Ерлан Сағадиев: Мақсат – уақытпен үндесе алға басу

Егемен Қазақстан
17.03.2017 2306
2

ҰБТ туралы

Білім жайында сөз қозғағанда алдымен ойға оралатын мәселе, бұл – жаңарған ҰБТ, мұны ата-ана да, оқушылар да күтті. Жаман өтіп жатқан жоқ. Нәтижесінде, 2016 жылы 17 мың бала жоғары білім алу мүмкіндігіне қосымша ие болып отыр. Тұтастай алғанда, біз жоғары білім алу мүмкіндігін жеңілдету керек деп ойлаймыз және солай істеліп те жатыр. «Эко­­но­мика 3.0»-дің негізгі қоз­ғалт­қыш күші – жоғары білім­ді адам.

Айтпақшы, ҰБТ туралы алаң­дамауға да болады. 1 ақпан­нан бастап байқау тестілеуді үйде онлайн отырып та тапсыруға бо­лады. Қосымша біз байқау тес­ті­леуді мектептерде өткізу үшін 300 мың брошюра басып шығардық, қажет болса, тағы 500 мыңын шығарамыз. Яғни, әрбір бала ҰБТ-ға дейін бірнеше рет байқау тестілерін тапсыра алады.

Биыл грант саны бакалаврлар үшін 31 мыңнан 36 мыңға дейін өсті. Магистранттар үшін 7 мың­нан 10 мыңға дейін, докто­рант­­тарға – 1 100. Бұған қоса біз аймақ әкімдерінен жергілікті ЖОО-ға өздерінің гранттарын бөлуді сұраймыз.

Бұл жұмыстың жоғары және техникалық білімнің сапа­сы көтерілмей, ойдағыдай бол­май­тынын түсінеміз. Біз менед­ж­мент­тен бастауды, нақтырақ айт­қанда, менеджментке қоғамдық бақылау жүргізуден бастауды жөн көрдік. Қазақстанның мем­лекеттік жоғары оқу орын­да­рын­да әкімдіктер, бизнес, БҒМ және қоғам өкілдерінен бақылау кеңес­тері құрылып жатыр. Олар қаржы, академиялық стра­те­гияны және кадрды бақылауға ала­ды. Қазақстанда алғаш рет мем­ле­кеттік жоғары оқу орын­дары­ның ректорлары Бақылау кеңес­терінің таңдауымен сайланатын болды. Бүгінде 5 ректордың сайлауы өтті. Бірінші жартыжылдықта бұл рәсімнен тағы 6 ректор өтпек.

Келесі міндет – ішкі аудит, кор­поративтік хатшылар қызметін құру. Үш ЖОО-ның бақылау ке­ңес­терінің мүшесі ретіндегі жеке тәжірибем көрсеткендей, бұл шаралар нақты нәтиже береді. ЖОО-лардың стратегиялары өзгеріп жатыр. Бұрын олар көбіне формальды түрде әзірленіп, БҒМ қаржысына тәуелді болатын, оларды ешкім оқымады десе де бо­лады. Ал қазіргі таңда, бас­тысы, бұл – нарықтағы ұзақ мер­зімді бәсекеге қабілеттілік – талапкерлер үшін күрес, жаңа методикалар және бағдарла­ма­лар, ЖОО бренді. Мұның барлы­ғы біртіндеп жай сөз емес еке­нін көрсетіп келеді. Процесс әзірге баяу жылжыса да, бірден-бір дұрыс жол осы деп білемін.

Қоғам алдындағы зор жауап­кер­шілік туралы айтпаса да түсі­нікті. Жоғары оқу орындарындағы академиялық еркіндік, қаржылық дербестік, бастамашылық – ми­нистр­ліктің емес, қоғамның жіті бақылауында болғанда ғана мүмкін болмақ. Бұл өзгерістерді енгізуге былтыр біршама уақыт жұмсадық. Бүгін де бұл жұмыс басталып кетті.

Бастысы – жаңартылған мазмұнға өту

Жаңартылған мазмұнның мәні – функциялық сауаттылық – оны біліп қана емес, меңгеру қажет. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 35 мемлекеті мұны 15 жыл бұрын іске асыра бастаған. Бұған қоса, жаңа бағалау жүйесін құрып, 2000 жылдан бастап өзара бәсекеге түсуде. Бүгінде ақпарат көлемі екі жыл сайын еселеніп отыра­ды. Мысал үшін, 17 ғасыр тұр­ғы­нының бүкіл өмір бойы жи­на­ған ақпарат көлемін біздің за­ман­дастар екі-ақ айда алады. Ғасыр­лар бойғы мамандықтар 5 жыл ішінде бірте-бірте жойыла бер­еді. ЭЫДҰ елдері осыны 20 жыл бұрын түсініп қойған. Біз жаңартылған мазмұнды енгізуді кешірек бастасақ та, 4 жылда бұл мәселені шешуге тиіспіз.

Былтыр жаңартылған мазмұн­дағы бағдарламалар бойынша 1-сыныптар оқытыла бастаса, биыл кезек 2, 5, 7-сынып оқушы­лары­на келді. Бұл тұста айта кетерлігі, мұғалімдерді даярлауда да көп жұмыс бар. Былтыр жаз­да 74 мың мұғалім қайта оқы­тыл­ғанын көпшілік біледі. Бүгін­де бұл жұмысты оқу жылы бойы­на жалғастырып жатырмыз. Биыл­ғы жазда тағы 75 мың ұстаз оқы­тыл­мақ. Бұған қоса 5 күндік оқу аптасына көшу үдерісі жүреді.

Базалық оқулықтардың маңызы туралы да айта кет­кен артық болмайды. Бұл оқулық­тар­дың авторлық құқығы мемлекетке тиесілі екендігін айтып жүрміз. Бұл – өте маңызды. Оқулықтарды 1-сыныпқа жасалғандай онлайнға көшіру мүмкіндігі пайда болады.

Келесі маңызды мәселе – үй тапсырмаларының көлемі. Ауқымды халықаралық сараптама мәліметтері бойынша, біздің оқушылар үй тапсырмасын орын­дауға жұмсайтын уақыт көле­мі жағынан 65 мемлекет ішін­де 4-орын алып отыр. Деген­мен, халықаралық сарапшылар үй тапсырмасы көлемінің бала­лары­мыздың білім алуда табысты болуына ықпал етпейтінін алға тартуда. Сол себепті де үй тап­сырмасының көлемін қысқартуға негіз бар. Осы мәселе бойынша мұғалімдер мен мамандардан құралған екі ірі топ жұмыс істеді. Олардың еңбектері үшін рахмет айта кеткім келеді. Үй тапсыр­маларын ұйымдастыру және орындау жөнінде методи­калық ұсынымдардың екі нұсқасы дайындалды. Біріншісінде үй тап­сы­рмасын барлық пән бо­йын­ша, бірақ аз көлемде берілу ұсынылса, екіншісінде үй тапсыр­ма­сының барлық пәннен де беріл­меуі ұсынылды. Екі нұсқа бо­йынша да үй тапсырмасы бір күнде орташа 1 сағатқа қысқарып, демалыс күндері берілмейтін болады. Бүгінде бұл ұсынымдар ата-аналар мен педагогтардың талқылауына ұсынылды.

Электронды күнделік туралы айрықша айтқым келеді. Бұл жүйе былтыр 4000 мектепке енгізілді. Онлайн күнделік жүйесі 166 мың мұғалімді (ұстаздар санының жартысынан көбі), 1,3 миллион оқушыны – бұл да жартысына жуық және 747 мың ата-ананы қамтып отыр. Бүгінде аптасына 20 миллионнан астам баға онлайн түрде қойылып, үй тапсырмасы бойынша 7 млн-нан аса сұраныс түскен. Яғни, жыл аяғына де­йін шынайы цифрға жүгіне ала­мыз. Бұның бәрі мемлекеттік-же­ке­­меншік әріптестігі үдері­сі ая­сын­да жасалып, оған мемле­кет та­рапынан бір тиын да жұмсамайды.

Бүгінде көбіне дәл осы «Күн­делік» неге қабылданды деген сұрақ қойылады. Өйткені, олар мемлекетке, ата-ана мен балаларға тегін қызмет көрсетуді бірінші болып ұсынды. Иә, олар балалар тауарларын жарнамалайды, бірақ жүйенің жұмысын жүргізу үшін оларға да табыс көзі керек қой.

Қағазбастылықтан қалай құтыламыз?

Тағы бір проблеманы шешу қажет­тілігі туралы бірер сөз айту­дың реті келіп тұр. Бұл – мұғалім­дердің қаптаған тексерушілердің алдындағы қорқынышы. Осы қор­қыныш оларды қағаз журнал­ды да, электронды журналды да қатар жүргізуге мәжбүрлеуде.

Мектеп директорымен арада болған әңгімені келтірейін:

– Сіз неге электронды және қағаз журналды қатар жүргізесіз?

– Бұл деген ақша ғой. Ертең тексерушілер келеді, сол үшін барлығы қағаз жүзінде болуы керек.

– Ал егер қағаз журналдың қолданылуына тыйым салсақ ше?

– Бәрібір, түнде болса да толтыруға тура келеді…

Бүгінгі басты міндет – про­кура­тура, Білім және ғылым, сон­дай-ақ, Қаржы министрліктері бірігіп, ортақ бұйрық шығарып, заң алдында электронды және қағаз журналдарын теңестіру. Бұл туралы барлық тексерушілерге жеткізіп, педагогтардың қорқы­ныштарын жою қажет.

Екінші проблема – әр мектепте, әр сыныпта Интернеттің болмауы. Бұны тез арада шешу қажет. Сол себепті де Президент атап өт­кен «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­ламасы бойынша мектептер алдыңғы кезекте тұр. Біз жазда Интернеті бар әр сыныпқа Wi-Fi орнатуымыз керек. Бұл іске жаз­ғы практика шеңберінде сту­дент­терді іске тартуға болады, қалай болғанда да біз бұл проблеманы шешуді қолға алмақпыз.

Үшінші мәселе – компьютер­лер тапшылығы. Биыл 11 мыңнан аса «үштік» жиынтық, яғни ком­пьютер, проектор және экран сатып аламыз. Алдымен ауылдық мек­тептерді жабдықтаймыз. Былтыр біз 7 300 компьютер жиын­тығын алсақ, келесі, яғни 2018 жылы 12 000 «үштік жиынтық» алуды жоспарлап отырмыз. Түптің-түбінде ең шалғайдағы ауыл­дарды электронды күнделікті пай­далану мүмкіндігімен, бар­лық пән бойынша үздік бейнесабақ­тар­мен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бүгінде бізде балалар үшін үш тілде 50 мың бейнесабақ жи­нақ­талған. Мұғалімдерге арнал­ған бейнесабақтар үлгілері де бар­шы­лық. Бұл да айтарлықтай көп күш жұмсалған іс болды. Бірақ, бастысы ол жұмыс істеп кетті.
Есеп беру мәселесіне келейік. Мұғалім бүгінгі таңда министр­лік, әкімдік, өрт сөндіру, СЭС, поли­ция, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау салаларының және тағы да басқа мекемелерге 100-ден аса есеп толтырады екен. Және ол есептер түрленіп, қайта-қайта көшіріледі. Министрлік тек үш жүйені ғана қалдыруды мақ­сат етіп отыр. Олар: Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰББДҚ), электронды журнал («Күн­делік») және бухгалтерлік есеп. Мек­тептер бұлардан басқа еш­қан­дай есеп толтырмаулары керек. ҰББДҚ жылына екі рет қана тол­тырылады. Күнделік – ағым­дағы үл­герім үшін қажет, ал бухгал­тер­лік есеп есепшілер үшін ғана.

Ол үшін не қажет: а) ҰББДҚ-ға барлық қызметке ең қажетті деген ақпараттарды ғана енгізу, бұл жұмыстар былтыр істелді де, ә) мектептен жүйеге қаты­сы жоқ ақпаратты сұратуға тыйым салынбақ. Алайда, бұл үшін заң­ға өзгертулер енгізу қажет. Бұл жұмыстарды да қолға алып отыр­мыз, б) бұдан әрі барлық жерге Интернет орнату. Бұлар – биылғы міндеттер.

Мұғалімдер міндетіне жатпайтын жұмыстарға «жегілмейді»

Тағы бір маңызды мәселе, бұл мұғалімдерді міндеттері аясына кірмейтін жұмыстарға тартуға тыйым салмақпыз. Бүгінде олар медициналық анализдер жинап, «Оңай» карточкаларын тарату сынды жұмыстарды істейді, үй-үйді аралап жүр… Заң бұған тыйым салады. Біз алдымен бұл мәселені ведомствоаралық дең­гейде көтеріп, сондай-ақ, құ­жат жүзінде бәрін реттеп, мәсе­лені түпкілікті шешу жолын тап­пақ ниеттеміз. Алдағы үш ай­да мұғалімдердің міндеттен тыс шаруа­ларға алаңдамауына қатыс­ты қатал тәртіп белгілеп, бірік­кен ереже бекітуді жоспарлап отырмыз.

Биылғы бірінші жартыжыл­дыққа қойып отырған тағы бір ауқымды міндетіміз – мектеп­тердегі ақша жинау мәселесін шешу. Алдымен анықтап ала­тын нәрсе – әр нәрсені сылтаура­тып ақша жинау бар да, ерікті түр­де ақша жинау бар. Өйткені, кей­біреулер мектепке болсын, басқа да оқу орнына болсын демеушілік танытуы мүмкін. Осылардың ара-жігін ажыратып алған жөн.

Жалпы, қоғам тарапынан мектепке көмек беріліп жатса, жаман емес. Демеушілік таныт­қан Атымтай жомартты қоғам білуі тиіс. Қаражаттың қан­дай мөл­шерде түсіп, нендей мақ­сат­­тарға бағытталатынын ашық көрсететін, әрбір қадамы реттел­ген ереже қабылдап, оның қадаға­лануын мектеп директоры емес, қоғамға (мектептің қоғам­дық кеңесі) тапсырылуы тиіс деп білеміз. Осы көкейтесті мәселе­нің бәрі министрлікте құрылған жұмыс топтарында біраз уақыттан бері қарастырылып жатыр. Осы жұмыс топтарына ел өңірлері­нен тартылған мектеп дирек­тор­лары, мұғалімдер, ата-аналар бүкіл қауымдастықтың талап-тілектерін жеткізіп отыр. Түптеп келгенде, қазіргі таңда барлық тәсіл анықталды, тек шешім шы­ғарылып, оны мектептерге жет­кізу ғана қалып отыр. Бұған 2-3 ай уақыт кетеді.

Алдағы уақытта мектептерде әр оқушыға жеке шкаф қойыла­тын болады. Бұл бастама Үкімет тара­пынан да қолдау тауып отыр. Алдағы уақытта бастауыш сы­нып­тың шәкірттері өздерінің оқу­лық­тарын, ауыстыратын аяқ киім­дерін, формаларын, т.б. өздері­нің жеке шкафтарында қалдыра алатын болады. Бұл шет елдерде кеңінен қолданылып келе жатқан тәжірибе.

Үкіметтен қолдау тапқан тағы бір жақсы бастама – оқушыларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Ол үшін мектептерде дис­пен­сер, сүзгі, фонтан секілді арнайы құрылғылар орнатылады. Бүгінде бұл мәселені 10-ға тарта кәсіпорын шеше алады.

Тіл үйренуге ыңғайлы әдістеме

Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі жасалды. Ол әлемдік тілдерді тез оқытатын үлгілер бойынша құрыл­ды. Біз үйреншікті грам­матиканы оқытудан кетіп, коммуникация жағына бет бұратын боламыз. Минимум сөздігі енгізілуде. Енді механикалық ереже жаттау және мәтінді аудару деген болмайды. Бастысы, балалардың қазақ тілінде сөйлеп кетуі. Былтыр біз тіл мамандарымен жұмысты бас­тадық. Үлкен жұмыстар ат­қарылды. Бір ай бұрын тіл білі­мі саласында тұңғыш рет қа­зақ тілінің жиілік сөздігі құрас­тырылып, жұртшылыққа таныс­тырылды. Оған тұрмыста ең жиі қолданылатын сөздер кірді. Ыңғайлы болу үшін жеке ком­паниялар онлайн қосымшасын жасауда. Биылғы қыркүйектен бастап қазақ тілін деңгейлі әдіс­пен оқыту бірнеше мектепке қанат­қақты негізде жүргізі­ліп, әрі қарай бүкіл Қазақстан бо­йынша оқытылатын болады. Неге бірден енгізілмейді, деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл үшін қажетті оқулықтар, оқыту әдіс­темелері, мұғалімдердің да­йын­дығы және осыған қатысты бірқатар ауқымды жұмыстарды жүргізу қажет екені түсінікті. Содан кейін бәрі сарапталып, тал­қыланып, талданатыны да аян. Кез келген жаңашылдық сараптамалық жұмысты, ег­жей-тегжейлі талқылауды, түсін­діруді, қоғамның пікірін даярлау­ды талап етеді.

Ағылшынша оқыту жөніне келсек, биылдан бастап 5000 ұстаз – пән мұғалімдері тереңдетілген тілдік курстарда оқиды. Яғни, тілді терең меңгермек.

Биылғы күзден бастап жүз­ге тарта жаңа сынып ағыл­шын тілінде оқуға көшеді деп жос­парлап отырмыз. 120 мектеп­те ағылшын тілінде сабақ бе­ріп жүрген қосымша 2,7 мың мұға­лім бар. Әрине, бұны тек оқу­шы­лардың ата-аналарының жазба­ша рұқсатын алғаннан кейін, ерік білдірген жағдайда ғана жүр­гіземіз. Биыл біз дайындыққа қажетті уақытқа, оқыту сапасына және мұғалімдердің дайындығына қатыс­ты көптеген сұрақтарға жауап аламыз. Бұған дейін хабар­лағанымыздай, жоғары сынып­тарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға қатысты шешім тек 2018 жылы қабылданады.

Президент ағылшын тілін меңгерудің екі жолын көрсетіп берді. Ағылшын тілін білу – біздің ілгерілеуіміздің негізі. Және мұны біз жете түсіне оты­рып іске асыруымыз керек. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Баланың көңілі… білімде

Балалар үйлері туралы да айтпай кетуге болмайды. Біз балаларды асырап алушы ата-аналардың қажетті ақпараттарға қол жеткізу жолдарын жеңіл­детуді қамтамасыз ету үшін рес­пуб­ликалық деректер базасын ашу мін­детін қойған болатынбыз. Нәти­жесінде, 6 балалар үйі жабыл­ды, балалар үйлерінде тәр­бие­леніп жатқан балалар саны бір жыл ішінде 1 мыңға азайған. Ең бастысы, балалар үйлерінде қо­ғамдық бақылау орнату қажет. Сон­дықтан да, елдегі барлық бала­лар үйлерінде үкіметтік емес ұйым­дардың, партия, мәслихат, т.б өкілдері кіретін қадағалаушы кеңестер құру жоспарымызда бар. Сәбилер үйлерінде не болып жатқанын жергілікті қоғам өкілдері қадағалай алатын бо­лады. Бұл іске 3-4 ай кетеді деп жоспарлап отырмыз әрі жобаның нәтиже беретініне кәміл сенеміз. Жалпы, балалар үйлерінің дирек­торларын, ал болашақта мек­тептер басшылығында қоғам­ның қатысуынсыз ешкім тағайын­дамауы керек.

Енді балабақшалар мен ондағы кезек мәселесі. Алдымен керексіз ережелер мен жемқорлықты жойып, кезегімен тәртіп орнату қажет. Біз санитарлық нормаларды қарадық, орындардың жетіспеуіне оның да кедергісі бар. Жаңа сани­тарлық ережелер мен нормаларға (СЕН) сәйкес, балабақша ашу жеңілдетіледі. Жаңа СЕН 3 ай тал­қыланды, мыңға жуық маман өз ойларын ортаға салды. Бала­бақ­шалардың барлық кезегін рес­пуб­ликалық бірыңғай кезекке бірік­тіріп және балабақшаға жол­дама алуды «электронды үкі­мет» арқылы автоматтандыру қажет. Бүгінде түрлі қалалар мен облыстарда ол әртүрлі.

Егер біз мектепке дейінгі меке­ме қызметінің сапасы бәсе­кеге қабілетті болуын қаласақ, «Бала­пан» бағдарламасы бойын­ша төленетін ақшаны бағыттау туралы шешім қабылдауды ата-ана еншісіне қалдыру керек. Олар өздерінің көңілдерінен шығатын мекемені таңдап, мемлекеттік тапсырысты соған бағыттайды. Мем­лекеттік бола ма, жеке мен­шік бола ма – бәрібір. Бұл міндет оңай болмаса да, алдағы жарты не бір жылда орындалады. Сонда бар­лы­ғы әділетті және ашық болады.

Басты міндетіміз – балалардың барлық әріп пен сандарды біліп, 1-сыныпқа 100 пайыз дайын бо­лып келуі. Бүгінде олардың үле­сі шамамен 70 пайыз, мәсе­ле осы жерде, сол себепті 0-сы­нып 2019 жылдан бастап, ал бар­­лық қанатқақты мектептер мен бала­бақшаларда биылдан бас­­тап енгізіледі. Мектептер мен ба­ла­­бақшаларда ашылатын 0-сы­нып­тың мәні – мектепке дейін бірыңғай бағдарламамен «Әліппе», «Букварь» бойынша әліпбиді үйрену, әріптерді тану, буындап оқу, қарапайым сөй­лемдер құрай бастау. 1000 мектеп пен балабақшада қанат­қақты жүйе бойынша оқыты­лады. Қандай үлгі екенін көріп отыр­сыздар – жақсартуды көз­дейтін барлық жаңашыл істер тек сараптау, сапа­ны анықтау және кеңінен талқы­лану арқылы қабылданып жатыр.

Естеріңізде болса, биылғы 1 қаң­тардан бастап еліміздегі мек­тептерде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан жүргізілетін жоспарлы тексерістерге тыйым салынды. Осымен ескі үлгідегі тексерулер келмеске кетті деп ойлаймыз. Тәуекелді бағалаудың жаңа жүйе­сі енгізіліп, тексерулер сирек өт­кі­зілмек әрі барлығы бірдей жүргізіле бермейді. Комитеттің міндеті жазалау емес, көмектесу. Оның үстіне, осы күнге дейін ереже бұзылғаны үшін бірде-бір мектепті жапқан емеспіз. Сол себепті де бұл жүйе түпкілікті қайта қарастырылып жатыр.

Енді мұғалімдердің аттеста­циясы мәселесіне келсек. Аттеста­ция ондаған жылдардан бері өз­­­геріс­­сіз келеді. Қараңыздар, ре­­фор­­­ма жүргізіп жатырмыз, ал талап­т­ар – ескі. Яғни, жұмыс іс­те­мей­тін құжат қаншама педа­гог­­­тар­дың тағдырын шешуде! Осы­­ған байланысты не істеліп жа­­тыр? Барлық дамыған елдер­дегі­­дей педагогтың стан­дарты қа­­был­­данады. Бұл – педа­гог­тар­дың стан­дартын, оқытылуын, ат­тес­­та­циясын және бағалануын қамти­тын салалық біліктілік шегі. Бұл жұмыспен сарапшылардан құралған үлкен топ – 100-ден аса маман айналысып жатыр, сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің өкілдері де бар.

Елбасының тапсырмасы бо­йынша енгізіліп жатқан кәсіптік және техникалық білім беру туралы айту үшін бөлек көлемді мақала қажет. Бұл тақырып алдағы уақытта қозғалады. Бұл бағытта зор жұмыстар атқарылды. Ғылым бағытында болып жатқан процестер туралы да бөлек айту қажет. PhD ізденушілер көлемі бір жылда 600-ден 1800-ге дейін өсті. Бұл Қазақстанның ғы­лым саласындағы әлеуетінің бола­шағына әсер етпей қоймайды.

Әлемнің жылдам дамып келе жатқанын түсінуіміз керек. Оны өзіміз көріп те жүрміз. Біздің балаларымыз қарыштап алға қарай кетіп бара жатқан зама­науи, бәсекеге қабілетті әлем­де өмір сүрулері керек. 25 жыл­да көп нәрсе істелді. Біз өзге ел­дер­дің жағымды және жағым­сыз тә­жі­рибелерін жиі саралап отырмыз.

Сөзімізді түйіндей келе айта­рымыз, уақыт бәрін де көрсетеді.

Ерлан Сағадиев,
Білім және ғылым министрі


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.11.2018

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды

21.11.2018

ҰБТ-ға өзгерістер енгізіліп жатыр

21.11.2018

Мемлекет басшысы бірқатар заңдарға қол қойды

21.11.2018

Елбасы білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесі жөнінде кеңес өткізді

21.11.2018

Түркістанның ежелгі беделін қайта көтеру – бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жетістік болады

21.11.2018

Мархабат Байғұт: Әлемдік әдемі әңгіме

21.11.2018

Түркі киносын әлемге танымал етудің жайы талқыланды

21.11.2018

Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы өндіріс нысандарын аралады

21.11.2018

«Егемен Қазақстан» газетінің журналистері болашақ тілшілермен кездесті

21.11.2018

Голландиялық бизнесмен Ақтөбе облысының инвесторларға тартымды екенін айтты

21.11.2018

Нұрболат Ахметжанов: Көне тарих көмескі тартпасын

21.11.2018

Әбдіманап Бектұрғанов: Тарихқа тағзым

21.11.2018

Қ.Әбдірахманов: «Ұлы даланың жеті қыры» әлем мәдениетін жақындастырады

21.11.2018

Павлодарда археологтар б.з.д. 5-ші мыңжылдықта жерленген жылқылар сүйектерін тапқан

21.11.2018

«Ақтөбе» футбол клубы сенімді басқармаға берілді

21.11.2018

Ұлттар Лигасының қорытындысы шығарылды

21.11.2018

Такир Балықбаев: Жаңа еңбек жаңаша ой салды

21.11.2018

Ақтөбеде кәсіп бастағысы келетін жандарға кеңес берілді

21.11.2018

Мәулен Әшімбаев: Ұлт тарихын танудың жаңа кезеңі

21.11.2018

Chartbeat жобасы аясындағы байқау жеңімпаздары ашық деректер панелін құрады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Táýelsizdiktiń tánti bolar tusy kóp

Jylda, Táýelsizdik kúni jaqyndaǵan saıyn osy ýaqyt ishinde elimiz qandaı jetistikterge jetti degen saýaldy ózimizge qoıyp, ony saralaýǵa tyrysamyz. Biraq mundaıda jappaı aıtylyp júrgen jetistikterdi emes, ózimiz baıqaǵan jeke kózqarastaǵy tabystardy taldaýǵa tyrysamyz. Sonyń ishinde kózge túsetin bir ǵanıbetti jańalyq – halqymyzdyń burynǵydaı eshkimnen qysylmaı, kimmen bolsa da ómirdiń barlyq salasynda ıyq teńestire túskeni.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Stokgolm sındromy

Jumyr jerdiń betinde sany jaǵynan bizden áldeqaıda kóp, alaıda táýelsiz el atanýdy mańdaılaryna jazbaǵan, ol oryndalmas armandaı kórinetin halyqtar az emes jeterlik. Jaratqannyń qalaýymen qolǵa tıgen táýelsizdik qazaq balasynyń eń bir asyl muraty edi.

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу