Мырзатай Жолдасбеков. Күндерімнің куәсі

Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, аса ірі түріктанушы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің күнделіктерін қазақ өмірінің айнасы, тәуелсіздік шежіресі десе де болады.
Егемен Қазақстан
31.03.2017 4126
2

Автордың 1993-1996 жылдар арасын қамтитын күнделіктері «Елшінің күнделігінен» деген атпен 1997 жылы «Ел тағдыры – ер тағдыры» дейтін кітабында жарияланған болатын. Одан кейін «Күндерімнің куәсі» (2007), «Күнделік сөйлейді» (2010), «Күндерімнің куәсі» (2012, екі том), деп аталатын күнделік кітаптары жарық көрді. 

Қолыңыздағы «Күндерімнің куәсі» – сол күнделіктердің жалғасы, 2012-2016 жылдар арасын қамтиды. 

Күнделіктердің бәрінде де автор ел тарихы, ел тағдыры, тәуелсіздік тағылымы, заман, қоғам, адам туралы; өмір, адамгершілік, кісілік туралы; жер, дін, тіл туралы терең тебіренеді, оқушысымен сырласады.

27.05.2012

Күнделік жазбағалы бір қымбатымды жоғалтқандай күй кештім. Сырласымнан, жақынымнан, мұңдасымнан айырылғандай болдым. Сөйтіп бүгін қолыма қайта қалам алдым. Күнделікпен қайта табыстым.

Менің «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» деген шығармашылық кешім жексенбі күні сағат 15:00-де өтті. Демалыс күні, жұрт келе ме, келмей ме деп уайымдап едім. Оным бекер болды. Халық сағат екіден бастап театрға ағылып келіп жатты. Оған Астана қаласы әкімшілігінің көшеге ілген жарнамалары да себепші болды-ау деймін. Сағат үште театр лық толды. Сыймағандары фойеде тұрып, есікті ашып қоюды өтініпті. Мұны маған кештен соң театрдың директоры Төлеубек Әлпиев айтты.

Кешім ойдағыдай өтті. Еліміздің белгілі әншілері Гүлмира Сарина, Досымжан Таңатаров, Клара Төленбаева, Эльмира Жаңабергенова, Ардақ Балажанова, Гүлзира Бөкейханқызы, Жазыгүл Данылбаевалар менің әндерімді, анамның әндерін орындады. Әдебиетіміздің ақсақалы Серік Қирабаев ағам ағынан жарылып, тебіреніп сөз сөйледі.

Менің домбыра жинайтын да әдетім бар. Белгілі шеберлердің қолынан шыққан оннан аса домбырам бар. Оларды үкілеп ұстаймын. Кеште сахнаға үкілі домбыраның жетеуін шығарып, оларды Секен Тұрысбек, Жанғали Жүзбаев, Тұрар Әліпбаев, Нүркен Әшірев, Ақбота Тұрымбетова секілді белгілі күйшілер тартты.

Менің де күйлерім, маған арналған күйлер де орындалды. Тағылымды, жұртты ойландырған, толғандырған кеш болды. Осыған қуандым. 

Халық – қозғаушың, қуатың, қолдаушың, қамқоршың. Халықтан асқан күш, құдырет бар ма, халыққа ұнаса болғаны. Әйтпесе, билікте жүргендердің ішінде әнмен де, күймен де, жырмен де, өнермен де ісі жоқтар толып жатыр.

Театрда өткен кештен соң, Салтанат сарайындағы дастарханға жиналдық. Қайрат Мәми, Нұртай Әбіқаев, Өмірзақ Шөкеев бастаған інілерім түгел келді. Серік Қирабаев аға Алматыдан арнайы келіп бата берді. Ол кісінің театрдағы ақ адал жүректен шыққан сөзі халыққа қатты ұнады. 

Сол күні телефон соғып Елбасы құттықтады.

75 жылдығымды өткізуге атсалысқан, үлес қосқан, ниет білдірген, қызмет еткен іні-қарындастарымның бәріне шын жүрегімнен алғысымды білдірдім. От бастары аман, дендері сау, жастары ұзақ, мәртебелері биік болсын. Жақтары түспей жамандық көрмесін. Маған жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын, алдарынан шықсын. 

Жетпіске толғанымдағыдай, жетпіс бес жылдыққа да көп мақала жазылды, өлең арналды. Мерейтой болған соң, марапат сөз айтыла береді ғой, сондай болармыз, болмаспыз, көпшіліктің пейілінен, ықыласынан айналдым.

75 жылдыққа 7 том жинағым, Пекиннің ұлттар баспасынан «Асылдарым» дейтін кітабым шықты. Театрдағы кітап көрмесіне олар да қойылды. Мәскеуден «Дүние шіркін» дейтін дискім шықты.

12.02.2013 

Күнделіктің бетін ашып, қолыма қалам алмағалы, күнделік жазбағалы сегіз жарым ай болыпты. Неге екенін білмеймін, күнде ертеңмен осынша уақыттың өткенін сезбей де қалыппын. Жамбыл атам әңгіме қылатын жалқауға ұқсап кеттім. Өзімнен өзім ұялдым.

Сөйтіп, өмірімнің сегіз айдан астам уақыты күнделік бетіне түспей қалды. Содан бері талай таң атты, күн батты. Жаз өтті, күз өтті. Қылышын сүйретіп қыс келді. Мұз қатты. Қар қалың жауды. Сақылдаған сары шұнақ аязды күндер де көп болды. «Желтоқсанның 22-күні ақырзаман болады» дейтін сөз де елдің үрейін алып бітті. Басқаны қайдам, мен осыған сенгенім жоқ. Бір күнде күн сөніп, тіршілік жойылуы мүмкін бе? Соның болатынын дәлелдеп сұңқылдаған «ғалымпаздар» да аз болған жоқ.

Жазда, қолқа салып шақыра берген соң, Айман Мұсақожаева басқарып отырған Ұлттық өнер университетінің Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтына директор болып қызметке бардым. Қасыма мамандарды жинап, бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Біздің жастар ұлтының тарихын, халқының дәстүрлі мәдениетінің тарихын білмейді. Сол кемшіліктің орнын  толтырмаққа 25 томдық қазақ өнерінің антологиясын шығаруды қолға алдық. Бұл бір игілікті іс болады деп ойлаймын.

Күздің басында Алматыдағы Ұлттық кітапханада жеті томдық еңбектерімнің жинағының тұсаукесерін өткізіп қайттық.

Күнделік жазбаған сегіз айда елде де, әлемде де талай оқиғалар болды. Солардың ең елеулілері: Путин – Россияға, Обама – АҚШ-қа президент болып қайта сайланды. Президент Н. Назарбаев Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында қақаған аязбен арпалысып, ақырзаман болады деп елдің үрейі қашып жүрген тұста әлі де құрылысы аяқталып бітпеген Астана-Опера театрында халыққа 2050 стратегиялық дамуының жоспарын жариялады. Президенттің барлық Үндеуін тарихи дейміз ғой, 1997 жылғы 2030 Стратегиясын жариялаған жолдаудан кейінгі шын тарихи жолдау осы – еліміздің дамуын айқындаған 2050 Стратегиясы болды. Бұл, расында да, қазаққа, ұлттың келешегіне арналған даму болды. 2025 жылы еліміз тегіс мемлекеттік тілге көшеді, латын әліппесі қабылданады, Қазақстан Қазақ елі деп аталады. Сөйтіп, қазақ халқы бағы замандардан бабалар аңсаған мәңгі елге қадам басады. Бәріміздің де арманымыз осы еді. Баянды болсын.

13.02.2013  

Біз патриоттық тәрбие туралы көп айтамыз. Сөз көп. Іс аз. Жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге септігі тиеді деп, 2001 жылы қаражат жинап Отан, туған жер жайлы аталы сөздің бағы заманнан бергі басын қосып «Кіндігімді кескен жұрт» деген жинақ шығарған едім.

Назарбаев соңғы жолдауында жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген екен. Осыны ескеріп, Білім және ғылым министрі  Б.Жұмағұлов інімізден ақша сұрадым. Берді. Енді сол жинақты толықтырып қайта шығармақпын. Дайын болып қалды.

Және де біздің жастарымыздың ата тарихын біле бермейтіндігін ескеріп, Қойшығара, Ақселеу үшеуіміз 2001 жылы «Елтұтқа» деген ел тұлғалары жайында кітап шығарған едік. Ол оқу құралы ретінде қолдан түспейтін, іздесе таптырмайтын кітапқа айналды. Министр інім берген ақшаға «Елтұтқаны» да толықтырып қайта шығармақпын. Бұл кітап та әзір болып қалды.

14.02.2013

Сағат 11-де «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Тарихи сана» атты хабарға қатыстым. Сөз сөйледім, салиқалы, пайдалы әңгіме болды. Түптеп келгенде әңгіме келешек жастардың тарихи санасын тәрбиелеу жайында болды. Әрқалай ұсыныстар айтылды.

Жастардың дені өз ұлтының тарихын, озық өнегесін, игі дәстүрлерін біле бермейді. Шетелге еліктеу басым. Әндердің де, сөзінің де берекесі кетіп барады. «Гангам стайлға» аласұрып билейтіндер көбейді. Соны бір қазақ «жанған стайл» деп айта бастапты. Жұрт бір жылдан бері тойда да, ойда да «Қызыл өрікке» билеп есі кетуде. Таяуда «Кентал» деген тағы бірдеңе шығарыпты. Бүкіл әнде үш-ақ сөйлем бар көрінеді. «Бірлік болсын әлемде, Бірлік болсын елімде. Аман бол, халқым». Сөйтіп, кейінгі шыққан жылайман «әндер», берекесіз, құны жоқ әндер жастардың санасын улап барады.

Осыған орай бір әңгіме еске түседі: Шығыс Еуропа елдерін жаулап алғаннан соң, нөкерлері Гитлерден:

-  Талай елді жаулап кетіп барамыз. Ол елдерді қайтып ұстап тұрамыз, – деп сұраған екен. Сонда Гитлер:

-  Күні-түні музыканы қойып қойыңдар, халық өзінен өзі жынды болады,– деген екен. Әлігі мән-мағынасы, берекесі жоқ әндерді шығарып жүргендердің де ойы жастарды адастыру, жұртты жынды қылу емес пе екен деген ой келеді.

Тарихи сананы қалыптастыру үшін Ұлы Даланың тарихын, дәстүрін ұрпақ санасына сіңіру керек. Тарихи сананы қалыптастыратын тұлғаларды қадірлей білу керек. Тарихты тұлғалар жасайды – қазақ тарихына қатысты тұлғаларды жастарға оқыту керек. Абылайдың 300 жылдығы аталмай жатыр. Бұл тарихқа әділетсіздік. Тарихи санаға қатысты әңгімеде осы ойларымды ортаға салдым.

Келесі жылды «Тарих жылы» деп жарияласа да жөн-ақ болар еді. «Хабар» арнасында бас қосып, жырау, жыршылар, дәстүрлі өнердің тағдыры, келешегі жайында әңгіме өткіздік.

20.02.2013

Президенттік мәдениет орталығынан мен кеткелі елге керек ықыласты орта қаңырап, күнде, күн ара біз өткізіп жататын дәстүрлі кештер болмаған соң қазақ қауымы, әсіресе, зиялылар, өзінің үйренген, қалыптасқан ортасынан адасып қалды. Мырзекең шақырды, Мырзекеңнің кешіне барамыз дейтін жұрт қайда барарын білмей дағдарып қалды.

Сол ортаны қайта тірілтемін деп Ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқаров кітапханада «Мәдениет» арнасымен бірігіп «Ұлттық дәріс» деген хабарды ұйымдастыра бастады. Онда елге белгілі қайраткерлерді шақырып, елдік, тарих, мәдениет туралы лекциялар оқытпақшы, оны «Мәдениет» арнасымен арқылы көпшілікке көрсетпекші екен. Сонда жиналдық. 

Алғашқы лекцияны «Диалектика және тұлғалар» жайында академик Жабайхан Әбділдин оқыды.

27.02.2013

Тікелей эфирден Ватикан Папасының өз еркімен тақтан таюына байланысты қоштасу рәсімін көрсетті.

Таяуда ғана Рим папасы Бенедикт − ХХVІ жасына, денсаулығына байланысты тақты босатынын жариялағанда католиктер әлемі аң-таң болып, әлем шайқалғандай болып еді. Себебін әркім әртүрлі айтып жатты. Бірақ Папаның өзі жасым 86-да, денсаулығым нашар, әрі қарай басқара алмаймын деп мәлімдеген еді. Баяғыда бір Папа осыдан 597 жыл бұрын өз еркімен тақтан тайған екен. Бенедикт − ХХVІ содан кейінгі екінші кісі болып тұр. Әдетте Рим папалары тақтан о дүниелік болып қана кеткен. 

Ватикан алаңы халыққа лық толды. Әлемде 1 млрд 159 млн католик бар екен. Дүние жүзінен Папамен қоштасуға жүз мыңдаған адам келіпті. Папа «Папа-мобиль» деген автомобилімен жиналған жұртты аралап шықты. Сөйтіп, мінбеге көтеріліп сөз сөйледі. Сөзінен де, түрінен де мейірлі, қасиетті кісі екені көрініп тұрды. «Мен тақтан кеткенмен шіркеуден кетпеймін. Намазыма өздеріңді қосып отырамын. Мені де намаздарыңнан тастамаңдар», − деді.

Қоштасу рәсімін Папаның өзі жүргізіп отырды. Әр елден келген католик шіркеуінің жетекшісіне сол елдің тілінде сөйлеп, солардың тілінде алғыс білдіріп отырды. Өзінің ұлты неміс қой, араб, португал, испан, ағылшын тілдерінде сөйлегенін естіп таңқалдым. Көп тіл білетін білімді кісі екен.

28.02.2013            

Рим Папасы Бенедикт − ХХVІ бүгін Рим уақыты бойынша кешкі сағат 20-да тақтан түсті. Ватикандағы билік басындағылардың бәрі де қызметтен кетті. Сағат 20-да Ватиканды қорғаған швейцариялықтар іштен шығып, қақпа жабылып, қорғауды полицейлер қабылдады. Папа сағ. 19:00-де Ватиканда кардиналдармен қоштасып, алаңға шығып, аппақ киімімен аппақ тікұшаққа отырып, Римнің түбіндегі 30 шақырым жердегі жаздық резиденцияға келіп қонды. Онда бар болғаны 2,5 мың кісі тұрады екен. Бәрі жиналып Папаны күтті. Папа балконға шығып, оларға құрмет көрсетті.

Папа осында үш айдай тұрады екен. Ватикандағы монастырдағы үйін жөндеп болғаннан кейін қалған өмірін монастырда өткізеді. Қоштасқан сөзінде Папа:

−Мен енді понтифик (әулие) емеспін, пилигриммін, – деді.

Ватикан оны құрметті Папа деп отыр. Енді Папаның орны бос. Жаңа Папа наурыз айында сайланады. Бенедикт − ХХVІ сайлауға қатыспайды. Ватиканның тарихында тұңғыш рет Папа болып қара нәсілді сайлануы да мүмкін деген жорамал бар. 

03.03.2013

Бүгін Илья Жақанов тағы да телефон соқты. Шырынбек оған ән-күйлерімнің ноталар жинағын беріп, алғысөз жазып беруді өтінген екен. Оған да біраз уақыт болып кетті.

Сол кезде-ақ, ала салысымен Илья маған телефон соққан еді. Менің жеті томдық жинағымды оқып, әбден риза болып жүретін. «Ғажап, ғажап! Не деген керемет. Тарих та, мемлекет те, ұлт та, ел туралы толғаныс та тұнып тұр» деп маған әлденеше телефон соғып, ризашылығын білдірген болатын.

− Мен әндер жинағына жай ғана алғысөз жазбаймын, лирикалық толғау жазамын, асықтырма, - деді.

Илья Жақанов екеуіміз 1954 жылы Қаратауда оныншы класты бірге бітірдік. Өскен өңір де, өнер ортасы да бір, ортақ. Ауылымыз аралас. 

Илья – бүгінде халқымыздың атақты композиторы, көрнекті жазушысы. Ол – кешегі Ақан, Біржандардың сарқыты, сол ұлылардың соңы. Бүгінде берекесі кеткен, ән азғандай болған заманда Ильяларды қайта-қайта тыңдағың келе береді. Ильяның әндеріндей ән енді тумайды. Әннің бүгінде бағасы да, мазмұны да, табиғаты да өзгерді. Ешқандай құны жоқ, сөзінің мағынасы жоқ әндер көбейіп кетті. Заман солай шығар, қайдан білейін.

Илья ертең Атырауға жүрмек. Сонда жатып, асықпай иін қандырып мен жайындағы эссеге кіріспек. Сәтін салсын! Илья екеуіміз телефонмен сөйлесіп тұрып, балалық шақты, жас кезімізді, іргелес ауылдарымыздың бұрынғы кескін-келбеті туралы да көп әңгіме қылдық. Ильяның ауылы менің ауылым Ақтөбеден сексен шақырымдай жер -  Сарысу ауданы, орталығы Байқадам, ар жағы Созаққа жалғасады. 

Біздің ауыл бидай, жүгері егеді. Күзде Тамалар түйемен келіп қап-қап жүгері, қап-қап бидай алып кететін. Сарысудан оңтүстікке қарай шыққан кірекештер біздің ауылға қонып өтуші еді. 

Талай өнерпаздар да келіп жататын. Атақты күйші Сүгірдің бірнеше рет біздің ауылға келгенін бұрын да жазғанмын. Аласа бойлы, ықшам, дембелше келген ақ қалпақты кісінің тұла бойының соншалықты тұнып тұрған өнер екенін сол кезде бала болсам да сезініп, қайран қалушы ем. Шіркін, Сүгірдің құрметіне бөленіп, сол кісінің ілтипатына ие болған Әйтпенбет әкемнің өнері қалың елге танылмай, өмірі қой артында өтті. Сарысудан біздің ауылға көшіп келген (себебін білмеймін) Шәмшілда ақсақалдың да күй тартуы бөлек еді. Сыпайы кісі болатын. Тамамын деуші еді. Илья ол кісіні өте жақсы білген екен, жекжаттығы да бар екен. Біздің ауылға сіңісіп кетті. Ол кісіні ешкім Тамасың деп бөлмейтін. Өте бір сыпайы кісі еді. Ильяның айтуынша Шәмшілда – Арғын атаның ұрпағы, оның ішінде Алсай – Қарақұс, атақты күйші Боранқұлдың нағашысы әрі ұстазы. Боранқұлдың інісі Мәдіғұл біздің Сапарбек деген ағамыздың қызы Ұлтайды алып, біздің ауылда бір жыл тұрды. Қазақтың қалжыңдасатын әдеті емес пе, ағаларымыз күшік күйеусің деп қажай берген соң, Мәдіғұл Үшаралға көшіп кетті. Сол кезде Боранқұл біздің ауылға, інісінікіне жиі келіп тұрушы еді.

Атақты ақын Қалыбектің баласы Зиябек те айтулы күйші еді. Ол да біздің елге күйеу еді. Кейін Сарыағашқа қарай көшіп кетті деп есіткенбіз. Талай сұрау салдым, бірақ дерегі шықпады.

Сүгір, Әйтпенбет, Шәмшілда, Боранқұл, Зиябек қатар отырып, кезек-кезек күй тартқанда аядай ауыл өнердің ордасына айналғандай болушы еді. Бәрінің домбыралары да бір-бірінен аумайтын, қалақтай, қолдан шабылған қара домбыра болатын. Шіркін, Әйтпенбет те, Шәмшілда да ғажап күйшілер еді. Әттең, солардың өнері далаға кетті. Обал болды. Не жадында сақтаған, не жазып қалдырған кісі болмады. Жазатын құрал да, нота білетін кісі де болмады. Осы есіме түссе бүгінде ішім қазандай қайнап, удай ашиды. 

Сарысудан өлеңші, жыршы, күйші Мәдінің (Шәутиев) келуі де ылғи оқиға болушы еді. Шіркін-ай, өнерпаз еді. Кейін 1972 жылы Мәдіні, ақын Төреқожаны Жамбылдың 125 жылдық тойына Алматыға алдырып едім. Біздің үйде екеуі бір аптадай жатты. Алматының теледидарына да шығардым. «Астра» дейтін магнитофоныма екеуін де жазып алып ем. Сол жолы біздің үйде таңға дейін отырып сол «Астраға» Төлеген Момбековті де жазған едім. Үйсіз-күйсіз, көшіп-қонып жүргенде, әттең, еңбегім рәсуа болды.  Мәді де, Төреқожа да менің өтінішім бойынша Қаратаудың ескі әуендеріне салып еді. Амал не, бәрінен де айырылдым. Төлегенмен бірге Өмірзақ Айтбаев, Керімбек Сыздықов келіп, Төлеген өз күйлеріне түсініктеме беріп отырып тартып еді. Сүгір де, Әйтпенбет те, Төлеген де тырп етпей, тапжылмай отырып тартатын. Кеудесі сөйлеп тұрғандай көрінуші еді маған.

Әкем мені өзге балалардай ойнатпады. Ойыннан ештеңе шықпайды деп, аталы сөз айтылатын ортаға үнемі ертіп барушы еді. Ондай ортада менен басқа мен қатарлы ауылдың балалары көріне бермейтін. Сөйтсем, көкем жарықтық мені адам болсын деп жүр екен ғой. Мұның пайдасын мен кейін білдім. 

05.04.2013

«Ит жоқ жерде шошқа үреді» деп, осы күндері оппозициялық газеттер елдегі әлеуметтік, экономикалық, саяси ахуал жайында «баталы» сөзді, төрелікті Герольд Бельгерден сұрайтынды шығарды. Герекең қазақтың тарихы,

болмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мінез-құлқы, келешегі жайында құлаш-құлаш мақала жазып, онысын негізінен орыс тілді газеттерде жариялап, қазаққа ақыл айта бастады. Бүгінде қазақтың Герольдтан басқа ақылманы жоқ секілді. Кейбір ойларында мысқыл жатады. Бельгердің қазақ тіліне жетік екенінде ешкімнің күмәні жоқ. Сол білетіндігінен де қазақтың кейбір мақалдарын шебер пайдаланып, орысша жазған мақаласына оны қазақша кіріктіріп, өз мақаласымен қазақтың өзін сынайтынына қайран қаласың. Бұл ретте ол Абайдың да қазақты сынаған сөздерін шебер пайдаланады. Амал қанша, ашық ауыз, аңқылдаған ақкөңіл қазақ, ұлтымыздың жанашыры Абай күндердің күнінде Герекеңдердің мұны шебер пайдаланатынын қайдан білсін.

Бельгердің қазақ туралы, айтылған жағымды пікірлері де аз емес. Жазбай, айтпай қайтсін. Сол бір қырғын, қиямет жылдары бір үзім нанды бөлісіп жеп, оларды аман алып қалған қазақтың кең пейілін, бауырмашылдығын қайдан ұмытсын. Ұмытпайды да. Герольдтың бауырмалдығы да, сіңірген еңбегі де аз емес. Бірақ, қалай дегенде де, өзге ұлттың төрелік айтып, төбе би болып, ақыл үйретіп отырғаны жаныңа қатты батады екен. Мен мұны реті келген соң ғана айттым. Әйтпесе, Герекеңнің қазақ жазушыларын орыс тіліне аударуда да еңбегі аз болған жоқ.

14.05.2013

Қазақтың белгілі композиторы, жақсы жазушы-эссеист, айтулы әнші Илья Жақанов екеуіміз 1954 жылы бүгінгі Қаратау қаласында Сталин атындағы орта мектепті бірге бітірдік. Көзге көп көріне бермейтін, кісілікті, тойған қозыдай боп жүретін ылғи. Суретші еді. Мен мектеп қабырға газетінің редакторы, Илья суретшісі болатын. Тумысынан математик Айнақұл Ісметов деген жігіт ақынжанды, жан-жақты талантты еді, газетіміздің ажарлы болып шығуына оның да үлесі мол болушы еді.

Ильямен аулымыз аралас, қойымыз қоралас, төскейде малы, төсекте басы қосылған, құдандалы елденбіз. Мен Талас ауданынан, Илья Сарысу ауданынан. Бізді әрі Жамбыл-Шымент тас жолы да жалғап жатады. Ауылымыздың арасы таяқ тастам жер. Қыз алысып, қыз берісіп, құрдай қатынасып жататын елденбіз. Біздің ауылдың біраз келіндері Тама, сол Ильяның аулынан болатын. Біздің ауылдан да талай қыз Тамаға ұзатылды. Бұл біздің ілгергі бабаларымыз салған сара жол. «Қыз – өріс» демей ме, аталарымыз қыз алып, қыз берісіп-ақ елдің тыныштығын сақтап қалған. Біздің батыр Саңырық бабамыз – Кіші жүз Тайлақ батырдың жиені.

Илья Алматыға келіп КазГУ-ге түскен соң ән шығара бастады. Мөлдіреген, нәзік сезімге құрылған әндері жұртты тез баурап алды. Сөйтіп ел ішіне Ильяның композиторлық даңқы тез тарады. Ол − бүгінде көрнекті композитор, белгілі жазушы. Қазақ өнерінің тарихы, оның өкілдері туралы тамылжытып жазып келеді. Өнер туралы, оның көрнекті қайраткерлері туралы бүгінде Ильядан асырып ешкім жаза алған жоқ. Жазғаны жібектей, өзінің мінезіне сай, Көкпекті ойдың кеңдігіндей, Қаратаудың қоңыр самалындай, тынысыңды ашады, жаныңа рахат береді. Маған бұрынғы ұлылардың да соңы осы Илья секілді көрінеді. Байырғы ғажайып қазақ әндерімен астасып жатқан ата-дәстүріндегі әнді ендігі композиторлар жаза алмайды. Сол бір даланы әнге, күйге бөлеген ұлылардың соңы осы Илья деп білемін. Бүгінгі өнердің табиғаты тіптен бөлек. Көбінде мән де, мағына да жоқ. Биыл менің жанымдағы жігіттер азын аулақ әндерімді, бас-аяғы екі күйімді нотаға түсіртіп, жеке кітап етіп бастырып шығару үшін Қарасайға берген екен. Оның алғысөзін Ильяға жаздырмақ болыпты.

Илья бір күні маған телефон соқты:

− Мырзеке, жігіттер маған сенің әндеріңнің жинағын берді. Алғысөз жазуымды сұрайды. Әндерің де, күйлерің де ғажап, мені асықтырмасаң, алғысөз емес, сен туралы лирикалық эссе жазсам деймін. Сондықтан жігіттерге айт, асықтырмасын. Мен бүгіндері сенің жеті том жинағыңды қайта-қайта ақтарып, сүзумен отырмын. Сенің ғалымдығың, қайраткерлігің, кісілігің, оның үстіне әндерің маған еріксіз қалам ұстатып отыр. Өскен ортаң, туған жерің, өмірбаяның ғажап, сен келешекке үлгі болатын тұлғасың, сол себепті өзің туралы тартымды дүние жазуға бел байладым, - деді.

Сонымен Илья мен туралы эссе жазуға кірісті. Сәтті болсын. Жиі-жиі телефон соғып, сұрақтар қойып, өмірдің кейбір белестерін тиянақтап жатады. Кеше бір телефон соққанда: 

−Алақандай ауылың не деген ғажап, тұнып тұрған тарих қой. Аядай ғана ауылың - филармония, театр сияқты. Төңірегіндегі жер атаулары қаншама? Мұны неге жазбайсың, - деді Илья.

Ауылым туралы, ондағы кісілер туралы аракідік күнделіктеріме еске түскенін жазып жүрмін. Илья еске салған соң, әрі расы да солай екен ғой деп, ауылымның төңірегі, ондағы жер атаулары жайында жазуды жөн көрдім. Өскен, өнген жерім ғой, өкініші бала күнгі сезімдерімнің, көрген-білгенімнің көбі көмескіленді, ұмытылды. Әркімнің туған жері өзіне ыстық дегендей, туған жерге не жетсін. Мұхтар Әуезов «Абай жолында» өзінің туған өлкесін, мидай дала Бөріліні де жұмақтың төріндей қып суреттемей ме? Ең болмаса жер атаулары сақталсын деп, Ақтөбем туралы аздап қалам тербейін дедім. 

 


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.09.2018

Елбасы Чан Дай Куангтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

22.09.2018

Жаңа Жібек жолы: Алматы

22.09.2018

Катонқарағай ауданы тұрғынының сібір жарасынан көз жұмғаны расталды

22.09.2018

Сенаторлар сенбілікке шықты

22.09.2018

Б.Бекназаров Әзербайжан Парламентінің 100-жылдығына арналған шараға қатысты

22.09.2018

Мұнайдың әлемдік бағасы өсті

22.09.2018

Лондонда қазақстандық өнер көрмесі ашылды

22.09.2018

Түркия «Қазақстан» журналын шығарды

22.09.2018

Ақтөбеде «Анаға тағзым» орталығы ашылды

21.09.2018

Тимур Жақсылықов Президенттің көмекшісі болып тағайындалды

21.09.2018

Маман дайындау мәселесі талқыланды

21.09.2018

Астанада тұрғын үй кешенінде шартты өртті сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу өтті

21.09.2018

Бүркітші қыз Айшолпан түскен «Көшпенділер» фильмі көрерменін қуантады

21.09.2018

Павлодарда биыл 1655 жұп қосылса, 1101-і ажырасқан

21.09.2018

Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бойынша жоба әзірленді

21.09.2018

Кәрім Мәсімов терроризмге қарсы орталықтың отырысын өткізді

21.09.2018

Қостанайлықтар жарықдиодты шыны жолмен жүреді (ВИДЕО)

21.09.2018

Қанат Ислам мақтааралдық жас боксшыларға мастер-класс өткізді

21.09.2018

Алексей Луценко: «Алматы турын» апталық жарыс қылса керемет болар еді

21.09.2018

Бурабайда жаңа мешіт ашылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qasiet pen qasiret

«Dánikkennen qunyqqan jaman» degen sózge mán bersek, munda úlken fılosofııalyq maǵyna bar. Táýba, bireý bireýden nan surap jeıtin zaman emes qazir. Toqshylyq zaman. О́zimizdi qoı ústine boztorǵaı jumyrtqalaǵan barshylyqta, etek-jeńniń keń kezinde dúnıege kelgen, zárýlik kúıin sezinbeı ósken urpaqqa balaımyz. Dastarqannan nan, maı, qant, sút, qaımaq eshqashan úzilgen emes. Sonymyzben baı sanalmasaq ta, bardyń sanatynan bolatynbyz... Qudaı saqtaı gór, taǵamǵa talǵam-talabymyzdyń sharyqtap ósip ketkeni sonshalyq keıde dastarqannan búginde nan qoıylatyn bos oryn tappaı qınalatynymyz ras. Sóıte tura, toqshylyq zamanda ómir súrip jatqanymyzdy sezinbeıtinimiz jaman. Moıyndaǵymyz kelmeıtini qorqynyshty. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу