Өзара достық пен сыйластыққа құрылған сындарлы ынтымақтастық

Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба ДАМИРЧИЛУМЕН әңгіме
Егемен Қазақстан
05.04.2017 2171
2

– Елші мырза, Қазақ­стан мен Иран арасында дип­ло­­­ма­тиялық қатынас­тар­дың орнағанына биыл 25 жыл толды. Екі ел ара­сындағы саяси, экономи­ка­­­лық са­ла­­лар­дағы қатынас­тардың дамуын қалай баға­­лайсыз?

– Сөзімнің басында мүм­кіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Респуб­ли­касы Тәуел­сіздігінің 25 жыл­ды­ғы­мен және Иран мен Қазақ­стан арасындағы дипло­ма­тия­лық қарым-қатынастар ор­науының 25 жылдығымен барша оқырман қауымды құт­тықтаймын! Иран – Қазақ­станның тәуелсіздігін алғаш­қы­лардың қатарында ресми түрде мойындап, саяси қаты­нас орнатуды жүйелі түрде жолға қойған елдердің бірі. Өткен жылы Иран мен Қазақ­стан қатынастары екіжақты деңгейде де, өңірлік және халық­аралық деңгейде де оң үр­діс­пен қарқынды түрде дамы­ды. Дегенмен де, зор әлеуеттің барын ескере отырып, қарым-қатынастар деңгейін арттыра түсетін көптеген салалар бар деп есептейміз.

1992 жылы екі ел арасын­дағы тауар айналымы бар бол­­ғаны 229 мың АҚШ дол­лары болса, 2015 жылы 2 мил­­­лиард долларға дейін өсті. Өткен жылы Тегеранда екі мем­­лекеттің іскерлік орта өкіл­дерінің қатысуымен биз­нес-форум өтіп, оған 200-ден астам компания қатысты. Жалпы құны 1 миллиард дол­лар­ды құрай­тын 50 келісімге қол қо­йыл­ды. Бұл құжаттарда гео­­логия, металлургия, агро­өнер­кәсіп кешені, көлік, ту­ризм, логистика, құрылыс материалдарын өндіру сынды салалар қамтылды.

Қазақстан мен Иранның екіжақты қатынастарының белсенді дамуына екі мемлекет басшыларының тікелей ық­па­лы өте зор. Жоғары лауа­зым­­ды тұлғалардың жаса­ған өзара сапарлары екі ел бас­шыларының қарым-қатынас­тарды дамытуға деген күш-жігерінің көрінісі. Тараптардың аймақтық және халықаралық көптеген мәселелер бойынша көзқарастары ұқсас. Экономика саласында, соның ішінде ауыл шаруашылығы, тау-кен, қай­та өңдеу өнеркәсібі, көлік, тран­зит және инфрақұрылым сын­ды түрлі бағыттарды өз­ара ин­вестициялау жүзеге асырылды.

– Сіздің Қазақстанға кел­геніңізге бірнеше жыл бол­ды. Қандай өңірлерде болдыңыз? Еліміз туралы алған әсерлеріңіз қандай?

– Қазақстанға келгеніме үш жылға жуықтап қалды. Осы уақыт ішінде оңтүстік, орталық, солтүстік пен батыс өңірлеріндегі қалаларға барып көрдім. Облыс­тардың саяси және экономика салаларындағы жауапты тұлғаларымен кездесу барысында осы өңірлердің әлеуе­тімен таныстым. Менің түй­генім – Қазақстан мен Иран­ның мүмкіндіктері мен ар­тық­шылықтары бар, со­ның арқасында бір-бірінің көме­гімен өз экономикалық өсу процесін толықтыра алады.

Сонымен қатар, осы өңірлердегі ұлттардың, дін мен тілдің әртүрлілігі мен үшін өте қызықты болды. Қазақстан халқының қонақжайлығы мен толерант­тылығын да атап көрсеткен жөн.

– Алдағы уақытта екі ел арасындағы қатынастар қай бағытта дамуы керек деп санайсыз?

– Экономикалық тұрғыдан алғанда, географиялық орналасуы, екі елдің арасындағы көптеген экономикалық жағдайлар мен ортақ ұқсастықтарды ескерсек, Иран мен Қазақстан арасында кең ауқымды ынтымақтастыққа мүмкіндік мол. Солардың қатарында сауда, көлік және транзит саласындағы, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару мен өңдеу, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс пен жол құрылысы, электр стансалары, жаңа энергия көздері, денсаулық сақтау мен туризм салаларындағы ынтымақтастықты айтуға болады.

Иран Қазақстаннан ірі көлемде астық, металл және басқа да тауар экспорттауды жалғастыруға ниетті. Сонымен қатар, фармацевтика, мұнай-химия өнеркәсібі бойынша әріптестік нығая түсуі керек деп ойлаймын.

Екі елдің транзит, сауда және жан-жақты инвести­циялық жобаларға қатысуы – Иран мен Қазақстан тауарларын басқа елдердің нарығына шығарудың жолы. Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы темір жол желісі арқылы Қазақстан астығын Оңтүстік Азияға, Африка елдеріне шығару мүмкіндігі кеңейді. Сол сияқты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік автобанының Иран үшін де маңызы зор. Біз Қазақстан арқылы Қытай, Ресей нарығына жол аштық. Саяси тұрғыдан алып қарағанда, екі мемлекет аймақтық және халықаралық мәселелерде ынтымақтаса алады.

– Ираннан бірқатар экономикалық санкция­лардың алынып тасталғаны Қазақстан-Иран сауда, инвестиция қатынастарына оң ықпал ете ме?

– Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісім аясында Иранның басқа мемлекеттермен, оның ішін­де Орталық Азия мемлекеттерімен өзара ықпалдасуы үшін жаңа жағдайлар жасалды, шектеулер мен санкциялардың кейбірі, сондай-ақ, қарым-қатынастар­ға ықпал ететін психологиялық ахуал шешілді. Екі мем­лекет арасында экономикалық делегациялар­дың сапарлары жүзеге асты. Барыс-келіс кезінде қол қо­йыл­ған құжаттардың нәтижесінде көптеген жобалар мен ын­тымақтастық ету жолдары ұсынылды. Екі ел аза­маттарының барыс-келісінің айтарлықтай ұлғаюы және әуе рейстерінің көбеюі қарым-қатынастардағы жаңа ахуалдан хабар береді.

Әрине, бұл келісімдерді жүзеге асыру екі елдің арасындағы сауда айналымы мен инвестицияларды арттыруға жағдай туғызатын болады.

– Қазақстанның ядролық қаруды таратпау бойынша ұстанымын Тегеран қалай бағалайды?

– Ядролық қару бүкіләлемдік қоғамдастық пен адамзатқа қауіп-қатер болып табылады. Барлық елдер ядролық қаруды таратуды болдырмау және ядролық қарусыздану жолында күш-жігер жұмсауы қажет. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұстанымын оң бағалаймыз. Бұл ұстаным Қазақстанның ядролық қарудың қатерін түсінетіндігін көрсетеді. Иран мен Қазақстан ядролық қаруды таратпау мен ядролық қарудан азат Таяу Шығысты құруда бірдей бағыт ұстанады, халықаралық қоғамдастықта осы мәселе бойынша ынтымақтастық етуде әрі бір-бірінің бастамаларына қолдау көрсетуде.

– Қазақстан-Иран қатынастарын дамытудағы екі ел Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Руханидің рөліне тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап күні бүгінге дейін екі ел басшыларының көзқарасы өзара құрмет пен достық негізінде қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған. Соңғы жылдары екі мемлекет басшыларының арасында өте жақсы қарым-қатынас орнаған. Иран Президентінің 2014 жылдың қыркүйегі мен 2016 жылдың желтоқсанындағы Қазақстанға сапары және де Қазақстан Президентінің 2012 жылдың тамызы, 2014 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың сәуір айында Иранға жасаған сапарлары екі ел ынтымақтастығындағы бетбұрысты сәт болып, осы сапарлар барысында көптеген құжаттарға қол қойылды.

– Қазақстандағы иран диаспорасының тыныс-тіршілігі туралы не айтасыз? Олардың еліміздегі ахуалға көңілдері тола ма?

– Қазақстанда иран этносының біраз өкілі тұрып жатыр. Ирандықтардың Орталық Азия және Кавказ халықтарымен тығыз тарихи қарым-қатынастарына байланысты, Кеңес Одағы құрылған кезде, шекаралар жабылған уақытта осы өңірде саудамен айналысқан ирандықтардың көбі кері қайтуға келіспеді. Жарияланған құжаттар бойынша 1937-38 жылдары шамамен 2 мыңға тарта ирандық отбасы, яғни 6 мыңнан астам адам Кавказдан Қазақстанға көшіріліпті.

Сондай-ақ, 1947 жылы 600-ден астам ирандық Қазақ­станға көшіріледі. Бұл адамдар мен олардың ұрпақ­тары қазір Қазақстанның басқа да азаматтары сынды осы елдің өркендеп, дамуы үшін еңбек етеді. Олар Иран мен Қазақстанның достық көпірі іспеттес. Екі тілге де жетік, екі елдің де менталитетімен таныс болуына байланысты, олардың екі елдің экономикалық қатынастарында алар орны зор.

– Ирандағы қазақ диаспорасы туралы айтып өтсеңіз.

– 1930-жылдары Қазақстанда орын алған ауыр жағдайларға байланысты, қазақ халқының бір­ша­масы Иранға қоныс аударды. Оларды иран халқы жылы қарсы алды. Олар негізінен Гүлстан провин­циясында шоғырланған. Бірнеше ұрпақ ауыс­қаны­мен, олар сол бұрынғысынша ұлттық салт-дәстүрін сақтап қалды.

Әрине, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін олардың бір бөлігі тарихи Отанына оралды. Ирандағы қазақ этносы өзге де иран азаматтары сынды бірдей саяси, әлеуметтік және азаматтық құқықтарға ие және өз отандастарымен бірге бейбіт өмір сүріп жатыр. Олардың біразы екі ел арасындағы экономикалық алыс-берістерді дамытуға белсенді үлестерін қосып жүр.

– Қазақстан мен Иранның рухани, мәдени қаты­нас­тарының тарихы өте тереңнен басталады. Қазақ­стан­ның әдебиетімен танысуға мүмкіндігіңіз болды ма?

– Қазақстанға келген бойда қазақ тілін үйренуге ден қойдым және белгілі деңгейде жетістікке жеттім деуге болады. Әрине, қазақ әдебиетімен танысу үшін қазақша кітаптардың парсы немесе ағылшын тіліндегі аудармаларын оқимын. Газеттегі материалдар мен кітаптардың мазмұнын түсіну үшін қазақ тілінде фильмдер көріп, жаңалықтар тыңдауға тырысамын. Қазақ әдебиетімен және мәдениетімен қысқаша таныстығым арқылы, екі ұлт пен екі мемлекеттің ортақ тұстарын көбірек түсіне бастадым.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»


СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

17.11.2018

Павлодарда 524 полиция қызметкері пәтерге мұқтаж

17.11.2018

Дулат Қажанов: Оңтүстік тұрғындарын Күршімге шақырамыз

17.11.2018

Таразда Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті

17.11.2018

Қызылордадағы ЖКО: 29 адам ауруханада, 45-і үйіне оралды

17.11.2018

Қызылордада жолаушылар автобусы соқтығысты

17.11.2018

Атырауда балық шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды

17.11.2018

Астанада дзюдодан Қазақстан Чемпионаты өтті

17.11.2018

Таразда «Туған жерге туыңды тік!» форумы өтті

17.11.2018

Ақ Жайықтың жастарында жігер көп

17.11.2018

Оралда қоғамдық ұйымдардың VIII форумы өтті

17.11.2018

17 қарашаға арналған ауа райы болжамы

16.11.2018

Қазақстан туризмін дамытудағы кезекті қадам

16.11.2018

Абылай ханның Галдан Цереннің тұтқынында болған жері табылды

16.11.2018

Қазақстан қор биржасы 25 жылдығын қорытындылады

16.11.2018

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті

16.11.2018

Атыраулық Қаһарман Қисметов  Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

16.11.2018

Қазақ жігіті америкалық хоккей командасының капитаны атанды

16.11.2018

​Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Эритреяға қарсы санкцияларды жою туралы қарарын қолдады

16.11.2018

Алматыда белгілі сахна суретшісі Мұрат Сапаровтың көрмесі өтті

16.11.2018

ШҚО Зайсан ауданында Баймұрат батырға ескерткіш қойылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Sheraǵań shertken sher

Qazaq jýrnalıstıkasynyń qara narlary Sherhan Murtaza men Kamal Smaıylovtyń «Egemendegi» hattary kezinde qoǵamdyq sanaǵa serpilis ákelgeni málim. «Qadirli Kamal Dos!», «Qadirmendi Sherhan!» dep bastap, el ómiriniń qaltarys-bultarystaǵy búkil problemasyn jipke tizip kórsetken, odan shyǵatyn jol izdegen eki tulǵanyń hattaryn qazir oqysań, alysty boljaı bilgen kóregendigine eriksiz tańǵalasyń. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sotqa silteı salý sán be?

Qara qyldy qaq jaryp, ádildikti aıtqan qazaq bıleriniń bılik qaǵıdasy: «Týra bıde týǵan joq, týǵandy bıde ıman joqqa» negiz­delgeni málim. Qasqaıyp turyp qamshysyn aldyna tastap: «Baı bolsań halqyńa paıdań tisin, batyr bolsań dushpanǵa naızań tısin. Baı bolyp paıdań tımese, batyr bolyp naızań tımese jurttan ala bóten úıiń kúısin» dep Áıteke bıdiń shamyrqanǵany, judyryqtaı jumylǵan Qazybek bıdiń Qońtajyny bılik aıtý kezegi tıgende: «Sózdi óńmenime suǵyp aıtqan kezde, eki ıyǵynan eki aıý aýzynan ot shashyp «typyr»» etshi, «kóreıin» dep turdy. Kórdińiz be, bılik aıtqan adam sózimen de kózimen de, susymen de yqtyra alady eken. Qazaq bıleri dala zańynyń oryndaýshylary bolǵan. Tek ádildikti tý etip kótergen onyń aldynda han da qara da birdeı jaýap bergen.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу