ҚЫЛМЫСТЫ КІСЕНДЕЙТІН КҮШ

Егемен Қазақстан
13.01.2010 1591
Қараңғы бұрыштан шыға келген жас келіншек шыңғырып қоя берді. Сол күйі жарық көшедегі қараң­даған адамдарға қолын сер­мей ай­қай­ға басты. Етегіне сүрініп, екі қолын ербеңдете айқайлайды. Бірақ қас қарайып, ымырт бай­ла­нып қал­ған шақ болғандықтан жұрт аяғы да сирей бастаған еді. Сон­дық­тан бір­ді-екілі асығыс кетіп бара жатқан жүр­гіншілер тосыннан шыңғырған әйелге көмек қолын созу түгіл, одан үрке жөнелді. Ал қайран әйелге расын­да көмек керек еді. Жас келіншек күйеуімен бірге үйінен шыға бергенде тасада аңдып тұрған екі бұзақы оларға тарпа бас салып, екеуін де ұрып жыққан да мұның ақша толы сөмкесін, бар асыл тастарын тартып алыпты. Қарсылас­­пақ­шы болған күйеуін әл бермеген соң ішен пышақ сұғып, одан әрі ұрып, талдырып кетіпті. Содан әуелі есін жиған келіншек үлкен көшедегі адамдардан үміт күтіп жүгіре шық­қан беті еді. Алайда, оның жалы­ныш­ты үніне ешкім назар аудар­ма­ды. Абырой болғанда, дәл сол кезде көшенің ана бетімен ішкі әскердің кезек­ші­лік­те жүрген үш сарбазы өтіп бара жатқан. Солар жанайқай­ды естіп, дереу жетті. Болған оқи­ғаны тез сұрады да, рациямен көмек шақыр­ған күйі бұзақылардың соңы­на түсті... Әрине біраз уақыттан кейін суық қару сұғынған қарақ­шы­лар да ұсталып, жаралы отағасы ауру­ханаға жөнел­тілді. Ал келіншек­тің бар дүниесі шашу шықпай түгел қайтарылды. Иә, бұл бір күндік, бір сәттік оқи­­ға. Мұндай құтқарушылық көмек­тің аптасына, айына бірнеше рет қайталанатындығын айтпай-ақ қоялық. Егер келіншекке дәл сол кезде ішкі әскер жауынгерлері кө­мек­­­ке келмегенде, не болар еді? Ұры құтылып, жаралы жігітке уақ­­тылы дәрігерлік көмек көр­се­тіл­­меген соң, көз жұмар ма еді? Міне, осындай қысылтаяң шақта аталған ішкі істер сарбаз­дары құқық қорғау қызметінде өздерінің міндеттерін адал атқара білді. Мемлекет басшысы – Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күш­тері­нің Бас Қолбасшысы Нұрсұл­тан Назарбаев халыққа арнаған “Дағ­дарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауында құқық қорғау органдарының қызметкер­лері­не “Біздің қалалардың көше­лері мен ауылдардағы тыныштық сіздерге байланысты. Азаматтар­дың, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін де істеу керек”, – деп талап қойған бола­тын. Елбасы­ның Жолдауы аясында ішкі істер органдарының алдына нақты тап­сыр­малар қойылды. Міне, сол тап­сыр­маларға сәйкес аза­маттардың тыныштығы мен қауіп­сіздігі және көшедегі жалпы тәр­тіп­тің сақталуын қадағалау ішкі әскер­лердің арқасын­да орындалып отыр. Осы тұрғыда атқарылып жатқан оң істердің негізгі мақсаты – әрбір азамат өзінің конституциялық құқы­ғы мен бостандығын білікті және ісіне адал полиция қызмет­кер­лерінің қорғайтынына сенімді болуы керек. Өйткені, оның өмірі мен ден­саулығын, мүлкін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан, ең алды­мен, полиция қызметкері сенім­ді түрде қорғауға міндетті, дейді бұл орайда біз әңгімелескен ІІМ ішкі әскерлер қолбасшысының тәрбие және әлеу­меттік-құқық жұмыстары жөнін­дегі орынбасары, полковник Әбдісадық Ережепов. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов қоғамдық қауіп­сіздікті қорғау мен құқық бұзу­шылықтың алдын-алу шара­ларын дамытуға, сонымен қатар қоғам­дық қауіпсіздік пен көше тәртібін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлу керек екенін айқындап берді, дейді ол. Ал бұл тапсырманың ішкі әскер­лерге тікелей қатысты екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, қазіргі уақытта олар еліміздің стратегия­лық маңыз­ды нысандары мен түзеу мекеме­лерін күзетумен қатар, поли­­ция қызметкер­лерімен иық түйіс­тіріп, республика­мыздың ірі қалаларында көше тәрті­бін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қо­ғам мен мемле­кеттің, жеке тұлға­лар­дың қауіпсіздігін қамтама­сыз етуде, азаматтардың құқығы мен бостан­дығын және оларды бас­қа да заңға қарсы қол сұғушы­лық­тар­дан қор­ғау­да үлесі өте зор. Мә­се­­лен, үсті­міз­дегі жылдың 11 айын­да әскердің жедел мақсаттағы бөлімдері 4054 жауынгерлік тап­сыр­маны орындап, әскери жасақ­тар 166879 тәртіп бұзушыны, оның ішінде 3001 адам­ды қылмыс жаса­ғаны үшін ұстап, ішкі істер орган­дарына жеткізді. Оның барысында 186 дана суық қару мен 27 дана атыс қаруы тәр­кіленді. Әртүрлі есірткі заттарымен айналысудың 332 дерегі анықталып, 6,5 килодан аса есірткі заты тәр­кіленді. 413 қоғамдық-саяси және мәдени-көп­ші­лік шаралардың қауіп­­сіздігі қам­тамасыз етілді. Поли­ция қызмет­керлерімен бірге “Бекіре-2009” жедел алдын алу шаралары барысында 2 тоннадан аса аулауға тыйым салынған бекіре және қызыл балық түрлері тәркі­леніп, 9 қылмыс­тық іс қозғалды. Қазір ішкі әскер қолбасшысы қой­ған талап бойынша жеке құрам­ға алдымен әскердің игі дәстүрі мен жауынгерлік жетістіктерін наси­хат­тайтын тәрбие жұмысы жүр­гізіледі. Үздік жауынгерлік қабі­летімен та­ныл­ған әрбір сарбаздың үл­гі­сі кеңі­нен насихатталып, өзі марапатқа ие болады. “Бүркіт” ар­найы мақсат­тағы бөлімше ішкі істер органдары­ның қызметкерлері­мен бірлесіп, же­дел іс-шараларды өткізу­ге, атап айт­қанда, қылмыс жасаған немесе кү­дік­ті адам­­­дарды ұстауда, жедел іздес­тіру шара­­­ларын күшпен қамтамасыз етуге тартыла­ды. Мәсе­лен, 6506 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы “Бүр­кіт” бөлімшесі жауынгерлері Оңтүстік Қазақстан облысы бойын­ша ҰҚКД мен ІІД бірлескен арнайы опера­ция­ны өткізу кезінде ұйым­дас­қан қылмыстық топ мүшелерін ұста­ды. Операция бары­сын­да олардан “ТТ” маркалы тапан­ша мен оның жеті оғы, сол сияқты жеті оғы бар “ИЖ-78” және төрт оғы бар “ОСА” та­пан­­шасы мен оқ­шан­тайында 28 оғы бар “АКСУ” автоматы тәркі­ленді. Жалпы ішкі әскер жауын­гер­лері­нің азаматтарды қылмыскер­лер­ден, табиғаттың тосын апатынан құт­қарып жатқан мысалдары өте көп. Соның бірі мәселен, 19 жасар Әділ кешқұрым теңіз жағасына барып, шомылып қайтуға ұйғарады. Суда жүзуді бір кісідей білем деп өзіне сенген жас жігіт теңіздің те­рең­деу жа­ғы­на жүзіп, кері қайта­мын дегенін­де аяғының сіңірі тар­ты­лады. Содан жанталасқан ол жаға­ға жетуге бар күш-жігерін сала­ды. Әбден қалжыраған Әділ көзі қарауытып суға тұншыға бас­тай­ды. Абырой бол­ғанда, оны теңіз жағасында қоғам­дық қауіпсіз­дікті қамтамасыз етіп жүрген ішкі әскер жауынгерлері қатар­дағы Қайрат Қайназаров пен Бауыржан Әліп­пер­ұлы байқап қалады. Сарбаз­дар­дың батыл және жедел қимылының арқасында теңіз тұңғиығына батып бара жатқан азамат жағаға шығары­лып, оған алғашқы дәрігерлік кө­мек көрсетілді. Сол сияқты Павло­дар қаласында өрт құшағына оран­ған жатақханадан 5512 әскери бөлімінің жауынгерлері Арман Әбентаев пен Қазбек Төлеу­беков 25 адамды дер кезінде сыртқа шыға­рып, қараусыз қалған 2 және 5 жас аралығындағы 3 баланың өмірін құтқарып қалды. Сарбаздардың мұн­дай ерлікке жиі баратындығы ішкі әскердегі тәрбие жұмыстары­ның жоғары деңгейде екендігін білдіреді. Жалпы жауынгерлік қызмет пен тәрбие жұмыстарын бө­ліп қарауға болмайды деп есеп­теймін. Өйткені, өзінің ел алдын­дағы жауынгерлік борышын терең сезінген әрбір сар­баз әскери боры­шын атқару бары­сында қолбасшы­лықтың сенімінен шыға алады. Біз жауынгерлерді спорт­тық және техникалық құрал­дарды меңгеру арқылы шынықтыра білсек оның бойындағы рухани күш-қуатпен патриотизм үлгісі де бірге қалып­тасып отыру керек. Жауынгерлік қызмет мерзімінің бір жылға дейін қысқартылуына байланысты бұл іс-шара әрі жедел, әрі кешенді атқары­лады. Сондық­тан біз осы саладағы бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәжірибені қайта қарап, уақыт ұсынған талап­тар деңгейінде қалыптастыруды қолға алдық, дейді Ә.Ережепов. Патриоттық тәрбие жауынгер­лік өнеге мен дәстүрлі әскери мін­деттерді мүлтіксіз орындау бары­сында қалыптасады. Ішкі әскерлер жауынгерлеріне қойылатын негізгі талап – қалалардағы көше тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті мұқият қадағалап, мемлекеттік маңызды нысандарды және еңбекпен түзеу мекемелерін сенімді түрде күзету болып табылады. Бұл орайда Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесіне қарайтын 48 нысанында жауынгерлік қызмет атқаруға шы­ға­тын ішкі әскер сарбаздарының әрқайсысы ел сенімін ақтап, бұй­рықты бұлжытпай орындау жауап­керші­лігін сезінуі тиіс. Таяуда өткен Елба­сының республика жұрт­шы­лы­ғы­мен тікелей желі арқылы жүз­десуін­де ішкі әскерге байланысты 30-ға жуық сұрақтың түсуі де осындай іс-шаралардың нәтижесі болса керек. Сұрақтардың әртарап­тығы­ жауынгерлік қыз­меттің мер­зімінен бастап, әлеумет­тік қам­тылуы, сарбаздардың әскери қызметті өтеуі, оның әр саласында қызмет ету мен әскери оқу орын­дарында оқу мүмкіндігіне дейін қызықтыруы соңғы жылдары қа­лып­тасып келе жатқан жауын­герлік қызметке деген ынтаның артуымен көрініс табады. Міне, осындай іс-шаралардың арқасында әскердегі құқық бұзу­шылық фактілері өткен жылмен салыс­тырғанда 30 пайызға кеміді. Александр ТАСБОЛАТОВ. Жастықтың жұлынқұрты ТӘРТІП ТЕ АСТАНАДАН БАСТАЛАДЫ Заңғар көкке самсаған сан ғи­март­тарымен ел-жұртты тамсан­дыр­ған небір айтулы қалалардың қатарына қосылған Астананың айшықты ажары мен сән-салтанаты бүгінде барша әлемге жер бетіне өзіндік өрнегімен өрілген жаңа бір шаһардың пайда болғанын паш етіп отыр. Соның бір дәлеліндей, елордаға атбасын тіреген алыс, жақын шетелдіктер таңданысын жасыра алмай, тамсанысын тамыза айтып, балғын орманын бауырына орай құшқан Астананың кереметін көсілте жыр қылады. Ал осындай са­нау­лы жылдар ішінде шын мә­нін­де еліміздің абыройын асқақ­та­тып, әлемнің озық қалаларының арасына өзіндік өрнегімен енген елордамыздың еңсесін енді биік ұстау барша қазақстандықтарға сын екені белгілі. Демек, оның дәл бүгі­ні де және әлі де әлемге әйгілене­тін кереметі мен беделі өзге қалалары­мыз­дың бой түзейтін, бет алатын бағытына айнала бермек. Бұл орайда елорданың сырт келбетіне ішкі мазмұны да сәйкес келуі үшін барлық саланың қызметі талап биігінен көрінсе екен дейміз. Соның бірі – тәртіп мәселесі екені айтпаса да түсінікті. Ал тәртіп сақтаушы органдар­­дың мәліметіне қарағанда, жалпы республика бойынша алғанда әзірге оңып тұрған ештеңе жоқ. Алайда, жоғарыда айтылғандай, елорда­мыз­дағы тәртіпті қадағалау, қылмысты ба­рын­­ша болдырмау ерекше күн тәрті­бінде тұрған мәселе. Өйткені, еліміздің бар аймағы елордаға көз тігеді. Қазақстанға аяқ басқан шет елдіктер де осындағы тәртіп дең­гейі­мен елдікке баға береді. Әсіре­се, қазір жастарды жалмап бара жатқан нашақорлыққа қарсы тұру үшін әлем халқы аянып қалған жоқ. Бірақ жастықтың жұлынқұрты бой берер емес. Осындай жағ­дай­да өткен жыл ішінде елорда­мыз­да есірткіге қарсы күрес бары­сында қандай шаралар атқарылды, неге қол жетті деген ойдың кімді болса да мазалайтыны анық. Міне, тап осы кеселге қарсы күресте, яғни “Астана – есірткісіз қала” аймақ­тық бағдарламасының екінші ке­зеңінде елордалық тәртіп сақшы­лары құқық бұзушылармен күресте белгілі бір нәтижелерге иек артқан секілді. 2009-2011 жылдарға ар­­нал­ған бұл екінші кезең 2008 жыл­дың желтоқсан айында бастал­ған еді. Аталған бағдарламада нашақор­лық пен есірткі саудасына қарсы күрестің және оның алдын алудың тиімді бағыттары көрсетіліп, оған қоса астаналық полицияны есірт­кі­ні анықтайтын қазіргі таңдағы техникалық құралдармен қамтама­сыз ету шаралары да қарастырыл­ды. Осыған орай жыл басынан бері Астана қаласының аймағында 253 қылмыстық іс қозғалса, оның 68-і есірткі сатумен айналысушылар болып отыр. Жоғарыда аталған бағдарлама­ның аты айтып тұрғандай, астана­лық құқық қорғаушыларға елор­да­ны есірткісіз қалаға айналдыру мін­деті жүктелді. Бұған, әрине, барлық мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар атсалысуға тиіс. Бірақ солар­дың ішінде негізгі ауырт­па­лық бұл іспен тікелей айналысатын қалалық ішкі істер департаментіне түсетіні анық. Міне, соған орай олар­дың күшімен жыл басынан бері заңсыз айналымнан 115 кг. 365 грамм есірткілік заттар, оның ішін­де, 7 кг. 803 грамм героин алын­­ды. Арнайы жүргізіл­ген шаралар барысында 46 есірткі нүктесі, 2 есірткі арнасы, 3 есірткі притоны жойы­­лып, бір ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ әрекетінің іске асуына жол берілмеді. Мәселен, өткен жылдың наурыз айында Астана қаласы ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасы­ның қызметкер­лері Акасин деген­нен салмағы 917,15 грамм тұратын героин тәр­кі­ле­ді. Сол сияқты Нико­лай деген­нің тұрғын үйін тінту бары­сында 4 кг. 650 грамм героин табылды. Ал Жантеміров болса ұйымдасқан қылмыстық топ мүше­леріне өзінің туыстарын тартыпты. Бұнысы жасырын әрекеттерінің жүзеге асуына септігін тигізсін деген ойы болса керек. Ол ойын біртіндеп жүзе­ге асыра да бастайды. Жинал­ған туыстары оның жетекшілігімен есірткі заттарын заңсыз айналымға шығарады. Одан түскен қаржының жартысы қылмыстық ортаның қоржынын толтыруға жұмсалады. Бұл мақсатта олар темір тордың арғы жағында отырған “әріптес­тері­не” есірткі заттарын жеткізумен де айналысады. Ақыры олардың қауіпті қылмыстық әрекеттері әшкереленіп, оларға қатысты бірден бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Әрине, есірткі саудасымен айна­­лы­сатындар тек бір қаланың төңірегінде ғана шоғырланып қал­май­тыны белгілі. Сондықтан елор­далық сақшылар есірткі саудасына қарсы күрес жүргізетін арнайы бөлімшелердің қызмет тиімділігін арттыру мақсатында Ақмола, Қара­ған­ды, Павлодар және көліктегі орталық ІІД бірлесе отырып, Ас­тана қаласының аймағына енетін есірткі­лік заттар арнасын жою жөнін­дегі жедел-іздестіру шара­ларын дайында­ды. Бұған қоса есірткі тасымал­даушыларды ұстау үшін тұрақты түрде жедел ақпарат­тар алмасу жүргізіліп тұрады. Айта­лық, Ақмола облыстық ІІД жедел ақпаратына сәйкес Астана сақшы­лары “Бектау” бекетінде қалаара­лық автобуста келе жатқан Хар­ламов­тан салмағы 2 кг. 211 грамм болатын марихуана есірткісін анық­­тап, тәркіледі. Сол сияқты Қарағанды ІІД бірлесе жүргізілген жедел іздестіру шаралары нәти­жесінде “Қызылжар” бекетінде елордаға есірткі жеткізетін аймақ­аралық арна анықталып, жойылды. Есірткі заттарын жасырып ұстап отырған 221 адам анықталды. 79 адам Астана қалалық әкімшілік сотының шешімімен 2-ден 10 тәулікке дейін қамауға алынды. Бірлесіп атқара білген істің нәтижесі берекелі болды. “Рубеж” бекетінде есірткіні заңсыз тасымал­даудың 133 дерегі анықталды. Осы іске байланысты 14 адам қылмыс­тық, 199 әкімшілік жауапқа тартыл­ды. Заңсыз айналымнан 52 кг. есірткі заты алынып, оның ішінде 110 грамм героин, 2 кг. 600 грамм гашиш тәркіленді. Астанаға есірткі заттарын жеткізу арналарын анық­тау мен жою барысында полиция қызметкерлері авиатехниканы, яғни “Robіnson-44” маркалы тікұшақты да пайдаланады. Қазіргі кезде есірткіге қарсы күрес бөлімшесінің қызметкер­лері Астана қалалық ІІД аэроұтқыр тобымен бірге автокөліктердің айналма, ауыл аралық және елордаға енетін жолдарды мұқият тінтуге кірісті. Сол сияқты полиция қыз­мет­кер­лері­мен бірге елордаға жақын жат­қан аймақтарда есірткі саудасы­мен айналысатын саудагерлерді ұстау үшін авитехниканы пайдаланып, жедел-іздестіру шараларын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқару барысында есірткі саудасы­мен айналысып жүрген жандардың ұсталып жатқандары аз емес. Бірақ мұндай жазалау іспен негізгі мақсат жүзеге аспайтыны белгілі. Сондықтан, ең алдымен елордалық ІІД нашақорлыққа қарсы күрестегі ерекше бір бағыт – есірткі та­рату­дың алдын алу болып табыла­ды. Міне, осы бағытта олар жастар жиі басқосып, демалатын орын­дар­да (клубтар, дикотекалар, кафе және т.б.) нашақорлықтың алдын алуға барынша қам жасайды. Ол үшін мақсатты түрде бағыттал­ған жедел-іздестіру шаралары өткізі­леді. Тұрақты түрде арнайы рейдтер жүргізіледі. Мұндай кезде ұсталған есірткі таратушылар, оны сақтаған­дар, пайдаланғандар ғана емес, сонымен қатар көңіл көтеретін ойын-сауық отау иелері де жауапқа тартылады. Сөзіміз жалаң болмас үшін бұған нақты мысалдар келтіре кетейік. ІІД қызметкерлері жастар дем алатын орындарда есірткі зат­тарын тарататын жандарды анықтау мақсатында елордалық түнгі көңіл көтеретін ойын-сауық орындарын­да 59 жедел-сауықтыру шараларын жүргізді. Әрине, мұндай шараларды өткізу барысында тек “тырнақ астынан кір іздеу” емес, негізгі мақ­сат, нақты қылмыс­кер­лерді анық­тау мен аталған мекемелердің әкімшілік және қызмет көрсететін адамдарымен саламатты әңгіме жүргізу және есірткі қылмысы үшін қылмыстық және әкімшілік жауап­кер­шіліктің күшейтілгендігін түсін­діру болды. Өйткені, көбіне осын­дай ойын-сауық отауларында қыз­мет істейтін адамдар есірткі тара­туға тартылып жатады. Мәсе­лен, жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде “Лайм” түнгі клубының күзетшісі ұсталды. Оның бір түнде төрт рет есірткі сатқаны белгілі болды. Осыған байланысты аталған клубтың қожайыны да жауапқа тартылып, оған Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 319-1-бабына сәйкес соттың шешімімен 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып­пұл салынып, 14 күнге мекеме қызметі тоқтатылды. Нашақорлықтың алдын алу мен ескерту жөніндегі жұмыстар барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, қаланың қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарымен тығыз байла­ныс­та жүргізіледі. Мұндағы негізгі басым бағыттар нашақорлықтан сауықтыру және халықты саламат­ты өмір салтына тарту болып отыр. Бұл бағдарламаны орындау бары­сында жыл басынан бері ІІД есірткі саудасына қарсы күрес басқарма­сы­ның қызметкерлері Астана қала­сының аймағында басқа да мүдде­лілік танытқан органдармен бірге 1450 саламатты шаралар өткізді. Оның тартымды әрі қызғылықты өткені соншама, қала тұрғындары мен қонақтарын қосқанда аталған шараларға 60 мыңға жуық адам қатысты. Сол сияқты аймақтық бағ­дарламаны жүзеге асыру бары­сында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, қараусыз қалған балаларды қадағалау, нашақорлық пен ішімдікке үйір болмауды ес­керту және балалар мен жас­өспі­рім­дер арасында спорт жұмыс­тарын жандандыру қолға алынды. Бұл бағытта Астана қалалық ІІД мен “Нұр Отан” ХДП Астана қала­лық филиалы және “Жас Отан” жастар қанаты жетекші­лері­мен бірге кездесу өткізілді. Онда жыл бойына елордада өткізілетін есірт­кі­ге қарсы және спорттық-сауық­тыру шараларының біріккен жос­пары дайындалып, бекітілді. Сол бойынша көптеген жұмыстар ат­қарыл­ды. Оның нәтижесі де жоқ емес. Осыған ұқсас тағы бір сауық­тыру шарасы қаланың орта және жоғары оқу орындарымен бірлесе дайындалып, жүзеге асырылуда. Жалпы, жоғарыда аталған бағ­дар­лама аясында Астана қалалық ІІД өз иығына жүктелген міндетті ойдағыдай орындау үшін талап биігінен көрініп келеді. Олар қауіп­ті кеселге қарсы тұру мақсатында оң істердің бәрін қолданып жатыр. Мәселен, осы өткен уақыт ішінде жүргізілген “Астана – есірткісіз қала” аймақтық бағдарламасы туралы жұртшылықты кеңінен құлағ­дар ету үшін және оның мән-маңызын түсіндіру мақсатында түрлі жастар қозғалысының қаты­суы­мен әкімдікпен бірге қоғамдық орын­дар­да, оқу мекемелерінде және қоғамдық авто көліктерде Астана қалалық ІІД есірткі сауда­сына қарсы күрес басқарма­сының сенім телефондары көрсетілген 34 000 дана буклеттер таратылды. Тіпті, халыққа ақпарат толығырақ жетсін деген ниетпен “Біртұтас төлем орта­лығы” ЖШС арқылы ком­муналдық қызметтің төлеу түбір­тегімен бірге елорда тұрғын­дарына есірткіге қарсы үн қатқан 30 000 қосым­шалар жіберілді. Бұл орайда, БАҚ жүргізілген жұмыс­тар­дың өзі бір төбе. Сондықтан да ІІД-нің атал­ған жұмыстары белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мұның нақты айғағы, Астана қала­­сында есірткі және психотропты заттардан улану­дың саны азайған­дығы. Салыстыра айтқанда, 2008 жылы есірткілік зат­тар­ды мөлшер­ден тыс қолдану­дың салдарынан 22 өлім тіркелсе, өткен жылы ол көр­сет­кіш 27,3 пайызға төмендеген. Демек, “Астана – есірткісіз қала” аймақтық бағдар­ламасының тиім­ділігі күн өткен сайын атқарылған жұмыс нәти­желерінен көрініс тауып отыр. Сон­дықтан оның алда­ғы уақыттағы өміршеңдігі бұл істі қолына бекем алған елордалық сақ­шы­лардың қызметіне де бай­ланысты болмақ. Александр ТАСБОЛАТОВ. КЕДЕНШІ МЕН КӘСІПКЕР Амангелді НҰҒМАНОВ, Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы. Үкіметіміз кеден органдары арқылы экономикалық қауіпсіздікті сақтау, кәсіпкерлерге тиімді қызмет көрсету бағы­тында көптеген ауқымды істер атқаруда. Соның бір ғана мысалын айт­сақ, жаңа қосалқы кедендік төлемақы­ның әр килосы 0,6 еуро болуы жеке тұлғаларға өз тауарларын жеңілдетілген түрде кедендік ресімдеуге үлкен көмек болды. Мұндай жеңілдетілген тауар түрлері “Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының кеден шекарасы ар­қылы өтудегі кейбір мәселелер тура­лы” Үкімет қаулысымен бекітілген. Осыдан біраз жыл бұрын өндірілетін кедендік төлемдер мен салықтардың көле­мін мемлекет бюджетіне аз мөлшер­де құю мақсатында кейбір сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тауар кодтарын анықтауда түрлі заңсыз­дықтарға барды. Ал Үкіметтің кедендік қосалқы төлемдердің ішіндегі адвалорлы ставкадан өзіндік ставкаға өтуі – жеңіл­детілген кедендік ресімдеудің ішіндегі кедендік төлемдерді өндіруді жеңілдетуге, тауар алып өтудің көлеңкелілігін қыс­қарту­ға, тауар иелерінің сенімін күшей­туге, делдалдардың азаюына, сондай-ақ жеке тұлғалардың кедендік ресімдеудің жеңілдетілген түрімен өздері айналысуы­на қолайлы жағдай туғызды. Жеңілдетіл­ген тәртіптің бұл түрі, негізінен, жеке тұлғаларға қатысты. Өйткені, ол шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға кедендік ресімдеу кезінде кеден­дік кедергілерді қысқартуға бағыт­талған шара болып табылады. Нақтырақ тоқталсақ, біріншіден, уақытты үнем­деуге, сонымен қатар тауарларды кеден­дік тазартудан өткізуге кететін мерзім толықтай қысқартылған. Мысалға, кедендік жүк декларациясын ресімдеуге 2 жұмыс күні кететін болса, жеңілдетіл­ген кедендік ресімдеу қолданылған жағ­дайда небәрі 1 сағат қана уақыт қажет. Екіншіден, бұл рәсімдеудің қара­пайым­дығы мен қолжетімділігі соншалықты кәсіпкерлер заңсыздыққа бармайды. Үшіншіден, кедендік ресімдеу кезіндегі кедендік жинауға 50 еуроны басты параққа, 20 еуроны қосымша парақтарға төлеудің қажеті болмайды. Төртіншіден, кедендік делдалдардың қызметіне жүгініп, басы артық ақы төлеудің қажеті болмағандықтан, әрбір кедендік деклара­циядан кәсіпкер қалтасындағы ақша үнемделетін болады. Кәсіпкер өз қолы­мен кедендік жолаушылар декларация­сын толтырып, тауары мен кедендік құжаттарын ресімдеуге берсе болғаны. Бүгінде Жамбыл облысына Қырғыз Республикасындағы “Дордой” сауда орта­лығынан тауар тасумен айналысатын мыңдаған кәсіпкер кедендік ресімдеудің жеңілдетілген түрін пайдаланудағы оң­тай­лылықты түсінді. Бұл сөзімізге дәлел – өткен жылдың мерзімді кезеңі­мен салыстырып қарасақ, жеке тұлға­лармен кедендік ресімдеудің жеңіл­детіл­ген түрі арқылы тауар айналымы 540 тоннаға артқан. Кәсіпкерлер мөлдір әрі адал еңбектің қауіпсіз де пайдалы екенін түсінді. Кеден саласының мамандары да аталмыш тәртіп арқылы мемлекет пайдасына өн­дірілетін кедендік төлемдер мен салық­тар­дың артып, мемлекеттер арасында ай­қын да анық есептің болуына, тауардың кедендік құнын төмендету мәселелерінің жойылуын, жеке тұлғалардың тауарларды кедендік ресімдеуіне жеңілдік беру бағытындағы жұмыстар кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің болмауына мүдделі болып отыр. Нәтижесінде рес­публикалық бюджетке кедендік төлемдер мен салықтар арқылы өндірілген қаржы көлемі 17 млрд, теңгеге өсті. Осыдан 5 жыл бұрын бюджетке түсетін қаржы көлемі небәрі 4 млрд. 684 млн. теңге бол­са, бұл қаржыны облыстық департамент бүгінде бюджетке 2 айдың көлемінде құйып отыр. Бұл дегеніңіз кедендік төлемдер мен салықтардың 3 есеге артып, сауда айналымы 5 жылдың ішінде 594 млн. АҚШ долларынан 1 млрд. 558 млн. АҚШ долларына өскендігін яғни, 2,5 есеге артқанын көрсетеді. Кеден қызметі шекара арқылы өтетін тауар айналымы мен көлік құралдарына қадағалаушы және қазынашылық функцияларды атқара отырып, кейінгі жылдары мемлекетіміздің сыртқы сая­сатындағы беделінің артуына да ықпал етіп келеді. Кедендік бақылау мен өту пункттеріндегі функциялардың тиімділігі қалыптасуда. Электронды ресімдеуді қолданудың тәжірибесі артып, кедендік ақпарат жүйесін кезеңдік жаңалау жұмыстары нәтижелі жүргізілу­де. Мұның бәрі еліміздің кеден орган­дарында оң өзгерістер болып жатқандығын айғақтайды. Жамбыл облысындағы транзиттік тауар айналымының ұлғаюы – ішкі және халықаралық деңгейдегі бақылау­дан ғана емес, сонымен бірге бақылау­дың түбірімен күшейтілуін де керек етеді. Бұл мәселені шешу үшін сейф-пакеттерді дамыту, жеткізу пунктіндегі есептеу, электронды пломбалар және тауар жеткізілімін бақылаудың авто­мат­тан­дырылған құралдарының көмегі тиюде. Сейф-пакеттерді қолдану – бақылау органдарының автокөлік құралдарын себепсіз кешеуілдетуіне, жалған құжат ауысымына және тауарлардың “жалған” жеткізілімі фактілернің болмауына септігін тигізді. Кедендік ресімдеудің бір кезеңдік тәсілі “бір терезе” қағидасы бойынша кедендік декларациялардың тіркелуі мен бері­луіне қолдау болып отыр. Осы орайда сыртқы экономикалық қызметке қаты­су­шылардың шығындары қыс­қарып, жүк кедендік декларация­ларды ресім­деуді бір ғана маман жүр­гізуі­мен қатар кедендік тазалау уақытының да қысқарғанын айта кетуіміз керек. Кедендік бақылаудың дамуының нәтижесінде сапалы өзгерістер баршы­лық. Қазіргі кезде кеденшілеріміздің қолында шекара бекеттерінен өту кезінде кез келген өткінші мен көлік құралдарын тексеруге арналған жүзден аса техни­калық іздестіру құралдары бар. Бұл құралдар түрлі зиянкес сәулелер мен адам өміріне қауіпті заттарды тез анық­тап қана қоймай, олардың зияндылығын жоюға да көмектеседі. Шекаралық операциялардың бірінен соң бірі қайталануына байланысты уақыттың қысқартылуына бағытталған кедендік бақылаудың жеңілдетілген түріне кеден шекарасындағы бірігіп бақылауды ұйымдастыруға көп көңіл бөлінуі керек. Бірігіп бақылаудың негізгі мақсаты кеден шекарасындағы жүктердің бақылануындағы аялдамалардың қыс­қартылуын, шекаралас елдердің бір жал­пы пунктте бақылау жүргізуін көздей­тініне күмән жоқ. Жамбыл облысы.
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
КОЛУМНИСТЕР

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Tо́relik qyzmetke tо́r qashan beriledi?

Abaı atamyz: «Burynǵy qazaq jaıyn jaqsy bilgen adamdar: «bı ekeý bolsa, daý tórteý bolady» dep aıtypty», deıdi. Rasynda, bul sózdiń ómir tájirıbesinen alynǵanyna esh kúmán joq. О́ıtkeni bul arada hakim bıdiń sany emes, sapasy daýdy azaıtatynyna mán bergeni anyq. Al endi bul búgingi kúni de elimiz aýmaǵyndaǵy tórelik qyzmet prosesinde týyndaıtyn qoǵamdyq qatynastardy sheshýde eń basty eskerer jaıt bolyp tur. Sebebi azamattyq daýlardy qaraýda qara qyldy qaq jaratyn ádil sheshimge qol jetkizý áli de arman.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

О́mir súrý salty

BUU aqparatyna saı, áıelder arasynda eń joǵary ortasha ómir súrý uzaqtyǵy boıynsha 86,8 jaspen Japonıa aldyńǵy qatarda tursa, er adamdar arasynda 81,3 jaspen Shveısarıa birinshi orynda. Al keıbir elderde ortasha ómir súrý uzaqtyǵy tipti 60 jasqa da jetpeıdi. «Nege?» degen suraqqa túrli faktorlardy keltire otyryp jaýap berýge bolady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу