ҚУАНА БІЛЕЙІК, АҒАЙЫН!

Егемен Қазақстан
11.01.2010 2311
Қуану мен мұңаю! Жан-жақты салмақтап, саралап, терең бойлап, әрлі-берлі байқап қараған кісіге осы екі ауыз сөз адам өмірінің телегей теңіз сырын мағлұм ете алады. Өмір­дің мәні мен мағынасы, ащысы мен тұщысы осынау екі ұғымның астарында жатқаны айдан анық. Расында да Жаратқан ие о баста пендеге өмір құбылыстарына селт етер көл-көсір сезім сыйлады. Түсіну мен түйсіну тылсымын тарту етті. Сезім дегеніміз, ең алды­мен жан-дүниең арқылы бір нәрсені сезінуден туатын қуану, бірде қайғыру, яки бірде қызығу, бірде жирену... Бірақ тірлікте бәрі де солайымен сатылап, кезектесіп келе бермей жататыны да бар. Адамзат қоғамының даму деңгейіне көз жүгіртсеңіз, неше түрлі артық-ауыс, кедір-бұдыр әрекеттерге куә бола аласыз. Ерекше байқалатыны, адамдар көп жағ­дай­да ең алдымен мұңаюға, күрсінуге, қай­ғыру­ға бір табан жақын болады екен. Бұл не өзі? Қазақ мұңы қай кезден бастау алады? Бастау – бұлағы бар ма оның?... Жеке хандық құрып, өздерін қазақпыз деп жария еткен Керей мен Жәнібек хан тұсынан бері қарай көңілге кірбің, ойға күдік, жүрекке мазасыздық ұялап алды ма? Мүмкін, одан да бұрын, одан да әріректен бастау алар қоңыр мұң қазаққа мәңгі серік болып келе жатыр ма екен? Неге қазақтың ішкі мұң-зарын өз өлең­деріне өзек еткен Шортанбай, Дулат, Бұқар жыраулар мына фәниден озғанша күңірену­мен, күйзелумен болды? Неліктен Мәделі мен Майлы, Құлыншақ пен Молда Мұса өз заманында ішқұса күй кешті? Кешегі Абай ше? Абай ақынның жан сарайына бойлай үңіліп, бар мұң-қайғысын түсініп, көңілге тоқи алдық па? Ол қандай мұң? Ол қандай зар? Қазақ поэзиясының алыбы Абайдың рухани мұраларына көз жүгіртсеңіз, расында да жүре­гіңіз сыздап, көңіліңіз жабырқау тартады. “Қар­тайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман” деп алпысқа толмай жатып-ақ елді есті әңгімеге шақырады. “Өлмек үшін туғансың, ойла шы­рақ” деп тағы да фәнидің өтпелілігін ескертіп қояды. Осы арада бір айта кететін жай, осы күні қайсыбір қаламгерді алсаңыз да, ұлтты һәм жұртты өлтіре сынау, күйрете тепкілеу, сілейте соққылауды әдетке айналдырып бара жатқандай. “Кім жаман, қазақ жаман” деген ұғым санаға сіңісті бола бастағандай. “Оу, бұл қалай?” десеңіз, “е, абыз Абайдың өзі ұлтын сы­нап жақсы көрген жоқ па” деп жауап қайы­рады. “Ол аз десеңіз” дейді тағы да. Абайдан соңғы ақындар – Мағжан да, Сұлтанмахмұт та, Шәкәрім де қазақты маңдайынан сыйпаған жоқ, керек жерінде қан-жоса етіп, аямай сын семсеріне алды. Садақ ұшына байлады. Бұны да місе тұтпасаңыз, кешегі Алаш арыстарына жүгініп көріңіз. Ә.Бөкейханов, А.Бай­­тұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, С.Меңдешев, Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қо­жанов, т.б. ұлт зиялылары ұлтым деп күңірен­генде, аузынан жалын шашырады. Елдің ішіндегі кеселді һәм кемшілікті олар­дан артық сынап, олардан асыра айтқан пен­де жоқ!...” деп сөз сабақтайды тағы бір топ. Ұлтты тепкілеп бауырға тарту, ұрғылап ұлағатқа шақыру әдісі дұрыс па, әлде бұрыс па? Түйгіштеп тәртіпке шақыру қазаққа қайдан жұққан? Кешегі қазақ поэзиясының майталман жүй­рік­­терін тыңдасақ, олар елін, жерін күй­зеле, күңірене жақсы көріпті. “Сені сүйе­мін, әттең, анауың бар ғой” деп бір кемші­лікті бүйір­ге тақап қойып бауырына тартатын тәрізді. Көп ұрпақ осыны оқып өсті. Осымен тәрбиеленді. Содан ба екен, қазіргі қазақ бір кемшілік емес, бар кем­ші­лікті термелеп, жи­нап-теріп, бетке былш еткізуге әзір. Сы­нап қана қоймайды, сағы сын­ған­ша төпе­лейді. Бұл мінез үлкенде де, кішіде де әркез бай­қа­­ла бастады. Бадырайып, көзге ұрып тұрады. Отырыстарда бөстекі сөзге құлақ түрсеңіз, ең сорлы халық – ол қазақ! Газет-журнал­дарды оқи бастасаңыз, тағы да соры қайнаған ел – қазақ! “Қазақ өзін-өзі сыйлай алмайды, сосын да ел болып жарытпайды!” деседі бір топ. “Өзімен-өзі айтысып, таласып жүріп, жұртқа жем болатын ел – осы қазақ!” дейді тағы бір топ. “Үлкеннен – ұят, кішіден – қанағат кетті, сосын қайдан көгереміз?” деп күңіренеді үшінші бір топ. – Ұлтты тек төмпештей беру жақсы әдет пе? Оның аяғы немен бітеді? – деп сұрадық бір қаламдас досымыздан. – “Ауруын жасырған өледі” дейді ғой. Ендеше, ұлт кеселін біз айтпағанда кім айтады? – Кесел болсын, кемшілік болсын, оны тек қана сын садағына алып жөндеуге болады деген түсінік қайдан пайда болды? Ата-бабаның дәстүрлі тәрбие мектебіне үңілсек, кей-кейде кемшілікті көре тұрып та, оны бадырайтып айтпай-ақ, майдан қыл суырғандай мадақтау арқылы да жөнге салып отырыпты. – Ой, ол кездегі адамдар басқа! Сана басқа! Түсінік басқа. Қазіргі ұрпақ мүлде бөлек. Бұлар маңдайға тарс еткізіп қойып қалмасаң, ымды түсіне бермейді. Ойланасың. Ойға қаласың. Расымен-ақ бүгінгі ұрпақтың дәл сондайлық ойы қысқарып, түсінігі төмен болып бара ма? Жоқ, әлде оларды сондай жағдайға, қисын­сыз күйге жетелеп әкелген аға буын ұрпақ­тың қисық ісі ме? Кім кінәлі? Әйтеуір, осы күні бір нәрсе анық бай­қа­лады. Ол – адамдардың бір-бірін жақсы көріп, құрмет тұтып, сүйе білуден гөрі кемші­лі­гін қазбалап, ілік іздеп, сын садағына көбірек алуға тырысуы. Қазақ солай ма еді? Атам заманнан бері белгілі қағида – ол адамды адам көтермелей білуі керек, сый­лауы керек, құрмет тұтуы керек. Жақсылық көрсе жаны қалмай, бірге қуануы тиіс. Солай болып та келе жатқан сияқты еді. Абай ақын: Біріңді қазақ, бірің – дос, Көрмесең, істің бәрі бос! – демеп пе еді. Осы екі ауыз сөз тектен-тек жазыла салған ба? Біздіңше, жоқ. Мұның астарында “адам адамды сыйлау керек, барынша құрмет сезімін оятып, сыйласуы қажет” деген ой жатқан жоқ па! Ал, олай болмаса итіс-тартыс тірлікпен, біріңді-бірің мүжіп, қажап, түртпектеп өтпек­шісің ғой, сосын өзгеге жем боп өтпекшісің ғой, пендем! Сол емес пе ақын Абайдың білдірмегі!... * * * Осындайда еске қайта-қайта елді аузына қаратқан, әр сөзімен дүйім жұртты ойлан­дыра білген, қазына-қарттар орала береді. Қазақ үшін расында да ең үлкен қазына – ол қарттар, ақсақалдар болмады ма! Әрине, баяғыда! Әрине, әнебір замандарда!... Тағы да ойға түседі. Әлдебір басылымдардан оқы­ғаны­мыз бар-ды. Әйгілі жапон елінде осы күнге дейін жасы келген кісі­лерге жасалар құрмет мейлінше мол болып қа­лып отыр. Тіп­ті елуден асып, алпысқа жеткен аза­маттар да әлі ат үстінде. Қызметтік орын­тақ­тан тая қойған жоқ. Елдің ішкі саясаты бойынша – егде тарту ақыл тоқтату белгісі, ондай кісілер ойланып әрекет етеді һәм аз қателеседі дейді. Тұп-тура өзімізде бар әдет еді ғой. Әрине, бір кездерде... * * * Қазақ “жақсы қартая білу де – бір бақыт” деп ауыз толтыра айтады. Мұның мәнісі неде? Кісі алпыстан асып, жасы ұлғайған кезде кеудедегі албырттықты, асығыстықты, ұшқалақтықты ұмытып, сабырға көшеді. Не нәрсеге де салмақтай қарап, сана тезіне салып, ой елегінен өткізіп отыруға машықтанады. Бұл – жақсы қартаю. Қарттар демекші, қазақ ішінде өз заманында айналасына үлгі, елге тұтқа болған қариялар аз болмаған. Бір әулеттің ғана емес, бүтін бір елдің сөз ұстарына айналған ақсақал-қарасақалдар бар кезде жұртшылық арасында пысың-пысың өсек, бір-бірін сөзбен ілу һәм өзгеге күлкі болар кері кеткен істер болмаған екен. “Бас жарылса, бөрік ішінде” деп, елге айбарақ етпеуге тырысыпты. Ел аралап жүріп, бір ақсақалды қариямен тілдескеніміз бар. Сол кісінің сөзі әлі күнге естен кетпейді. Қария айтты: Балам, мына заман не боп барады? Қазақ ішін қылтанақ жайлады ма? Ру мен ру, әулет пен әулет тайталасып жатыр. Тіпті ағайынды кісілер арасында еш бітіспес талас та жүріп жатыр. – Мұның себебі не, ақсақал? – деп сұрадық. – Соны да білмейсің бе? – деді ол. – Оны айтпасам да түсінбейсің бе? – Мүмкін, жастар сөз тыңдамай, тәрбие­ге көнбей... – деп жауап айта бастап ем, әлгі ақсақал: – Жоқ! – деді дауысын қатайтып. – Сәл қит етсе, бар кінәні жастарға жаба салу әдетке айналды. Олай емес! – Енді не? – Елде жөні түзу қария қалмады. Жастарға жөн сілтер үлкендер мектебі үзіліп барады. Алпыстан асса да арақ ішіп, аузына келгенін оттап, кішілерге мазақ болып жүргендерге не деуге болады! – Олар енді ХХІ ғасырдың қариялары емес пе? – деп әзілдеген болдық. – Шет жұрт­­та алпыс-жетпіс жаста да өзін жас сезі­ніп... Қария тағы да сөзімді бөлді. – Осы сендер, – деді. – Сендер неге ше­тел­ге еліктеуді қоймайсыңдар? Жапон мәде­ниеті – жапондықтарға, ағылшын мәдениеті – ағыл­шындарға, француз мәдениеті – фран­цуз­дарға қызмет етеді. Әр елдің өз ерек­ше­лігі, өз өрнегі болмай тұрмайды. Біз – мұсылманбыз. Оның үстіне – түркілерміз. Оның бергі жағын­да – қа­зақ­пыз. Қазаққа қазақ болу парыз. Қазақ дәс­түрі мен салтын сақтау парыз. Тілін қорғау ләзім. – Өркениет келе жатыр. Жаһандану жайлап барады. – Сол жаһандануға жұтылып кетпеу үшін де ең әуелі мықты ұлт болып ұйысуымыз керек. Ұлтты ұйыстыру үшін – ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрып көмекке келу керек. – Қарттар неге майдаланып барады? – Өйткені, бүгінгі қазақтар өз елінің, өз жерінің абыройынан гөрі өз құлқынын көбірек ойлайды. Өз жұртының беделін асқақтату орны­на өз жанының рахатын алғы кезекке жылжы­тып отырады. – Бұл кеселді қалай тыямыз? Қайтсек, ірге­лі ел болып сақталып қаламыз, ақсақал? – Ол үшін, балам, барлық тәрбиені алдымен мектептен, тіпті балабақшадан бастау керек. Жас ұрпаққа біздің тегіміз кім екені, діліміз бен тілі­міз­дің қаншалық қымбат екенін әуел бастан аңғарту керек. Сонда ғана елдік бей­немізді сақтай аламыз. Ана тілін қайтсек тұралатып алмаймыз деп талайдан бас қатырып жүрген жайымыз бар ғой, оның жыры соңғы он-жиырма жылдан бері үзілмей келе жатқан жоқ па! Кешегі Шона Смаханұлы аға­мыздан бастап, бүгінгі Мұхтар Шахановқа дейінгі аралықта тіл тағдырын жаны шырқырап, кім тілге тиек етпеді дейсіз. – Ақсақал! – дедім енді. – Ана тілі бүгінгі күні ең бір жаралы мәселе болып тұр. Осыны қайт­кеніміз жөн? Қайтсек, толығымен шеше аламыз? Қария еш бөгелген жоқ. – Қарағым, біздің тіліміз – Ана тілі деп аталады. Оны ешбір қаулымен, ешбір тапсыр­ма­мен жүзеге асыра алмайсың. Тілді сақтап қала­тын – аналар. Әрбір отбасында сәби дүние­ге келі­сі­мен, оның ең алғашқы былдыр­лап сөй­лей­тін сөзі – қазақша болуы қажет. Ана әлдиі, бесік жыры – бәрі де қазақша айтылмай болмайды. – Оны тыңдай қоятын құлақ болса... – Оу, сен не деп тұрсың деді ол. – Өз ұрпағына әу бастан қазақ тілін үйретуден бас тартатын отбасы бола ма?! Бала 4-5 жасқа дейін қазақша сөйлесе, онда бұл тілді оңай­лықпен ұмыта қоймасына мен куә! Уызында тілге жарыған деген сол болады. Ақсақалды енді басқа тақырыпқа бұрайын деп, тағы да үлкендер арасына орала бердім. – Қисық мінез қиқар қариялар көбейіп барады! Оларды қайтеміз? – Шалдуар шалдарды да тәртіпке шақыру қажет. Әрбір облыс, аудан һәм ауылдық жер­лерде әкімдік бар емес пе! Сол әкімдік жанынан ақсақалдар кеңесін құрып, оқтын-оқтын бас қосып отырса да теріс емес. Ара-тұра ел арасы­на іріткі салып, арақ ішіп жүргендерді сол жерде сын тезіне салса, теріс болмас еді. Ақсақалы азғындаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Осыны бәріміз де түсінуіміз қажет. Әрбір сөзінен даланың даналығы сезілетін сол қариямен сөйлескен соң, мен көпке дейін бір ойдан арыла алмай-ақ қойдым. Жақсы қар­таю деген не? Ол өз заманында жақсы қыз­мет істеп, зейнеткерлікке жетіп, тиісті зейнетақысын алып, өзімен-өзі болып жүрген аға буын өкіл­дері ме? Жоқ, болмаса кәрілікке бәрібір бой бермей, әркез жақсы істің жанынан табыла білетін елгезек ересек жандар ма? Осы екеуі де жақсы-ау! Алайда, жақсы қария дегеніміз – өз жұртының, өз әулеті­нің ақылшысы, тұтқасы, бетке ұстары болар-ау! Ондай қариялар ел ішін­де көңілге қаяу салар іс болса да, сыртқа шығар­май, өзара келісіммен аяқтайды. Бітіммен шеше­ді. Сосын да ондай ауылда арыз аз. Шағым бола бермейді. Ұрыс-керіс жоқ. Қайта, береке бар. Ауызбіршілік бар. Осындай ауылға тап болсаңыз, өзіңіз де бір рахаттанып қаласыз. Бола бергіңіз, кідіре бергіңіз келеді. Өйткені, сіз ешнәрседен секем алмайсыз. Бейсауат сөз, берекесіз әрекет бол­май­тынына сенесіз. Өзіңізді-өзіңіз мына жарық әлемдегі ең бір тамаша жандар арасында жүр­­гендей күй кешесіз! Әй, бірақ ондай ауыл қазір бар ма екен? Бар болса, аз ба екен, көп пе екен? Қазақ қариялары қай кезде де жасы келген соң, жеңілтектікке салынбай, жақсы қартайып, елінің тұтқасы һәм ұстыны болып жатса қандай ғанибет! “Шіркін-ай!” деп ойланасың осын­дайда. “Осы күні “Қариялар тәрбие мектебі” де­ген арнаулы сабақтар, ой салар тартымды кеш­тер ұйымдастырылып отырса ғой. Оның бүгінгі жастарға берері де, үйретері де көп болар еді...” * * * Ал, жастар ше! Жас буын өкілдері осы күні не ойлап жүр? Атақты Мағжан ақын бір кездері “Мен жас­тар­ға сенемін” деп жырлады. Ол өзінің ізін ба­сып келе жатқан сол кездегі іні жастарға ғана емес, ХХІ ғасыр жастарына да өз сөзін арнап ай­тып кеткендей. Мағжан жас ұрпақтан үлкен үміт күтті, сенім артты, елге тұтқа боларына сенді. Көздеріңде от ойнар, Сөздеріңде жалын бар! Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сене­мін! – деп, көкірегінің арғы түкпіріндегі асыл сөзін, ынтызар лебізін жыр жолына қосты. Үзді­ге жырлады. Сол айбарлы ақын сенім жүктеген “арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты” жастарымыз әркез сенім үдесінен шығып келе ме? Барлық уақытта жастыққа тән жігермен ұлтын, жұртын, халқын сүйетін мінезін байқа­тып отыр ма? Қазақ деген қасиетті елдің барша қадір-қасиетін дұрыс түсініп, оны көріп-біліп, өзгелерге үйретуге ұмтылып жүр ме? Сауал көп, жауап аз. Әрине, жастардың бәріне топырақ шашудан аулақпыз, алайда осы күнгі жастардың көбі дерлік қазақ болғанына мақтану орнына қайта өкініш білдіретін мінез байқатып қалады. Молынан байқатады. Бір жас доспен аз-кем ой бөліскеніміз бар. Ол айтты: – Қазақ болғаныма қалай мақтанам? Мақтана айтар қандай қасиеті бар? – Қазақ тарихын білесің бе? – Ептеп оқығам. Бәрі күңгірт. Екіұшты. Даулы тұстары көп. – Салт-дәстүрін білесің бе? – Аздап білем. Бірақ оның бәрі де енді ескірді ғой. ХХІ ғасырда оны сөз етіп отыру қажет пе? – Тілін құрметтейсің бе? – Сөйлей алам. Алайда оның әлемдік өркениетте ешбір орны жоқ. Шетелде қазақша сөйлеу қажет те емес. – Әрине, – дедім мен. – Сен осы айтқан­дар­дың бәріне де селқос қарайтын болсаң, қалайша қазақ үшін мақтана аласың! Ұлтты ұлт ететін оның тарихы, дәстүрі, тілі ғой. Жас досым менімен тайталаса бастады. Аға, – деді ол. – Қазір әлемдік жаһандану басталып кетті. Бұл процесс он бес-он алты миллион біз­дің ел тұрмақ, өзімізден саны жағынан әлдене­ше үлкен, елдердің өзін жұтып қоюы мүмкін. Сол себепті кешегіні аңсап, бас қатырғанша, ертең қалай боламыз деген шаруаны ойламай­мыз ба! – Ертеңді ойлау деген не? – Ертеңін алдын-ала ойлаған ел сол жаһан­дануға қарсы жүріп, батыл араласуы керек. Жаңа заманға, жаңа жағдайға барынша бейім­дел­мей болмайды. Ол өзіңді-өзің жоғалтып алмау үшін әбден керек іс. Тіпті “осыны қайт­сем де ұстап қалам” деп, бір тілге қатып қалу қажет емес. – Тілі жоғалған соң ел бола ма! Ондай  елді қайдан көрдің! – Мәселе – ділде! Қай тілде сөйлесек те қазақ екенімізді естен шығармасақ болды. Жағамды ұстадым. Жас досымды тыңдап тұрып, тұла бойым тітіркенді. “Қазақта кісі қызығатын, тұғыр ететін не қалды” дегені ғой ол. Сонда біз шынымен-ақ ел болудан қалып бара жатқанымыз ба?! Неге екені белгісіз, осы сәтте мен Әбділда Тәжібаев ақынды еске алдым. – Туған тілім – тірлігімнің айғағы, Тілім бар да, айтылар сыр ойдағы. Өссе тілім – мен де бірге өсемін, Өшсе тілім – мен де бірге өшемін! Тілсіз хайуан – бишара, Бишараға – не шара! – деп жырлап еді-ау абыз ақын! Сонда осындай ұрпақ тәрбиелеп, сол ұрпаққа ел тізгінін ұстатуға тәуекел етіп отырсақ, біз өзі кімге өкпелеп жүрміз, а? Иә, ұлтты ұлт ететін – ең алдымен адамдар ғой. Кісісі көшелі, мақсаты айқын, бағыты дұрыс елді жау ала ма! Сол көшелі адам дегеніміз – әлгі біз сөз еткен ақсақалдар мен жастар емес пе! Ақсақал ақсақалдық жолынан жаңылса, жастар жалындамай жатып сүрінсе, ол елдің ертеңі де күңгірт емес пе. Тіпә, ондай пәлекеттің беті аулақ! Біз жақсы қариясы һәм тәрбиелі ұрпағы бар қазақ деген ел боламыз. Болғамыз, бола да береміз! * * * Сынау! Мінеу! Тағы да сынау! Біз осы күні ұлтты тек қана тұқырта түсіп, тек қана жаман жағын айту әдетін меңгеріп алдық. Қазақтың қай қайраткері де әлсіз. Қай ақыны да орташа. Билік басындағылардың бәрі де алаяқ. Өз басын, өз қарнын ойлайтын таяз ойлылар. Әлдебір отырыста отырып: – Ана депутат елдің ойындағы сөзді айтты, – деп сөз бастай берсең, біреуі әңгімені бөліп: – Әй, соны қойшы! Өзі парақор екен. Жүрген жерінде тек өз құлқынын ойлайды, – деп жорғалатады. Ғафу ақынның бір өлеңі болушы еді. Сол өлеңінде “өзгелердің батыры жақсы да, ал біздің батырлардың бәрі жаман болған ба” деген сынды ой айтыла­тын. Расында соңғы жылдары біз өзімізді-өзіміз сынауда әлемде алғашқы орындардың біріне шығып кеткен жоқ па екенбіз осы?! Әрине, саясаттың айналасында жүрген аза­мат­тардың арасында ала да, құла да кездесуі кәдік. Бәрі бірдей сүттен ақ, судан таза десек, ол шындық емес. “Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді” деген аталы сөз рас-ақ! Жақсылары­мызды қайсыбір жеңіл аяқтылар былғап кетеді. Кемеңгеріміздің жолын көлденең көк аттылар кесіп өтеді. Тәуірлерімізді әлдебір тыштақайлар көлегей­леп, көрсетпейді. Осының бәрі де өмір бар жерде бола беретін нәрсе ғой. Атам заманнан бері қатарласа шауып, қапталдаса қақтығысып келе жатқан ақ пен қара, жақсы мен жаман, жомарт пен сараң емес пе еді! Біз неге тек өмірдің қара түсін тез байқап, тек қана осал жағын сөз ете береміз? Енді ел намысын ойлар күн туған жоқ па! Әлде, шынымен-ақ майдаланып, тарыдай бытырап бара жатқанымыз ба?... Әйтпесе, бұл әдетімізге не жорық! Тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ деген елдің бар екенін әлем мойындап жатса да, ештеңеге көңіліміз толмауы қалай? Ау, сол тәуелсіздікті баянды етуге күш салып отырған санаттағы қайраткерлер мен саусақпен санарлық жақсымызды неге көргіміз келмейді? Аз шығар, бірақ бар ғой. Жүр ғой олар арамызда... Олар “жоқ” деп, шорт кесіп айтуға аузымыз қалай барады? * * * Елдің де, ел азаматтарының да жақсы қасиеттерін сөз ету қандай ғанибет! Қандай жұрт болса да, мейлі ол үлкен болсын, не кіші болсын, оның жақсылары, жайсаңдары һәм жақсы істері болады ғой. Соны көру, тани білу һәм дөп баса білу, әрине, оңай шаруа емес. Ол үшін үлкен жүрек, үлкен сенім, үлкен ықылас қажет. Айталық, бір жас жігіт министрдің орынтағына отырды делік. Ол әуелде қателесуі мүмкін. Аяғын шалыс басуы да ықтимал. Ал, енді сол кемшілігін іліп алып, жерден алып, жерге салып, төмпештің астына ала берсек, ол жігіт кім боп шығады? Әрине, жалтақ болады. Жалтақ басшыдан жақсы істер күтуге де болмайды. Ұлт қайраткерлерін шығару – ұлттың өз қолында! Оны ешбір ел бізге дайындап, әкеліп бермейді. Не де болса өз ішімізде өсуі керек, қалыптасуы керек. Жақсы ғалым шығарамыз десек, жас жігітке мүмкіндік туғызып, оның әрбір адымына қолдау жасауымыз қажет. Өз саласы бойынша барынша ізденіп, өз діттеген межесіне жетуіне мүмкіндік беруге тиіспіз. Бізде онан гөрі аяқтан шалып жіберу әдеті белең алып бара жатқандай. Ең қиыны – аяқтан кім шалды деп іздеу сала бастасаңыз, ешнәрсе таба алмайсыз. Көз алдыңдағының бәрі де сүттен ақ, судан таза. Бәрі де періште. Ал, бірақ... Тасада тұрып тас атушы көп. Көрінбейтін жау көбейе бастады. Бұл – жақсы үрдіс емес. Ұлт үшін аса қауіпті індет. Жасыратын не бар, ойы озық дейтін ақын-жазушылардың арасында да мұндай әрекеттер бой көрсетеді. Талант аз емес, бірақ таразы жоқ. Кітап көп, бірақ жақсысын дөп басып, тілге тиек ететіндер табылмайды. “Мен оза алмадым, енді сен де озба” деген мысық табандау. Осындайда еріксіз еске түсіп кетеді, баяғыда, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарын­да Мәскеуге ең жоғары әдеби сыйлыққа ұсынылған бір ағамыздың үстінен қап-қап арыз барыпты дейтін. Ал, сол кісімен бірге сол сый­лыққа ұсынылған грузин әлде армян қалам­герінің соңынан бір топ тілеулестері ере барған көрінеді. Біз аяқтан шалуға жан сала кірістік, ал олар азаматын алақанға салып, аялауға тырысты. Құдай-ау, сол бір кесапатты кеселден қазақ байғұс өмір бойы құтылмай кететін болғаны ма! Біздің тас маңдайымызға жазылғаны осы ма!... Осыдан соң ұлт көсегесі қалай көгереді? Қазақ қалай қазақ болады? Жаһандану есік қағып тұрған кезде жұмыл­ған жұдырық болу орнына, саусақ санап тұры­сы­мыз қалай? * * * Жақсымызға, жеткен жетістіктерімізге біз неліктен аз қуанамыз? Неліктен елге тұтқа болар азаматтарымызды ардақтауға, алақанға салуға тым шорқақпыз? Жан-жақты жетілген, білікті де білгір басшы – ел қайраткері осы жұрттың абыройы емес пе! Сөз сиқырын тереңнен қазып, әлемдік әдебиеттен өз орнын ойып алуға ұмтылған талантты қаламгер – ол қазақ деген елдің мақтанышы болмас па! Спорттың алуан түрінен әлемдік биіктікті бағындыра алған саңлақ жігіттер – олар да егемен елдің ар-намысы болып саналмай ма! Өзгенің жетістігіне таң қалып, таудай баға бергенше, неге өз жұртымызға мойын бұрмаймыз! Біз өзі қандай халық едік? Соңғы жылдар бедерінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Аутизм сырқаты туралы көп жазып жүр. Мен осы бір ерекше сырқат сырын түсінген сайын, кеудемді әлдебір күдік жаулап алады. “Осы қазақтың бүгінгі ұрпағының бойында әлгі кеселдің белгілері жоқ па екен?” деп ойланам. Аутизм деген – адамның іштей тұйықталуы. Не нәрсеге де өте самарқау, селқос қарауы. Қызығушылығы азаюы. Елімізде ұлы өзгерістер мен мәні зор алып істер жүзеге асып, қазақ елі қас-қағым сәтте әлемдік деңгейде сөз ететін мемлекетке айна­лып отырса да, кей қазақ “әй, соны қойшы, болса қайтеміз” деп шырт түкіріп отыра береді. Бұл не өзі? Осындай селқос мінез тіпті белгілі-белгілі тұлғалар арасында да аз емес. Бүгінгі мемлекет һәм қоғам қайраткерлері неге жарқылдап сөйлеп, ел алдына шығып, жақсы істің жаршысы болмайды? Бүгінгі де­путат мырзалар неге ел ішіне кіріп кетіп, бар­лық жақсылығымыз бен кемшілігімізді жалпақ тілмен түсіндіріп айтуға, түйіп айтуға құштар емес? Бүгінгі ақын-жазушылары­мыз­дың қаламы неліктен жаңа заман сәулетін, бүгінгі күш келбетін һәм қазіргі жас ұрпақ бойындағы алапат күшті сезімді көрсетуге кібіртіктеп қала береді? Алапат сезімді ақын Төлеген Айбергенов жазған екен: – О, Отан ағар арнамды менің терең бер, Сүйрермін алға, жатса егер іркіп кемеңді өр. Кемшілігіңді кешірмей айтсам, достарым, Мен үшін жаны ашымай тұр демеңдер!... Біздің де ойымызда осындай тілек тұр, дәл осы тектес жанашыр сөз кеудемізден сығалап қарайды. Қуана білейікші, ағайын! Ең болмаса бір-біріміздің жеткен жетістігіміз бен бітірген ісімізді көрген сәтте “жөн екен” деген жалғыз ауыз жылы сөзді айтуға болмас па! Қуана білу, біле-белсек, адам бойындағы ғаламат сезім ғой. Сол буырқанған сезімді неге соншалық тұншықтырып жүрміз? Берейік те бостандық!... Жолтай ЖҰМАТ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург.
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

18.11.2018

Солтүстік Қазақстанда өткен ел біріншілігінде Н. Жарылғапов «түйе палуан» атанды

18.11.2018

Солтүстік Қазақстанда «Қозыбаев оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

18.11.2018

Қор нарығы ел экономикасына серпін береді

18.11.2018

Қостанайда Батырбек Байназаровтың «Қобыз – аңыз» атты жеке концерті өтті

18.11.2018

Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

18.11.2018

Элизабет Тұрсынбаева Мәскеудегі турнирде үздік алтылыққа енді

18.11.2018

Қызылорда облысында МЖӘ бойынша екі спорт кешені ашылды

17.11.2018

Amazon мен Google-де жұмыс істейтін қазақстандықтарды елге шақыру керек - Атамекен ҰКП

17.11.2018

Павлодар облысында 370 жүргізуші мөлшерден артық жүк тасыған

17.11.2018

Павлодарда 524 полиция қызметкері пәтерге мұқтаж

17.11.2018

Дулат Қажанов: Оңтүстік тұрғындарын Күршімге шақырамыз

17.11.2018

Таразда Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті

17.11.2018

Қызылордадағы ЖКО: 29 адам ауруханада, 45-і үйіне оралды

17.11.2018

Қызылордада жолаушылар автобусы соқтығысты

17.11.2018

Атырауда балық шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды

17.11.2018

Астанада дзюдодан Қазақстан Чемпионаты өтті

17.11.2018

Таразда «Туған жерге туыңды тік!» форумы өтті

17.11.2018

Ақ Жайықтың жастарында жігер көп

17.11.2018

Оралда қоғамдық ұйымдардың VIII форумы өтті

17.11.2018

17 қарашаға арналған ауа райы болжамы

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Sheraǵań shertken sher

Qazaq jýrnalıstıkasynyń qara narlary Sherhan Murtaza men Kamal Smaıylovtyń «Egemendegi» hattary kezinde qoǵamdyq sanaǵa serpilis ákelgeni málim. «Qadirli Kamal Dos!», «Qadirmendi Sherhan!» dep bastap, el ómiriniń qaltarys-bultarystaǵy búkil problemasyn jipke tizip kórsetken, odan shyǵatyn jol izdegen eki tulǵanyń hattaryn qazir oqysań, alysty boljaı bilgen kóregendigine eriksiz tańǵalasyń. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sotqa silteı salý sán be?

Qara qyldy qaq jaryp, ádildikti aıtqan qazaq bıleriniń bılik qaǵıdasy: «Týra bıde týǵan joq, týǵandy bıde ıman joqqa» negiz­delgeni málim. Qasqaıyp turyp qamshysyn aldyna tastap: «Baı bolsań halqyńa paıdań tisin, batyr bolsań dushpanǵa naızań tısin. Baı bolyp paıdań tımese, batyr bolyp naızań tımese jurttan ala bóten úıiń kúısin» dep Áıteke bıdiń shamyrqanǵany, judyryqtaı jumylǵan Qazybek bıdiń Qońtajyny bılik aıtý kezegi tıgende: «Sózdi óńmenime suǵyp aıtqan kezde, eki ıyǵynan eki aıý aýzynan ot shashyp «typyr»» etshi, «kóreıin» dep turdy. Kórdińiz be, bılik aıtqan adam sózimen de kózimen de, susymen de yqtyra alady eken. Qazaq bıleri dala zańynyń oryndaýshylary bolǵan. Tek ádildikti tý etip kótergen onyń aldynda han da qara da birdeı jaýap bergen.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу