz. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Алты жасар Алпамыстың арманы не еді?

«Білесің бе, оқитын болсам тез өсіп, үлкен бастық болам. Оқуды да тез бітіремін. Тез келіншек аламын. Сосын менің он екі ұлым болады. Оның бірі колхоз бастығы, екіншісі агроном, үшіншісі мұғалім, бәрі де үлкен-үлкен бастық болады...»

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Kúmis tostaǵandaǵy kóne álipbı

Kóne órkenıet oshaqtarynan urpaqqa mura bolyp qalǵan qundy dúnıelerdiń bi­ri – adamzattyń aqyl-oıyn taspalaǵan jazý­lar. Elbasy «Uly dalanyń jeti qyry» atty ma­qalasynda Esik qorymynan tabylǵan «Altyn adamnyń» janyndaǵy kúmis tosta­ǵan­dardyń birinde oıyp jazylǵan tańba­lar bar ekenin aıta kelip, «Bul – Ortalyq Azıa aýma­ǵynan buryn-sońdy tabylǵan jazý ataýlynyń ishindegi eń kónesi» degen bolatyn.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

«Jaqsy kitap – jan azyǵy»

Kitap oqıtyn jáne oqymaıtyn adamdardyń alshaqtyǵy árqashan kózge kórinip turady. Alǵashqylardyń oıy tereńdeý, tili sheshendeý bolsa, sońǵylardyń tili tutqyr, aýzynan sózi túsip turatynyn jıi kóresiz. Máseleni jaqsy bilip tursa da, ondaılar oıyn jetkize almaı, ábden qysylady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу