Мұрат АХМАДИЕВ: “МЕН ШӘКЕН АЙМАНОВТЫҢ ӨКІЛ БАЛАСЫМЫН”

Егемен Қазақстан
12.01.2010 1987
Шығыстың ән бедерін ерекше сазбен кестелеген “Дос-Мұқасан”, “Ялла”, “Айгүл” ансамбльдерінің атағына қанық жұрт бұл санатқа “Яшлык” ансамблін еш қымсынбай қосарына иманымыз кәміл. Жетпісінші жылдардың соңғы кезеңін оларсыз елестету мүмкін емес еді. Олар музыка мәдениетіне ғажайып құбылыс ретінде қосылып, мақамы тәтті әуезге ұласты. Бірімен бірі жарыса дүниеге келген өнердің жанартаулары шырқаған жырлар жастық пен махаббаттың шаттық үніне айналып, жарасымды жалғасып жатса да әрқайсынан төгілер шуақ пен құйылар қуат бөлек, бірінікін екіншісі мүлде қайталай алмастай сирек жауһарлар іспетті әсер қалдырды. Сол жан тербетер үлбіреген үндерге тамсанып, талай ұрпақ қиял қыранын Алатаудың асқақ шыңдарынан әріге асырып, мақсат-мұратына талпынған екен. Ғашық жүректер ғажайып бақтарда жапырақтай сыбдыр қағысыпты. Талай тағдырды тау етегін тамылжытқан уыз сезімдер табыстырыпты. Әр кезең ырғағынан сол уақыттың тыныс-тіршілігі мен болмыс бояуы көрінетіні ақиқат. Шынайы шырқалған жырлар мөлдір бұлақ секілді санаға үнемі тұнық сезім себелеп тұрады. Кіршіксіз әуенмен сусындаған жастар жанары да осынау тылсым құдіретпен үндес еді. Көбіміздің жадымызда есімі “Яшлык” ансамблінің белгілі әншісі болып сақталған Мұрат Ахмадиев өнерінің сондай сансыз жұлдыздар санатында екенін бүгін тағы бір мәрте ойымызға оралтуға тура келіп отыр. Міне, қолымызда Шәкен Аймановтың өкіл баласы атанған Мұрат Ахмадиевтің Абай Ескендіровпен бірге жақында “Қазығұрт” баспасынан жарық көрген “Қоңсы қонған қоңыр ел” атты кітабы. Мұқабасы тартымды екен. Парақтай бас­таған­нан сағыныш сандығына кез болған­дай, ішінен бұрын құлағымыз шалмаған небір қызық оқиғаларды бас алмай оқуға тура келген. Жұртқа әуелі өнерімен таныл­ған азаматтың бар сырын осы кітап алақан­дағыдай жая салған тәрізді. Аймановтың үйінде 3-4 жыл бірге тұрғаны, “Атамекен” фильміне қалай түскені, Елубай Өмірзақов­пен бірге бірі атасы, енді бірі немересі болып фильмде қатар ойнағаны, Қытайдың ұлы көсемі Мао Цзе Дунның оны осыдан елу бір жыл бұрын қолына алып, басынан асыра көтергені туралы әңгімелерді оқыған сәтте естелік соңынан еріксіз еріп отырасыз. Қазақстан халқы Ассамблеясын­­дағы, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланғаннан бергі атқарған қыруар істері жеткілікті қамтылыпты. Өнер иесінің бүкіл өмір жолы осы кітапта бастан-аяқ мүлтіксіз баяндалып қойыпты. Қайталауға қарсымыз. Енді не жазбақпыз деген ой келді. Кітаптан оқыған қызықты жәйттерді ысыра тұрып, оның өзімен әңгімелескенді жөн көрдік. – Мұрат Абдуреимұлы, өмірдің де, өнердің де біраз белесінен өттіңіз. Ақсақалдық жасқа жеттіңіз. Осы жаста адамның қандай күй кешетінін өзіңізше қалай пайымдар едіңіз? – Бұрын 60 жасқа келген адамды өзім кәдімгідей бүкіл ел ардақ тұтқан ақсақал бейнесінде қабылдайтынмын, ол өткен өмірдің көп бөлігіне ұқсайтын, оған дейін әлі бізге көп асудан өтуге тура келетіндей түйіле­тін. Сөйтсек, ол қол созым жерде ғана тұрған белес екен ғой. Бірақ мен өзімнің көңіл-күйімді оған қарағанда әлдеқайда сергек, сол баяғы “Яшлык” жыр­лаған жасыл қыраттарда күні бүгінге дейін жаным шалқып, ән бағын кешіп жүргендей сезінемін. Менің жаным мүлде қартаймаған сияқты. Әрине, толысу, өсу, кемелдену тұр­ғы­сынан келсек, бастан кешкен тағдырым жайында үзбей көп әңгіме айтып беруіме болады. Адамның ақыл-ойы, парасат-парқы туралы бір кездергі балаң байламдарым бүгін­­де бүтіндей басқа тұжы­рым­дармен тұрақ­талып, адами құндылық­тарға деген көзқарасым бастапқы кезде түйген кейбір ойларымнан терең арнаға бұрыла түскенін айқын сезінемін. Оқырман­ның қолындағы мына кітапта біраз мәселе­нің басын аздап шалып та өткен сияқты­­мын. Бірақ бұл ме­нің тағдырыма ерек­ше әсер етіп, өнеріме даң­ғыл жол ашып бер­ген, қазақтың небір майталман тұлғаларымен қоян-қолтық ара­ласуыма себепші болған абзал ағаның аруа­ғы­на тағзымым деңгейін­дегі дүние болған­дықтан, өмірдің өзге өрнектерін оған қосқан жоқпын. Жаныма маза бермей, санам­ды сабалаған сансыз ойлар лықсып күндердің бір күнінде өзі-ақ жарып шы­ғары­на кәміл сенемін. Ол дәл қазір отыра қалғанда әп-сәтте біте салатын оңай шаруа емес. – Өнерлі отбасы туралы айтарда “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген қанатты қағида жиі еске оралады. Сіздің өнеріңіздің тамыры да тереңде жатқанын, ата-анаңыздан бастау алатынын жұртшылық жақсы біледі. Және ол бақ біреуіңіздің ғана басыңызға қонып қоймай, отбасындағы төртеуіңізге түгел тиесілі болғаны үнемі қызықтырады. – Иә, отбасындағы төртеуміз де өнер жолын таңдадық. Інім Полат, қарындас­тарым Арзыкүл мен Гүлбахар ел-жұрттың ықыласына бөленген әзіз жандар. “Неліктен бәріңіз бұл жолды таңдадыңыздар?” деп сұрақ қоюдың өзі маған бір түрлі қисынсыз естіледі. Көзімді тырнап ашқалы бері өмірде көріп келе жатқаным сахна болса, балаң сезім сол сиқырлы үнге құлағын тоспай, қиялын осы биіктің заңғарында қалықтат­пай қалуы мүмкін бе? Үйімізге келіп-кетіп жүрген әртістердің бірінен ән, енді бірінен би үйреніп, кішкентай кезімізде біреу-міреу: “Келешекте кім бола­сың?” деп қапелімде сұрай қалса, әке-шеше­міз алдын-ала әдейі ескертіп қойғандай бәріміз бірдей: “Есей­ген­де әртіс боламыз” деу­ші едік-ау. Расымен, біріміз актер, екіншіміз музыкант, әнші болып, өміріміз бүтін­дей өнерге арналғанын бүгінде мақ­таныш сезіммен айтамын. 2007 жылға дейін тапжылмай осы салаға қызмет еттім. Әнді он төрт жасымнан бастап айттым. Қазақстан телеарнасы сол жылдары өзінің алғашқы концерттік бағдарламасынан фильм дайын­дағаны есімде. Осы қор арқылы кейін менің үнім әлемнің бірталай елдеріне тарады. Жұрт мені “Қазақстандық Робертино Лоррети” деп атап кетті. Ләзиза Аймашева есімді диктор апамыз болды. Сол кісінің өзі бұл фильмді сонау Америка, Канада сияқты шалғайдағы мемлекеттердің жұртшылығы таңдана тама­ша­­­лаға­нын қуана айтып келгенін ұмыт­пай­мын. Содан кейін іле-шала мектепте оқып жүргенімде екі фильмге түстім. Оның бірі – В.Куроч­­кин­нің “О чем молчала Тайга” фильмін­де хакас баласы Алешаның рөлін сомдасам, екіншісі Шәкен Аймановтың “Атамекен” фильмінде сахна өнерінің саңлағы Елубай Өмірзақов ойнаған шалдың немересі Баянның бейнесін бедерледім. Бұл менің өмірімдегі ең бір ұмы­тыл­мас кезең болды. Осы фильм арқылы көп адаммен таныстым. Елубай Өмірзақовпен бір жыл бойы фильмге түсу бақытына ие болған адаммын. Қазақ­стан­ның халық әртісі Юрий Померанцевпен өнер соқпағында жолымыз тоғысты. Фильм авторы, көрнекті ақын Олжас Сүлейменов­пен сонда танысқаным өз алдына бір хикая. Оның музыкасын жазған композитор, халық әртісі Еркеғали Рах­мадиев ағамызбен таныстым. Қысқасы, бір туынды арқылы аттары аңыздай өнердің небір айтулы өкіл­дерімен қауышу қуаны­шын өмірдегі ешқандай қызыққа айырбас­тамаймын. Шәкен ағам мені ата-анамнан өзі сұрап алып кеткен болатын. Ол кісінің үйінде 3-4 жыл бірге тұрғаным бүгінде біреу сенсе, біреу нанбайтын қымбат сәттерім. Тіпті мен Шәкен ағаның баласы сияқты болып кеттім десем, артық айтпаймын. – Есіміңізді мұқым жұртқа етене танытқан “Яшлык” ансамбліне дейін қайда болдыңыз, немен айналыстыңыз десек, ойыңызды бөліп жібермейміз бе? – Мұнан кейін консерваторияда оқы­дым. Отан алдындағы борышын өтеген сандаған сарбаздар санатында мына отырған пақырыңыз да болғаны рас. Ұйғыр театрына келдім. Оның алдында студенттердің “Арман” атты ансамблін құрған болатын­быз. Онда өнер көрсеткен жігіттердің бәрі бүгінде бір-бір кәсіптің білгір иелеріне айналған. Солардың арасында Қазақстан­ның халық әртісі, белгілі дирижер, марқұм Төлепберген Әбдірашев болған еді. Ол ансамбльде соқпалы музыкалық аспапта ойнады. Бір жыл осы ұжымда онымен бірге жүрген кездерімді кейде сағына еске ала­мын. “Яшлык” ансамблі осылайша біраз тәжірибе жинақталғаннан кейін құрылған ұжым. Оның көркемдік жетекшісі бола жүріп өзім жеке кәсіби шеберлігімді шыңда­дым, әніме халқым ұйыды. Өз өнеріңмен жұрттың көңіліне шаттық сезімін ұялатқан­нан артық тағы қандай бақыт болуы мүм­кін? Сансыз тағдырлардың ішінен Жарат­қан­ның таңдап тек бір адамның ғана маң­дайына бұйыртқан бақ құсы болса, ол құс менің бағыма келіп қонғандай сыр түйемін. 25 жыл ұйғыр музыкалық драма театрын басқардым. Театр деген аты болмаса, бұл ұйғыр ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұр­пын, мәдениеті мен өнерін сарқа қамтитын, ұлттық құндылықтарды тұтас құрайтын синтездік ұжым дер едім. Іші – қайнаған қазына. Ұйғыр мәдениетінің тұлғалық тұғыры деп атауға болады. – Өнеріңізді жалғастырған жас әнші­лердің де ел арасындағы даңқы өзіңіздікінен бір де кем емес. Оларға бағыт-бағдар сілтеп отырасыз ба? – Алғашқы жарымнан Дильназ бен Дильшат туылса, қазіргі әйелім Гүлбахрам маған тағы бір ұл, бір қыз сыйлады. Қазір Дильназдың өнердегі жетістіктері қуантады. Шет мемлекеттерде өнер көрсетіп жүр. Бірақ қай сахнада ән салса да туған жердің атынан, Қазақстан эстрадасының намыс туын жықпауға атсалысып жүрген жайы бар. Ал Дильшатқа келсем, сахна сахарасында үнемі жаймашуақ сәттер салтанат құрып тұрса, ауыр мен жеңілдің, асыл мен ажы­рық­тың аражігін қалай ажыратып алар едік. Сондықтан бұл жақтың аспанында найзағай ойнайтын шақтар да, көктегі шоқ жұлдыз­дар орнына қою бұлт қаптайтын көлеңкелі кездер де аз кездеспейді. Дильшаттың қазір әншілік өнері дәл солай сәл саябырсып тұр­ған шағы. Бұрын менің бала-шағамды көр­генде білетін жұрт: “Бұл Мұрат Ахмадиевтің қызы мен баласы ғой” деп менің даңқым­мен олардың мәртебесі өсіп жатса, қазір керісінше, мені жұртшылық “Дильназ бен Дильшаттың әкесі” деп таниды. Әулетіңнің өнерін ұрпағың осылай жарасымды жалғап жатқаны қандай ғажап. Қазір олардың атымен менің төбем көкке тиіп жүр. – Қазіргі жастардың өнеріне көңіліңіз тола ма? – Заманмен бірге талғам мен талаптың қатар өсуі заңдылық қой. Өз басым жарқ еткен жаңа нәрсеге қатты қуанып отырамын. Ө­згермейтін ештеңе жоқ. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ қашан да өнердегі бір нәрсе сол қалпында қалса екен деп тілеймін. Ол – өнердің шынайылығы. Бұл сала жасандылық пен жалған жалауды жек көреді. Неғұрлым шынайы бола түскен сайын халық та оны соғұрлым жанына жақын тұтады. Қазір кино болсын, ән болсын, өнердің қай саласы болсын осы жағынан әлі де көбірек ақсап жатқанына қынжыласың. Дәстүр, шынайы үн болмай өмір шындығы байыпты баян­дал­майды. Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев әндерін айтқан сайын айта түскің келіп тұрады. Қазіргі әндердің көбін біраз уақыт тыңдағаннан кейін қайта естуге зауқың соқпауы мүмкін. Мәселен, бұрын түсірілген фильмдерге де осылай үңілемін. Әрине, ол уақыттағы техникалық жабдықтар нашар болған шығар, кей тұстар сүреңсіз көрінуі мүмкін, ал бірақ олардың артық­шы­лығы шы­найы­лығында болып қала береді. Мы­салы, “Алдаркөсе” фильмін көру­ден жа­лық­паймын. Неге? Актерлер ойыны наным­ды, жалықтыратын жалғандық пен жасан­дылық жоқтық қасы. Қазіргі фильм­дерде Еуропаға, Батысқа еліктеу басым. Ре­сей кино­­сының өзі Американың ығына жы­ғы­лып барады. Қай фильмін көрсең де атыс-шабыс, қанға боялып, бір-бірін жо­йып, жұ­тып жатқан бірдеңе. Өмірде жақсы атау­лы­дан түк із қалмаған екен деген ойға қала­сың. Біз де сол бағытты бетке алып бара жат­­қан сияқтымыз. Ресей киносына еліктеу­деміз. Тағы бір маңызды мәселені айта кетпей болмайды. Кей ауылдардың мәдениет үйлері бар болғанмен, жұмыстары жөнді жүріп жатқан жоқ. Біразында ол мүлде жұмыс істемейді, кейбірі қираған, қисайған күйінде қалған. Штаты белгіленбеген, кадр жетіспей жатқан жерлерге де куә болдым. Рас, мұндай жәйт барлық ауылда жаппай орын алған демейміз. Түтіні түзу ұшып жатқан­дарын да көрдік. Оған бәрекелді, ал анау шаруасын дөгелентіп әкете алмай жатқан­дары­на қандай қолдау көрсету керек? Олар­ды іске қосудың қандай тетіктері бар, міне, осы бүгінгі күннің өте бір ащы да болса ашық сынына өз жанайқайымды білдіргім келеді. Себебі, таланттың көзі ауылда жатыр. Ауылды тұншықтыру – шын талантты қолмен көмумен бара-бар әрекет. Көбіміз ауылдан келген жоқпыз ба? Және ауылдағылар жүз пайыз қазақша сөйлейді. Сондықтан ауылда көрсетілетін фильмдерді дубляж жасату жағын да қаперде ұстағанымыз абзал. Өнерге еш қатысы жоқ адамды алып келіп облыстағы не аудандағы мәдениет саласының кілтін қолына ұстата салсақ, бұрауын білмей сындырып, опық жегізбей ме? Сол үшін кадр мәселесіндегі олқылықты жоюымыз керек. Мұндай керағар мысалдар жер-жерден табылып қалады. Өз кәсібін білмейтін адамды басшы етіп қоюға болмайтын маңызды үш сала бар. Ол – денсаулық, білім және мәдениет саласы. Осы үшеуі бөтен адамның қолына түспеуі керек, бұларға сыбайластықпен, тамыр-таныспен басшы келсе, күйретеді. Мәдениетте бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұрады емес пе? Шын талантты сахна танытады. Жұрттың көз алдында өтіп жатқан өмірге сен ештеңені ойдан қоса алмайсың, бояуын өзгерту қиын. – Бұрыннан бұзылмай сақталынып келе жатқан отбасылық дәстүрлеріңіз бар ма? – Бар, бұл дәстүр менің әке-шешемнің ошағынан үзілмеген үрдіс деуіме болады. Қазақ халқында қонақжайлық деген тамаша дәстүр бар ғой. Сол сияқты біздің отбасы­лық дәстүріміз сол меймандостыққа тым жақын. Үйге келген адамды риза көңілмен шығарып салу, төрден орын сайлап, барлық сый-сыяпатымызды аямай жасап, келген қонақты есіктен кіргізгеннен сыртқа ұзатып салғанға дейінгі атқарылар шараларды мінсіз тындыру міндетіміз еді. Өзіміз жемесек жемейік, бірақ үйдегі барды әке-шешем қонағына тосып бағатын. Сол дәстүрді өзім де берік сақтаймын. Қонағыма көл-көсірмін. Төртеуміздің отбасымыз да осы дәстүрге адал қалпымыздан айнымай келеміз. – Отбасында қазір нешеусіздер? – Жеті жыл бұрын жаңа отбасын құрған болатынмын. Содан дүниеге келген балам­ның алды жетіде, ал кейінгісі бес жаста. Ұлымды әкемнің рухы мәңгі демеп жүргей деген ырыммен Абдуреим десем, қызыма Дильназға ұқсатып Диас деп ат қойдым. Ұлым қазақ мектебінде оқиды, қызым да қазақ балабақшасында. Олар да біздің әлгі ата-анамыздан қалған дәстүрді жалғас­тырарына иманым кәміл. Үйге қонақ келсе, кәдімгі ұлан-асыр мерекеге айналып кетеді. Адам келе берсе екен деп тілейді. Пейіл­деріне қуанамын. – Парламент Мәжілісінің депутаты болу әрине, оңай қызмет емес екенін білеміз. Бірақ өнер адамы үшін кәсібі мәңгілік нәсібі ғой. Анда-санда ән салып та тұратын шығарсыз? –             Театрдың директоры болып жүрген­де көп ән сала қоймағаным рас. Бірақ “Яшлык” ансамблінің алғашқы құрамының мерекелік, мерейтойлық концерттерінде ән салып жүрдім. Осыған байланысты бір қызық жәйт есіме түсті. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бір күні телефон соқты: “Театр директоры болып қызмет істейтініңіз өз алдына, бірақ халық сізді ең алдымен әнші ретінде жақсы біледі. Жақында бір топ өнер шеберлері Катарға сапар шеккелі жатыр. Жолға дайындалыңыз. Ән айтасыз”, деп күтпеген жерден ұсыныс айтты. Не істеймін? Ән жаз­бай, театр ісімен бас қатып кеткелі едәуір уақыт өткен, жүрегім дауаламай, бірақ ақыры сол жолы “Райхон” деген жаңа әнім дүниеге келді. Әнді араб ырғағына жақын­датып жазған едім. Бұл ән сол сапардан зор табыспен оралды. Катар халқы разы болды. Бүгінде мұндағы ұйғырлардың ең таңдаулы әніне айналған. Өнер адамын ұдайы қам­шы­лап отырмаса, біртіндеп кәсібінен ал­шақ­тап қалуы да қиын емес екенін сол уақытта көрдім. Сол үшін өнер адамына мұн­дай қолқа салулар керек-ақ екен. Осыдан кейін Алматы мен Астанада, кейбір облыс орталықтарында жеке есеп беру концерттерім өтті. – “Яшлык” ансамблінің бастапқы құрамында өнер көрсеткен әріптестеріңіз қайда жүр? – Ахмет Шамиев деген атақты әртістің баласы Ялхунжан Шамиев бүгінде ұйғыр драма театрының бас режиссері. Махмут Бараев есімді азамат театрдың белді әртіс­терінің бірі, жақында екінші дәрежелі “Дос­тық” орденімен марапатталды. Марат Мамет­бакиев ол да қазір театрдың белгілі әншісі. Қаһарман Иминов – композитор. Былтыр ансамбль құрылғанына 35 жыл толған мерейтойын атап өтті. Осы шараға мен де қатыстым. Бізден кейін “Яшлык” ансамблі төрт ұрпақты өсірді. Төртінші буынның ішінде ұлым Дильшат болды. Қазір олар жастарды жинап, бесінші буын­ды тәрбиелеп жатыр. Бірақ біз ұжымның кез келген шарасына шақырса дайынбыз. – Театр директоры болып қызмет істеген кезіңізде қандай қиындықты бастан кештіңіз? – Бірінші қиындық 1934 жылы қамыстан салынған ғимаратын бұзып, орнына заманауи театр үйін салу болды. Бір қараған адам мынау өзі немене деп шошып кетуі де мүмкін, театрға мүлде ұқсамайтын жай еді. Алдыма мақсат қойдым. Қалайда театрдың жайын жаңғырту керек. Соның соңында жеті жыл жүгіріппін. Отанымызда ақша жоқ, құрылыс тоқтап қалған нағыз қиын-қыстау жылдар еді. Соны білсем де отырып алып Президентке хат жазамын ғой. Біреулер маған “Үкімет зейнет­керлерге ақша таба алмай жатқан кезде мұның не сенің?” деп сыртымнан сөгіп те сөз сөйле­ді. Бірақ алған бетімнен мен қайтар емеспін. Сөйтіп жүргенде қуанышты хабар келді. Президент ұсынысымызды қолдап, қол қойып­ты. Жүре­гім жарылып кете жаздаған. Алғаш рет әжептәуір қаржыға қол жеткенде үйімізге кете алмай қалдық. Әлгі ескі үйді өз қолы­мыз­бен бұзғанымыз ойыма оралса әліге дейін шеке тамырым солқылдайды. Жан жақтан демеушілер табылды. Парламенттен қолдау көрдік. Үкімет көмектесті. Сөйтіп, “Көп түкірсе – көл” демекші, жәмиғатпен жабыла 2002 жылы 1-ші қазанда жаңа театр ғимаратының ашылу рәсіміне Елбасын ша­қыр­дық. Президент келіп, театр ұжымының өнерін тамашалады, қазақ пен ұйғыр арасын­да талайдан орныққан татулық пен достықтың тамаша үлгілері туралы әңгіме­леді. Мен өзі туған күнімді жылда 1 қазанда атап өтемін. – Неге? Туған күніңіз 12 қаңтар емес пе? – Бір жасқа толар-толмас шағымда әке-шешем мені өздерімен бірге үлкен бір шараға апарады. Ата-анам бұрын Қытайда тұрған. Екеуі әртіс ретінде әлгі мерекелік шараға қатысады. Үстел жаюлы. Демін іштеріне жұтып жұрт Мао Цзе Дунды күтіп тұр. Қытай басшысы кіреді. Қолына рюмкасын ұстап, жұртқа сөзін енді айтайын дегенде мен шыңғырып қоя берген көрінемін. Ол менің дауысым шыққан жаққа қарай аяңдапты. Әке-шешем не істерін білмей, шарасыз хал кешеді. Содан Мао Цзе Дун бір қолына рюмкасын ұстап, екінші қолымен мені басынан асыра жоғары көтеріп тамаша тост айтыпты. Әке-шешем үшін менің туған күнім содан былай бірінші қазан болып қалыпты. Күні кешеге дейін туған күнімді 1 қазанда атап өтіп келдім. Парламент партасына отырғалы бері туған күнім өзімнің бұрынғы құжатымдағы шын туған күнім бойынша аталып өтуде. – Алда қандай жоспарларыңыз бар? – Ән альбомымды шығарғым келеді. Автобиографиялық естеліктер жазып жатыр­мын. Оның қай уақытта бітері белгісіз. Қызым Дильназ көп альбом шығарған, енді осы жылы қазақ ән альбомын шығармақ, соған қолұшымды беремін. Ол біткен соң, ағылшынша альбомын бастырмақ. Осылар­ды бір жақты етіп реттеген соң ұйғырша әндерден бірге альбом шығару ойымызда бар. Біз бұрын айта алмаған әндерді жинап, теріп, халық әндеріне біраз бет бұрса деген жоба ғой. Қазір оның жеке продюсерлік орта­лығы бар. Америкада екі жыл стажировкадан өтіп келді. – Қазіргі кішкентай ұлыңыз бен қызыңыздың өнер жолын таңдағанын қалар ма едіңіз? – Жоқ, мен олар басқа саланы таңдаса, келешекте білікті, білімді азамат болып өссе екен деймін. Олар осында мәңгі астаналық болып қалса деп армандаймын. – Достарыңыз көп пе? – Бұл жаста адамның жанында тек адал достар ғана қалады екен. Мен кезінде жанымдағы қимас достар деп жүрген кей пақырлар кейін сыртымнан тас атқанын да көрдім. Олардың біразының баспаналы болуына көмектесіп едім, кейбіріне жер алып беруге қолұшымды бердім. Ешбірінен жәрдемімді аяп қалған жоқпын. Бірақ сол дос деп жүргендерімнің кейін сыртымнан қалай сыбап жүргендерін көргенде жүрегім қарс айрылды. Адамдар неге бір-бірін мұншалық ренжітеді деп көп қиналдым. Атам марқұм айтып еді: “Достарды жас кезіңде дұрыстап таңда. Адамды қартайған кезде достың сатып кеткені қиын болады” деп. Бірақ 35 жыл арамыз ажырамаған бір адал досым бар. Қазір Астанада тұрады. Бір қызығы, екеуміз де осы орынға кандидат болғанбыз. Одан “Сіз кімді Парламент Мәжілісіне депутат болуға лайық деп ойлай­сыз? ” деп сұрамай ма, сөйтсе ол мені айта­ды, маған да сол сұрақ қойылады. Мен оның атын атаппын. Аты – Исрапул Сат­таров. Ол да көп қызметтер атқарған. Бір-бірімізді біраз уақыт көрмей жүруіміз мүмкін, бірақ арамыз ешқашан суып көрмепті. – Әр адамның өзінің бір қолы қалт еткенде айналысатын ісі болады. Сіз немен айналысқанды ұнатасыз? – Менің уақытым болса отбасымда өткіземін. Тамақты өте жақсы жасаймын. Қол­мен лагман созамын. Тоқимын. Қарын­дасыма, әйеліме, қызыма көйлек тоқып берген кезім болған. Бірақ қазір тоқымай­мын, оған уақыт жоқ. – Өзіңізді дәулетті адамдар қатарына жатқызасыз ба? – Кедей де, орташа да, бай да емеспін, бірақ осы қазіргі өміріме Құдайға шүкір деймін. Қонағымды ойдағыдай күтіп алып, шығарып салуға жағдайым жетеді. Бала-шағаммен бір жаққа демалып қайтуға мүмкіндігім бар. Жақында мәшине сатып алдым. Несием наурызда бітеді. Енді ол біткен соң, балаларым елордада тұруы үшін пәтерге несие алсам ба деймін. Артық дүние жиған адам емеспін. – Миллионер болсаңыз не істер едіңіз? – Егер қалтамда ондай ақша болса қаңғып жүрген баспанасыз, тағдыр тәлкегіне ұшыраған, ішкіліктің соңына түсіп кеткен мүсәпір жандарға арнайы емдеу орталығын салуға қолғабысымды тигізер едім. Тастанды балалар проблемасын шешуге көмектесемін. – Зейнет демалысына шыққанда немен шұғылданамын деп ойлайсыз? – Өзімнің азғантай бір жерім болса, сол жерге қарасам, түрлі бақша ексем, одан алынған өнімді бала-шағама таттырсам деп армандаймын. “Армансыз адам – қанатсыз құс” деген ғой. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

25.09.2018

«Тәтті» үшін тартыс

25.09.2018

Ресми бөлім (25.09.2015)

24.09.2018

FIFA-2018 марапаттау рәсімінде Роналду болмайды

24.09.2018

Ұлы Дала Еліне саяхат — «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция Таразға келді

24.09.2018

«Егемен академиясының» жаңа маусымына тіркелу басталды

24.09.2018

Мақтаарал құрылыс саласымен де танымал болмақ

24.09.2018

Атырауда «Тау тұлғалы Таумыш» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

24.09.2018

Ақмола облысында мемлекеттік қызмет мектебін ашылды

24.09.2018

Алматыда III Baikonyr Short Film Festivalдің жабылу салтанаты өтті

24.09.2018

Ақтөбелік полицейлер Агенттіктің «Пара алма!» үндеуіне құлақ асуда

24.09.2018

Қыздар Университетінің студенттері республикалық турнирдің жеңімпазы атанды

24.09.2018

Талдықорған қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

24.09.2018

25 қыркүйекте Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді

24.09.2018

Ақтауға үлкен футбол оралды

24.09.2018

Үш дзюдошымыз да алғашқы айналымда ұтылды

24.09.2018

Оралда бокстан халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды

24.09.2018

Қазақстанда ұшақ билеттері арзандауы мүмкін

24.09.2018

Қазақстанда 14 миллион тоннаға жуық астық жиналды

24.09.2018

«Түн құдайы» фильмі Парижде өткен ретроспектива барысында көрсетілді

24.09.2018

Универсиада алауы Алматы арқылы өтті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Асан Мирас,

Ulaǵat pen muraǵat

Qaıǵyly ólimi qalyń jurttyń qabyrǵasyn qaıystyryp, qyrshyn ǵumyry qıylǵan óner, mádenıet, sport sańlaqtary qaı ultta bolsyn az emes. Ondaı has talanttardy halyq eshqashan umytpaıdy. Talanttardyń fánıdegi taǵdyry kelte bolǵanymen, halyqtyń júregi men jadyndaǵy ǵumyryn myńjyldyqtarmen ólsheýge bolady. Aıtalyq, áıgili grek ańyzyndaǵy aıbyndy batyrlar Ahılles pen Gektordyń esimderi dáýirlerden dáýirlerge kóshe júrip, ult sanasynda jarqyrap ǵumyr keshýde. Ańyzdyń epıloginde aıtylǵandaı, keıingi urpaq tıtandardy máńgi eske tutatyn bolady. Tipti, grektiń búkil tarıhy áli kúnge deıin ataqty Gektor men Ahıll shaıqasyna baılanysty óriledi. Biz muny nege aıtyp otyrmyz? Qaı ult bolmasyn, esimi elge eleýli tulǵalaryn este qaldyrýdyń esti joldaryn ustanady. Qazaq tarıhyn aqtarsaq ta, ádebıet betterin paraqtasaq ta túrli klassıkalyq joqtaý úlgilerine jolyǵatynymyz sózsiz. Joǵarydaǵy dańqty grek batyry Ahıllestiń de atyn aqıqatqa bergisiz asqaqtatqan áıgili Gomer abyz. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qasiet pen qasiret

«Dánikkennen qunyqqan jaman» degen sózge mán bersek, munda úlken fılosofııalyq maǵyna bar. Táýba, bireý bireýden nan surap jeıtin zaman emes qazir. Toqshylyq zaman. О́zimizdi qoı ústine boztorǵaı jumyrtqalaǵan barshylyqta, etek-jeńniń keń kezinde dúnıege kelgen, zárýlik kúıin sezinbeı ósken urpaqqa balaımyz. Dastarqannan nan, maı, qant, sút, qaımaq eshqashan úzilgen emes. Sonymyzben baı sanalmasaq ta, bardyń sanatynan bolatynbyz... Qudaı saqtaı gór, taǵamǵa talǵam-talabymyzdyń sharyqtap ósip ketkeni sonshalyq keıde dastarqannan búginde nan qoıylatyn bos oryn tappaı qınalatynymyz ras. Sóıte tura, toqshylyq zamanda ómir súrip jatqanymyzdy sezinbeıtinimiz jaman. Moıyndaǵymyz kelmeıtini qorqynyshty. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу