«Нұрлы жолмен» «Нұрлы жерге» дейін...

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылуда? Қоғамды қызықтыратын сауалдарға Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жауап берді.
Егемен Қазақстан
29.05.2017 2697
2

– Жеңіс Махмұтұлы, жалпы, дүние жүзі үшін экономикалық даму мәселесі «мәңгілік» тренд екені даусыз. Және қазіргі экономикалық үрдісті инвестиция­лар ағымы мен индустриялық жаңғырусыз елестету қиын. Демек, біз бен сіздің әңгімеміз осы екі бағыттағы жұмыстардан басталуы керек сияқты...
– Әрине. Тек мен өз тарапымнан мынаны ескертіп қойғым келеді: инвестициялар ағымы мен индустриялы жаңғыру жайындағы сұхбатта әдемі сөздерден гөрі нақты цифрлар көбірек қолданылады. Сондықтан мен министрлік тарапынан атқарылған нақты істерге тоқталайын...
– Келістік. Алдымен үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан бастасақ. Әсіресе, өңдеу секторының үлес салмағы қан­дай және бағдарламаның бүгін­гі аяқ алысы туралы не айта­сыз?
– Индустриялық-иннова­ция­лық даму мемлекеттік бағдар­ла­масының негізгі мақсаты еңбек өнімділігін арттыру, өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайту арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару. Деректерге жүгінсек, өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 10,7 пайызға, ал өнеркәсіпте 41,5 пайызға жетті. Бұл ел экономикасындағы қайта өңдеу секторының үлесі артқанын көрсетеді. 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 878 млрд теңгенің 130 жобасы іске қосылды, 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Іске қосылған карта жобалары бойынша өткен жылы ғана жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Ал биыл бағдарлама негізінде 2 жаңа ірі өндіріс ошағын құру жоспарланған.
– Сөзіңізді бөлейін, Мемлекет басшысы жұмысы тоқтап қалған және жобалық қуатын орындай алмай отырған жобаларға қатысты сын айтқан еді. Сол сыннан нәтиже шықты ма? 
– Мемлекет басшысы ақпан айының басында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында сол кезеңде мәселесі күрделі жағдайда тұрған 72 жобаға қатысты сын айтқан еді. Бұл 72 жобаның жиырмасы тоқтап қалған болатын. Қалған жобалар  50-30 пайыз аралығындағы төменгі жүктемемен жұмыс істеп тұрды.  Одан кейінгі 2 айда біз әкімдіктермен жұмысты күшейттік. Бұл 72 жобаның әрқайсысымен үш жақты нақты жұмыс істеу жоспарына қол қойылды. Олар: біздің министрлік, әкімдіктер және осы кәсіпорындардың иелері. Бүгінгі күні 23 жоба өзінің жобалық қуаттылығынан 50 пайыздан артық өнім шығарып жатқанын айта кетейін. 15 жоба әзірге тоқтап тұр. Мұның ішіндегі 6 немесе 7 жоба бұдан әрі жұмыс істемейді. Ал қалған жобаларды тығырықтан алып шығуға мүмкіндік бар. Жарты жыл ішінде осы 72 жобаның жартысының қуаттылығын 50 пайызға немесе одан да жоғары көрсеткіште көтеріп, жұмыс істетуді жоспарлап отырмыз. Бұл жағдайды үнемі бақылауда ұстайтын боламыз. Апта сайын селекторлық режімде әр кәсіпорынның басшыларымен сөйлесіп отырмыз. Амандық болса, алдағы уақытта кәсіпорындардағы күрделенген мәселені толық шешеміз және оған көзіміз жетіп отыр. Сондықтан, сіздің сұрағыңызға сыннан оң нәтиже шығардық деп толық жауап бере аламын.  
– Министрліктің жұмыс ауқымы үлкен. Көлік инфра­құры­лымын дамыту міндеті де сіздерге жүктеліп отыр. Мәсе­лен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында ілкімді істер атқарылып жатқанын білеміз. Нәтижелі көрсеткіштеріне тоқталсаңыз.
– Иә, көлік инфрақұрылымын кеңірек жаңғырту жұмыстары мен көлік дәліздерін дамытуға бағыт­талған «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі жобалары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының реконс­трукциясын және құрылысын қамтиды. Жалпы, 2010 жылдан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 5 мың километрінде реконструкция және күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде, қазір республикалық маңызы бар автомобиль жол­дары­ның 85 пайызы және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 65 пайызы  жақсы және қанағаттанарлық жай-күйде. Ел аумағында жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзақтығы 96,5 мың км. Соның ішінде, рес­публикалық желі – 23,7 мың шақырым, ал жергілікті желі – 72,8 мың шақырым. 2015-2016 жылдары автожол жобаларын орындауға 616 млрд теңге – оның 329 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінді. Бөлінген қаражат толық игерілді. Бөлінген қаржыға 9 жоба іске асырылды: Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақ­тау, Алматы – Өскемен, Астана – Петропавл, Жезқазған – Пет­ропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Каменка. Жалпы, жол-құрылыс жұмыстарымен Қазақ­станның 12 аймағындағы 2 мың км қамтылды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізі, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Қапшағай – Балпық би, Бейнеу – Шетпе және Көкшетау – Петропавл учаскелері бойынша қозғалыс толық ашылды. Сонымен қатар, Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін ұзақтығы 12 шақырым болатын, Орталық Азиядағы ең ірі көпір өткелінің құрылысы аяқталды. Барлық жобаларда 75 мың адам жұмыс істеді. Осы тұста айта кететін бір жайт, материалдардың 90 пайызын отандық өндірушілер дайындады. 
– Нақтыласаңыз, биыл қандай бағыттарда жол құры­лысы аяқталады?
– 2016 жылы Қазақстан Рес­пуб­ли­касы көлік жүйесінің инфра­құ­рылымын дамытудың және ық­пал­дастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдар­ламасы «Нұрлы жол» мемле­кет­тік бағдарламасымен біріктірілді. Енгізілген өзгерістер бойынша 2017-2019 жылдары бағдарлама аясында ұзақтығы 4,4 мың шақырым, құны 1,7 трлн теңгенің  23 жобасын іске асыру көзделген. Биылғы жылы автожолдар реконструкциясына 356,2 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 143,5 млрд теңге бөлінді. Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Петропавл – Ресей шекарасы және Орал – Каменка сияқты ұзақтығы 602 шақырым болатын 7 ауыспалы жобада жұмыстар жалғасып, биылғы жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Республикалық бюджет және халықаралық қаржы институттарының қаражаттары есебінен жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырым болатын 16 жаңа жобаның реконструкция­сы басталмақ. Олар: Ақтөбе – Мақат, Атырау – Астрахань, Күрті – Бурылбайтал, Бурылбайтал – Балқаш, Мерке – Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Ұзынағаш – Отар, Жетібай – Жаңаөзен, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Қостанай – Денисовка, Щучье – Зеренді, Астананың оңтүстік-батыс айналма жолы, Осинов асуы, Таскескен – Бақты. Жалпы, автожолдар реконструкциясының жұмыстарына 100 мыңнан астам адам тартылатын болады. Біз осылайша еліміздегі маңызды жол­дарды жөндеумен қатар көп­теген азаматтарымызға жұмыс тауы­п беріп отырмыз. Бұл да үлкен көр­сеткіш десем, артық айтқандық болмас. 
– Жеңіс Махмұтұлы, енді «Нұр­лы жер» бағдарламасының басым міндеттеріне тоқталсаңыз. Биыл бағдарлама аясында қан­ша шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілмек?
– Сұрағыңыз қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселені қозғайды. Сондықтан, оқырманға түсінікті болу үшін мейлінше кеңірек тоқталып өтейін. 2017 жылдан бастап тұрғын үй құрылысының барлық мәселелері жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдар­ламасына қосылғанын жақсы біле­сіздер. Бағдарлама елдегі тұрғын үй мәселелерін негізгі алты мін­детті іске асыру арқылы кешенді шешуге бағытталып отыр. Бірінші, ипотекалық несие бе­рудің қолжетімділігін арттыру, екінші, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға  ынталандыру, үшінші, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу, төртінші, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру, бесінші, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту және халықты жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлермен қамтамасыз ету. Жалпы, биыл бағдарлама аясында 10,2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл 100 мыңға жуық пәтер. Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін коммуналдық тұрғын үй құрылысына 2017 жылы республикалық бюджеттен 596,9 млн теңге бөлінді. Жас отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына биыл республикалық бюджеттен 1113,97 млн теңге бөлінген болатын. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ұйымы мен «Самұрық-Қазына» қоры арқылы да жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үй құрылыстары бойынша келісімдер жасалды. Осы тұста тағы бір айта кететін жайт, биыл жалпы алаңы 106,1 мың шаршы метр болатын жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға беру жос­парлануда. Былайша айтқанда, бұл – 1624 пәтер... 
– «Қазан аузы жоғары» дейік. Қоныс тойы көп болсын. Бірақ, біз жылдың бірінші тоқсанын аяқтадық, екінші тоқсанға аяқ бастық. Осы сала бойынша қандай да бір жетістік немесе оң көрсеткіш бар ма?
– Министрлік жұмысын бағамдасаңыз, барлық салалар бойынша оң өзгерістер болып жатқанын байқар едіңіз. Мен мұны толық жауапкершілікпен  айта аламын. Соның ішінде тұрғын үй саласында да жетістіктер бар. Өткен 1-тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы алаңы 3,1 млн шаршы метр болатын тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тапсырылды. Жалпы, республика бойынша барлығы 25 230 баспана пайдалануға берілді. Оның ішінде 7 701 жеке тұрғын үй және көп қа­бат­ты үйлердегі 17 529 пәтер бар. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда жоғары көрсет­кішке ие. Яғни, тұрғын үй саласы үшін биылғы жыл жақсы басталды деп айтуға толық негіз бар. 
– Тақырып ауанын өзгерт­сек... Қазақстан шет елдермен ха­лықаралық әуе байланысын кеңейтіп келеді. Мысалға, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде бірқатар әуе рейстері ашылатынын айтып қалдыңыз...
– Министрлік халықаралық бағыттардағы әуе тасымалын арттыру мақсатындағы жоспарлы жұмысын жалғастыруда. Мәселен, өткен жылы 7 халықаралық бағытта әуе рейсі ашылды. Осы тұста айта кетуіміз керек, халықаралық бағыттағы сұраныстар жыл сайы­н артып келеді. Мәселен, алдағы айда Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуіміз, сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуға байланысты Қазақстан мен Еуропа елдері арасында шетелдік әуе компаниялармен бірлесіп жаңа бағыттар ашу жоспарланып отыр. 8 мамырдан бастап польшалық «LOT Polish Airlines» әуе компаниясы Астана – Варшава бағытында аптасына 4 рет қатынайтын жаңа әуе рейсін ашты. Сондай-ақ, Астана – Будапешт арасындағы алғашқы әуе қатынасы 1 маусымда ашылады. 19 маусымнан бастап «Finn Air» әуе компания­сы Астана – Хельсинки бағытында аптасына 2 рет қатынайтын жаңа бағытты іске қосады. Маусым айынан бастап Астана – Бейжің бағытында аптасына 3 рет «Air China» ұшақтары қатынайды. Қазақстандық әуе компаниялар да халықаралық бағыттар бойынша өрісін кеңейтпек. Маусым айынан бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Астана – Улан – Батор, «SCAT» әуе компаниясы Астана – Ереван жаңа әуе рейсін ашады. 
– Мұндай жаңалықтарды жалпы көлік қатынасы, оның ішінде темір жолға қатысты да айта аласыз ба? Болжам бойынша ЭКСПО-2017 көрмесі қар­саң­ын­да Астанаға жан-жақтан пойыз­бен қатынайтын жолаушы саны көбеймек. Дайынбыз ғой...
– Иә, Астанада ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесі қарсаңында елор­даға келетін халықтың нөпірі көбейеді. Оның бәрін есептеп, алдын ала болжап отырмыз. Осы тұста айта кететін бір жайт, біз ТМД елдерінде баламасы жоқ соң­ғы үлгідегі «Нұрлы жол» жаңа вокзалын пайдалануға бере­міз. Астанадағы жаңа вокзал тәу­лігіне шамамен 35 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсете алатын болады. Мұнда жолаушылар үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Жаңа вокзал 1 маусымда толық іске қосылады. Көрме кезінде Астанаға өңірлерден қосымша 14 жолаушылар және қала маңындағы пойыздар қатынайды. Жолаушылар ағынын темір жол көлігімен қамтамасыз ету үшін Астана темір жол стансасы арқылы жүретін бағыттарды 44-тен 58-ге дейін ұлғайту жоспарлануда. 
– Жеңіс Махмұтұлы, сұх­ба­тымызды инвестиция тақы­ры­бымен қорытын­дыласақ. Тіке­лей шетелдік инвестиция қандай салаларға тартылды және нәтиже қандай?
– Ел экономикасына инвестиция тарту мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі екені белгілі. Министрлік Мемлекет бас­шысының Қазақстанның инвес­тициялық стратегиясын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Осы орайда айта кету керек, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен  «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылды. Оның негізгі міндеті – Қазақстан Үкіметі атынан ірі инвесторлармен және мақсатты трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізу. Қазіргі уақытта аймақтарда инвесторларға қызмет көрсететін 19 сектор жұмыс істейді.  Бұдан басқа да кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жалпы, елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестицияға тоқталар болсам, 2016 жылы бұл көрсеткіш 20,6 млрд долларды құрады. Бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Мәселен, ақпараттық технологияларда – 9,7 есе, электрмен қамту – 5,9 есе, кен өндіру өнеркәсібі – 2 есе, құрылыс – 84,5 пайыз, саудада – 51 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 48,3 пайызға көбейгенін көріп отырмыз. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің кейбір салаларындағы тікелей шетелдік инвестиция фармацевтика өнімдерінде – 8 есе, металлургия өнеркәсібінде – 85,8 пайы­з, ағаш және қағаз өнімдерінің өндірісінде 74 пайызға артқан. Тікелей шетелдік инвестицияның қомақты бөлігі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Франция, Қытай, Ресей, Бельгия, Ұлыбритания сияқты елдерден келеді. Жалпы, елімізде инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұндай шаралар әлі де жетілдірілу үстінде.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.

Әңгімелескен Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.01.2019

Ресей 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатыспауы мүмкін

23.01.2019

Қытайдың ІЖӨ-нің өсу қарқыны ең төменгі деңгейге жетті

23.01.2019

Жас мамандарға пайдалы ақпарат (видео)

23.01.2019

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының қожайыны анықталды

23.01.2019

Футбол күнтізбесі жарияланды

23.01.2019

«Иван Ярыгин» турниріне қатысады

23.01.2019

Данияр Елеусінов шаршы алаңға наурызда шығады

23.01.2019

Маңғыстауда арнайы мониторинг тобының алғашқы отырысы өтті

23.01.2019

«Ойыншық» сабындар

23.01.2019

Мұстафа рухын іздеген қазақтар

23.01.2019

Тұранның тұғырлы тұлғасы

23.01.2019

Инновациялық идеяларды тиімді пайдаланса...

23.01.2019

Ғылым деңгейі неге төмен?

23.01.2019

Adasqandardyń aldy jón, arty soqpaq...

23.01.2019

Қайырымдылық байқауына іріктеу жалғасып жатыр

23.01.2019

Г.Әбдіқалықова Армения елшісімен кездесті

23.01.2019

Бес әлеуметтік бастама: Атқарар іс аз емес

23.01.2019

Ауылда отырып, аукционда жеңген фермер

23.01.2019

Өзгенің қаңсыған су көліктері неліктен біздің жағалауда қалуы тиіс?

23.01.2019

Нәрестелердің шетінеуі екі есеге жуық азайды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Adasqandardyń aldy jón, arty soqpaq...

  Bıylǵy qańtarda Qazaqstan óziniń azamattaryn dúnıeniń qaı shetinde bolsa da qorǵaı alatyn irgeli el ekendigin kezekti ret kórsetti. Sırıadaǵy qandy qasapqa soqyr senimniń shyrmaýyndaǵy kúıeýimen birge baryp qalǵan áıelder men jas balalarǵa arnaıy ushaq bólip, alyp keldi. Elbasy N.Nazarbaev óziniń tapsyrmasymen 47 adamnyń, sonyń ishinde 30 balanyń qutqarylǵanyn málimdedi. Qutqarý sharalary «Jýsan» operasıasy» dep atalǵany da jarıa boldy.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Jaýapkershilik joq jerde...

Sońǵy jyldary elimizde bosaný úshin aýrýhanaǵa kelgen analardyń qaitys bolý jaǵdaıy jıilep barady. О́tken jazda medısınasy jetilgen qalalar sanatyndaǵy Astananyń ózinde tórt birdeı qaıǵyly oqıǵanyń oryn alýy osy sózimizge dálel. Al Qazaqstan boıynsha 2018 jyldyń segiz aıynda ǵana ana óliminiń 40 faktisi tirkelgen eken. Onyń sebebi nede? Bul jóninde oılanyp, belgili bir sharalar qabyldap jatqan adam bar ma? Shynyn aıtsaq, bul jaǵy óte kúmándi. Eger adamdar jumysta jibergen kemshiligi úshin jazalanbaıtyn bolsa, ondaı jaǵdaıdyń qaıtalana bermesine kim kepil?

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sóz salmaǵy

Baıaǵynyń bıleri taý qulatyp, jer terbetpese de, eldi ıitip, teli-tentekti tıyp, kem basqandy ilgeri ozdyryp, asqynǵandy tejep, órshigendi órelep, ata ǵuryppen, ana úlgisimen bárin jónge saldy. Ul men qyzdyń eteginen tartpaı, aýzynan qaqpaı, qyrandaı túletip otyrǵan. Sodan da shyǵar, «Aýzym jetkenshe sóıleımin, qolym jetkenshe sermeımin, aıaǵym jetkenshe júremin» dep 14 jasynda aýzynan ot shashyp: «El ebelek emes, er kebenek emes, dat!» dep dara tanylǵan Qazybek bıdiń Qońtajynyń tilin baılap, qatty sastyrǵany. Jeteli sózge jetesiz ǵana des bermeıdi.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Durystyq joly

Jaqsy kisi ataný, tirshilik-turmys, ómir qubylystaryna oı júgirtý, saralap zerdeleý, fılosofıalyq mádenıet qalyptastyrý, tájirıbe jınaqtaý, durystyq, adamshylyq, izgilik, ádildik, degdarlyq jolynda meıirlenip, berekeli qyzmet jasaý, ulttyń ádebi men qaǵıdattaryn jan-tánińmen qabyldaý – naǵyz tabıǵı abzal qasıet.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Bızneske ıkemdilik qaıdan shyǵady?

Adamnyń bızneske ıkemdiligi qaıdan týady degen suraq kóp adamdy oılandyrady. Árıne, motıvasıa kúshti, ol − aqshany kóp tabý. Isker adamdar eshkimniń aldynda ıilmeıdi, «malyń bolsa syılamaı tura almas el» dep Abaı aıtpaqshy, jurtqa da syıly bolady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу