Басқосуда сөз сөйлеген Асқар Мамин қос ел басшыларының бастамасымен Қазақстан-Қытай мемлекеттерінің бірлескен индустриялық-инновациялық ынтымақтастық бағдарламасы қабылданғанын еске салды. «Құжат аясында жалпы құны 27 миллиард АҚШ долларын құрайтын 51 жоба қолға алынып отыр. Қытайлық компаниялар бірлескен жобаларға белсенді атсалысуда. Былтыр Қазақстан Президентінің ҚХР-ға ресми сапары барысында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасын үндестіру жоспарына қол қойылған болатын. Жоспар үлкен көліктік-транзиттік, инвестициялық дамудың жолдарын ашты. Біз қазір сол жұмыстың нәтижелерін көре бастадық», деді вице-премьер. Оның айтуынша, 2017 жылдың екі айында Қазақстан-Қытай арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артқан. Бұл – өте үлкен көрсеткіш.
Асқар Ұзақбайұлы Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытындағы контейнерлік тасымал жыл сайын екі есеге өсіп келе жатқанын да тілге тиек етті. «Жыл басындағы екі айды былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, өсім 2,6 есе болған. Бұл «Бір белдеу – бір жол» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының іс жүзінде жүзеге асып жатқандығын білдіреді», деді ол.
Отырыс барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің бірінші орынбасары Чжан Гаоли Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне келетінін мәлімдеді. «Таяудағы екі айдың ішінде біздің мемлекет басшыларымыздың кездесуі өтеді деп көзделген. Сіздердің Президенттеріңіз мамыр айының ортасына қарай Қытайға келіп, «Бір белдеу – бір жол» атты халықаралық форумның жұмысына қатысады. Төраға Си Цзиньпин маусым айының басында Астанаға сапарлап, ШЫҰ саммитіне және ЭКСПО-ға қатысады. Сондықтан, олардың арасында өте маңызды кездесулер өтеді», деді Ч.Гаоли.
Тараптар отырыс барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын, атап айтқанда, сауда-экономикалық, энергетикалық, индустриялық, инновациялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл, шекара маңы және өңірлік серіктестікті дамыту, көлік-логистикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. «Нұрлы жол», «Жібек жолының экономикалық белдеуі» секілді ірі көлемді бағдарламаларды іске асырудың бірлескен жұмысы, сондай-ақ, көлік және логистика саласында жаңа өнімдер мен қызмет түрлерін құру жайттары пысықталды.
Жиында «Қостанай-Астана» телекөпірі арқылы «Сарыарқа Авто Пром» ЖШС-нің өндірістік алаңында «ANKAI» атты автобустар шығаратын бірлескен зауыт іске қосылды. Шара соңында Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитеті 8-отырысының хаттамасына қол қойылды.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Пікірлер(0)
Пікір қосу